Бурабайда Назарбаевтар әулетіне тиесілі жерлер тексеріліп жатыр
Ақмола облысында Бурабай курорт аймағында Назарбаевтар отбасына қатысы бар жер телімдеріне тексеріс басталды.
Журналистердің мәліметінше, ұлттық парк аумағындағы кей жерлер жекенің қолына бірнеше жыл бұрын өткен. Кей өңірлерде жер беру процесі заң бұзушылықтармен жүргізілгені анықталған. Соған қарамастан, толыққанды тексерулер тек қазір басталып отыр. Әлеуметтік желілерде тәркіленетін жерлерге казино салынуы мүмкін деген қауесеттер де тараған.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бұл ақпараттардың бір бөлігі бұрмаланғанын айтты.
Оның сөзінше, бүгінге дейін 170 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған. Бұл – заңсыз алынған немесе пайдаланылмай жатқан жер телімдері.
Ахметжанов 2022 жылы кей жер учаскелерінің ұлттық парк құрамынан жергілікті атқарушы органдарға заңсыз берілгенін атап өтті. Бұл үкімет бекіткен тәртіпке қайшы.
«Жерді тартып жатыр деу – жалған. Кез келген жеке меншік тек сот шешімімен ғана алынуы мүмкін. Заңсыз тәркілеу болмайды», - деді облыс әкімі.
Ахметжанов Бурабайда казино салынады деген ақпаратты жоққа шығарды:
«Казино үшін арнайы аймақтар белгіленеді. Бұл – лицензия талаптары көп, қатаң реттелетін сала. Тараған қауесеттердің шындыққа қатысы жоқ».
«Сыйға берілген жерлер» мәселесі
Танымал шенеуніктерге, соның ішінде Болат Маржықпаев пен Болат Назарбаевқа «сыйға берілген жерлер» туралы сұраққа әкім былай жауап берді:
«Кез келген адам танысының арқасында жер ала алған. Егер заң бұзушылықтар болса, құқық қорғау органдары кімге және қандай жағдайда берілгенін анықтауы тиіс. Бұл міндетті түрде жоғары лауазымды тұлға болмауы мүмкін».