Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:52, 17 Қараша 2018

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ. Ағаттық

АҒАТТЫҚхикаятҚала көлігінің а дегеннен бауырын жазып, шапқылап кетуі қиын. Қалада көлік көп жағдайда жол ыңғайына бағынады.
Сәл белең алып, сынаптай сырғып барып, қызыл бағдаршамның аясында тұралап тұра қалады. Кейде көгілдір шырақ жанса, екпіндеп өте шығатыны да бар. Былай қарасаң осы көріністің өзі машиналардың жол айырығында бірін- бірі құрметтеп, бір-біріне жол беріп, ізет етіп жатқанындай сезіледі. Ұйлығып қалған қалың машинаның артқы қызыл шырақтары жалт-жұлт етіп, келесі қиылысқа өтіп, не жоғары, не төмен қарай құйындай қозғалғаны тіптен қызық. Ал, бет алған жағы алаңсыз ашық болса, тіптен жақсы. Сәтке болса да бауырын жазып, қарыштап, ызғытып алады.Сүт реңдес, аққудың қанатындай сүліктей жеңіл шет елдік ақ машина қала шетіндегі доғаша жолды айналып өткеннен кейін құйғыта жөнелген. Әл-әзірде жөндеуден өткен мойылдай қап-қара жолда мін жоқ. Шыныдағы шайың шайқалмайды десе де болғандай. Машина қорабында үш адам, ал рөлде жас жер ортасынан әлдеқашан ауып, бұл күндері сақал-шашын тегіс ақ аралап, түгелдей көк бурыл реңденген ат жақты, қыр мұрынды келген егде адам. Ол Асыланның әкесі Қуат болғанда, оның қасындағы жасы алпыстарды алқымдаған, жұмсақ, биязы піншінді, аялы, қоңыр көзді, мейірбан жүзді, сабырлы әйел  — Зағипа  анасы еді. Кенет Асыланның өн бойын тосын бір қуаныш аралап өткендей болған. Бойын тосын бір от сезім аралап өткені сол еді, бұл күндері жасы жиырманың не ар жағында, не бер жағындағы қияқ мұрт, өндірдей боз бала сергіп сала берді. Ақ құба жүзін ыстық леп шарпыды. Жүрегі атқақтай соғып, тұғырынан ұшатын құстай талпынып қойды. Жеңіл машинаның біресе оң жақ терезесіне, біресе сол жақ терезесіне қарап, сәл мазасызданғандай да болған.Есіне балаң кезіндегі бір оқиғалар түсті. Ол кезде бұл тіпті жас еді. Мектеп оқушысы болатын. Әкпесінің үйі қаланың іргесінде машина біткен күндіз де  түнде де тынбай ағылып жататын, күре жолдың бойында болатын. Асылан не қысқы, не жазғы демалыс күндері әкпесінің үйіне келген сайын алтыншы қабаттағы үйдің қылтимсына шығып алып, ары да бері ызғытқан машиналарды қызықтайтын. Бір қызығы машина біткен оған төрт түлік мал, оның ішінде ат пен түйе бейнесінде елес беретін. Көбіне көп ат тәрізді көрінетін. Тек трактор, КамАЗ сықылды үлкен, жойқын техника түрлері бірде түйе, бірде бұқаны көзге елестеткені болмаса, қалған машина атаулының бәрі жылқы тұқымындай елес беретін. Тай болып, құнан, дөнен реңденіп, ауытқи келе бәйгіге қосар сәйгүліктердей болып, көрініс танытатын.  Бала Асылан алты қабат үйдің қылтимасына шығып алып, жол бойында үздіксіз ағылған машинаны қызықтайтын. Қасында біреудің бар, не болмаса жоғын да елең қылмайтын. Біреу қарап тұр деп те қымсынбайтын. «Ақ боз ат ағызып келе жатыр,- дейтін жол бойында желдей есіп келе жатқан шет елдік ақ машинаға шұқшия қарап,- ақ боз тұлпар ағындап келеді. Ал, оның артынан қоңыр ат құйғытып келеді,- деп келесі машиналарды түр- түсіне қарап атай беретін,- енді қос жирен қатар шауып келеді. Оның артынан сәл кешіккеніне қарамай тағы да ақ боз ат ызғытып келеді. Батырыңның екпінінің қаттысын-ай, тура сәуледей лыпыл қағады. Енді мінеки көк ат пен сары ат қатар тізгін созды.  Қайсысы алға озар екен. Меніңше сары ат жүйрік секілді. Айттым ғой, лезде дегенім келді. Сары ат арқан бойы озып кетті. Ананы қара, ананы,- дейтін енді тракторға шүйліге қарап,- жүрісін қарай көр өзінің, әліне қарамай өзінше жеңіл машиналарман үзеңгі қағыстырады. Түйе кетіп бара жатыр,- деп айғайлайды енді Кам- Азға ұнатпаған сыңаймен қарап,- тұрпатына қарамай жолдың бәрін бір өзі иемденіп алыпты. Жүрісін қара, жүрісін, шет елдік машиналардың шапшаңдығымен салыстырғанда бұл кәдімгі тасбақаның көкесі секілді. Көк ат қылаң берді, екі боз қатар шауап келеді, жирен ат, қар ат, көк ат,- деп өз- өзінен шала тозып, мехнат шеккен бала дауысы қарлыққанда барып, үні өшетін. « Жол және машиан хабарын» осылайша ерікті түрде аяқтап барып, қылтимадан қарасын батыратын. Алайда жол үсті машинадан бір босамайтын.  Әр түсті машина ағыла беретін, ағыла беретін.Осы бір сәт есіне түскенде машинаның артқы орындығына жалғыз жайғасқан жас жігіт қинала келе қимастық сезіммен ауыр күрсініп қойды. Шет елдік жеңіл машина болса, сәт сайын жүрісіне жүріс қосып, жұлдыздай ағып келеді. Машина ішіндегі үнсіздік талайға созыылып еді. Не әке, не ана, не болмаса өзі тіс жарып, үн шығармаған. Үнсіздіктің енді бұдан ары созыла беруін жаны қаламаған Асылан  өзін кінәлідей сезініп, кібіртіктей келе сөз бастады. — Әке, жағдайың қалай, жақсы ма?,- деді сыпайы ғана,- жалпы еш жерің ауырмай ма дегенім ғой. — Иншалла, жақсы деді, — әкесі іле тіл қатып, — денемнің қызуы да басылды. Ұйқым да тыныш, тек қолтықтың астындағы сіліңгір қара  пышақ сойып кеткен жер ғана ілуде бір іре тартып, ауырып қояды. — Ұдайы ауыра ма? — Жоқ, тек қатты қимыл жасасам ғана шым еткендей болып сыр берді. Ал, өзге уақытта жақсы. — Әуелі пышақ тиген жер а дегенде өлі еттеніп, жылбысқыланып бір аз тұрды. Енді шикі ет пышақ тигеннен кейін ауырмағанда қайтеді,- деп енді сөзге анасы араласты,- сықпа май жағып, дәрі еккеннен кейін ептеп беті бері қарады. Кәзір қара қотырланып жазылып келеді. Уайымдайтын еш қисын жоқ. — Анаң жөн айтады,- деді машина рөліндегі егде шопыр жол бойына қырандай шүйліге қараған қалпы,- шағымданудың еш мөрті жоқ. Бәрі де жақсы. Е, шырағым ер жігіттің басына не келіп, не етпейді. Бұл да бір аз күндік өтті де кетті сұрқылтай күн, сор маңдай шақтар ғой. Сен әлі жассың,- деді машинаның артқы орындығына жалғыз орын тепкен боз балаға, былайша айтқанда үш ұлдың соңы, кенжесіне қиыла қарағандай болып,- сенің жасайтын жасың, көретін күндерің де көп. Сол шақтарда саған Жасаған ием тек қана амандығын, ақ  жолын берісін. Періштелер ақ жолға жетелеп, ата- баба рухы тосын пәле, жағдайсыз жалдан сақтаса екен деймін. Ол үшін не істеу керек, ол үшін арыңды таза ұста, иманыңды серік ет, әзәзілдің айтқанына ерме, әлдебір азғынның жетегіне жүрме, айтқанын істеп, айдағанына көнбе, еш қандай жағдайда Алланың ақ жолынан шығушы болма. Алладан күдеріңді үзбе, соңғы демің таусылғанша Жаратушыға сыйын.  «Күніне қырық түрлі пәле көрсең, сонда да күдер үзбе бір Алладан» дегенді атаң қазақ тектен текке айтпаған.  Менің айтпағым осы...Асылан әке сөзіне бар зейінімен құлай құлақ түрген. Сәтке болса да әке сөзінің балаға әсер еткені сонша, оның әр сөзі Асыланның жан дүниесіне шұғыладай шашылып, жүрегінің түбіне ұйып қалғандай еді.  Машина тақтайдай тегіс қара жол үстінде сақпанның тасындай зырлап келеді. Асылан тағы да қинала ауыр күрсінді. Оны енді әуезді ой  әлдилегендей еді...                            ***                       ***                       ***         Жанұяда қолдың саласындай үш ұл болғанда, Асылан соның ең кішісі еді. Жанұяның өзінен үлкен екі ұлы мектеп бітіре салысымен әкесі құрған жекеменшік шару қожалығының иесі атанды. «Үш бауыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заңды мұрагері болып шаға келді. Он жылдық білім дегенде оңай емес, осы да бар қажетіңе жарайды деген шешімге келді білем, одан арғы оқудың есігін жылы жауып қойды. Оқимыз деген балалар болмады, оқсаңшы деген әке, шеше де болмады. Әке қайта өзі құрған жеке меншік қожалықтың шын иесі табылғанына қуанды...         Асылан он жылдықты бітіргеннен кейін оқуға зауқы соға қоймады. Мектеп бітірген жылы өзге балаларға қосылып әуектеп, Алматы аспады. Пәлен оқуға барам, пәлендей мамандық алам деп те көкірек қақпады. Оның есесіне ауылда қалып, «Үш бауыр» шаруа қожалығымен ауылдың арасын шиырлады.Жаз шөп шауып, қыс қора тазалап дегендей қарапайым тіршіліктің көрігін қыздырды. Әкесі де оның бұл беталысын құп көргендей еді. «Е, әлі жас қой,- деді өзінше іштей ой қорытып,- он жыл оқыды. Демек, шаршап та қалған шығар. Он жылдан кейін бір жыл өзге тірлікке ден қойып, басқа харакет жасаса, миы сергіп, жанары жасылданып қалады. Ал, келесі жылы бара берсін қалаған оқуына» Осылайша ой қорытқан әке оған  сырттай тілеулестік, ниеттестік пиғыл танытқан.         Ақыры бәрі де солай болды. Келесі жылы Асылан оқуға аттанды. Әке мен ананың үмітін ақтап, студент атануды мансұқ етті. Алматы сынды әсем қалада студенттік күндерді өткізу ізгі арманындай сезілген. Алайда жолы болмады. Мектеп қабырғасында жинаған білім қоры өзі ойлаған оқу орнының оқпанын толтыра алмады. Бұл жәйсіздікті сезінген ол өткізген құжаттарын қайтарып алды. Екінші оқу орнының есігін ашты. Құжатын тапсырды. Қалың додаға түсті. Қанша тыраштанса да жолы болмады. Сонымен оқуда жолы болмаған бейбақ, екі қолы салдырап бос қалғандай еді. Бірден ауыл қайтуды жөн көрмеді.Өз таныстарының пәтерін жағалады. Бір танысының пәтерінше үш күн, екінші досының үйінде бір апта түнеп дегендей уақытын өткізді. Көше кезді. Көше кезген ол бірде «Алтын орда» базарының маңын шиырлап жүр еді. Базардың төменгі жақ тұсы қаптаған адам, құжынаған базар екен. Асылан сол қалыңның ортасын  кешіп бара жатып, бойы серейген, қапсағай денелі, еңгезердей жас жігітке кезіге кетті. Бетпе бет ұшырасқан. Қара қошқыл пішінді, өткір қара көзді, теке сақал қойған, жақ жүні үрпиген және сол үрпиген жақ жүндері өзіне бір түрлі суық рай бергендей болған, еңгезердей жас жігіт, қол арба итеріп келе жатыр екен. — Сәлем, бозбала, — деп салған жерден мұнымен шатыса кетті, — жол болсын. — Жақсы, жақсы, — деп міңгірледі аузына жөпшенді сөз түспеген бұл бейбақ. — Не жақсы, нені жақсы деп тұрсың, — деп сақалды сабаз ілінісе кетті, — айта қойшы жарқыным, сонда ненің жақсы болғаны. — Енді жүрміз ғой,- деп бұл міңгір ете қалды. — Өстіп тентіреп жүрген де жақсы болып па, сен одан да маған ілес.Менің соңыма түс, сонда білесің ненің жақсы екенін. — Сонда қайтпекпін? — Мына қоларбаны көрдің бе,- деп ол көзін ақшаң еткізді. — Көрдім,- деді бала қағаз қораптарды сықастырып салған қоларбаға қарап,- көріп тұрмын. — Көрсең, тіршілік деген осы. Сен маған көмектес, былайша айтқанда екеуміз серіктесіп жұмыс табамыз. Күн батқанша істейміз. Күн батқаннан кейін тиісті ақшамыз қолға тиеді. Ал, ол ақшаны қылдай қып бөліп аламыз. Келістің бе? — Келістім. — Ендеше кеттік...Асылан осылайша алғаш рет базар жұмысына ілікті. Қаба сақал серіктесі   бекер обалы не,  а дегенде бұған аярлық танытпады. Артық мінез көрсетпеді. Таза жанашырлық, жолдастық пиғыл танытты. Бүтін болса бөліп, жарты болса жарып дегендей оң пиғыл берген. Асылан болса оқшантайдан шыққан серіктесіне а дегенде секемдене, үрке қараса да, артынша бауыр басып кеткен. Екеуі апта бойы қоларба сүйреді. Күнде белгіленген мезетте екеуі екі жақтан келеді де, ұйымдасқан түрде жұмысқа араласады. Қалаған уақыттарында тамақтанады. Шаршағандай болса, еркін тынығып та алады. Ең жақсысы қолға түскен нәпақаны екеуі тең бөліске салады. Сонымен алғашқы апта өтіп, келесі аптаның да сұлбасы көрініп еді. — Екеуміз табысқалы апта өтті, — деді қаба сақал ежіктей сөйлеп, — екеуміз серіктесіп тірлік еттік. Сен шынын айтқанда маған ұнадың, дәлірек айтқанда менің сынағымнан толық өттің. Және жақсы жақтарыңмен көріндің. Іске адалдығың, жолдасыңа жанашырлығың, әсіресе қарапайымдылығың маған қатты ұнады. — Рақмет, — деді Асылан қуақы жымиып,-сізге көп- көп рақмет. — Бүгін қызық болғалы тұр,- деді серіктесі,- шынын айтқанда тамаша болады... — Ол неғылған тамаша, — деді Асылан елең етіп. Айтпақшы бүгін бір емес, аттай екі қызық болуы да мүмкін. — О, тіпті көрер қызығымыз көп екен ғой. — Жетеді. — Сонда ол ненің қызығы ыңғылы. — Оны кәзір айта беруге болмайды. — Енді қашан? — Барғанда көресің.Сөз осымен бітіп, екеуі кезенді жұмысын мерзімінен бұрын аяқтады да, жолға шықты. Білген адамға Алматыда жол алыс емес қой. Қос жалдамалы жұмысшы да жол жағынан пәлендей қинала қоймады. Тәксілетіп, автобусқа отырып дегендей діттеген жеріне жеткен. Қаланың аяқ тұсын шығыстан бастысына қарай қиып өтетін күре жол болушы еді.Бұлар сол жолмен жиектеп жүрді де, орта тұста түсіп қалып, төменге тартты. Күре жолдан көп дегенде үш жүз метр қашықтықты бір- біріне ықтап, иықтасып өскен бір шоғыр ағаш бар. Бұлар сол араға бет бұрған. Қос жалдамалы жұмысшы келгенде бұл араға алдыңғылары да келіп үлгірген екен. Өздері тәрізді үш бозбала түскі ас қамымен күйбеңдеп, ағаш түбінде жүр екен. — Сәлем, — деп бір- бірімен қол қағыстырды. — Сәлем. — Дуда сері мынауың кім,- деп үшеуі де бірдей қаба сақалдың серіктесіне шүйліге қарады. — Бұл Алмалының алпауыты. Іздеп жүріп зорға таптым,- деді Дуда сері серіктестеріне тісін ақситып, күле қарап,- қажетіңе жарағандай сабазың. — Қайдан таптың?,- деп енді жіпсік көз, балшық сары іскектей сұрады.Дуда сері сөзге келді. — Айттым ғой әрең таптым деп, қалың базардың қақ ортасынан кезіктірдім. — Беті тыртық, дамбалы жыртық біреу десеңші.-Жоқ олай емес, нағыз дөйдің өзі. — Осы қаңғығанның бәрі сенің көзіңе Қабанбай болып көрінетін болған- ау деймін. Меніңше мынауың боқтың иісін сезбейтін басы биіттеген біреу болмасын,- деп сөзге енді тығыншықтай толық денелі, мойны күжірейген, тапалдау келген қара жігіт араласты,- бірақ тұрпаты біздің діттегенімізге келіп тұр. Иықты, әлді көрінеді. — Солай тәрізді, және солай,- деп үшінші бозбала да оның сөзін қостап қойды,- әлі үйретеміз ғой мұны, мұрнын тескен бұзаудай етеміз. — Бізге керегі негізінен алғанда осындайлар ғой,- деп Дуда килігіп сөйлеп кетті,- осы сықылды ақ табандар керек. — Ендеше ақ табанның құрметіне ас ішелік, стакандар сыңғырласын, жүріңдер дастарқан басына,- деп тығыншықтай толық денелі, тапал қара бәрін асқа шақырды. Бәрі тегіс бас қосып, қалың жапырақты ағаш түбіне ұйлыққан.  Дастарқан дегені кір басқан, әр- әр жері жыртылған, шет- шеті түте- түтесі шыққан қалың қаттама қағаз екен. Қалың қағаз үстіне әр түрлі сусын, ішімдік бөтелкелері. Ортасынан үш- төртке бөлінген қалың қабықты қар нан, бір- екі кеспек шұжық, аршылмаған қияр  қойылыпты — Ал, ендеше былай болсын,- деп жіпсік көз, балшық сары іске кірісті,- әуелі астан бұрын бір- бір стаканнан алып қоялық. Өзегіміз ашылады. Қалғанын сонан соң көре жатармыз.Оның бұл айтқанын өзгелері қоштай кетті. — Жэк жөн айтады. — Әлбетте Жэктікі жөн. — Жэк дегендер бәрін білетін жігіттер ғой. — Ол не дегенің, жасасын Жэк.Осылайша даурыққан есер топ  алғашқы стакандарын ізін суытпай қағып жіберіп еді. Тек Асылан ғана шайтан судан жиіркенгендей болып, тосылып қалған. Оның үстіне өзімен дөрекі сөйлескен бейтаныс жандарға іші жылымай, қырыстанып, іштей түйіліп отырған. Біреудің жүр дегеніне мойын сал болып, артынан сөлпектеп жүре бергеніне өкініп те қалған. Бас қосудың басы былай болғанда соңы не болар екен деп, көңілі құйындап, әлденеден секем алып, қиналып отырғаны да жасырын емес еді. — Мынау әлі ішпеген бе, — деп көзі жіпсиген, жалпақ сары енді мезгілсіз қонағына шүйліге кеткен,- ей, мынаған қараңдар, мынауың дым сызбай отыр. — Неге ішпейсің, — деп енді сөзге тәштек қара араласты,- ораза ұстағаннан саусың ба өзің? — Жоқ, — деп Асылан сәл күлімсірегендей болып, бас шайқады,- жоқ, олай емес. — Ендеше неге ішпейсің, — деп деп тәштек қара арс ете түсті,- іш дабай. — Бұрын талай ішкен боларсың,- деді Дуда сері сыздай сөйлеп,- бұл сол ішкен арағыңның жалғасы. Былайша айтқанда сол ішкендеріңнің сарқыты десе де болады. — Ішеді,- деді енді еліре сөйлеген, жіпсік көз, жалпақ сары көзі ақшаң етіп,- ішкенде қандай. Мен бұған ішкізбей қоймаймын. — Ендеше кәзірден бастап мұның билігін саған бердік, — деді Дуда сері, — өз тәрбиеңе ертерек алғаның жөн болар. — Жақсы,- деп жалпақ сары жымың ете түсті де беймезгіл қонағына шүйілді,- ей, ішесің бе, жоқ па. Өзіңше ішкен деген жақсы, ал аузыңа құйған жаман. Демек ішпесең, жығып алып, жынды суды аузыңа қарның қампиғанша құям. — Бұл әлі бұзау,- теді тәштек қара майлы  шұжық пен қиярды қабаттап күтірлетіп асап жатып,- түктің де иісін білмейді. Керек десе, іш еткенді де үйрететін шығармыз.Оның бұл сөзіне отырғандардың бәрі де мәз болып күліскен.Тек Асылан ғана күлмеді. Қайта өңі сазарып, бойын бір суық діріл аралап өткендей еді. Бекер келдім, келгенім бекер болды деген ащы ой енді оның жанын жегідей жей бастаған. Ойламаған ісіне оңбай өкінді. «Келмеуім керек еді,- деді іштей ширығып,- ал келген екенсің, енді олардың құқайына шыдауың керек...» — Мен өзім бүгін бір түрлі ауырып тұрған секілдімін,- деп міңгірледі қонақ жігіт жайын айтып,- ішкім келмей тұр. — Ішесің,- деп жіпсік сары шыныға толтыра сыра құйды да мұның қасына келді,- ал, іш, тезінен тартып жібер.Асылан қарсы шықты. — Жоқ ішпеймін. — Ішесің. — Ішпеймін. — Соңғы рет айтып тұрмын, сыйыңмен іш. — Мен де соңғы рет айтып тұрмын. — Шынымен ішпейсің ғой. — Ей, айтып тұрмын ғой мен саған, не деген сөз түсінбейтін кеще едің. Ішпеймін деп айттым ба, бітті ішпеймін. — Ендеше өз обалың өзіңе,- деп жіпсік сары шыныдағы сыраны Асыланның бетіне шашып жіберген. Оқшантайдан шыққан қонақтың беті малмандай сыра болды. Сыраның ащы иісі айқын сезілген.  Асылан бет-аузын қос алақанымен сүртіп, қайта қараса, жіпсік сары екінші шыныны сыраға толтырып, қайта оралған екен. Бұдан ары қорлыққа шыдамы жетпеген жігіт шалт кетті. Дүлей ашуы бұрқ етті де, ештемені ойлауға мұрсат бермеді. Дүлей ашу демде оны өз дегеніне көндіріп үлгірді. Асылан шалқая беріп, шыны толы сыра ұстаған қарсыласын иектің астынан тартып жіберген. Жіпсік сары тегі мұндай болады деп ойламаса керек. Шынысы бір шетке лағып, өзі қалпақтай ұшты.  Ендігі сәтте байқағаны тәштек қара ұмтылып келе жатыр екен. Асылан бір қырындай берді де, оң аяқпен іштен қатты сарпи тепкен. Аяқ соққысы тым қатты тисе керек. Тәштек тәлтіректеп барды да,  бүйірлей құлап түсті. Екі жігіт соққыға жығылғанда, тағы екеуі осының бәрін сырттай қызықтап, тамаша етіп тұрғандай еді. Оқиға жалқы сәтте болды. — Жарайсың,- деп Дуда сері қонақ жігітке ризашылығын білдірді, — не болса да бұл істі жақсы тындырдың. Бұл қошеметке Асылан не дерін білмеді.  Үнсіз, сазарған күйі әлденеге жанығып тұра берді. Ал, үшінші жігіт сөзге де араласпады, ләм деп тіл қатпады. Ішін тарта бір күрсінді де, шылымының түтінін үнсіз будақтатты. Аздан соң соққыға жығылған екеуі созалаңдап, орындарынан тұра бастады.-Ер шекіспей, бекіспейді деген,- деді Дуда сері,- сендер сәтке болса да, дала рыцарларының әрекетін істедіңдер.Ал, енді бір- бірімізге қол беріп дегендей, өз орындарымызға қайта жайғасалық.Оның осы дегені бәріне жөн болғандай. Соққыға жығылған екі жігіт қатар басып келді де, Асыланға бас иіп, тағзым етті. Қос қолдап сәлем беріп, кісілік, кішпейілдік танытты. Әлгіде ғана қабаған иттей болып, арсылдап, кіжініп тұр еді, енді тіпті мүләйімси қалыпты. — Бізде тірлік репеті осылай, — деді Дуда сері сөзге келіп, — бізде тыныштық деген, сыпайы сөйлеу деген мүлдем болмайды. Ал, аяқ асты төбелес, жаға жыртысу, аттанға айғай қосу ол біздің тұрақты кәсібіміз.  Және бір ескеретін жәйіт бізде біреудан таяқ жедім деп, өзгеге шағыну, кек сақтау, заң орнына жүгіну дегендеріңіз тегі болмайды. «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген мақал мына біз сияқтыларға айтылған. Жүріңдер, дастарқан басына қайта баралық.Дуда серенің бұл дегені де тезінен қолдау тапқан. Бәрі дастарқан басына беттеді...Арада аптаға жуық уақыт өтті. Күн өткен сайын Асылан өз тобына үйренісе бастады. Алғашқа күндері өз- өзінен үрейленгендей болып, әлденеге елегізіп, көңілі құйындап тұрушы еді. Енді оның бәрі де артта қалған. Бір байқағаны мұндағылар өз аттарын ашық айтпай, құпиялап, бүркемелеп, айтады екен. Мысалы Асылан болса- Аэк, Досанды- Дуда, Қосанды- Кок, Нұрланды –Нурик, Жандосты –Жэк деп атайды екен.  Дуданың Досан екені өз- өзінен белгілі болды.  Сонда тәштек қараның Кок, жіпсік көз, жалпақ сарының Жандос болғаны. Ал сөзге де,  іске де тезінен араласа бермейтін  сіліңгір, ұзын сарының Нурик боллғаны ғой. Е, дәл үстінен түсті, дәл солай.Екінші бір байқағаны өздерінше бөлінбестей бүтіндік, сөз бірлігі, айтқан уәдеге тастай мықтылық бар. Ашып айтқанда бірін- бірі ешқашан өзгеге сатпайды, және қандай жағдай болмасын бірін- бірі жауға ұстап бермейді. Ал, қажетті жерінде өзара көмек көрсету, бірін- бірі тосын пәледен құтқару парыз.Танымаған, білмеген жат адамның тосын кейпін танытып, көмек қолын созады, демек, бірі үшін бәрі әрекет етеді.                            ***                       ***                       ***  Арада өткен он шақты күннің ішінде Аэк жаңа тобырдың жанбағысымен, күнделікті әрекетімен танысумен қатар, төрт- бес рет қаскөйлік іске де араласты. Атап айтқанда төрт- бес мәрте, үлкен базарда, анықтап айтқанда Барахолкада ұрлыққа түсті. Қатырынан екі рет орта базар -  Алтын ортада зат алып қашты. Автобусқа әдейі топтасып түсіп, қалтаға түсті.  Біреудің аяғының астына  қойған заттарын сездірмей, бірін- бірі қалқалап, тысқа әкеткен шақтары да болды. Бұлар өз ойларындағы қылмысын жасап, тайып тұрғанда сол қылмыс жасаған орта көпке дейін байбаламға толып, шулыған болып жататын... Базар біткенді осылайша нөмерлеп алған олардың, қалта телефонмен тілдескендері де бір түрлі қатқыл, құлаққа тұрпайы естіледі. — Ей, бұзау, қайда жүрсің,- дейді бірі қалта телефонды қолға алған бойда,- үрген иттің дауысын естідің бе? — Сандалма сен салпаң құлақ,-деп  екіншісі салған жерден елеуреп қарсы шығады,- оттамай сен маған мынаны айтшы? — Нені? — Салым бар ма? — Кәзірше болмай тұр. Кіші базар бүгін бізге нәпақа берер түрі жоқ. — Ей, ишак, сен көп сандала берме, ұқтың ба, енді сандалсаң, мен сенің тіліңді кесіп, қолыңа ұстатып қоямын. Одан кейін саған ит болып үрудің, қозы болып маңыраудың өзі арманға айналады. Одан да салым сал, кешке жейтін жөпшенді бірдеме тап. — Сандырақтағанды жақсы білесің,- деп енді анау ереуілдейді,- көп оттамай өзің де әрекет ет. Болмаса бар ғой, айтпады деме, табаныңды тіліп, тірсегіңді қиямын сенің. Қалайда Махаббат бағына бір олжамен оралатын бол, құры қол келдің бар ғой, тура аямаймын, алақаныңды ойып, тырнағыңның астына  біз жүгіртуден тайынбаспын. — Оттама дедім ғой мен саған, аузыңды жап. — Ал, сен сандалма, одан да Дуда есекке хабар жібер. Ол қасындағы  ұтысқа шыққан Аэк бұзаумен тапқанын талшық қып, жетім балапан болып жүрген шығар. — Ұқтым...Бұлардың қалта телефондарындағы әңгіменің ұзын ырғағы осылай болып келеді де, жалғаса береді. Негізінен көбіне көп топтасатын, бас құрайтын, жатын орынға айналдырған жері екеу, бірі орта базардың, яғни Алтын орданың төменгі тұсындағы ұйсып өскен, қалың теректің аясы да, екіншісі үлкен базардың, ашық айтқанда Барахолканың төменгі тұсындағы жіңішке өзекшенің бойына  қалың қамыс пен сықасып өскен келіншек талдың қорамындағы  Қалмақ сай еді. Кей күндері алды алдына бытырап, жан- жаққа шілдің қиындай шашырап кеткені болмаса, көбінесе осы екі ортаға топтасатын. Екеуі де өздеріне қолайлы, ас ішетін жәйімен қоса әр тұстан тасмалдап әкеліп қойған құрама төсек, жылылықтары да бар...Дуда сері мен Аэк жеткенде Кок пен Жэк   Махаббат бағының аясына бас қосып үлгірген екен. Жерге жайған кір- кір дастарқанның үстіне қойылған жас қияр мен шұжықты көмейлеп,қаужаңдап жатыпты. Бір- біріне сыйластығы, ізеті жоқ аусар немелер сәтке болса да жегеннен өзгені елең қылар емес. Қаттыны опырып жеп, сүйығын  иегінен сорғалап, омырауына төгілгеніне қарамай, құныға қылғытады. — Ей, тентіреген тексіздер, салым бар ма?,- деді Кок салған жерден килігіп,- жоқ табанын жалаған иттің күйін кешіп келдіңдер ме. — Сандалма, — деді Дуда сері де лезде ілінісе кетіп,- тіліңді тарта сөйлегенің жөн болар. — Сөз басқа, ал, өзге тірлік не болып жатыр? — Бары шамалы. — Сонда үлкен базар мен орта базар да құры қаңғығансыңдар ғой тегінде. — Текті не қыласың, бүгін жоқ, ертең болады. — Күнде қармағыңа ілінетін ол дегенің судағы балық емес шығар,- деді Аэк,- сендердің діттеп тұрғандарың кісі қолындағы дүние. Алуы да қиын, қабуы да қисынсыз. — О, пәлі,- деді Жэк Аэкке немкетті қарап,- қарай көр өзін. Үйірге қосылғанына он шақты күннен  аз ғана уақыт өтті. Енді өзінше көсемсіп сөйлей қалыпты. — Тіл не үшін керек,- деді Аэк,- сөйлеу үшін керек шығар. Енді құдай берген сөйлейтін тіл тұрғанда болған жәйітті ымдап, ишарамен түсіндіру керек пе. Мақау бол дейтін шығарсың әуелі. — Асықпа,- деді Кок дауысына ызбар беріп,- асықпасаң, тілден айырылып, мылқау болатын шақтарың да алыс емес. Жылқы жылы ілгері, жылтырайды көздерің дегенді бұрынғылар тектен текке айтпаған. — Менің көзім жылтыраса, сен де жетісе қоймассың. — Ей, азбан,- деді манадан бері мылжыңдап, еттің сіңірін тартқыштап отырған Дуда сері сөзге араласып,- сен көп көкімей, одан да маған Нуриктің қайда екенін айтшы? — Ол жолда,- деді Кок,- бүгін кезекті махаббат түні күтіп тұр біздерді. Аптықпа әумәсір неме, кімнің айғыр, кімнің азбан екенін әлі көреміз. Жас бикештер келгенде кімнің қанша шабарын уақыт көрсетеді. Түнгі көбелектердің құмарын қандырып, молынан сусындатсаң жақсы, ал ауыз тигеннен арыға бара алмай, діңкең құрыса әтек болғаның. Екі- үш қайырымнан ары аса алмағандарды жігіт деп есептемеймін. Ондай көткеншек сорлыларға ыдыс- аяқ жудырып, қарауылға қойғаннан  оңтайлысы жоқ. — Біздің арамызда әтек те жоқ, инақ та жоқ. Шетінен сен тұра тұр, мен атайын дейтін ен даланың ерке бұландары. Жігіттер ендеше бүгін түні айғырдың басын барынша жіберіп, айызымыз қанғанша шабалық. — Жақсы, жақсы,- деп оның сөзін Аэк те қостап, миығынан қулана күліп қойды,- тағы да сол қыздар ма келетін? — Мүмкін солар шығар,- деген серіктесінің жауабы да сенімді шықты. Махаббат түні Аэкке  де етіне таныс. Бұйрса, осымен екінші рет болғалы тұр. Айтпақшы алғашқысы да бәл бүгінгідей санасында сайрап тұр...                            ***                       ***                       ***Асыланның үйірге қосылғанына төр-бес күн өтіп еді. Бірде кешке таяу тосын бір қарбалас басталды. Есер топ әлдебір болуға тиселі істі бір- біріне қарап, ыммен түсінгендей болды да, шұғыл күйбіңге кірісті. Жалқы сағатқа толмайтын уақыт ішінде Қалмақ сай мен жақын маңдағы дүңгіршек арасын жол қылды. Бір барып, арақ, шарабын әкелсе, екінші қайтара барып, тіске басарын, ащы да тұщы зәру заттарын алып зар қақты. — Бұл не қарабалаас,- деді бірде өзіне жақын жүретін Дуда серіге жалтақтай көз тастап,-ненің құрметіне жүгіріп жүрміз. — Үндеме,- деп Дуда көзін қысып қойған,- бүгін махаббат түні болады. — Сонда қалай? — Ой соны да түсінбейсің бе, қыздар келеді. Соларды қонақ етеміз. — Демек, қыз ойнақ болады екен ғой. — Дәл солай. Ойыңда ешқандай уайым болмасын. Бәрі де реттелген. Қыздарға алдын ала бір түнге ақшасы төленген. Енді тек итпектей берсең болғаны... — Оларды кім ертіп келеді? — Әрине, жылпос Нурик. Жалпы біздің басшымыз, былайша айтқанда атаманымыз сол. — Білем. — Білгенің жөн, ендеше болар іске құмыл кіріселік. — Түсіндім...Дуда сері сөз арасында «ой, несін айтасың, бізде бірінен бірі өткен қызықтар болады» деуші еді. Сол қызық сол күні болған. Қажетті бір заттарды жақын маңдағы дүңгіршектерден таба алмаған Аэк қала ішіне кіріп, керегін сол арадан тауып, межелі уақыттан кешігіп қалып еді. Бұл келгенде қалмақ сайдың ішін тұншыға шыққан музыка үніне толып, көптен күткен тамаша басталып та кетіпті. Қалмақ сайдың іші сыңсыған ағаш, жан- жағын орай өскен ну қамыс. Сол сайдың ортасында ұзынша етіп, үстін сырмақпен жапқан лапас бар. Күндіз көлеңке түспесе, жауынды күндері төбесінен су өтпейді. Әр келіншек талдың түбіне салған жер төсектері де бар. Бұл уақытта Қалмақ сайдың іші қара көлеңке еді. Бозаң ғана әлсіз сәуле айналасына әлсіз жарық таратып тұрған. Музыка үні де айналаны пәлендей даңғаза етпей,  құмығып, бәсең шығады. Келген қонақ қыздардың саны үшеу еді. Және олар Аэк болжағандай алдағы келген қыздар болатын. Әуелі қыздар дастарқан басына ұйлықты. Ештемеден қымсынар түрі жоқ. Қамшы салдырар кейіп танытпайды. Ішіп те жатыр, жеп те жатыр. Ал, арақ дегенді судай сімірді. Олардың тым еркінсуі, оның үстіне ішімдікті іркілмей ішуі есер топтың діттеген істерін тездете түскендей еді. Ас ішіліп бола бере биге кезек тиді. Жігіттер қонақ қыздармен жұптасып, кезек- кезек биге араласты. Алайда қыздар биі ұзаққа бармаған. Межесіз ішкен арақ басына шығып, буын- буыны босаған бейбақтар тәлтіректей басып, әр қозғалыстың өзі қиынға айналған. Қыздар сан құбылтып, билегеннен көрі өзімен билеген жігіттердің бауырын ықтап, содан жан тыныштығын іздей бастаған. Бұл биден Аэк те құр қалмаған. Өз кезегі келгенде алдына келген қызбен жұптаса билеген. Келесі бір сәтте бойын арақ жеңген түнгі көбелектер есін жоғалтып, әр келіншек талдың түбіне салынған жер төсекте  ұйлықты...Әлденеге делебесі қозып, бойын тосын әуестік билеген Аэк алғашқы екі қыздан өтіп, түпкірдегі үшінші қызға тақап келіп еді. Әуелі өзінше сақтық танытып, қыз неғып жатыр екен дегендей барлай қараған. Кенет жүрегі атқақтай соғып, жайсыздық табын сезінген. Көз алды ымыр- шымыр болып, аздап басы айналды. Жүрегі лоблып, кеудесін бұрын байқалмаған ұшпа үрей өбектеді. Жігіт қыз қасында сәлге болса да іркіліп, тосылып қалған. Не айтарын білмей, аузына жөпшенді сөз түспей дымы құрыған. Бұрын мұндайды бастан өткермеген жігіттің аяқ асты абыржып қалғаны рас еді. Тек алакөлеңкеде ұзынынан түсіп, ары да бері дөңбекшіп жатқан қызға жәутеңдеп қарай берген.  Абырой болғанда алғашқы болып қыздың өзі тіл қатқан. — Жаным,- деді үстінде лыпасы жоқ, анадан жаңа туғандай тыр жалаңаш қыз сыңсыи тіл қатып,- жаным менің, неге сонша күттіріп қойдың, келші жаныма, келе ғой.Енді аялдаудың еш реті жоқ еді. Жігіт лып етіп, жалаңаш қызға қанатын жая төніп түскен. — Жаным,- деді жалаңаш қыз тағы да ағынан жарылып,- сен менің жанымсың. Менің сенен өзге жаным жоқ. Және мен сенен өзгені жаным деп айтпаймын. Ақырын,- деп қалды сөз арсында,- ақырын жаным, қолың батып кетті дегенім ғой. Байқашы жаным, қатты-қатты ауыртпашы.  Сенің менен өзге жаның бар ма, әне айттым ғой, сенің менен өзге жаның жоқ. Мен сендікпін, күн көргішім менің. Бетімнен сүйші, сүйе берші… тағы да сүй. Ақырын, ақырын, кеудемді басып жатшы, өстіп басып жатып алшы… Жата берші сөйтіп, үстімнен кетпеші. Сүй дедім ғой, сүйе бер. Мен сенің сүйгенімді қанша уақыт күттім десеңші. Ақыр дегеніме жеттім-ау, иә, жеттім. Жаным маубасым, қоңыр қошқарым менің. Сен бұдан кейін тек мендік болшы, ал мен сендік болайын,- деп бебеулеген қыз ендігі сәттен мүлдем есінен танып, ұйықтап та кетіп еді....Өздерінен төмен орналасқан екі қызда осылайша үздіге сөйлеп, ынтыға наз білдіреді. Ал, келген қыздардың  кімдер екені   жігіттерге мүлдем белгісіз еді. Ең болмаса аттарының кім екені де беймәлім. Базарда кезікті, артынша турасынан бір түннің ақысына келісті, бар болғаны сол...Ұзынқұлақтың айтуына қарағанда бүгінде сол Қалмақ сай оқиғасы қайталанатын секілді. Жан дүниесінде әлдебір әуестік сезімі оянған Аэк жылы жымиып, күліп қойды...                            ***                       ***                       ***Ұл есейіп, қыз бой түзеді бітті ата- ананың мазасы кететін әдеті. Келін қай жақтан бұйырады екен, жөні түзу, аталы жерден болса екен деп, ұлға қараса, қызым қай қияға ұшар екен, не болса да Алла сәтін салып, киелі, қордалы қар шаңырақ кезіксе  екен деп, қызына қарап, тұнық ойға шомады. Бала тағдырын, ұрпағының ертеңін ойламайтын сәті болмайды. Келе –келе бұл тәтті қиял үнемі жанын әлдилейтін таусылмас ой әуеніне айналады. Соңғы кездері Асыланның ата- анасы да осы ойдың арылмас шырмауына іліккен. — Бала ер жетіп қалды,- дейді әке толғана сөйлеп,- енді қамдана бастамасақ болмас. Жасы құрғыр да жетпіске жетіп қалды. Жасың жетпіске жеткеннен кейін жан дүниеңді желтоқсанның суық желі аралады дей бер. Тек Аллатағала ажалға сабыр берсін. — Дұрыс,- деп оның бұл сөзін зайыбы да үстеп қояды,- айтып тұрғаныңның бәрі де дұп- дұрыс. — Ой, бәйбіше, мен қашанда дұрыс айтамын ғой. — Жә, жә, асқақтама, сабаңа түс. Жетпіс жасты ауызға алғаның бек жөн болған. Демек біз жар басына шықтық деген сөз. Енді басқаны емес, бала қамын зерделеп ойлағанымыз абзал. — Менің де айтқаным сол ғой. — Айтқаныңның сол екенін біліп, отырмын, Десек те сол бала қамы үшін не істедік. Кенжеміз жәйлі айтып тұрсың ғой. — Дәл айтасың. Үлкен екеуін аяқтандырдық. Енді кенжеміз ғана қалды. — Сәті түскен күні оны да үйлендіреміз. — Үйлендіреміз деген айтылған сөз ғана ғой. Сол баланың басын шату үшін біз нендей дайындық жасадық. — Е, айтпақшы ол жағы бар екен ғой. — Біз кіші балмызды әйтеуірі үйлендіреміз дегенді ғана желеу етміз. Ал, дайындығымыз жоқтың қасы. — Жөн айтасың, айтқаныңның бәрі рас. Ал, сол бала аяқ астынан біреудің қызын жетелеп келе қалса,  жағдайымыз не болмақ. — Не болғаны сол, аяқ астынан тыпырлаймыз да қаламыз. — Ол үшін енді кешіктірмей дайындықты бастағанымыз дұрыс. — Киіт алмыз демексің ғой. — Енді басты соқталы дүние сол емес пе, ең қажетті дегендерін бір құры алып қойсақ, мың түрлі ұсағы жол жөнекей өз- өзінен табыла береді. —  Аузыңа май айналайын, енді осы іске шұғыл кіріселік...Бұл Асыланның әкесі мен шешесінің екі күннің бірінде айтатын дағдыл гөй- гөйі еді. Ал, іске кірісер сәт күтпеген жерден тезінен басталған.Жаздың жайма шуақ, шағырмақ күндерінің бірі еді.  Есік алдындағы лапас астында кешкі асты алдарына ала бергені сол еді, сырт қақпа ашылып, көршінің қара тәмпіш баласы кіріп келген. Өзі тым асығыс екен. Танаурап сөйлей жөнелді. — Ата,-
Тегтер: