Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:07, 12 Қараша 2021

Бұйрабас блогер Варламов бізді табалап кетті

None
None

YouTube желісінде танымал ресейлік блогер Варламов КСРО тарағалы бергі отыз жылдағы Қазақстанның тарихы мен бүгінгі тіршілігін үш сағаттық видеода кеңінен көрсетіпті.

Ондағы ең негізгі деген пайымдарды алсақ, Қазақстан – бүкіл әлемде Ресейге қатты ұқсайтын жалғыз мемлекет. Қазақстанның негізгі тілі – орыс тілі. Курчатов қаласының әкімі орыс, әкімдіктегі қызметкерлер де қазақша білмейтінін айтып, сол үшін аздап ұялатынын мойындайды. Алматыдағы екі орыс баланың жанында отырған бір қаракөз қазақ тілін ұмытып қалғандықтан қазір орыс мектебінде оқитынын айтады.«Қазіргі өмір жақсы ма, кешегі кеңес дәуіріндегі өмір тәуір ме еді?» – деген сұраққа жауап берген қарт адамдардың бәрі советтік дәуірді аңсайды.

Варламовқа Қазақстан туралы біраз әңгімені Әміржан Қосанов жайып салыпты. «Қазақстанның билігі не істесе де, бәрін Ресейден көшіреді», – дейді ол. «Әсіресе саяси жүйенің ғұмырын созу үшін қауіпті адамдар мен дүниелерді соттау, бұғаттау жағынан Кремль мен Қазақстан бір-бірінің тәжірибесін көшіреді», – дейді.

Қазақстанда билікті сынауға болмайды. Әсіресе биліктің соңғы отыз жылдағы қателіктерін айта беруге болмайды. Елде тәуелсіз баспасөз бір-екеу ғана. Парламентіміз 100 пайыз билікке бағынышты.

Түркістанға миллиардтаған ақша құйып, одан туристік орталық жасамақ болып қанша тыраштансақ та, онымыз онша тартымды емес боп шығыпты. Шын тарихи құндылығы бар жерлерге өтірік тарихи нысандарды бекер салыппыз.

Алматыдағы совет заманынан қалған ірі кәсіпорындардың бәрі бүгінде сауда орталықтарына айналғаны да сөз болыпты.

Миллиардттар жұмсалған Нұр-Сұлтандағы LRT-ның жырын да әлгі блогер әлемге жайды. Қалаға мүлдем керек емес жерүсті метросын салу идеясының қателік болғанын қала билігі мойындағысы келмейді. Жалпы, қазақ билігінің менталитетінде қатені мойындау деген жоқ дейді ол. LRT бағаналарын «Жемқорлар ескерткіші» деп жариялап, әрбір бағанаға қазақтың ең дарынсыз шенеуніктерінің есімін беру идеясын видео авторы құптап отыр. ЭКСПО ғимараттары қаңырап тұр. Талдыкөл деген көлді топырақпен көміп тастап, оның үстіне тұрғын үй кешенін салайын деп жатқан пиғылымыз да блогердің миына қонбады.

Блогермен дауласайын десең, бәрі шындық. Өзі келді, көзімен көрді, қазақтармен сөйлесті...

Тегтер: