Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 14 Мамыр 2024

Бурабай Дубайдан қымбат, Өзбекстан бізден озып кетті

Оқжетпес
Фото: из открытых источников

«Түркияда демалу Бурабайдан да арзан» дегенді наурыз-мамыр айларында қазақстандықтар жиі айтады. Оған негіз де жоқ емес. Себебі мұнда қонақ үйлердің құны шарықтап тұр.

Мәселен, «Rixos Бурабайда» бір тәуліктік баға 100 мың теңге. Орташа деген қонақ үйлер мен эко-кэмптер, демалыс орындары адам басына 40 мың теңгеден басталады.  

«Президент Әкімшілік басқармасына қарайтын «Оқжетпес» шипажайында онкүндік демалыс құны 780 мың теңгеге шыққаны көптеген таныстарымды таңғалдырды. Қаладағы турфирмалардың біріне бас сұғып, мұндай бағаға шетелдің қандай жерлерінде демалуға болатынын сұрап көрдім. Вьетнам, Тайланд, Мысыр, Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктерінің бес жұлдызды қонақ үйлерінде, теңіз жағасында демалуға болады. 700 мың теңгенің ішіне әуе билеті, жатын орын, төрт мезгіл тамақ, трансфер де кірді. Тіпті екі адамға да осы бағада үш жұлдызды отельдерде демалып келуге болады. «Оқжетпесті» еркін бағамға жіберу қажет шығар?! Мемлекет нашар менеджер! Салық төлеушілерге де ауыр жүк. Президент Тоқаевтың өзі экономикадағы мемлекет рөлін төмендетіп, бюджет шығынын қысқарту қажеттігін айтып жүр ғой», – дейді астаналық Самат Ысқақов.

Наурыз-мамыр айларының мерекелерінде тур қалмайды

Елордадағы «KenTour» туристік агенттігінің менеджері Нұргүл Маханова наурыз-мамыр айларында демалыс күндердің көптігіне орай қазақстандықтар шетелге жыл сайын белсенді түрде демалысқа аттанады дейді.

Узбекистан

«Наурыз бен мамыр айында туристік маусым басталады. Биыл тіпті турлар жетпей қалды. Көктемде қазақстандықтар жаппай Өзбекстан, Грузияға өздері билет алып кете береді. Түркия, Дубай сынды ең жоғары сұраныстағы мемлекеттерге турфирмалар арқылы барған тиімдірек. Қазақстан ішінде Бурабай, Қатонқарағай, Көлсай, Шарын, Бозжыра шетелдіктерді көп қызықтырады. Өз ішімізде ішкі туризмге деген сұраныстан гөрі, шетелде демалғанды қалаушылар көп. Бұған әсер ететін бірнеше фактор бар. Біріншіден, бағалардың айырмашылығы. Бурабайға он күнге 700 мың теңге беріп, шипажайда жатқаннан гөрі Түркияның бес жұлдызды қонақ үйінде, ыстық құмға аяғыңды салып, теңізге шомылып, түрік ағайындардың дәмді тамақтарының дәмін татып жүрген кімге болсын тиімді. Екіншіден, бізде инфрақұрылым нашар. Жолдар мен туристік орындардағы әжетханалар әлі де жөндеуді талап етеді. Астанадан Бурабайға бара жатқан жолдағы әжетханаларға бас сұғу мүмкін емес, қол жуатын орын мен әжетхана қағазы туралы сөз қозғау тіпті артық. Үшіншіден, сервис бізде әлі дамымаған. Түркиядағыдай бас айналып отырып таңдау жасайтын отельдер жоқ, қонақ үйлер арасында бәсекелестік аз. Бурабайдағы Rixos-тың бір тәуліктегі бағасы қыста ғана кемі 100 мың теңге, жазда баға мүлде басқа. Демалыс орындарындағы балаларға арналған шоу-программалар удай қымбат. Маусым, шілде айларына ең көп турды – Түркия, Вьетнам, Тайланд елдеріне алып жатыр. Үндістандағы Гоа жартылай аралдары мен Балиге фрилансерлер тарапынан жиі сұраныс түседі. Бұл екі жерде бір апталық өмір сүру құны – $100 тұрады. Грузия мен Грецияны да қазақстандықтар жақсы көреді», – дейді туристік компания өкілі.

Нұргүл субсидияларды мемлекет туристік компаниялардан бөлек, көпбалалы отбасылар мен ерекше қажеттілігі бар адамдарға беруі тиіс дейді.

«Жақында мүгедек баласы бар отбасы Египетке тур алды. Үш жастан енді асқан балаға әуе билеті ересектермен бірдей шықты. Әуе тасымалдаушы бірнеше компанияға хабарласып, билетке жеңілдік сұрап едік ешкім келіспеді. Мемлекет мұндай ерекше қажеттілігі бар адамдарға, көпбалалы отбасыларға жеңілдік қарастырса жақсы болар еді. Бөліп төлеу мерзімі көп компанияларда 6 ай ғана пайызсыз, қалған уақытта жылдық мөлшерлеме 12%-ды құрайды. Бұл онсызда несиеден көз ашпайтын отандастарымыз үшін оңайға соқпайды. Тур алушылардың басым көпшілігі бөліп төлеу қызметін пайдаланады. Тағы бір айта кететін жайт, бізде діни туризм қарқынды дамыған. Соңғы жылдары қажылыққа тур алушылар, турды сыйға берушілер саны көбейді. Бұрындары мұндай тренд болмаған. Ішкі туризмді дамыту жағынан Түркияға қазір жетпейтініміз анық, тым құрыса Өзбекстанды өкшелеуге болады», – дейді Нұргүл Маханова.

Тұрпайы туризм, жұпыны жолдар мен ай сайынғы кадрлық ауыс-түйіс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауында еліміздің туристік әлеуетін пайдалануды және туризмнің серпінді жобалар қатарында болуы тиіс екенін ескерткен еді. Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Қазақстан туризмін тұрпайы, жолдарын жұпыны деп атады.

«Маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай, басқа мемлекеттерден артта қалып кеткені рас. Туризм – әлемдік экономикада қарқынды әрі табысты бизнестің бірі. Тек туризмнің арқасында пайдаға кенелген елдер бар. Ал Қазақстан туризмі... Тұрпайы. Жолдары жұпыны, жарығы мен байланысы, сервистік қызметі жоқ. Соның кесірінен тамаша табиғаттың игілігін көре алмай келеміз. Жолаушы тасымалдайтын автобустардың (13,2 мың) 66 пайызының тозығы жеткен, қызмет ету мерзімі өткен. Ал пайдалануға жарамсыз санаттағылары – 36 пайыздан асып кеткен. Дамыған елдерде олардың орташа қызмет ету мерзімі – 5-7 жыл. Ал бізде 20 жылдан асқан автобустар азаймай тұр. Ескірген автобустармен туристерді тасымалдау ұят емес пе?! Жолдарымыздың сиқы сын көтермейді. Ең болмаса автобустар еліміздің беделіне нұқсан келтірмесе екен. Шеттен келген қонақтарға жоғарғы деңгейде қызмет көрсетіп, барынша қолайлы жағдай жасағанда ғана елдегі туризмнің дамуына жол ашылып, шетелдіктерді тарта аламыз», – деді Балабиев.

Туризм және урбанизация маманы, география ғылымының докторы, профессор Адай Секенұлы туризмнің дамымауы – мемлекеттік механизмнің жолға қойылмауынан дейді.

«Түркияда бұрын ең үлкен министрлік сыртқы істер министрлігі болса, қазір туризм елдегі маңызды салаға айналды. Ондағы министрлікте 2,5 мың адам жұмыс істейді. Қытайда 5 мың адам жұмыс істейді. Олар туризм бағытындағы барлық басқармада жүйені дұрыс құрып қойған. Біздегі туризмге қатысты комитетте 20-ға жетер-жетпес адам ғана жұмыс істейді. Комитет басшылары ай сайын ауысады. Бүгін барып ұсынысыңды айтсаң, келесі жолы барғанда басқа төраға отырады. Кадр тұрақтылығының сақталмауы саланың дамымауына әсерін тигізіп отыр. Туризм және индустрия комитетіне қатысты басқармаларды ғылыми түрде дұрыс жолға қойып, маркетинг, кадр жетілдіру, білім беру сияқты көптеген басқармалардың жұмысын айқындау маңызды. Туризм саласында ұлттық стандарт жоқ, базалық сервис пен санитарлық тораптар, қоқыс жәшіктері барлық жерде қамтамасыз етілмеген. Көп жерлерде мобильді байланыс, интернет жоқ. Нарықтағы ойыншылар үшін маусымдық шектеулер көп, бәсеке жоқ, кадрлар тіптен аз. Қазақстан этно-туризмді жолға қойып, инфрақұрылым мен маркетингті қолға алуы керек. Ішкі туризмді жолға қоймай, қазақстандықтардың шетелде демалғаны демалған. Еліміздің ландшафтары, табиғаты Дубай мен Түркиядан артық болмаса, кем түспейді. Айналып келгенде, жүйе жоқ, әркім өз ережесін орнатқысы келеді. Туризмде біз Түркия демей-ақ, Өзбекстан мен Қырғызстаннан ұтылып келеміз».

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы Қазақстандағы туристер саны 6,3 миллионнан асқан. Туризмнің соңғы жаһандық рейтингінде (the World Economic Forum) Қазақстан әлемнің 117 мемлекетінің ішінен 66-орынды иеленген. 2022 жылы Қазақстан Республикасы бойынша 8,87 млн адам сапаршеккен. Ең көп сапарды Түркістан облысының тұрғындары жасады – 834 мың. Одан азы – Алматы облысының тұрғындары – 800 мың сапар. Елорда тұрғындары 764 мың, ал Алматы тұрғындары – 756,5 мың сапарға шыққан. Атырау (114,3 мың) және Ұлытау (126,4 мың) облыстарының өкілдері ел бойынша сирек саяхат жасаған.

Айжан Қалиева

Астана қаласы

 

 

 

 

 

 

Тегтер: