Черчесовтен «құтылған» Қазақстан құрамасынан қандай нәтиже күтеміз?

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылы УЕФА Ұлттар лигасының В дивизионында аса нашар нәтиже көрсетіп, жанкүйерлердің көңілін қалдырған.
Бұл сәтсіздікке көп адам ресейлік жаттықтырушы Станислав Черчесовті кінәлады. Өйткені Қазақстан құрамасы 2022 және 2023 жылы тәп-тәуір өнер көрсеткен.
Атап айтқанда, Магомед Әдиевтің жетекшілігімен біздің жігіттер Ұлттар лигасының С дивизионында жеңіске жетіп, В лигасына жолдама алды. Ал Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде 18 ұпай жинап, құрлық біріншілігіне бір табан жақын болды әрі ұпай саны бойынша құрама рекорды жаңарды.
Бірақ Черчесовтің бастауымен бәрі кері кетіп, 6 матчта бір ұпай ғана еншіледік. Оның үстіне қарсыластар қақпасына бірде-бір гол соға алған жоқпыз, ал өз қақпамызға 15 гол өткізіп алдық. Басқаша айтқанда құраманың шабуыл шебі де, қорғанысы да өте төмен көрсеткіш тіркеді. Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы президенті Әділет Бәрменқұлов Ресейден аттай қалап алдырған Черчесовтен биыл жыл басында әрең құтылдық. БАҚ-та келісімшартты мерзімінен бұрын бұзғаны үшін ҚФФ оған өте көп мөлшерде өтемақы төледі деген ақпарат тарады.
Осыдан кейін құрама тізгінін отандық маман Әли Әлиев ұстаған. Қазақстан жақында жаңа жорығын бастайды. Әлиев шәкірттері 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турниріне қатысады. Әлем біріншілігінің іріктеу бәсекесіне біздің құрама УЕФА туы астында алтыншы рет қатысқалы отыр. Бұған дейін 2006, 2010, 2014, 2018, 2022 жылғы мундиальдің іріктеу кезеңінде бақ сынап, оңды нәтижеге қол жеткізе алмаған едік.
Кезекті әлем чемпионаты 2026 жылы 11-19 шілдеде АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Турнирге УЕФА-дан 16 құрама жолдама алады. Еуропа іріктеу аймағында 12 топ бар. Финалдық кезеңге әр топтың жеңімпазы тікелей шықса, қалған төрт жолдама үшін топта екінші орын алған және Ұлттар лигасында үздік нәтиже көрсеткен төрт құрама таласады.
Қазақстан құрамасы Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтенштейнмен бірге J тобында бақ сынайды. Топ фавориті Бельгия екені белгілі. Ал екінші орынға Лихтенштейннен өзге 3 құрама таласуы мүмкін. Бірақ бұл бәсекеде Уэльс футболшыларының басымдығы жоғарылау. Құрама ойыншыларының көбі Англия чемпионатында бақ сынайды, былтырғы Ұлттар лигасының В дивизионында керемет өнер көрсетіп, А лигасына жолдама алды. Соған қарамастан, өз жігіттерімізге үлкен үміт артамыз.
Жаңа маусымды Ұлыбританияда бастаймыз
Қазақстан құрамасы іріктеу турнирін сырт алаңдағы екі матчпен бастайды. 22 наурызда Кардифф қаласындағы Cardiff City стадионында Уэльспен кездесеміз. Ойын Астана уақытымен 22 наурыздан 23 наурызға қараған түні сағат 00:45-те басталады. Ал 26 наурызға ауған түні Вадуц қаласындағы Rheinpark стадионында Лихтенштейнмен жолығады. Бұл ойын да Астана уақытымен 00:45-те басталады.
Қазір құрама ойыншылары Түркияның Анталия қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бас бапкер Әли Әлиев наурыздағы матчтарға 32 футболшы шақырды.
Қақпашылар: Мұхаммеджан Сейсен («Астана»), Александр Заруцкий, Темірлан Анарбеков (екеуі де – «Қайрат»), Стас Покатилов («Сабах», Әзербайжан), Дулат Талыспаев («Кеге», Дания).
Қорғаушылар: Александр Марочкин, Ян Вороговский, Марат Быстров (бәрі – «Астана»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Роман Асранкулов («Тобыл»), Еркін Тапалов («Қайрат»), Ұлар Жақсыбаев, Сұлтанбек Астанов (екеуі де – «Ордабасы»), Әділбек Жұмаханов («Елім-ай»), Мәди Хасейн («Жеңіс»).
Жартылай қорғаушылар: Асхат Тағыберген («Ордабасы»), Рамазан Оразов («Силькеборг», Дания), Бақтиер Зайнутдинов («Бешікташ», Түркия), Эльхан Астанов («Астана»), Ислам Чесноков, Наурызбек Жагоров (екеуі де – «Тобыл»), Серікжан Мужиков («Елім-ай»), Ғалымжан Кенжебек («Кошице», Словакия), Алияр Мұхамед («Оқжетпес»), Георгий Жуков («Пуща», Польша), Дінмұхамед Қараман («Жеңіс»), Давид Есімбеков («Жетісу»).
Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Адана Демирспор», Түркия), Максим Самородов («Ахмат», Ресей), Айбар Жақсылықов («Қайсар»), Дастан Сәтбаев («Қайрат»), Рамазан Кәрімов («Астана»).
Бірақ жаттығу жиыны басталмай жатып шабуылшы Рамазан Кәрімов пен қорғаушы Роман Асранкулов жарақатына байланысты қатардан шығып қалды. Сондай-ақ құрама үздігі Бақтиер Зайнутдинов те матчтарға қатыса алмауы мүмкін. Түркияның «Бешікташ» клубында өнер көрсететін жартылай қорғаушы 26 қаңтардан бері алаңға шыққан жоқ.
«Бақтиер Зайнутдиновтің жарақаты бар. Ол қатарға 17 наурызда қосылып, қосымша медициналық қаралымнан өтеді. Қаралымның қорытындысы бойынша алдағы ойындарға қатысу-қатыспауы туралы шешім қабылданады», – деп хабарлады ҚФФ.
Ең қызығы, наурыз айындағы екі қарсыласымызбен де бұған дейін бірде-бір мәрте кездесіп көрмегенбіз. Яғни өзара бейтаныс құрамалардың кездесуі өткелі отыр. Топ үздігі Бельгия екенін айттық. Бұл құрама 2025 жылы наурыздағы ФИФА рейтингінде 8-орында тұр. Ал Уэльс 29-сатыға жайғасқан. Солтүстік Македония да бізден жоғары тұр – 67-орын. Ал Қазақстан құрамасы үздік жүздікке де кірмейді (110-орын). Лихтенштейн құрамасы әлемдік рейтингтің соңғы жағына таман, 204-сатыда орналасқан.
Осы тізімге қарасақ, біздің құраманың Уэльс пен Солтүстік Македонияға қарсы қайрат көрсететін мүмкіндігі жоқтай көрінеді. Бірақ ФИФА рейтингі құраманың нақты қуатын көрсете алмайтынын айта кеткен жөн. Оның үстіне, Магомед Әдиев кезінде Дания, Финляндия, Словакия, Әзербайжан, Беларусь қатарлы құрамаларды жеңгеніміз бар. Демек топта өзімізді аутсайдер санауға негіз жоқ.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл ақпанда Англияның атақты «Челси» клубына ауысқан (бірақ қазір өз клубы – алматылық «Қайратта» доп теуіп жүр) 16 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтбаев құрамаға шақырту алып отыр. Ол алдағы матчтарда алаңға шықса да, гол соқса да рекорд жаңарады. Өйткені біздің құрамада бұған дейін 16 жастағы ойыншы өнер көрсеткен емес. Жас футболшы биылғы Қазақстан чемпионатының бірінші турында «Астана» қақпасына гол соғып, көзге түскен. Барша жанкүйер оның аяқ алысынан үлкен үміт күтіп отыр.
Қуаныш Қаппас