Бұрынғы атауы қайтарылсын!
Қарағандыда қоғам белсендісі Айтқожа Фазылов жұртпен ақылдаспай, бір-ақ күннің ішінде Назарбаев аты берілген көшенің бұрынғы атауын қайтаруды талап етті.
Елбасыға қатты риза болған облыстық мәслихаттың депутаттары 2019 жылы Қарағандыдағы Бейбітшілік бульварымен Нарманбет Төлепов атындағы көшені қосып, сол даңғылды Назарбаев атына бір күнде ауыстыра салған еді. Сол жылы Ленин атындағы көшені Абай есімімен атауға және бірнеше көшенің атауын қазақылауға келгенде, шенділер бірнеше айға созып жүріп, қоғамдық тыңдауды әрең дегенде өткізіп, шешім қабылдаған еді. Тіпті Октябрь ауданын Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның есімімен атауды бірнеше жыл бойы кейінге қалдырып келіп, былтыр ғана ауыстырды. Сонда жұрт «Назарбаевқа келгенде, көшенің атауын мәслихат бірер сағатта ауыстыра салады екен», – деп қайран қалған. Қарағандылықтар атауынан ат үріккен елбасының есімімен көшені атауға іштей қарсы болса да жұрт пікірімен санаспаған мәслихаттың шешімін қабылдауға мәжбүр болған-ды.
18 қаңтарда Айтқожа Фазылов ауданаралық әкімшіліктік сотқа көшенің бұрынғы атауын қайтаруға қатысты шағым түсірген. Қоғам белсендісі елбасының атына Бейбітшілік бульварын ауыстырған облыстық мәслихат шешімін заңсыз деп тануды әрі көше атауын ауыстыруға қатысты облыс әкімдігі қаулысының күшін жоюды сұраған еді.
Алайда «Ratel» сайтының таратқан ақпараты бойынша әкімшілік сот бұл шағымды қарамайтын болыпты. Сот өкілі: «бұл өтініш азаматтық шағым ретінде қарастырылуы тиіс, сондықтан әкімшілік соттың қарауына жатпайды», – деген мәлімдеме жасапты. Қоғам белсендісімен хабарласқанымызда, ол өзіне соттан бұл жөнінде хабар түспегендіктен, ешқандай пікір білдірмейтінін айтты. Әзірге, қоғам белсендісінің шағымы қай сотта қаралатыны белгісіз.
Қарағанды