Бұрынғы премьер қазіргі президентті тыңдамай ма?
Ресейлік «СЭ» басылымы «Барыс» хоккей клубының ойыншылары жаңа маусымда қанша жалақы алатынын жариялады.
Тізімге 14 хоккейші ғана еніпті. Қазір маусым алды трансферлік кезең болғандықтан, команда сапында ауыс-түйіс болып жатыр. Алда бұл тізім толығатыны анық.
Елордалық клубта ең көп жалақы алатын ойыншы — канадалық қақпашы Эдвард Паскуале. Ол жылына 65 млн рубль (315 млн теңге немесе 712 мың доллар) алады. 32 жастағы хоккейші «Барысқа» ресейлік «Металлург» клубынан ауысып келді. Астанада 2025 жылғы 30 сәуірге дейін өнер көрсетеді.
Ол былтыр «Металлург» сапында 62 млн рубль жалақы алған екен. Демек біздің елде бұынғыдан 15 млн теңге көп табыс табады деген сөз.
«Барыстың» өзге ойыншылары 2023/2024 жылғы маусымда мынадай жалақы алады:
Эдвард Паскуале (Канада) — 315 млн теңге (712 мың доллар), өткен маусыммен салыстырғанда +15 млн теңге ( +32 мың);
Алекс Гранд (Канада) — 281 млн (635 мың), +63 млн (+142 мың);
Майкл Шапю (Канада) — 203 млн (460 мың), +77 млн (+176 мың);
Джереми Бракко (АҚШ) — 174 млн (394 мың), +53 млн (+120 мың);
Давид Скленичка (Чехия) — 169 млн (383 мың);
Нельсон Ножье (Канада) — 168 млн (381 мың), +82 млн (+185 мың);
Понтус Оберг (Швеция) — 164 млн (372 мың);
Иван Мищенко (Ресей) — 145 млн (328 мың), +48 млн (+109 мың);
Роман Старченко (Қазақстан) — 91 млн (207 мың), минус 24 млн (минус 54 мың);
Әлихан Әсетов (Қазақстан) — 48 млн (109 мың), +4 млн (+10 мың);
Самат Данияр (Қазақстан) — 33 млн (76 мың), +9 млн (+21 мың);
Дмитрий Гурков (Қазақстан) — 29 млн (65 мың), +9 млн (+21 мың);
Аркадий Шестаков (Қазақстан) — 29 млн (65 мың);
Андрей Шутов (Қазақстан) — 19 млн, (43 мың).
Былтырғы маусымда «Барыс» ойыншыларға жалпы 447 млн рубль (2 млрд 180 млн теңге) жалақы төлепті. Ең көп жалақыны канадалық шабуылшы Линден Вей алды (244 млн теңге). Демек биыл елордалық клуб Паскуалеге 315 млн теңге төлеп, жалақы мөлшерін көтеріп жіберген.
«Барыс» хоккейшілерге былтырғыдан көп жалақы беруге қандай себеп тапқаны түсініксіз. Өйткені өткен маусымда клуб өте нашар нәтиже көрсетті. Құрлықтық хоккей лигасының «Шығыс конференциясында» 11 команданың арасында ең соңғы орын алды.
Оны аз десеңіз, «Барыс» миллиондап ақша төлеп, Қазақстан азаматтығын беріп, төбесіне көтеріп жүрген бірнеше хоккейшісі биыл көктемде көк паспортымызды «лақтырып» кетті. 2023 жылы 12-28 мамыр аралығында Рига (Латвия) мен Тампереде (Финляндия) өткен әлем чемпионатына Ресей және Беларусь ойыншылары қатыспайды деген шешім шыққан. Сол кезде біздің құрама сапында ойнап жүрген Дмитрий Шевченко, Павел Акользин, Егор Петухов, Антон Сагадеев, Алексей Маклюков қатарлы хоккейшілер құрамадан кетеміз деп шықты. Олар Қазақстан азаматтығын уақытша алған екен, тіпті Ресей азаматтығынан бас тартпапты.
Өткен маусымдағы сүреңсіз нәтижеге, мынадай масқара жағдайға қарамастан «Барыс» басшылары легионерлерге жоғары жалақы төлеуден жалықпайтын сияқты.
Біздің елде кәсіпқой клубтарды мемлекеттік қаржыландырудан босатып, кәсіпқой спортшыларға төленетін жалақы мөлшерін төмендету жайлы көптен бері айтылып жүр. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан.
«Қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқ. Мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалуда», — деген еді Тоқаев 2020 жылы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында.
Президент тапсырмасынан кейін елде кәсіпқой клубтарға бөлінетін қаржы сәл қысқарды. Футбол клубтарына бұрын 5-10 млрд теңге бөлінетін болса, 2020 жылғы маусымнан бастап ең көп болғанда 1,2 млрд теңге бөлінетін болды. Футболшыларға төленетін жалақыға да белгілі шек қойылды.
Мемлекет басшысының сөзінен соң футболдың ақшасы азайды, бірақ хоккей клубтары қаржыдан қысылмаған сияқты. Әлі «келімсектерге» көп ақша төлеп, көк паспорт таратуды қояр емес. Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының президенті — бұрынғы премьер-министр Асқар Мамин. Осы жерде бұрынғы премьер қазіргі президенттің тапсырмасын орындамай отыр ма деген сұрақ туындайды...
Қуаныш Қаппас