21:15, 26 Ақпан 2019
Чемпиондық атақтан үміткерлер
3 наурызда Алматыда футболдан Қазақстанның жаңа маусымы ашылады. Бұл күні Орталық стадионда ел чемпионы «Астана» мен Қазақстан кубогының жеңімпазы «Қайрат» суперкубокқа таласады.
Соңғы төрт жылда осы екі үздік команда ел суперкубогын қос-қостан иеленді. Биыл да жылдың алғашқы жүлдесін қос астананың клубтары сарапқа салмақ. Жаңа маусымға командалар қалай кіріспек? Құрамдарында қандай өзгерістер бар? Осы туралы аз-кем сараптап көрейік. «Астана» (Астана). Соңғы бес жылда ешкімге қара көрсетпей озып жүрген елордалықтар жаңа маусымға да бұрынғы қалпынан күшеймесе, әлсіреп кіріспейтін сияқты. Иә, команданы өте тиімді басқарған бас директор Саян Хамитжанов өткен маусым соңында командадан кетті. Дегенмен «Астана» президенттік спорт клубына қарайтын футбол ұжымы команда тізгінін ұлыбританиялық Пол Эшуортқа табыстады. Ол – «Норвич Сити» (Англия), «Ростов» (сейРеРеРесей), «Сконто» (Латвия) сияқты командаларда табысты еңбек еткен маман. Маусымаралық үзіліс кезеңіндегі іс-әрекетіне қарап отырып, Эшуорт мырзаның «арық айтып, семіз шығуға» тырысатынын аңдадық. Қандай жобына қолға алса да, алаулатып-жалаулатып, өз ретімен іске асыратын маман болып көрінді. «Астана» сапынан өткен жылғы құрамнан Ласло Кляйнхайслер, Педро Энрике, Ричард Алмейда, Алексей Щеткин, Бақтияр Зайнутдинов сияқты мықты футболшылар кеткенімен, аз да болса саз трансфермен олардың орнын жаба білген сияқты. Беларусьтің «Шахтер» командасынан қорғаушы Лука Шимунович келді. Румыния құрамасының жартылай қорғаушысы Дорин Ротариу да алдағы алты айда «Астана» намысын қорғайды. «Атырауға» жалға берілген Юрий Перцух қайта шақырылды, Юрий Логвиненко мен Иван Маевский де, қақпашы Александр Мокин де ешқайда кетпейтін сияқты. Өткен жылды жарақатын жазуға сарп еткен шабуылшы Сергей Хижниченко да енді «Астанада» ойнайды. Жақын күндері Таңат Нөсербаевтың оралғаны да айтылуы мүмкін. Ең бастысы, украиналық маман Роман Григорчук команда тізгінін қайта қолға алып, маусымаралық жиындардың бәрін өзі өткізді. Естеріңізде болса, ол 2018 жылдың тамызында отбасы жағдайына байланысты еліне кетіп, Астанаға жыл соңына дейін оралмаған еді.«Қайрат» (Алматы). Оңтүстікастаналықтар бас бапкер мәселесін былтырғы маусым біте салып-ақ шешті. Команданы содан бері 31 жастағы Беларусь маманы Алексей Шпилевский жаттықтырып келеді. Неміс футболында білік жинаған, бас бапкер ретінде «Днепр» (Могилев) командасының тізгінін ұстаған жас маман іске бірден кірісті. «Қайрат» маусымаралық үзілісте құрамын көп жаңартты. Қорғаныс шебінде бұрынғылардан санаулы ойыншы ғана қалды. Ш.Бато, С.Лунин, А.Елек басқа жақтан бақ іздеп кетті, А.Аршавин спорттағы ғұмырына нүкте қойды, көшбасшы Исаель Венгрияның «Ференцварошына» жол тартты. Келген ойыншылар саны осы бестікпен қарайлас: Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Еркебұлан Тұңғышбаев, серб қорғаушысы Раде Дугалич, поляк Конрад Вжезински, хорват Дино Миканович енді алматылықтардың сапында өнер көрсетеді. Әсіресе оңтүстіккореялық Чан Жон Ву жанкүйерлерге қызықты тұлға болып тұр. Ол тәуелсіз Қазақстан дәуірінде елімізде ойнайтын тұңғыш корей легионері болмақ. Дегенмен «Қайраттың» өз түлектерінің басқа командаларға көптеп кетіп жатқаны ойландырады. Акмаль Бақтияров 2018 жылдың ортасында дау-дамаймен «Арцахқа» (Армения) кетіп еді, жыл соңында «Сочиға» (Ресей) ауысты. Бауыржан Тәңірбергенов, Ойбек Балтабаев, Мадияр Райымбек «Ертіспен» келісімшартқа отырды, Магамед Парагульгов та керекулік командаға баруы мүмкін. Нұрлан Дайыров «Оқжетпесте» жүр, Тимур Рудосельский мен Павел Кривенцов та осы командада байқауда. Өткен жылы Қазақстан кубогын жеңіп алған Рашид Люхай жаңа маусымда «Тараз» сапында доп тебуі мүмкін. Әрине, бұл жастардың бәрі «Қайраттың» негізгі құрамына қазірден лайық демеспіз, бірақ 2017 жылдан бері алматылықтар негізінен өз түлектерінің күшімен биіктерді бағындыруды меже етпеп пе еді? Қалай дегенде де, жаңа маусым «Қайрат» саясатының қаншалық жемісті екенін көрсетеді. Бапкері де жас, құрамы да көп жаңарған. Енді «Астанаға» мықты бәсекелес бола ала ма, әлде 15 жылдан кейін чемпиондық атақты иелене ме? Жаңа маусым бәрін көрсетеді. «Тобыл» (Қостанай). Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов сүйекті шаруа тындырды: «Тобылға» арнап облыс орталығынан жаңа манеж салдырды. Енді «Тобыл» көктемгі матчтарды Тобыл қаласындағы жасанды алаңда өткізіп әуре болмайды. Жаңа маусымға қола жүлдегерлер жаңа бапкердің басшылығымен кірісті. Мұхамбетов Ақтөбе облысының әкімі кезінен ресейлік маман Владимир Газзаевты біледі. «Ақтөбенің» бас жаттықтырушысы ретінде ол ел чемпионатының қола жүлдесін де жеңіп алған. Енді Газзаев «Тобылды» чемпиондық атақтан үміткерлер қатарына қоса алса, қанеки. Дайындық кезеңінде қостанайлықтар негізінен ТМД нарығында жұмыс істеді. Беларусьтан шабуылшы Михаил Гордейчук, Ресейден орталық қорғаушы Александр Клещенко, Ресей ұлттық футбол лигасынан шабуылшы Сенан Себаи (Кот д’Ивуар), «Ордабасыда» ойнаған Ресей тумасы Никита Бочаров келді. Басқа командаларға ауысқандар сапынан Дмитро Непогодов пен Марат Быстровты («Ордабасы»), Йонуц Лариені («Газ-Метан», Румыния), Аслан Дарабаевты («Ертіс») айтуға болар. Қазақ футболының бас мергені Нұрбол Жұмасқалиев енді «Тобылдың» спорттық директоры ретінде қызмет етеді. Қалай дегенде де, қостанайлықтар жаңа маусымда «Астана» мен «Қайратқа» басты қарсылас болуға тырысып бағады. «Ордабасы» (Шымкент). Түркістан облысы өз алдына кеткен соң, «Ордабасы» Қазақстанның үшінші мегаполисінің бас командасы болып қалды. Команда бюджеті 2-3 миллиард теңгеге жетіп тұр, Қажымұқан атындағы Орталық стадион да түбегейлі жөндеуден (44 миллион евро) өтеді. Команда президентінің кеңесшісі қызметін С.Хамитжанов атқаратын болды. Кахабер Цхададзе бас бапкер қызметінен кеткен жоқ, команда құрамын өз қалауымен жасақтады. Хамитжановпен бірге Д.Непогодов, М.Быстров, А.Щеткин келді. Болгарияның «Лудогорец» командасынан Жоау Паулу (Бразилия) мен Мей Маланга (ОАР) ауысты. Жалпы, команда құрамы 50 пайызға жуық жаңарды. Жаңа маусымда Шымкенттің өз түлектері Б.Шайзада, Ұ.Жақсыбаевтармен бірге, Сағадат Тұрсынбайды, А.Мұхамедті, Н.Жақсылықты, С.Добайды алаңнан көріп қалуымыз ықтимал.Алымы жұмбақ ұжымдарБарлық жағдайы жасалған «Жетісудан», құрамы түгелге жуық жаңарған «Ертістен», шаруасы әлі де шатқаяқтап жүрген «Шахтерден», ішкі әңгімесі көп «Атыраудан», легионерлерін түгел алмастырған «Қайсардан» не күтуге болатынын болжау қиын. Талдықорғандық жанкүйерлер жергілікті түлектерге мүмкіндік берілмей жүргеніне наразылық білдіріп, облыс әкіміне хат жазды. «Шахтер» бір даулы видеодан кейін жергілікті маманды құрамынан аластады. «Ертіс» өткен жылы премьер-лигада әзер жан сақтап еді, биыл бас бапкер Димитар Димитровқа түгелдей карт-бланш беріп отыр. «Атырауда» адам түсінбейтін жағдай болып, бір күндері бас бапкер Виктор Кумыковтың командадан кеткені айтылды, артынша бәрі жоққа шығарылды. «Қайсар» премьер-лигада бір маусымды сәтті өткізсе, екінші маусымда көш соңында қалатын еді. Биыл сол дәстүрін жаңартуға тиіс. Ең бастысы, өткен жылғы алғашқы бестіктегі орнының кездейсоқ емес екенін дәлелдеуі керек.«Ақтөбе» жаңа маусымға -6 ұпаймен кіріседі. Команданың бас директоры Самат Сымақовтың айтуынша, әлі де 2015 жылдан бергі қарыздың біразы өтелмеген. Бірақ 2018 жылы команда ойыншыларға бір тиын да қарыз болған жоқ. Бас бапкері ауысты. Сергей Седневтің команданы осы ұйықтан қалай алып шығатынына жанкүйерлер де, мамандар да көз тігіп отыр. Ақтөбеліктер жазға дейін, тіпті келесі маусымға дейін жаңа ойыншылар тіркей алмауы мүмкін. Онда жағдай тіпті қиындай түсуі ықтимал.Премьер-лигаға оралған «Оқжетпес» пен «Тараз» қайта құлдырамауға күш салады. Көкшетаулықтар тізгінді отандық жас маман Андрей Карповичке сеніп тапсырды. Жасұлан Молдақараев, Александр Кислицын, Давид Лория сияқты тәжірибелі футболшылар көкшетаулықтардың салы суға кетпеуі үшін барын салатыны анық. Ал «Тараз» қашанда өз түлектерімен белгілі. Бас бапкері Вахид Масудов та жергілікті футболды бес саусағындай біледі.Ендеше, жаңа маусым басталмай жатып-ақ қызықты жаңалықтар ұсынып жатыр. Бұл кезеңде ұлттық құраманың Еуро-2020 іріктеу кезеңінде сәтті ойнауын, төрт командамыздың еурокубоктарда алға жылжуын ерекше ықыласпен күтеміз. Қазір УЕФА клубтық коэффициентінде Қазақстан 24-орында тұр. Жаңа маусымды да шамамен осы тұстан бастаймыз. Демек, «Астана», «Қайрат», «Тобыл» және «Ордабасы» соңғы екі маусымдағы ортақ 4,250-ден асыра ұпай жинауға тырысуы қажет.Есалы ӨстемірФото: e-history.kz