Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:49, 07 Қазан 2021

Бюджет «байдың асы» емес

None
None

      Күні кеше Мемлекеттік кірістер комитеті елдегі мемлекеттік қызметкерлердің шетелдегі тұрғын үйлері, ақша мен көліктерінің санын айтты.

Аталмыш ведомствоның дерегінше, қазақстандықтардың шетелде тіркелген 666 жылжымайтын мүлкі, 691 млрд теңге ақшасы, 1198 көлігі бар. 

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың а   йтуынша, 15 қыркүйектегі жағдай бойынша 497 мың адам декларация тапсырған. 440 жеке тұлғада 58 елдің шетелдік банк шоттары бар. Ақшаның жалпы сомасы – 691 млрд теңге. Банк шоттарының саны Ресей, АҚШ, Швейцарияда көп. 494 жеке тұлғада әлемнің 26 елінде 666 жылжымайтын мүлік бар. Соның ішінде 436 нысан Ресейде, 44-і Біріккен Араб Әмірлігінде, 38-і Түркияда көрсетілген. 1030 жеке тұлға 49 шет мемлекетте тіркелген 1198 көлік құралын көрсеткен. Соның ішінде 292-сі Ресейде, 235-і Арменияда, 221-і Жапонияда, 162-сі Германияда декларацияланды.

       Басымдық беріп айта кететін жайт – қаржы министрлігі бұған дейін де біздің  шенеуніктердің 2 млрд 697,6 млн теңгедей қаражатты шетелде сақтап отырғанын жария еткен болатын. Ең қызығы, аталмыш ведомоство мемлекеттік қызметкерлерге қатысты декларацияны жариялағанда «қазақстандықтардың шетелде осынша мүлкі бар» деп дабыралағанды жөн көреді. Ал шындап келгенде мұндай сән-салтанат қарапайым қазақстандықтарға тән емес. Мұндай байлық біздің елде көбіне шенеуніктерге тиесілі емес пе?!

        Осыған байланысты сала мамандарының айтуынша, бірінші кезекте бізге дереу бюджет қаражатын қатаң бақылауды, қазынадағы қорды дұрыс ұқсатуды қолға алу керек. Олай етпесек, алдағы үш жылда экономикалық қиындықтар шиеленісе түспек. Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновтің айтуынша, негізінде, мұндайда қазіргідей үшжылдық бюджеттен гөрі біржылдық бюджетті басқаруға көшу тиімді болмақ.

    – Біздің шенеуніктер бюджет қаражатын байдың асы тәрізді жұмсауға әбден машықтанып алды. Бюджет қаражатының есебінен шылқып байып, оны шетелге шығарып жатқандар есепсіз. Сондықтан, ең алдымен, бюджетті сауатты жоспарлауға, қаржыны үнемдеуге басты назар аудару қажет. Біз үшжылдық бюджеттің тиімділігін әлі күнге дейін сезіне алмай отырмыз. Осы жүйеге енерде белгілі азаматтар «үшжылдық бюджет жайбасарлыққа жол бермейді, қайта ол дұрыс жоспарланса, түрленуге де бейім тұрады» деген болатын. Бірақ қазіргі жағдайда оның мүмкіндіктерін еш көре алмай келеміз, – дейді экономист-ғалым.

        Маманның пайымдауынша, қазір қазына қаржысы жыл сайын нақтыланып, оның параметрлері бір жылға бекітіледі де, қалғанын халық қалаулылары тек индикативтік, яғни үлгі-нобай түрінде қабылдайды. Бұдан барып келер жылдың бюджеті бір-біріне сәйкес келмей қалады. Кейбір бағдарламалардың орындалуына қатысты күтпеген жайсыз жағдайлар орын алады. Бұл бағдарламалардың сапалы нәтиже беруіне кері әсерін тигізеді.

     – Мынадай құбылмалы заманда үшжылдық экономиканы болжаудың өзі өте қиын. Былтыр мұнай бағасы түскенде атқарушы биліктегілердің біразы «біз тоғыз айдың қорытындысы шыққаннан кейін ғана есептеп, мұнайды сатқан түсімнен қанша пайда, қанша шығын көретінімізді нақты айта аламыз, бір айдың есебімен болжам жасау қиын» деді. Қазіргі ахуалмен салыстырғанда индикативтік, яғни үлгі-нобай ретінде үш жылға жоспар жасауға болмайды. Себебі экономика төмендеп барады. Сондықтан болашақта бюджетті жоспарлауды қысқа мерзімге бағыттаған жөн, – дейді Жаңабай Алдабергенов.

Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта ұлттық экономика министрлігі, қаржы министрлігі, тағы басқа ведомстволар осы мәселеге назар аударуы керек. Жергілікті әкімдерден әлеуметтік-экономикалық даму болжамы талап етілуі тиіс. Аудан-аймақ әкімдері әр тоқсан сайын стратегиялық жоспармен жұмыс істеп, бюджеттің орындалуы нақты бақылауға алынуы қажет. Бұған қатыстықаржыгер Арман Мусин былай дейді:

     – Бюджеттен әр салаға қаржы бөлу деген бар. Кейде сол қаржыны үш жылға немесе 10-15 жылға кепілдендірілген қайтарыммен береді. Міне, осындай қаржыны тек жеке-жеке бір жылға есептеп беріп отыру керек. Бізде бюджеттің шығыс бөлігіне үнемі өзгерістер енгізіледі. Үш жылға есептеп аламыз да, ол бөлінген қаржы діттеген жеріне жетпей қалады немесе орта жолда «желініп» кетеді. Сондықтан қосымша шығындарды көбейтпеу қажет.

    Мамандардың пайымдауынша, қазірдің өзінде бір жылда бюджет екі-үш рет нақтыланып отыр.  Ал үш жылда қаншама өзгеріс болатыны өз алдына, бөлінген қаржыны игере алмау көрсеткіші де өсіп кетуі әбден мүмкін. Бұл ретте, қаржыгердің айтуынша, болашақта «бюджет қаржысын игере алмағаны үшін кінәлайды, қаржыны игерсек болды» деп, ақшаны орынсыз жұмсап жіберетін салалар да  жиі кездесуі мүмкін.  Сондықтан осы мәселені шешіп алған жөн.

     – Менің білетінім, өзім білім алған Жапонияда бюджет арқылы бөлінген қаражаттың жылдың аяғына дейін 25 пайызы ғана жұмсалады. Ал жұмыстың орындалуы 95 пайыз нәтиже көрсетеді. Сонда бюджеттен қаржы артығымен бөлінетін болып тұр. Бұл арада министрліктерге «қаржы игерілмегені үшін мені кінәлайды» деп, қаражатты толық жұмсап жіберуге болмайды. Бюджеттің орындалуында кемшіліктер өте көп, – дейді қаржыгер.

       Рас, елде бюджет қаражатының игерілуіне, бюджеттің орындалуына қатысты кемшіліктер шынымен де жетіп-артылады. Мәселен, бізде әлеуметтік маңызды нысандар салу үшін республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге министрліктер арқылы қаражат бөлінеді. Осы жолмен көпсалалы бір аурухана салу үшін бюджеттен 8,5 млрд теңге бөлінді делік. Ол қаражат мердігерге жеткенше министр де жеп үлгереді, одан кейін  мердігер де қарпып қалуға тырысады. Сөйтіп, жоспарланған құрылыс сапасыз, сын көтермейтін болып шыға келеді. Тіпті бүгінде кейбір ірі құрылыстарға бөлінген қаражат құлқынға жұтылып кеткеннен кейін аяқсыз  қалып, елдегі сақалды құрылыстардың сапын көбейтіп тұр. Міне, осыдан барып экономика тоқырайды, әлеуметтің жағдайы төмендейді, халық қиналады. Алайда мұндай жайттардың көптігіне қарап, жаны ауырып жатқан үкімет мүшелері некен-саяқ. Жоғарыда отырғандар бюджет қаражатын байлыққа апаратын жол көріп, жемсауларын толтыруын қояр емес. Сонда бұлар қарапайым халықтың игілігіне жарауы тиіс ел қазынасын қашанға дейін өздері шіріп баю үшін үріп ішіп, шайқап төге береді екен?!

Тегтер: