БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Иранға қарсы резолюция қабылдады: Ресей мен Қытай қолдамады
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі Ираннан Парсы шығанағындағы көрші мемлекеттерге жасалып жатқан шабуылдарды дереу тоқтатуды талап ететін резолюция қабылдады.
Құжатты Қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 елдің 13-і қолдады. Резолюцияны Парсы шығанағы елдері (БАӘ, Сауд Арабиясы, Кувейт және басқалары) Иорданиямен бірге ұсынған. Құжатта Тегеранның әрекеті халықаралық құқықты бұзатыны және жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіретіні атап көрсетілген.
Резолюцияның негізгі талаптары
Шабуылдарды тоқтату:
Иран көрші елдердің аумағына жасалып жатқан соққыларды дереу тоқтатуы тиіс.
Кеме қатынасы:
Ормуз бұғазының жабылуын айыптау. Бұл бұғаз – мұнай экспорты өтетін ең маңызды теңіз дәліздерінің бірі.
Деэскалация:
Аймақтағы шиеленісті төмендетуге шақыру.
Ресей мен Қытай неге қолдамады?
Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері Ресей мен Қытай құжатты қолдаудан бас тартты. Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя бұл резолюцияны «біржақты және әділетсіз» деп атады. Оның айтуынша, құжатта АҚШ пен Израильдің Иран аумағына жасаған соққылары туралы айтылмаған.
Ресей өз нұсқасындағы құжатты ұсынғанымен, оған АҚШ вето қойған.
Иранның реакциясы
Ресми Тегеран БҰҰ шешімін «саяси мақсатта пайдаланылған құжат» деп атады. Иранның БҰҰ-дағы өкілі Амир Саид Иран елінің өзі «агрессия құрбаны» екенін мәлімдеді.
Еске салайық, Таяу Шығыстағы жағдай 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің «Эпикалық қаһар» атты әскери операциясы басталғаннан кейін күрт шиеленісті. Әуе шабуылдары кезінде Иранның жоғарғы басшылығы, соның ішінде аятолла Әли Хаменеи қаза тапты.
Бұған жауап ретінде Тегеран Израиль нысандарына және көрші елдердегі АҚШ әскери базаларына соққы жасай бастады. Кейбір шабуылдар азаматтық нысандарға да тиіп, жағдайды одан әрі ушықтырды.
Бұған дейін Иран президенті Масуд Пезешкиан көрші елдерге олардың аумағына жасалған соққылар үшін кешірім сұрап, оны әскери басшылықтың қаза табуынан кейін әскердегі үйлестірудің бұзылуымен түсіндірген еді. Алайда Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) аймақтағы АҚШ базаларына шабуыл жалғасатынын мәлімдеді.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп бұл қақтығыс «мен қалаған кезде аяқталады» деп мәлімдеді. Өз кезегінде Иран бейбіт келісім шарттарын Ислам республикасы белгілейтінін айтты.