Crue Dragon ХҒС-тен ажырап, Жерге бағыт алды
Crew Dragon ғарыш кемесі АҚШ шығыс жағалауының уақыты бойынша 1 тамыз күні кешке (Қазақстан уақыты бойынша 2 тамыздың таңы) Халықаралық ғарыш станциясынан (ХҒС) бөлініп, Жерге бағыт алды.
Crew Dragon SpaceX корпорациясының ХҒС-ке ұшырылған, ішінде ғарышкері бар тұңғыш кемесі.
Кеме ішінде Даглас Херли және Роберт Бенкен деген екі ғарышкер бар. Олар ХҒС-ке 31 мамыр күні келген. Кемені Жер орбитасына содан бір күн бұрын Канаверал мүйісінен ұшқан Falcon 9 ракетасы жеткізген.
Кеме Флорида Мексика шығанағына АҚШ шығыс жағалауының уақыты бойынша жексенбі күні сағат 14:42-де (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 3 тамыз күні сағат 00:42) қонуы тиіс. Бұл ғарышкерлердің кейінгі 45 жылда суға алғаш қонуы болмақ. Соңғы рет мұхит бетіне 1975 жылы "Аполлон" экипажы қонған. Осыдан кейін америкалық ғарышкерлер орбитаға не көп мәртелік шаттлмен не ресейлік "Союз" кемелерімен ұшып жүрді.
Crew Dragon кейінгі тоғыз жылда АҚШ территориясынан ғарышқа ұшып, ХҒС-ке қосылған алғашқы кеме. Сондай-ақ, бұл – ғарышкерді орбитаға алып шығатын алғашқы жекеменшік кеме.
Бұл ұшу – SpaceX технологиясының қорытынды сынағы. Егер ол сәтті аяқталса, Илон Маск корпорациясының кемесі ХҒС-ке тұрақты ұшатын болады.
Crew Dragon – ғарышкерді орбитаға ұшыратын, NASA үшін әзірленген алғаш жалғыз жекеменшік кеме емес. Келесі жылға Boeing корпорациясының Starliner кемесінің ұшырылуы жоспарланған. Осы күзде кеме ғарышкерсіз ұшып көрмек.
NASA жоспары бойынша, Crew Dragon мен Starliner америкалықтар үшін 1960-жылдары әзірленген "Союз" кемесінің ХҒС-ке ұшыру қызметін алмастырады.