Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 17:25

Дақпырты көп, жеңісі аз қазақ спорты

1

Біздің елде жеке спортшының халықаралық жарыстардағы жеңісін тұтас мемлекеттің жетістігі деп санайтындар көп.

 Қазақ билігі 30 жыл бойы осы ойды дәріптеп, халықты соған сендіріп тастаған. Әсіресе бір ұланымыз Олимпиададан алтын медаль алса, шенділердің бөркі қазандай болып, елдегі бар проблеманы шешіп тастағандай мақтанатыны бар.

Билік «спорттағы жетістік – ел дамуының көрсеткіші» деп санайды. Мысалы, 2012 жылы Лондон Олимпиадасында Қазақстан спортшылары күтпеген жерден 7 алтын алып, айды аспанға шығарды (кейін допинг дауына байланысты төртеуінен айырылдық). Сол кезде билік пропагандасы мұны Қазақстанның әлемдегі алпауыт мемлекеттер қатарына қосылғанының белгісі деп дәріптеді. Бұл дүрмекті халық та қолдап, спортшының жеңісін мақтан тұтқаны рас.

Экономикада, саясатта, жаңа технологияда жетістігі жоқ елдер спортты мемлекеттік идеологияға айналдырады. Бұл – тоталитарлық, диктаторлық, авторитарлық елдерге тән сипат. Сол арқылы жұртың көңілін аулап, елдегі әлеуметтік теңсіздік пен экономикалық қиындықты ұмыттыруға тырысады.

Бірақ кейінгі бірнеше жылда ел билігінің көпшілікке көрсетер бетжүздігі болған спорт саласы құлдырай бастады. Мысалы, 2021 жылғы Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары бірде-бір алтын медаль ала алмай, үкіметті тығырыққа тіреді. Бұрын спорттағы жетістікті ел дамуының айнасы деп жырлайтын билік спортшылардың жеңілісін мемлекеттің әлсірегені деп айта алмады.

2024 жылы да ел спорты ерекше нәтиже көрсете алған жоқ. Бұрындары жыл қорытындысын жасағанда өзге сала оңып тұрмаса да, шенділер спорттағы жетістіктер арқылы мақтануға себеп табатын. Бірақ биыл мұндай мақтанға жол жоқ. Жекелеген кейбір жеңісті айтпағанда, қазақ спортына үздік баға беру қиын.

Олимпиада

Биыл жазда Франция астанасы Парижде ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары өтті. 16 күнге созылған бәсекеде Қазақстан қоржынына небәрі 7 медаль (1 алтын, 3 күміс, 3 қола) түсіп, жалпыкомандалық есепте 43-орынға табан тіреді. Бұл, әрине, бөрікті аспанға атып қуанып, даңғаза мақтанға салынып, Астананың жетістігін жырлауға жеткіліксіз нәтиже.

Соған қарамастан, Қазақстанда жүлде алған спортшыларды марапаттау барысы Олимпиаданың өзіне қарағанда салтанатты болды. Билік те, халық та жүлдегерлердің қойны-қонышын сыйақыға толтырып тастады. Ал нашар нәтиже үшін креслосын босатқан жалғыз шенді – 2023 жылы құрылған су жаңа спорт және туризм министрлігінің тұңғыш басшысы Ермек Маржықпаев болды.

Париж төрінде дзюдошы Елдос Сметов чемпион атанды. Оның бұл жеңісін ерекшелей түсетін бір себеп бар, ол 2016 жылғы Рио Олимпиадасында – күміс, 2021 жылы Токиода – қола медаль алған. Демек Елдос Олимпиада медальдерінің толық топтамасын жинап отыр. Бұл кез келген спортшыға бұйыра бермейтін айтулы жетістік деуге болады.

Нариман Құрбанов (спорттық гимнастика), Демеу Жадыраев (грек-рим күресі, 77 келі) және Нұрбек Оралбай (бокс, 80 келі) күміс жүлдемен оралды. Ал қола медаль Ислам Сатпаев пен Александра Ле (нысана көздеу), Ғұсман Қырғызбаев (дзюдо, 66 келі) және Назым Қызайбайға (бокс, 51 келі) бұйырды.

Жанкүйерлерге бокс құрамасының қоржыны бос қайтқаны ұнамады. Өзін бокс державасы санайтын Қазақстанға бір күміс пен бір қола медаль аздық етері анық еді. Көпшілік бұл спорт түрінен кем дегенде бір алтын күткен. Осылайша, қазақ боксшылары кейінгі екі Олимпиадада алтын медаль ала алмады.

Парижден келген соң бокс федерациясында өзгеріс болып, вице-президент Әзиз Қожамбетов және Мырзағали Айтжанов бастаған жаттықтырушы штабы отставкаға кетті. Айта кетерлігі, кейінгі 6 жылда бокс құрамасының бас бапкері 4 мәрте ауысып отыр. Соған қарағанда шенділер боксшылардың сәтсіздігіне жаттықтырушыларды ғана кінәлайтын сияқты.

Көшпенділер ойыны

Олимпиадада опық жеп, сағы сынып қайтқан қазақ спортшылары үшін қыркүйек айында Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары еңсе тіктейтін мүмкіндік болды. 89 мемлекеттен 2,5 мыңға жуық спортшы қатысқан жарыста Қазақстан құрамасы 43 алтын, 32 күміс, 37 қола медаль жеңіп алып, командалық есепте көш бастады.

Биылғы Көшпенділер ойындарына Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка құрлықтарынан спортшылар келіп қатысты. Тіпті мұхит асып келген америкалық ковбойлар көкпар тартып, бәсекенің көрігін қыздырды.

Әрине, Көшпенділер ойынын Олимпиада, Азия ойындары сияқты ірі халықаралық жарыстармен салыстыруға келмейді. Бірақ Астанадағы ойындардың ұйымдастырылуы, қатысушылардың көптігі, спортшыларымыздың сенімді жеңісі – қазақ спортының 2024 жылғы ең жарқын сәттерінің бірі болды.

Дүбірлі дода кезінде келеңсіз жағдайлар да жүз берді. Көкпар бәсекесінің финалында қазақ және қырғыз шабандоздары жанжалдасып, арты үлкен дауға ұласты. Қырғызстан спортшылары жеңілісті мойындамай, реванш өткізуді сұрап, дау шығарған. Алаңдағы араздық жанкүйерлер арасына жеткенде қамысқа тиген өрттей қаулай жөнелді.

Париж Олимпиадасы кезінде екі елдің спортшыларына бірге жанкүйер болып, «бауырым, бір туғаным» деп жүрген көшпенділер көкпар бәсекесінен кейін бір-біріне кіжініп, көрместей болып жатты. VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2026 жылы Қырғызстанда өтеді. Бұл даудың соңы сол кезде жалғаспасына кім кепіл? Екі ел көкпар қазандығы бойынша да бір тоқтамға келе алмай, бір спортты – көкпар және көкбөрі деп бөліп алып, әркім өз бетінше ойнап жүр.

Ұйымдастыру комитеті Көшпенділер ойындарын өткізуге бюджеттен 5,7 миллиард теңге бөлінгенін, бұған демеушілер берген қаржыны қосқанда, жалпы шығын 8 миллиард теңге болғанын хабарлаған. Кейін туризм және спорт министрлігі Ойындар өтіп жатқан тұста елге шетелден 597 мың турист келіп, Қазақстанда 15,5 миллион доллар (7,5 млрд теңге) жұмсағанын айтты.

Футзал

Командалық жарыстар арасында Қазақстанның оң жамбасына келетін спорт түрі – футзал. Бірнеше бразилиялық легионерге арқа сүйеген Қазақстан құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатында жүлдеге қол жеткізіп, одан кейінгі әлем және құрлық чемпионаттарында жақсы нәтиже көрсетіп жүрді.

Футзалдан өз спортшыларымыздың да деңгейі төмен емес. Дәурен Тұрсағұлов, Біржан Оразов сынды үздіктеріміз бар. Соңғысы 2022 жылы Нидерланд жерінде өткен Еуропа чемпионатында 7 гол соғып, үздік сұрмерген атанған.

2024 жылғы қыркүйек пен қазан айында Өзбекстанда футзалдан әлем чемпионаты өтті. Бұл турнирде Қазақстан құрамасы сапында негізінен өз спортшыларымыз өнер көрсетті. Біздің құрама 1/8 финалда әлем чемпионы Португалияны жарыс жолынан шығарғанымен, ширек финалда Аргентинаға есе жіберіп, елге ерте оралды. Дегенмен Біржан Оразов әлем чемпионаты тарихындағы ең жылдам голдың авторы атанды. Ол топтық кезеңдегі Испанияға қарсы матчта небәрі 6 секундта көзге түсті. Сондай-ақ алматылық «Қайрат» футзал клубы биылғы УЕФА чемпиондар лигасының финалдық кезеңіне жолдама алды.

Бокс

29 қараша мен 11 желтоқсан аралығында Таиландтың Чианг Мэй қаласында әуесқой бокстан Азия чемпионаты өтті. Бұл сынға Қазақстан атынан 13 ер, 12 қыз боксшы барған. Оның 20-сы жартылай финалға өтті (ерлер – 10, қыздар – 10). Бұрымды боксшыларымыздың бесеуі финалға шығып, бәрі алтын медаль алды.

Ал Қазақстан ерлер құрамасы сапынан финалға 9 спортшы шыққан. Оның жетеуі Өзбекстан өкілдерімен кездесті. Нәтижесінде біздің боксшылардың төртеуі ғана алтын алды. Бірақ турнир аяқталған соң өзбек боксшысы Хавасбек Асадуллаев (71 келі) финалда Абылайхан Жүсіповті тістеп алғаны белгілі болып, IBA Қазақстанға бір алтын медальді қайтарып берді.

Рингтегі сербиялық төреші Джована Угренович өзбекстандықтың ережеге сай емес әрекетіне көз жұма қарады. Бұл жағдай оңтүстіктегі көршілеріміздің бокстағы толағай табысына күмәнді күшейте түсті. Жақында IBA өзбек спортшылары жеңіске жеткен 3 жекпе-жекті қайта қарап жатқаны белгілі болды.

Осылайша, Қазақстан ерлер құрамасы турнирде 5 алтын, 4 күміс, 1 қола медальмен, командалық есепте екінші орын алды. Өзбекстан ең мықтыларын елге тастап, Таиландқа аралас құраммен барса да бірінші орынды ешкімге берген жоқ (7-2-1). Яғни қазақ боксшылары Өзбекстанның екінші командасына есе жіберді.

Футбол

2024 жыл қазақ футболы үшін де аса сәтсіз болды. Әсіресе ұлттық құрама өте сүреңсіз нәтиже көрсетті. Биыл жазда Қазақстан құрамасына ресейлік Станислав Черчесов бас бапкер болып тағайындалған. Оның жетекшілігімен біздің футболшылар УЕФА Ұлттар лигасының В дивизионындағы 6 матчта қарсылас қақпасына бірде-бір гол соға алмай, масқара болып, С лигасына «ұшып» кетті. 6 ойынның бесеуінде жеңіліп, 1 матчта тең түсті. Өз қақпасына 15 гол өткізіп алды, доп айырмасы – 0:15!

Оның үстіне Станислав Саламович (өз сөзімен айтқанда – Приветович) Қазақстанға келгелі басынан дау арылған жоқ. Мемлекеттік тілде сөйлеген журналистермен алысып, кекетіп-мұқатумен болды. Сондай-ақ оның жалақысына қатысты да әңгіме көп. БАҚ-та ресейлік маман Қазақстандағы бір жылдық жұмысы үшін 1,2 млн еуро гонорар алады деген ақпарат бар.

Жақында ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұлов қызметінен кетіп, оның орнына ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров сайланды. Осыдан кейін Черчесов отставкаға кетеді деген ақпарат тараған. Бірақ ҚФФ мұны жоққа шығарып отыр. Егер Черчесовті қызметінен қуып, келісімшартты мерзімінен бұрын үзсек, оған өтемақы төлейміз. Оның мөлшері аз болмайтыны анық.

Клубтық футболда да кемшілік көп. Биыл жазда Еурокубок турнирлерінің іріктеуіне қатысқан 4 команданың біреуі ғана жалпы кезеңге жолдама алды. Бірақ Конференция лигасының топтық кезеңге өткен «Астана» кәсіпқойлыққа жат әрекет жасап, сырт алаңдағы ойындарға қосалқы құрамын жіберіп жүр. Тіпті Уэльстің жартылай әуесқой лигасындағы «Нью-Сэйнтстен» жеңілді. Елордалық клуб «Челсимен» ойнаймыз деп, аса қымбатқа билет сатқан. Бірақ лондондықтар Алматыға тек жас ойыншыларын алып келіп, «Астананы» жеңіп кетті (1:3). «Астана» Конференция лигасындағы 6 матчтың біреуінде ғана жеңіске жетті, екі рет тең ойнап, 3 кездесуде жеңілді.

UFC

8 желтоқсан күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ММА-дан UFC 310 турнирі өтті. Кештің екінші маңызды жекпе-жегінде қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов ирландиялық Иэн Гарриді жеңді. Осылайша, Шавкат 18 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жетті, оның 18-ін мерзімінен бұрын аяқтаған.

Жекпе-жектен кейін Рахмонов жартылай орта салмақтағы UFC чемпионы Белал Мухаммадпен (24-3) октагонда бетпе-бет кездесіп, көз арбасты. Бұл келесі кездесу осы файтерге қарсы өтеді дегенді білдіреді. Егер UFC уәдесінен тайып, басқа жаққа бұрып кетпесе, қазақ баласы UFC титулына таласатын сәт алыс емес.

Қуан Өмірхан

Тегтер: