Бүлінгеннен бүлдіргі...
Күллі қазақ жаңа жылдан жақсылық күтті. Жаңа тағайындаулар болады, үкімет құрамы толық ауысады деп үміттенді.
Мемлекет басшысы алдағы жеті жылдық өкілеттігінің нақты жұмыстарын 2023 жылдың қаңтарынан бастайтынын іштей сезінді. Енді сол үміт, сол сенімдер ақталуы керек. Бірақ қаңтар басындағы ауыс-түйістерге қарасаңыз, сенімге селкеу түскендей, үміттен күдік басымдау сияқты.
Неге бұлай дедік? Таратып көрсек. Мәселен, қазақстандықтар үкімет құрамы ауысады дегенді – Әлихан Смайылов орнын босатып, премьер-министр қызметіне жаңа тұлға келеді деп түсінгені анық. Мұндай үмітке Қазақстан президентінің де сөзі түрткі болғаны жасырын емес. Жыл аяғында Мемлекет басшысы бір жылдық жұмыстарға тоқталып, үкімет жұмысына баға бергенде, көңілі толмайтынын ашық айтқан болатын-ды. Тоқаевтың осы сөзі көптеген саясаттанушыларға қамшы болды. Жаңа жылдан кейін су жаңа үкімет құрылады деген болжам жасап жатты. Алайда соның соңы немен аяқталғаны баршаңызға аян.
Әлихан Смайылов өз орнында қалды. Үкімет басшысы ғана емес, бірқатар министрлер де жылы орындарын суытқан жоқ. Қазақстандағы ауыс-түйістер туралы жазбаларымызда айтып жүргендей, бұл жолы да қосылғыштардың орнын ауыстырды, одан қосындының мәні өзгермейтінін бірнеше ғасыр бұрын математика ғылымы дәлелдеп қойған. Сондықтан оны қайталаудың қажеті жоқ сияқты.
Сонымен, орны ауысқаны бар, жамбастары жабысып қалғандары бар – жалпы, министрлер құрамына қысқаша тоқтала кетсек. Роман Скляр деген ағай бұрынғы қызметінде қалды, яғни – бірінші вице-премьер. Склярды Павлодарға әкім болады екен деп жүрген жұрттың аузы жабылды сөйтіп. Екібастұздан шыққан «дәнекерлеуші» биыл өзінің туған жері тоңған кезде, тоңсирақтап, қонып-түнеп жүріп, қызмет қылыпты. Романның сол ерлігі ескерілген болу керек. Әйтпесе, екі ауыз қазақшаны Қызылқұмда қой бағып жүрген романдар да біледі.
Бұдан былай Мұхтар Тілеуберді – вице-премьер һәм сыртқы істер министрі. Ерұлан Жамаубаев та қос лауазымды ұстап отырған дөкейдің бірі: вице-премьер әрі қаржы министрі. Серік Жұманғарин деген көкеміз де қосарлап шауып келе жатқан министр. Бұдан былай вице-премьер һәм сауда және интеграция министрі. Алтай Көлгінов былтыр желтоқсанда вице-премьер болып тағайындалған, сол қызметінде қалды. Субъективті түрде «жаңа тағайындалған кадрлардың» бірі – Ғалымжан Қойшыбаев. Басқалармен салыстырғанда, Ғалымжан Жаңа Қазақстанның жаңа кадры деуге келеді: вице-премьер, үкімет аппаратының басшысы. Бірақ бұған дейін де осы салада табалдырық тоздырып жүргендердің бірі.
«Ұнамаса көшіп кет» деп, қазақтың сөздік қорына жаңа мақал қосқан министр де өз орнында қалыпты. Руслан Жақсылықовты айтып отырмыз. Қорғаныс министрі лауазымына былтыр қаңтарда тағайындалған болатын. Дәл сол сияқты Марат Ахметжанов та өз орнын суытпаған дүр-дөкей. Генерал-полковник шені бар Ахметжанов ішкі істер министрі болып былтыр ақпанда тағайындалған-ды. Журналистердің министрі Дархан Қыдырәлі де өз қызметінде қалды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып былтыр күзде ғана келген болатын. Жұмыр жерді қуаңшылық қысып, топан су басып жатса да былқ етпейтін, шибөрідей шуылдап, қалың депутат талап жатса да мыңқ етпейтін көнбіс министр Ербол Қарашөкеев математика заңдылығына бағынбаған. Орнын ауыстырмаған, керісінше, бұрынғы қызметінде қалған. Қуаңшылық түгілі, қара жер жарылып кетсе де, ауыл шаруашылық министрі қызметін жалғастыра береді. Жаңа Қазақстанның жаңа министрі деген лауазымға толатын бір министр болса, ол – Азамат Есқараев шығар? Әділет министрі болып тағайындалды. Бұған дейін көз жауыр болмаған жаңа есім.
Саясат Нұрбек, Ажар Ғиният, Тамара Дүйсеновалар да жылы орындарын суытпаған министрлер. Саясат Нұрбек ғылым және жоғары білім министрі қызметіне жазда ғана тағайындалған-ды. Ал ажарына көз тоятын Ажар ханым денсаулық сақтау министрі лауазымына былтыр қаңтар қасіретінен кейін келді. Тамара апай туралы сөз бөлек, ескі кадр. Дүйсенованы танитындардың айтуынша, нағыз еңбек адамы. Сол үшін де оған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүктелген болса керек. Су жаңа министрлердің сапын индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев пен экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова толықтырыпты. Екеуі де жас және Назарбаев жүйесінде аты былғана қоймаған кадрлар көрінеді. Салыстырмалы түрде Ғани Бейсембаевты да жаңа есім қатарына жатқызуға болады. Оқу-ағарту министрі бұған дейін де осы салада әртүрлі лауазымды қызметтерде болған.
Математика заңдылығының да, Ақорданың да тісі батпаған министрлер Юрий Ильин төтенше жағдайлар министрі қызметінде қалды. Әлібек Қуантыров та бұрынғы ұлттық экономика министрі лауазымында. Байланыс саласын қатырмаса да, Бағдат Мусин цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып қалды. Болат Ақшолақов – энергетика министрі. Бұрынғы қызметі ғой. Сонымен, орын ауысқандары бес министр, қалғандары өз қызметтерін сақтап қалды.
Қазақ жаңа ай туғанда «Жаңа айдай жарылқа, ескі айдай есірке» деп тілек тілеуші еді. Қазақстандықтардың «Жаңа үкімет жарылқа» деуге аузы бармай отыр. Ескі үкіметтің де есіркемейтіні бесенеден белгілі.