Далидің «каннибал» құшағы – ессіз соғыс аллегориясы

Тейт музейінің каталогында біз әңгімелегелі отырған картина туралы: «Бірін-бірі жалмаған жүзі беймәлім қос жаратылыс. Олар тәндеріне шанышқы қадаған.
Қоршаған пейзаж — Дали дүниеге келген Каталониядағы Эмпурда мекені. Бірін-бірі құшағында тұншықтырған бұл кейіпкерлер Испаниядағы азамат соғысына қатысты суретші жазған комментарийдей. «Күзгі каннибализм» — осы оқиғадан бірнеше ай өткен соң жаратылған туынды. Адам басындағы алма өз ұлын атуға мәжбүр болған Вильгельм Телль туралы аңызбен байланысты», делінген.
Соғыс – зұлым. Антиадамзаттық құбылыс. XX ғасыр бізге оның шешім емес екенін үйретті деуші едік...
«Күзгі каннибализм» картинасының қоңыр-сары фонындағы Эмпурда даласында бейнеленген фантасмагориялық құбыжықтардың ер мен әйел образдарынан Дали бұған тек саяси контекст бермегенін аңғаруға болады. Кейінгі жаңалықтарды ескерсек, аталған туындының актуалдығы арта түседі. Әлемдегі жағдай мен қазақ даласында осы жетіде толассыз жауған breaking news-дің бәрін бір ғана осы суретпен беруге болардай.
Примитив инстинкт, либидо мен өлім қорқынышы тысқа шығып, ең сұрықсыз ұсқынын көрсетті. Каннибал соғыс шындығында адамзат үшін бөтен өркениет қабаттарын жүзінен сыпырып салып, оның нағыз табиғи болмысын, жабайы бастауын жалаңаштады.
Дали үшін жауыздық, қантөгіс, көзіне түскенді жалмау – соғыстың шынайы сипаты. Ол соны түсіне тұра, өзін осыдан аулақ ұстағысы келетіндей. Энтомолог секілді алыстан тамашалап отырғандай: «Күзде бірін-бірі жалмаған бұл ибериялық жаратылыстар Азамат соғысының пафостың болмысының символикасына балаймын. Бұл тарихи табиғи құбылыс, мен үшін. Пикассодан айырмашылығым да сол, ол мұны тарихи феномен деп есептейді».
Дали соғысқа идеологиялық-саяси сипат бермейді, тек бейсанада тығылған дүниенің оянуы ретінде құдды психиатр ғалымдай зерделейді. Айтқандай, мұның бос сөз емесіне картинаның төменгі бұрышындағы тартпа дәлел. Автордың шығармашылығына 30-жылдары дендеп кірген бұл элемент – оның «сүйікті» фрейдтік символы. Дали бір сөзінде тартпаларды «адам бейсанасының түкпіріндегі шексіз нарцистік жұпар аңқыған құпия» деген еді. Оның ойынша, антика адам тәніне тек неоплатондық көзқараспен қараса, Фрейд оның көптеген беймәлім жәшіктерден тұратынын анықтап, кілтін психоанализге тығып кеткен.
Ал бір-бірінің өмірін қиып, қандыкөлдің ортасында отырған мына адамзаттың құпия жәшіктерінде не тығылған? Каннибализм.

Соғыс бір-бірімен кескілескен армиялардың ғана емес, бейбіт халықтың да адамдық тұлғасын күйретеді. Бейбіт кезде адамдардың бір-біріне қиянат етпеуіне – конституция кепіл. Ал соғыс, керісінше, қанға құмарлық, зорлық-зомбылық дағдыларды қолпаштап, адамды кісі өлтіруге, алдап-арбауға, жансыз болуға итермелейді. Бейбіт өмір адам бойындағы еселі еңбекке деген ынтаны, кісілік, ізгілік басқаның мүлкіне, игілігіне, адамдық намысына деген құрмет пен пейілді оятса, соғыс, керісінше, адамды зорлыққа, басқаның құқығымен санаспауға, басқаның намысын таптап, қорлауға үйретеді. Соғыс – адамды өштікке, жыртқыштыққа баулитын аппарат.
Соғыс халық өміріне ешқандай әсер етпей ізсіз кетсе, адам нанбас ғажайып болар еді. Кісі өлтіруді кәсіп қылған, қанға деген жерігі оянған адам соғыс аяқталғаннан соң бір-ақ сәтте заң мен низамды ұстанған тәртіпті азамат бола қалса, соғыс өмір салтына айналдырған зорлық пен зомбылық, адамның құқығы мен намысын таптау дағдысы соғыстан соң бір-ақ күнде жойылса, әрине, бұл да кісі нанбас ғажайып болар еді. Бірақ шын өмірде олай болмайды. Ұзаққа созылған соғыстан кейін ел ішінде қылмыс, зорлық-зомбылық көбейсе, адамның құқықтық санасы кіреукеленіп, иманнан безсе, адал еңбектен бой тартып талау мен тонаудың жолына түссе, халық азып, ел ішін надандық жайласа, оның таңғалатын ештеңесі жоқ. Осының бәрінің себебін соғыстан іздеңіз. Соғысты тудырған – осының бәрін тудырды.
Таласбек Әсемқұлов. «Аштық және соғыс»
Сальвадор Дали «Күзгі каннибализм» картинасын 1936 жылы жазған. Отаны Испаниядағы Азамат соғысы 1936-1939 жылдар аралығында болды.
Ағылшын аристократы, ақын, коллекционер, меценат Эдвард Джеймспен алдын ала жасалған келісім бойынша туынды оның жеке қорына өткен екен. Кейін суретті Лондондағы Тейт галереясына қойды.
Бір қызығы, автордың «Азамат соғысын болжау» атты картинасы Испания үшін қаралы. Сол оқиғадан жарты жыл бұрын жазылып, туған жерінің болашағын дөп басқан елеулі туындыға айналды.
Далидің осы екі жұмысы 1936 жылы желтоқсанда Нью-Йорктегі Жюльен Леви галереясында ұйымдастырылған «Фантастикалық өнер, дада, сюрреализм» атты көрмеде өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Оның үстіне о кезде суретшінің дәуірі жүріп тұрған еді: 1936 жылы 14 желтоқсанда аңыз басылым Time журналының мұқабасына Сальвадор Дали бейнесінің басылуы оны планетарлық деңгейдегі жұлдызға айналдырды.

Тағдырдың тәлкегімен, Далидің даңқ шыңына шығуы испан жұртының өзара қырылып, қанды қақтығыста туған бауырларын жан тәсілім еткен оқиғамен тұспа-тұс келді.
Соғыс кезінде өзге құрлықты мекен еткен испан ұлтының біртуар перзенті оның залалын өз көзімен көрген жоқ. Сол себепті ме, әлде басқа сенгені болды ма, картинада өзінің біржақты пікірін айтпайды. Шындығында ол уақытта биліктің не Испан республикасында, не генерал Франциско Франконың қолында болары анық емес еді. Сальвадор жас болса, Ленинді дәріптегеніндей, бір бағытты таңдап, соның жолында кетер ме еді?! Бірақ бұл шақтағы Сальвадор тұлға ретінде қалыптасқан, ес жиған азамат болатын: «Мен өзіме тарихты адамындай қарамаймын. Керісінше, тіпті антитарихи, антисаяси тұлға екенімді сеземін. Не мен заманымнан тым озық тудым, не дүниеге кеш келдім. Қалай болғанда да, өзімнің осы заманның пинг-понг ойнаушысы емес екенімді білемін...»
Сальвадор соғыс аяқ басқан жердің бәрінен қашып отырды. Зұлымдық елден ел, құрлықтан құрлық қалдырмады. Дали де көшпендіге айналды. Италия, Франция, АҚШ... Осы соңғы нүктеде суретші жұбайымен сегіз жыл тұрақтаған екен. Сюрреалист шебері соғыстың басында саяси көзқарасын анық айтпаса да, 40-жылдары сенімі айқындалып қалған еді. Франконың диктаторлық режимі үстемдік құрып тұрған Испанияға Дали жер жаһан таныған жұлдыз, мойындалған суретші, бай-бағландар ортасының адамы ретінде оралды. Және ол ... кәміл франкист еді. Десе де адамзат оны саяси көзқарасы емес, генийі үшін бағалайды емес пе?!
Далидің дәл осылай адасуын аңдушылар қашан да көп болды. Сүрінсе қол соғатын олар. «Күзгі каннибализмін» тым қарабайыр, астарын ұғуға асқан интеллекттің қажеті жоқ деп сынағандар да табылды. Құбыжықтар аллегориясы айдан анық. Қиялыңа ерік бере алмайсың дейді.
Монстрлардың жан-жағында шашылған заттар, бір қарағанға сүйектерден айнымайды. Пандора жәшігі ашық. Құпиясы жария. Шұбырған құмырсқа шебер үшін «құлдырау, құру, жойылу» символы. Ал сәл әріге көз тастасаң, не отқа оранғаннан, не қантөгістен қызылға боялған дала. Аспаннан төнген адам сұлбалы қара бұлт жүзіне үйірілген мысқыл...
Испанияда Азамат соғысында өлім құшқан аңыз ақын Федерико Гарсиа Лорканың (Дали екеуінің қарсы бағыттар идеясына сенуінің өзі...):
«Над берегом чёрные луны,
и море в агатовом свете.
Вдогонку мне плачут
мои нерождённые дети»
(Түнекке оранған ай,
Ақыққа боялған теңіз,
Ешқашан тумаған шараналардың,
Шырылы естілер еміс.
Еркін аударма), – дейтіні бар. Бұл өлең «Күзгі каннибализмнің» поэтикалық нұсқасы емес деп көріңізші?!
Айымгүл Мақсұтқызы