Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:50

Бұрынғыны ысырып, жаңасын ұсыну

Бектенов пен Мәдиев
Бектенов пен Мәдиев. Фото: Жас Алаш коллаж

Қазақстан цифрланудан жалықпайды

Биыл 5 бағыт бойынша жүзеге асып жатқан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы нақты жемісін бере бастауы тиіс. 2020 жылы бағдарлама қолға алынғанда: 2025 жылдан бастап бағдарлама нәтижесінде 300 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Жұмыс орындары артқан соң экономикалық белсенділік белең алып, ЖІӨ 30 пайызға артады. Халықтың 97 пайызы кеңжолақты интернетпен қамтылады. Білім беру, денсаулық, қаржы саласын, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру, жалпы цифрлық мемлекетке айналу аясында түрлі платформалар қолданысқа енеді деген жоспарлар айтылған.

Рас, бағдарлама қолға алынғалы бері бюджеттен жүздеген миллиардтар жұмсалған талай платформа құрылды. Тіпті олардың арасында «Цифрлық жарқын болашақтың» нақты нышанына айнала алмай, маңыздылығын жоғалтқандары да бар. Қазір сарапшылар DamuMed, E-learning, Ашық платформасы және басқа да көптеген келеңсіз жобаларды «маңызсыз» деп санап жүр. Алайда үкімет пен цифрлық даму және аэроғарыш министрлігі мұндай сыни пікірлерді құлаққа іле бермейді. Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің ендігі (!) мақсаты – «Қазақстанды Еуразия бойынша ең ірі цифрлық хабқа айналдыру».

Биыл тағы да бірнеше ақпараттық жүйе іске қосылмақ. Мәселен, биыл «Tasqyn» атты ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр. Платформаның ерекшелігі – су тасқынын алдын ала болжап, төтенше жағдайларды модельдеуге мүмкіндік береді. Үкіметтің ойынша, бұл ауыр зардаптардың алдын алып, уақытылы шаралар қабылдауға көмектеседі. Енді үкіметтің қолында аймақтардағы су басу қаупін алдын ала болжап біліп отыратын ақпараттық мүмкіндік болмақ. Алда-жалда аталмыш платформа сәтті жұмыс істеп кетсе, бұған дейін төтенше жағдай орын алса бітті «бұл тосыннан келген табиғи апат, оны болжау мүмкін болмады» деп ақталатын шенеуніктерге енді оңай болмайын деп тұр.

Алайда су ресурстары және ирригация министрлігі бұл ақпараттық жүйеден жылдам нәтиже күтпеу керектігін айтады. Министрліктің бізге берген мәліметіне сүйенсек, әзірге Қызылорда облысында Жаңашиелі, О-2, Келінтөбе, Әйтек, Сунақ ата сияқты 5 арнада ғана суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін орнатып, су жинау станцияларын қайта құру жобасы іске асырылуда. Жетісу, Түркістан және Жамбыл облыстарында 16 суару каналын автоматтандыру 2026 жылға дейін созылмақ. Министрліктің мәліметінше, «Tasqyn» жалғыз болмайды. Су ресурстарын тиімдірек басқаруға және табиғи апаттарды болжауға көмектесетін «заманауи ақпараттық және аналитикалық жүйелер» құруға алдағы үш жылда басымдық беріледі.

Әзірге «Tasqyn» жобасының нақты құны айтыла қойған жоқ. Дегенмен бізде бұған дейінгі ақпараттық платформаларға жұмсалған қаражат арзан бола қоймаған. Деректерге жүгінсек, қазіргі қолданыстағы ақпараттық жүйелерді сүйемелдеп, модификациялауға жұмсайтын 33 мемлекеттік органның шығыстары тек биыл ғана 345 млрд теңгеге жоспарланған. Ал олардың елге пайдасы, экономикаға қайтарымы күмәнді.

Салтанатпен жарияланған сәтсіз инновациялар

«Жас Алашқа» пікір білдірген ІТ ағартушы, сарапшы Елдос Еркебайдың сөзіне сүйенсек, 2007 жылдан бері елде 177 ақпараттық жүйе қолға алыныпты.

«Мысалы, DamuMed медициналық ақпараттық жүйесін құруға 7,7 млрд теңге бөлінген. Бұл платформа медициналық ақпараттың бірыңғай қоймасына айналуы тиіс еді. Енді қазір, бұл платформа аясында құны 75,5 млн теңгені құрайтын 11 607 жалған жазба табылды. Дәрігерге келуді жалған тіркеу, жалған кездесулер мен процедуралар, тіпті жалған туыстарды да кездестіруге болады. Пандемия кезінде біздегі цифрландыру көптеген жыртықтың бетін ашты. Сол кезде президент Тоқаевтың өзі цифрландыру жүйесі сынақтан өтпегенінайтты. Жалпы, біздегі сән-салтанатпен жарияланған «инновациялардың» көпшілігі сәтсіз болып жатыр. Тағы бір мысал, теке-learning электронды оқыту жүйесіне 35 млрд теңге жұмсалды. Бірақ қазір бұл бағдарлама істен шықты. Egov-ты да сәтсіз жобалардың қатарына қосуға болады. Бастапқыда оны іске асыруға 50 млрд теңгедей жұмсалды. Қазір жүйені қолдау үшін бюджеттен жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді. Қанша қаражат екені нақты айтылмайды. Қазақстандықтар Post.kz пошта қосымшасына бірнеше рет шағымданды. Тізе берсек, өте көп. Жалпы, соңғы үш жылда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен 109 млрд теңге, квазимемлекеттік сектор субъектілерінен 169 миллиардтан астам теңгетартылған. Былтырдан бері бұл қаражаттар тағы екі еселенді.

Осылайша, есеп-қисабы жоқ қаражат бақылаусыз кетіп жатыр. Бұдан жаңа жұмыс орындары ашылып, ЖІӨ деңгейі өскен жоқ. Экономикалық өсім биыл 5 пайызды ғана маңайлады. Меніңше, мұндай ақпараттық платформаларды құру экономиканы емес, тек квазимемлекеттік ұйым – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» Акционерлік қоғамын («ҰАТ» АҚ) байытып отыр. Мен цифрлық жүйені дамытуға қарсы емеспін. Бірақ бұл арада ақпараттық платформаларды жасауды тек бір ғана квазимемлекеттік мекемеге беруді дұрыс емес деп санаймын. Бұл арада нақты бақылау болуы керек. Ашық есептер айтылуы тиіс. Бюджеттің ақшасы болғандықтан оның сұрауы болуы керек. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ сапалы платформаларды жасасын-ақ делік. Бірақ бізде ол платформалармен жұмыс істейтін сауатты мамандар аз. Сондықтан осының барлығын жан-жақты зерттеу, сараптау қажет. Техникалық база жасақталғаны жөн. Әсіресе қазақтілді мамандар легін қалыптастыруға мән беру керек. Себебі қазір пайдаланушылардың 90 пайызы көптеген ақпараттық жүйенің қазақшасын түсінбей дал болып жатады. Бұл әсіресе бизнеске субсидия беретін платформаларда, Еgov порталында жиі кездеседі», – дейді сарапшы.

Маман құны удай ақпараттық жүйелер құру қазір бізде сәнге айналған дейді. Министрлер цифрлық дамуды желеу етіп, ақпараттық порталдар құруда алдарына жан салмай жүр. Осылайша, олар президенттің «цифрлық мемлекет құрудағы» тапсырмасын орындаған болып көрінеді. Ал оның артында қаншама қыруар қаражат желге кетіп жатыр.

«Қазір ауыл шаруашылығы министрлігі бірден 4 ақпараттық жүйе бойынша жұмыс істеуде. Біріншісі – Субсидиялаудың ақпараттық жүйесі. Екіншісі – «Ауыл Аманаты» халықты кредиттеу ақпараттық жүйесі. Үшіншісі – Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесі. Төртіншісі – Агроөнеркәсіп кешені саласын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі. Бұған қоса биыл өсімдік шаруашылығын бақылауды автоматтандыру жүйесін іске қоспақ. Өз басым, мұндай ақпараттық жүйелерге қаражат шығындағаннан гөрі, орман өртін болжау, су басуды, шөптің қурап кетуінің алдын алу тәрізді ақпараттық жүйелерді қолға алған жөн дер едім. Мысалы, бізде өртті цифрландыру жүйесі жетілмеген. Канадада жыл сайын шамамен 9500 орман өрті тіркеледі. Олар оны үлкен аумаққа жаймай, бірден сөндіріп тастайды. Себебі бұл елде ормандар жасанды интеллектпен жабдықталған сенсорлық базалар бар. Ол сенсорлар топырақ температурасының ылғалдылығын, құрғақтығын, бәрін бақылап отырады. Міне, әлем осылай дамып жатыр. Ал біз, өкінішке қарай, мұндай дүниелерді меңгере алмай отырмыз. Біз қазір жеке деректеріміздің сыртқы қауіптен емес, ішкі қауіптен де жеткілікті түрде қорғалмағанын көріп жүрміз. Әртүрлі электронды жүйелер мен қосымшалардың істен шығуына да әбден үйреніп қалдық. Қаншама халық алаяқтарға алданып та қалып жатыр. Сондықтан бізге келешекте цифрлық жүйенің қауіпсіздігін қолға алуға бас қатыруға тура келеді», – дейді ІТ-сарапшы.

Жалпы, есептеп көрсек, біз цифрландыру жүйесін жетілдіру мақсатында 2020 жылдан бері қарай біршама қаражат жұмсап тастаппыз. Мәселен, «Ақпараттық Қазақстан 2020» және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламаларының аясында шамамен 324 млрд теңге қаражат бөлінген. 2021-2025 жылдары 5G-мен халықты қамту үшін барлығы 442 млрд теңге бағытталған. Цифрлық даму министрлігі 2020 жылы халықтың 98,7 пайызын интернет желісіне кеңжолақты жүйемен қамтамасыз етеміз деп уәде берген. Өкінішке қарай, күні бүгінге дейін бұл көрсеткішке жете қойғанымыз жоқ.

Келесі бір ІТ-саласының маманы, Экономика және Құқық институтының оқытушысы Дана Өмірзақ:

«Негізінде бізде «JerInSpectr» жерді ұтымды пайдалану мониторингі платформасы бар. Бұл платформа еліміздің барлық өңірлерінде жерді пайдаланудың ғарыштық мониторингінің нәтижелері бойынша іске қосылды. Бұдан соң жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы «Minerals.gov.kz» әзірленді. Жерді қашықтан зондтауды іске қостық. Мұның барлығы 2020-2022 жылдардан бері қарай жұмыс істеп тұр. Бұл жобаларға қаншама қаражат бөлінді! Ал енді осының барлығын ысырып тастап су тасқынын болжау мақсатында тағы бір жобаны қолданысқа енгізу қаншалықты тиімді әрі сауатты? Бізде осындай тиімсіз ашылып жатқан платформалар өте көп», – дейді.

Біздегі бюджеті көп жобаның бірі – «Цифрлық Қазақстан» екен. Соған қарамастан, бақылаусыз кеткен саланың бірі де осы цифрлық жүйе болып отыр.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ