Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:59, 25 Шілде 2020

Covid індеті: АҚШ-та 4 күн қатарынан 1 мың адам өлді, Еуропа сақтық шараларын күшейтті

None
None

Әлемде коронавирус жұқтырғаны расталғандар саны 16 миллионға жақындады. Оның 9 миллионы дерттен айығып үлгерген.

Өкінішке қарай, 640 мыңға жуық адам ауруды жеңе алмай, қайтыс болған. Расталған коронавирус жағдайларының төрттен бірі АҚШ үлесінде.

АҚШ-та коронавирустың өршуі тоқтар емес. Елде эпидемия басталғалы 4,1 миллион адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның 1,2 миллионы ғана жазылып шыққан.

Елде Covid өлімі осымен төртінші күн қатарынан 1000 адамнан асып отыр. Вирус жұқтырып, салдарынан қайтыс болғандар саны 146 мыңға жуықтады. Кейінгі бес күнде вирус жұқтырғаны анықталғандардың тәуліктік көрсеткіші 68 мың шамасында болған. Індетті ең қатты зардап шегіп отырғаны – елдің оңтүстігі мен батысындағы Флорида, Техас және Калифорния штаттары. Коронавируске қарсы күрестің үйлестірушісі доктор Дебора Биркстің мәлімдеуінше, егер оңтүстіктегі штаттарда індеттің өршуі тоқтамаса, вирус жағдай тұрақтаған солтүстік штаттарына қайта соққы беруі мүмкін.

Еуропа елдері коронавирустың тарауы баяулаған соң, маусымның ортасында карантин шектеулерін алып тастап, шекарасын Еуропа елдерінің азаматтарына ашқан болатын. Бірақ әлемдік ахуалдың ушығуына байланысты Германия, Франция, Австрия секілді елдер сақтық шараларын қайтадан күшейте бастады.

Коронавирус індетін бақылау алғандай көрінген Австралияда вирус жұқтырғандар саны қайтадан көбейе бастады. Халық саны бойынша елдің екінші ірі штаты Викторияда бір күнде 357 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталып, бес Covid өлімі тіркелді. Өткен аптаның жұмасында вирус жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші 300 шамасында болатын. Сәрсенбі күні бұл көрсеткіш рекордқа жетіп, 483 адамды құрады.

Австралия – вирус жұқтырғандар мен ауру салдарынан қайтыс болғандар арасындағы арақатынас бойынша ең төменгі көрсеткішті ұстап отырған елдердің бірі. Елде вирусты жұқтырғаны расталғандар саны – 13 950, аурудан қайтыс болғандар саны – 145. Індеттің тарауы күшейген соң, үкімет алты апталық карантин шектеулерін енгізіп, маска тағуды міндеттеді. Үкімет талабын орындамағандарға 143 доллар айыппұл салынады.

Ішкі Қытайда 24 шілде күні 34 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Оның 24-і Шыңжаң өлкесінің үлесінде. Алдыңғы күні тәуліктік көрсеткіш 21 болған. Сонымен қатар елде клиникалық белгілері байқалмаған 74 жағдай тіркелген. 23 шілде күні симптомсыз жағдайлар саны 43 болатын.

Оңтүстік Кореяда бір күнде 113 жағдай тіркелген. Бұл – наурыздан бергі ең ірі көрсеткіш. Вирус жұқтырғаны расталғандардың жалпы саны – 14 092. 24 шілде күні тіркелген жағдайлардың 86-сы шетелден келгендердің үлесінде.

Тегтер: