Бүтін мемлекет қарыздың қақпанына түсті
Қытай Тәжікстанды «жеуге кірісейін» деп отыр
«Қарызға көмілді» деген осы. 2021 жылдың басында Тәжікстанның Қытай алдындағы қарызы 1,1 миллиард доллардан асты. Қытайдан ақша сұрап, қызыл айдаһардан ең алғашқы ресми қарызын бұл республика 2006 жылы алған еді. Ол кезде 216,7 миллион доллар алған-ды. Қытай қайтеді?! Ол қарызға батыру үшін Тәжікстанға шарттары жеңілдетілген қарыз беріп келген: жылына 2-3 пайызбен кемінде 20 жылдық мерзімдерге бере берген. Ал тәжік билігі ол ақшамен не істеді? Электр желілерінің құрылысына жұмсады, Вахдаттан Яванға дейін теміржол салды, Душанбе – Чаннак – Худжанд тас жолын, бірнеше туннель салды, «Душанбе-2» жылу-электр стансасын жаңартты, ел астанасына бейнебақылау жүйелерін орнатты. Айтпақшы, отандық валюта – сомони бағамы мен банк саласын ұстап тұру үшін де талай қарыз алып келді. Болғаны сол-ақ. Мұнда да Қырғызстандағыдай негізгі кредитор – атышулы Эксимбанк. Тәжікстан Қытайдың осы банкіне 1 миллиард доллардан астам ақша қарыз. Тәжіктерге несиені Қытайдың мемлекеттік даму банкі де, Халық банкі де берген. Қазір Душанбенің Пекин алдындағы жалпы қарызы 1 миллиард 123 миллион долларды құрап отыр.
Бішкек жуырда қырғыздардың бар ақшасын жинап, Қытай алдындағы қарыздан ақырындап құтылмақ ниетін жария еткен еді. Тәжікстанда ондай ұсынысты ешкім жасамады. Қарызды ертең қалай қайтаратыны белгісіз. Анығы – асықпай жұтатын Қытай алдағы уақытта Тәжікстаннан бүкіл Памирді, ондағы барлық алтын рудаларын беруді талап етеді. Рахмонда жүні жығылған күйі Си Цзиньпинге есігін айқара ашудан басқа амал жоқ.