Бюджеті – 4 млрд теңге, нәтижесі – нөл!

Шілде айының басында басталған Еурокубоктарға іріктеу турнирі бел ортасынан ауды. Яғни төрт кезеңнен тұратын іріктеудің алғашқы екі айналымы аяқталды. Ең қызығы, Қазақстан атынан қатысқан төрт команданың да екеуі жарыс жолынан шығып, екеуі қалды.
Биылғы еуромаусымға Қазақстан атынан «Қайрат», «Ақтөбе», «Астана» және «Ордабасы» қатысқан. Оның біріншісі – Чемпиондар лигасының, екіншісі – Еуропа лигасының, соңғы екеуі – Конференция лигасының іріктеу кезеңінде бақ сынады. Өкініштісі, «Ақтөбе» мен «Ордабасы» Еурокубокпен ерте қоштасты. Ақтөбелік команда тіпті екі турнирден «ұшып» кетті.
УЕФА ережесі бойынша чемпионат рейтингін жасағанда бір елдің клубтары Еурокубок турнирлерінде жинаған жалпы ұпайды сол елден қатысқан команда санына бөледі. Яғни Қазақстан атынан қатысқан 4 команда 1 ұпай жинаса да, 10 ұпай жинаса да соны төртке бөліп, біздің Премьер-лигаға тиесілі ұпайды шығарады. Алғашқы екі айналымнан кейін «Қайрат» – 2,5, «Астана» – 1,5, «Ақтөбе» – 1, «Ордабасы» – 0,5 ұпай еншіледі. Бәрін қосқанда 5,5 ғана. Мұны төртке бөлсек, тым мардымсыз ұпай болатыны белгілі. Қазір Қазақстан чемпионаты УЕФА құрамындағы 55 ұлттық чемпионаттың ішінде 39-орында тұр. Егер жарыс жолында қалған «Қайрат» пен «Астана» қоржынды толтырмаса, рейтингте бұдан да төмендеп кетуіміз мүмкін. Кейінгі 4 маусымда Қазақстан клубтары УЕФА коэффициенттер кестесінде 2.875, 1.125, 3.125 және 3.000 ұпай жинады. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес, бірақ осының өзінде «Астананың» еңбегі зор екенін айта кеткен жөн.
Біз бұған дейін клубтарымыздың бірінші айналымдағы нәтижесін жазған едік. Енді екінші кезеңді қорытындылап, үшінші турға қатысты ақпарат беретін уақыт келді. Оған дейін Еурокубокқа қатысқан командаларымыздың бюджеті мен нәтижесін салыстырып көрейік.
Төртеу еді, екеу қалды
«Ордабасы». Шымкенттік клуб Еурокубокта ең нашар нәтиже көрсететін қазақстандық команда саналады. Биылды қоса есептегенде 9 мәрте еуромаусымда бақ сынады, бірақ ешбірінде екі команданы қатарынан жеңіп көрген жоқ. «Ордабасы» биыл да әдеттегідей Еурокубокпен ерте қоштасты. Оларға жеребе жолдас болып, Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Грузияның «Торпедо» клубымен кездескен. Бірақ сырт алаңда 4:3 есебімен жеңіліп, өз алаңында 1:1 есебімен тең ойнады.
«Ордабасы» – биыл мемлекет бюджетінен ең көп қаржы алған клубтардың бірі. «Дядя Ваня» телеграм-арнасы хабарлағандай, 2025 жылы клубқа жалпы 3,88 млрд теңге (7,15 млн доллар) бөлінген. Бұл қала билігінің спорт саласына жұмсаған жалпы бюджет қаражатының 88,77 пайызына тең. Яғни бір ғана клуб мегаполис спортының қаржысын түгелге жуық пайдаланып отыр. Құрамында 10 легионер бар. Ал көрсеткен нәтижесі қандай екенін жаздық. Оның үстіне ішкі біріншіліктегі жағдайы да мәз емес, ҚПЛ турнирлік кестесінде небәрі 7-орында тұр.
«Ақтөбе». Былтыр Қазақстан кубогын жеңіп, Еуропа лигасының іріктеуіне қатысуға мүмкіндік алған «Ақтөбе» алғашқы айналымда Польшаның «Легия» клубына жол берді. «Легия» екі ойында да 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл турнирден шығып қалған соң ақтөбеліктер деңгейі бір саты төмен Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде бақ сынады. Бұл жолғы қарсыласы чехиялық «Спарта» болды. Әділін айту керек, «Ақтөбеге» биыл жеребе жолдас болмады. «Легия» да, «Спарта» да біршама мықты қарсылас.
Соған қарамастан, Ақтөбеде өткен алғашқы ойында алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жеткен. Тіпті «Ақтөбе» екі доп айырмасымен жеңіп тұрған еді, ойын соңына қарай норвегиялық төреші жоқ жерден пенальти ойлап тауып, біздің командаға қиянат жасағандай болды. Жанкүйер қауым Еурокубок бәсекелерінде қазақстандық клубтарға төрешілер қырын қарайтынын айтып жүр. Футбол ережесінде кейбір даулы мәселелер бар. Мысалы, пенальти беруге де, бермеуге де болатын немесе ойыншыны алаңнан қууға да, қумауға да болатын жағдайлар кездеседі. Осындайда қазылар Қазақстанға тиімсіз шешімдер қабылдай салады. Әсіресе қарсыласымыз Польша, Чехия сияқты «нағыз еуропалықтар» болса, жағдайымыз тіпті қиындайды. «Легияға» қарсы алғашқы ойында «Ақтөбе» шабуылшысы Оралхан Өміртаев гол соққан, бірақ төреші көзге көрінбейтін офсайдты қалт жібермей, голды есепке алмады. Сондай-ақ дәл сол матчтың соңына қарай «Легияның» бір емес, екі қорғаушысының қолына доп тиген, ал ол жерде «Ақтөбенің» пайдасына пенальти белгіленген жоқ.
«Ақтөбе» де «кедей» клуб емес. 2025 жылы жергілікті бюджеттен 4,207 миллиард теңге (7,75 миллион доллар) алған. Бұл облыстың биыл спортқа бөлген қаржысының 58,63 пайызына тең. Клуб Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасымен 5 келісімшарт жасап, мемлекеттік сатып алу тәртібі арқылы ақша алған. Соның бірі «2025/2026 жылғы маусымда Еурокубок турнирлеріне (УЕФА Еуропа лигасы, УЕФА Конференция лигасы), Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысуға дайындыққа» деп бөлінген. Келісімшарт сомасы – 1,071 млрд теңге (1,97 млн доллар). Басқаша айтқанда, мемлекеттен 4 млрд теңге көлемінде қаржы алатын «Ақтөбе» мен «Ордабасы» Еурокубокта бірде-бір қарсыласын жеңе алған жоқ.
«Астана». Еурокубоктағы тәжірибесі ең көп қазақстандық клуб саналатын «Астана» биыл жарыс жолын Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінен бастады. Алғашқы қарсыласы «Зимбру» (Кишинев, Молдова) болды. 24 шілде Астанада өткен алғашқы ойында күтпеген жерден 1:1 есебі тіркелген, бірақ Молдовадағы қарымта ойында қазақстандық клуб 2:0 есебімен жеңіске жетіп, келесі айналымға өтті. «Астана» үшінші айналымда Швейцарияның «Лозанна» командасымен кездеседі. Алғашқы матч 7 тамыз Лозаннада, қарымта ойын 14 тамыз Астанада өтеді. Айта кетейік, «Астана» швейцариялық клубты жеңіп, іріктеудің плей-офф кезеңіне өтсе, «Сент-Патрикс» (Ирландия) – «Бешікташ» (Түркия) жұбының жеңгенімен кездеседі.
«Лозанна» – өз елінің 7 дүркін чемпионы. Бірақ бұл атаққа соңғы рет өткен ғасырда, 1965 жылы қол жеткізген. Былтырғы маусымда Швейцария чемпионатында бесінші орын алды. Ойыншыларының трансферлік құны – 37,4 млн еуро. Команда сапында 19 легионер бар. Ал «Астана» ойыншыларының трансферлік бағасы – 10,58 млн еуро. Командада 11 легионер бар.
«Астана» ойыншыларының трансферлік бағасы төмен болғанымен, бюджеті аз емес. Тіпті Қазақстандағы ең бай клуб десек, қателеспейміз. Команданы кейінгі кезде Sport Qory спортты қолдау қоры қаржыландырып жүр. Квазимемлекеттік сектордан қаржы алып отырғандықтан, клубтың биылғы бюджеті келер жылы ғана жарияланады. Ал 2024 жылы квазимемлекеттік сектордан 5,3 миллиард теңге (9,76 миллион доллар) алған. Сондай-ақ 2023 жылғы бюджеті – 5,3 млрд, 2022 жылы – 4,8 млрд теңге болған. Оның үстіне өткен маусымда Конференция лигасының жалпы кезеңіне қатысқандықтан, УЕФА-дан қосымша 3,028 миллиард теңге (5,58 миллион доллар) сыйақы алды.
«Қайрат». Елдегі жалғыз жеке клубты олигарх Қайрат Боранбаев қаржыландырады. Былайғы жұрт экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы ретінде танитын Боранбаевқа футбол жанкүйерлері «Қайрат» клубы мен академиясы үшін жақсы баға береді. Мамандар клуб базасы мен академиясы еуропалық стандартқа сай келетінін айтып жүр. Командадан бірнеше жақсы футболшы шыққанын да білеміз. Боранбаев 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан бұрын елдегі ең беделді бизнесмендердің бірі болатын. Forbes тізімінде 14-орынға дейін көтерілді, байлығы 590 млн долларға бағаланған. Бірақ сотқа тартылып, мемлекетке активтерін қайтарған соң Forbes тізімінен шығып қалды.
«Қайрат» жеке клуб болғанымен, жастар мен жасөспірімдер футболын қолдау, олардың оқу-жаттығу жиынын өткізу мақсатында Алматы қаласы спорт басқармасынан қаржы алады. 2025 жылы оның мөлшері 750 миллион теңге (1,38 миллион доллар) болған.
Алматылық клуб биылғы еуромаусымды сәтті өткізіп жатыр. Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» клубын жарыс жолынан шығарды. «Қайрат» Люблянада өткен алғашқы матчта 1:1 есебімен тең ойнап, Алматыда 2:0 есебімен жеңіске жетті. Ал екінші айналымда Финляндияның КуПС командасымен кездесті. Сырт алаңдағы ойында алматылықтар 2:0 есебімен жеңіліп қалған. Бірақ қарымта матчта 3:0 есебімен жеңіске жетіп, керемет камбэк жасады. Бұл отандық футбол тарихына енетін маңызды матчтардың бірі болды. «Қайраттың» 16 жастағы жас шабуылшы Дастан Сәтбаев 4 матчта 2 гол соғып, 1 нәтижелі пас берді.
«Қайрат» Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Словакияның «Слован» командасымен кездеседі. «Слован» – өз елінің 26 дүркін чемпионы. Өткен маусымда Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде өнер көрсеткен. Ойыншыларының трансферлік құны – 38,08 млн еуро. Құрамында 17 легионер бар. Команданы «Қайраттың» бұрынғы бапкері Владимир Вайсс жаттықтырады. Ал «Қайрат» футболшыларының трансферлік бағасы – 12,8 млн еуро. Командада 12 легионер бар. Қос команда арасындағы алғашқы матч 6 тамыз күні Алматыда, қарымта ойын 13 тамызда Братиславада өтеді.
Айта кетейік, «Қайрат» биыл күзде кем дегенде Конференция лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсетеді. Бұл көрсеткішті жақсартып, деңгейі жоғары турнирге қатысуға мүмкіндік бар. Алматылық клуб «Слованнан» басым түсіп, іріктеудің плей-офф кезеңіне өтсе, «Селтикпен» (Шотландия) кездеседі. Ал жеңіліп қалса, Еуропа лигасы іріктеу турнирінің соңғы айналымында «Янг Бойзбен» (Швейцария) жолығады.
Қуаныш Қаппас