Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:10, 19 Қараша 2024

Біз бірге емеспіз: Атышулы қордан «Аманат» та ат-тонын ала қашты

Перизат Қайрат
Фото: Жас Алаш коллаж

Өткен аптада Перизат Қайрат есімі қалың қазаққа «танылып», жаңалықтардың бәрі жаңа жемқорлық фактісі туралы болды

 Қазақстанда қайырымдылық жасауға шектеу енгізу жайында айтыла бастағаны сол еді, Қаржы мониторинг агенттігі мәлімдеме жасап, миллиардтаған қаржының қолды болғанын хабарлады. Олардың сөзінше, «Біз біргеміз» қорының басшысы елдегі су тасқыны кезінде қайырымдылыққа жиналған ақшаға пәтер, көлік, шетелдік брендтердің тауарларын алған.

 Агенттік алдымен Перизат Қайрат көктемгі су тасқыны кезінде тұрғындарға көмекке жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырды деді. Болжамдарынша, зардап шеккендерге арналған ақшаға ол Астанадағы төрт тұрғын үй кешенінен элиталық баспана, Mercedes-Benz S450, Lexus LX-600 және Haval маркалы көліктер, тағы да басқа қымбат заттар сатып алған. Осыдан соң, Астана қаласының тергеу соты күдіктіні екі айға қамады. Халық көмек болсын деп берген садақасының мақсатына жұмсалмай, әлдекімнің «шалқып» жүргеніне наразылығын айтып, жаңалық та, жазба да, пікірлер мен посттар да арналып жатты. Сөйтіп, қоғам талқысы күшейген шақта заңсыз әрекеттердің тағы бір эпизоды белгілі болды. «Біз біргеміздің» жетекшісі Палестина халқына көмек ретінде жиналған 200 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілініп отыр. Бұл туралы ҚМА былай дейді:

 «2023 жылдың қараша айында Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинау ісін ұйымдастырды. Ол 2023 жылғы желтоқсанда осы ақшаның есебінен Sensata Plaza элиталық тұрғын-үй кешенінен 49 млн теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 млн теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа автокөлігін сатып алған. Сонымен қатар қаражаттың бір бөлігі БАӘ-де Rolex, Prada және Fendi брендтерінен зергерлік бұйымдар, сағаттар мен киімдер сатып алуға жұмсалды».

 Бұл жаңалық отқа май құйғандай әсер етіп, медиа алаң да, әлеуметтік желілер де осы тақырыпты талқылауға көшті. Әуелі Перизат Қайраттың үстел теннисі федерациясының президенті қызметінен босатылғаны белгілі болды. Артынша, оның жеке кәсіптері сөз бола бастады. Күдікті 2024 жылдың басында «жүріп тұрған» бизнесті иемденген. Астанадағы аудандардың бір емес, екеуінен премиум-кластағы гүл студиясын ашқан. Осы уақытқа дейін компания мемлекетке 3,2 млн теңге салық төлепті. Сатып алушыларының арасында әлемдік брендтердің алтынын ұтысқа қойып, «президенттің өзінен тапсырыс алдық» деп жүрген кәсіптің осы жылы ғана Перизат Қайратқа өткені де көңілге күдік ұялатады.

 Жақында әлеуметтік желіде бейтаныс бойжеткен видеожазба жариялап, Перизат Қайратпен эстрада-цирк колледжінде бірге оқығанын айтты. Оның сөзінше, Ақтаудың колледжінен 2-курсқа Перизат Қасенғалиева деген қыз ауысып келіп, кейіннен оны оқудан шығарып жіберген. Себебі жатақханада ұрлық-қарлығы анықталыпты-мыс. Тағы біреулер Перизат жол апатына түскен соң, өмірін қайырымды істерге арнауды шешті, ол қаншама жақсы іске себепші болды деп, ақтап та жатыр. Ал «Біз біргеміз» қоры ресми мәлімдеме жасамады. Әзірге олармен байланысу мүмкін болмай отыр.

Қор туралы не білеміз?

«Біз біргеміз» 2021 жылы жазда жалпыұлттық еріктілер қозғалысы ретінде құрылған. Содан бері әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек берген, карантин кезінде қоғамдық жұмыстарға атсалысып, Риддердегі өрт уақытында қол ұшын созған. Көктемдегі су тасқыны кезінде де белсенділік танытып, өздерін қорлардың ішіндегі ең оперативтісі екенін айтып мақтанған. Тіпті гуманитарлық көмектерін жеткізуде Ұлттық Ұлан мен ТЖМ-ның тікұшақтарын пайдаланып, ашықтық туралы мәлімдемелер жасаған. «Таза, жүйелі жұмыс болуы үшін ТЖ кезінде халықтан жиналған қаражат толықтай Қаржы министрлігінің және Ұлттық банктің қадағалауына өтті. «Біз біргеміз» қорының басшылығы тиісті құжаттарға қол қойды. Халықтан түскен әр тиын – үлкен аманат», – делінеді сондай хабарламалардың бірінде... Расында да, министрлік пен Ұлттық банк бақыласа, жағдай осылай болар ма еді? Көмекті алған облыстардың әкімдіктері де бақылау жасамаған.

 Көмекті таратуда атсалысқан «Аманат» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты да ешқандай есеп-қисапқа араласпағанын, тек қана гуманитарлық көмекті үлестіруде еріктілер арқылы қол ұшын созғанын айтып отыр. «Жастар рухы» мен еріктілерді қойғанда, «Аманаттың» мүшелері «Біз біргеміздің» құрылтайшысы болып шықты. БАҚ беттерінде аманаттық Сергей Матюшенко мен Арсланбек Мағзұмның аты аталып жүр. Алайда партияның өзі мұны жоққа шығаруда.

 «Аманат» партиясы «Біз біргеміз» қорының құрылтайшысы емес және оның қызметіне ешқандай қатысы жоқ. Биыл сәуір айында «Аманат» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты су тасқыны кезеңінде апаттан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіп, ауқымды жұмыс жүргізді. Белсенділер мен волонтерлер көптеген қайырымдылық ұйымы, соның ішінде Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 ҚБ қоры жинаған гуманитарлық көмекті жеткізуге атсалысты», – дейді партияның баспасөз қызметі.

 Біз осы және өзге де мәселелер жөнінде қордың бұрынғы жетекшісімен байланыстық. 2022 жылы «Біз біргеміз» жалпыұлттық еріктілер қозғалысының жетекшісі болып сайланып, осы қызметте жарты жылға жуық жүрген Аян Сәлімгереев былай дейді:

 «Мен қордың емес, еріктілер қозғалысының жетекшісі болдым. Жарты жылдай қызмет еттім. Бұл қоғамдық жұмыс қой. Күнде келіп-кету міндет емес. Перизат ханым мына күн мынандай шара бар деп шақыратын. Біз жиналып, ұйымдастырып, шаруаны атқарып кететінбіз. Алайда ондағы есепке, тіркеу, тағы да басқа шаруаларға араласқан емеспіз. Қаржы қалай келіп жатыр, қалай жұмсалып жатыр, ол туралы хабарымыз болмады. Қазіргі уақытта ешнәрсенің басы анық емес. Сондықтан біржақты пікір айту қиын.

 Негізі, ашықтық пен есептіліктің болғаны да дұрыс шығар. Бәлкім, ортақ платформа мен әр әрекетті тіркеу де оң шешім болар ма еді? Шектеу еріктілердің бетін қайтарып тастауы ықтимал. Бірақ онсыз да болмайтын сияқты. Өйткені алаяқтық көбейді».

Қорларға шектеу және азаматтық қоғам

 Расында, халықтан келіп жатқан ақшаның кеткен жағы белгісіз күйі қалып қояды. Ал қорлар мен ұйымдардың, блогерлердің есебі медиадағы видео мен фото деңгейінде ғана. Жекелеген азаматтар мен «медиа-лицоларды» қойғанда, «сбор» жасайтын ұйымдар қаншама? Олардың ресми тізімі электронды үкімет порталында тұр. Мәселен, әлеуметтік бағыттағы қорлардың саны – 35. Оның ішінде Назарбаев қоры, «Қамқорлық» қайырымдылық қоры, Болат Өтемұратов қоры, «Болашақ» корпоративтік қоры, Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры сынды танымал ұйымдар бар. Бұдан бөлек, ғылыми бағытта – 5, шығармашылық бағытта – 5, білім беру бағытында – 11, мәдени бағытта – 8, халықаралық бағытта – 4, тұрғын үй бағытында – 2 қор жұмыс істейді.

Байқап отырғандарыңыздай, әлеуметтік, қайырымдылық бағытындағы қорлар да, оған сенім білдіретіндер де көп. Сәйкесінше, оларға көмек қолын созатындар да баршылық, бюджеті ауқымды. Бірақ қайырымдылыққа келіп жатқан ақшаны да, институтты да бақылайтын жүйе жетіспейді. Мемлекет тарапынан бұл олқылықты шешу үшін шектеулер енгізу керек деген позиция байқалып отыр. Яғни алдағы уақытта жеке азаматтар мен аккредитациясы жоқ қорларға қайырымдылыққа қаржы жинауға тыйым салынуы мүмкін. Мұндай бақылау мен шектеу, фильтрация қайырымдылық жасауға деген инициативаны азайтып, соның әсерінен қайырымдылыққа жұмсалып жатқан ағын да біршама азаюы ғажап емес. Сондықтан үлкен мәселені бір тұсаумен шешуге тырысып, асығыстық қылмаған да дұрыс деп жатыр азаматтық қоғам өкілдері. Заңгер Ержан Есімханов былай дейді:

 «Қазақстанда қайырымдылыққа байланысты бірден екі даудың шеті шықты. «Асар-Уме» қорын айыптап үлгермей, «Біз біргеміздің» басшысы Перизат Қайраттың абақтыға жабылғаны туралы хабар тарады. Бұл мәселеге келгенде, үш фактор алға шығады. Біріншіден, қиын жағдайға түскен отандастарымызға қол ұшын созуға тырысу секілді жақсы қасиеттің бар екені қуантады. Қазақстандықтар бір-біріне сенеді, қолдайды, көмектеседі. Оған қаншама мәрте куә болдық. Екіншіден, елдегі банк жүйесі дамып кеткен. Ақшаны қайда болсын, кімге болсын бір-ақ мезетте жібере аласың. Үшіншіден, қайырымдылық ісі заңнамалық тұрғыдан атүсті реттелген. Реттелмеген деуге де келетін шығар. Аталған үш фактордың бір кезеңде қатар жүруі алаяқтықтың пайда болуына әкеп соқтырып отыр. Мемлекет тарапынан айтылып жатқан ұсыныстарды естідік. Алайда ол идеяны керемет демес едім. Ниет дұрыс болғанымен, мұндай шешім күндердің бір күнінде басқа біреудің үйі мен мәшинесін, Дубайдағы коттедждерін есептетері анық... Қайырымдылық қорларының жұмысын реттейтін мемлекеттік мекеме құрылса да, оның басшысы Перизат сияқты ұсталып жатпасына ешкім кепіл бола алмайды. Сонда қайтпек керек?

 Шешім іздеу үшін, бүгінгі жағдайға үңілу тиімсіз. Қайырымдылық қалай жүзеге асып жатыр? Алдымен, ауырған, жазымға ұшыраған, төтенше жағдай болған отбасыға туыстары, көршілері «сбор» ашып жатады. Оны блогерлер, белсенділер қолдайтын мысалдар да көп. Мұны бақылау өте қиын, сондықтан алаяқтық фактілерінің тіркелу ықтималдылығы жоғары. Одан соң, жеке адам емес, ұйымдастырушылары мен ресми өкілдері бар қорлардың жұмысы жайлы айтуға болады. Жоғарыда сөз болған «Асар-Уме» де, «Біз біргеміз» де осыған жатады. Жеке азаматтардың ісіне қарағанда мұның айырмашылығы – формалды құрылымы бар. Демек, қорлар жүйемен, белгілі бір реттілікпен жұмыс істейді. Олардың жалғыз проблемасы – есептілік. Тағы ірі банктермен, бизнеспен жұмыс істейтін институционалды ұйымдар да болады. Оларда есептілік жағынан мәселе жоқ. Ашық та тиімді. Десек те, жедел көмек беруге келгенде осалдау.

 Меніңше, бірінші нұсқаға уақыт өте келе шектеу қойған да дұрыс секілді. Яғни ақшаны жеке шотқа жинауға тыйым салып, тек қана қайырымдылыққа арналған, шығындары бақыланатын шотқа жинауға рұқсат болса. Көпшілік мұндайға қарсы шығатын шығар. Себебі «перевод» жасай салған жеңілірек. Бірақ біздің банктер қоғам сұранысына тез бейімделеді. Тиісті заң болса болғаны, мұны да жылдамдатуға мүмкіндік бар. Әрине, бұдан соң ашықтықты қамтамасыз етуге күш салған жөн. Есептілікке қатысты талаптар мен жауапкершіліктер күшейтілуі қажет. Процестің онлайн болғаны ұтымдырақ секілді. Демек, мемлекет тарапынан талаптарды реттеу ғана қажет».

 Ал саяси философ Дамир Кәрімов:

 «Қайырымдылық дәстүрлі құндылықтардың, өзіндік менталитеттің арқасында қазақ мәдениетінде қалыптасқан ерекше әлеуметтік феномен. Оны билік, үкімет, дін сынды структуралар қолдап жасаған жоқ, қалыптастыруға күш салмады. Ешбір стимуляциясыз орныққан қайырымдылық процесі халықтың өзі үшін құрылған социо-мәдени тренд. Бұл бізде қалыптасып келе жатқан азаматтық қоғамның алғышарттарының бірі десек те қате болмас. Әлеуметтік өмірдің сан қырлылығына байланысты мұны да реттеуге, бастап, жасауға, аяқтап, есеп беруге қажеттілік пайда болғаны рас. Бірақ осындай тұста да жемқорлық фактілерінің артуы, тәуекелдің еселенуі жақсы құбылыс емес... Бұл салада жүрген қорлар мен ұйымдардың басшылары да шенеуніктер секілді «ақша жеумен» есте сақталатын болса, қоғамымыз үшін сын. Тек заңмен, күшпен емес, елдегі жемқорлыққа қарсы шынайы күреспен де айналысуымыз керек», – дейді.

Баян Мұратбекқызы