Даниел Сержанұлы : Қонақтар үшін табиғи, мәдени нысандар ғана емес, қызмет сапасы да маңызды
Президент «Түркістан» газетіне берген сұхбатында туризм саласына да тоқталды. Осы ретте біз Kazakh Tourism Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Даниел Сержанұлымен сұхбаттасып, Қазақстандағы туризм саласының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларына қатысты әңгіме өрбіттік.
– Қазақстан туризмінің қазіргі даму деңгейі қандай және оның негізгі түйткілдері неде?
– Қазір Қазақстанның туризм саласы белсенді қалыптасып, сапалы түрде өсіп, қанатын кеңге жайып келеді. Соңғы жылдары туризмнің дамуына берік негіз қаланды: ішкі туристік сапарлардың географиясы кеңейді, шетелдік туристер тарапынан қызығушылық артты, туристік инфрақұрылымға тартылатын инвестициялар көлемі ұлғайды. Туризм біртіндеп экономиканы әртараптандырудың маңызды тетігіне және өңірлік дамудың тиімді құралына айналуда.
Статистикаға тоқталайық, туризм саласына инвестиция көлемі 2025 жылдың 9 айымен салыстырғанда 30%-ға артып, 785,2 млрд теңгеге жеткен. Қонақүйлердің, демалыс базаларының жалпы табысы 268 млрд теңге болып, 44 млрд теңгеге өскені байқалады.
Туризм саласының экожүйесі де жақсарып келеді. Ол туристік кластерлерді қалыптастыруды, сервистік инфрақұрылымды дамытуды және қызмет көрсету сапасын арттыруды қамтиды. Саяхатшылар үшін қолайлы орта қалыптастыруға, көлік қолжетімділігін жақсартуға және бәсекеге қабілетті туристік өнімдерді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде.
Туризм саласының одан әрі орнықты дамуы үшін бірқатар жүйелі мәселелерге назар аудару қажет: жекелеген туристік аумақтарда инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі әлі де біркелкі емес. Бұл көлік қолжетімділігіне, инженерлік желілерге және сервистік нысандардың жеткілікті болуына қатысты.
Туристік ағынның өңірлер арасында тең бөлінбеуі, кей бағыттардың маусымдық сипатта қалуы және туристік өнімдердің әртараптандыру деңгейінің жеткіліксіздігі де белгілі бір шектеу факторлары болып отыр.
Туризм саласындағы статистикалық деректердің сапасын арттыру, цифрландыру және деректердің нақтылығын тиянақтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Жалпы алғанда, аталған мәселелер туризмді дамытудағы табиғи өсу кезеңінің бір бөлігі ретінде қарастырылады және оларды кезең-кезеңімен шешуге бағытталған нақты шаралар қабылдануда. Бұл алдағы уақытта туризмнің сапалы әрі теңгерімді дамуына берік негіз болмақ.
– Елдің туристік әлеуеті қандай?
– Қазақстанның туристік әлеуеті жоғары. Ел аумағының кеңдігі мен өңірлердің табиғи, географиялық және инфрақұрылымдық ерекшеліктері туризмнің дамуына әртүрлі деңгейде әсер етеді. Бұл – ірі мемлекеттерге тән табиғи үдеріс.
Туризм саласы тек көрікті орындармен шектелмейді. Ол көлік, сервистік инфрақұрылым, кадр дайындау, ақпаратпен қамту және сапалы қызмет көрсету мәдениеті сияқты көптеген өзара байланысты аспектілердің үйлесімді жұмысын қамтиды. Қазір осы бағыттардың барлығы бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Туристердің талабы да жылдан-жылға артып келеді. Қонақтар үшін тек табиғи немесе мәдени нысандар ғана емес, қозғалыстың ыңғайлылығы, қызмет сапасы, қауіпсіздік, цифрлық қызметтің қолжетімділігі маңызды. Осыған байланысты туристік инфрақұрылымды жаңғырту, қызмет көрсету стандарттарын жетілдіру және заманауи басқару тәсілдерін енгізу – басымдық беріп отырған бағыттарымыз.
Жалпы алғанда бұл үдерістерді саланың дамуындағы табиғи кезең ретінде қарастыруға болады. Туризмді жүйелі түрде дамытуға, оның сапалық көрсеткіштерін арттыра отырып, халықаралық стандарттарға бейімдеуге бағытталған кешенді жұмыс жүргізілуде. Бұл алдағы уақытта елдің туристік әлеуетін толық ашуға және саланың тұрақты дамуына берік негіз қалыптастырады деп сенеміз.
– Маңғыстау, Алтай, Жетісу, Түркістан сияқты өңірлердің туристік бәсекелестікте артықшылығы бар ма?
– Бұл өңірлердің туристік бәсекелестікте артықшылығы – табиғи, тарихи-мәдени және географиялық ерекшеліктерінің үйлесіміне негізделген.
Маңғыстау өңірі бірегей табиғи ландшафттарымен, шатқалдарымен, жартас түзілімдерімен және киелі нысандарымен ерекшеленеді. Өңір экологиялық, этномәдени және шытырман оқиғалы туризмді дамыту тұрғысынан жоғары әлеуетке ие.
Алтай өңірі табиғи әртүрлілігімен, таулы-орманды аймақтарымен, көлдерімен және биологиялық байлығымен танымал. Бұл аймақ экологиялық, сауықтыру және белсенді демалыс бағытындағы туризмді дамытуға қолайлы.
Жетісу өңірі табиғи ландшафттардың алуандығын, таулы және көлді аймақтарды, сондай-ақ ауылдық және этнотуризмді дамытуға қолайлы мүмкіндіктерді біріктіреді. Өңір отбасылық, танымдық және мәдени туризм бағыттары бойынша әлеуетке ие.
Ал Түркістан облысы тарихи-мәдени және рухани туризмнің жетекші орталығы саналады. Мұнда ұлттық және халықаралық маңызы бар мәдени мұра нысандары шоғырланған, ал туристік инфрақұрылымның дамуы өңірдің тұрақты туристік ағын қалыптастыруына мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда аталған өңірлер Қазақстанның туристік әлеуетінің негізін құрай отырып, елдің туристік өнімін әртараптандыруға және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
– Экотуризм мен этнотуризмді дамыту – Қазақстан үшін қаншалықты перспективалы бағыт? Агротуризмді ше?
– Бұл Қазақстан үшін экономика тұрғысынан да, аумақтардың орнықты дамуы тұрғысынан да перспективалы бағыт. Экотуризм мен этнотуризм біздің басты бәсекелестік артықшылығымыз – бірегей табиғат пен дәстүрлі мәдениетке сүйенеді. Бұл бағыттар бойынша жергілікті халықты тікелей тартуға болатыны аса маңызды. Туризмнен түсетін табыс ауылдарда қалады, жұмыс орындары ашылады, экология мен дәстүрлі өмір салты сақталады. Саты, Қатонқарағай немесе басқа CBT (Community Based Tourism) қауымдастықтар жүйелі оқыту және минималды инфрақұрылым кезінде туризм ауылдарды дамытудың негізгі драйверіне айналады. Әрі бұл халықаралық деңгейде Lonely Planet пен UN Tourism тарапынан мойындалғаны байқалады.
Агротуризмнің де басымдығы жоғары, ұзақ мерзімді перспективада, тіпті стратегиялық маңызға ие. Ол фермерлерге негізгі қызметтен бас тартпай, қосымша табыс табуға мүмкіндік береді және қомақты инвестицияны қажет етпейді. Турист тек көруге ғана емес, фермаларға, омарталарға, ірімшік зауыттарына, шеберханаларға, дәм татуға келеді. Соңғы жылдары 11 өңірде 400-ден астам әлеуетті агротуристік нысандар анықталды, жүздеген ауыл тұрғындары оқудан өтіп, туристерді қабылдауды үйренді. Бұл ауыл тұрғындарының тарапынан жоғары сұраныс бар екенін көрсетеді.
Бұл тәжірибенің ауқымын кеңейтуге назар аудару керек. Әлеует ауқымды, бірақ оны жүзеге асыру үшін тиянақты ережелер, қаржыландыруға қолжетімділік және реттеуші кедергілерді алып тастау, оның ішінде ауыл шаруашылық жерлерде агротуризммен айналысу мүмкіндігі қажет. Агротуризм ауылдық жерлерде жұмыспен қамту мен кірісті арттырудың жүйелі құралы бола алады.
Экотуризм және этнотуризм – сақтау және құндылық, ал агротуризм – экономика және тұрақтылық. Бұл бағыттар өзара үйлесімде Қазақстан үшін мықты, аутентикалық және бәсекеге қабілетті туристік модель қалыптастырады.
– Bloomberg рейтингінде Алматы топ-25 тізіміне еніпті, бұның қандай ерекшелігі бар?
– Беделді Bloomberg топ-25 рейтингіне кіру – еліміздің әлемдік туристік картада тартымдылығы арта түскенін көрсетеді және Алматының жаһандық қалалармен бәсекеге қабілетті екенін білдіреді.
Екіншіден, Алматының бірегейлігі – табиғи ландшафт пен мегаполис мүмкіндіктерінің үйлесімі. Қала тауға, ұлттық парктерге, экотуристік маршруттарға жақын орналасқан және қалалық туризм мен табиғи туризмді біріктіруге мүмкіндік береді.
Үшіншіден, бұл рейтинг Алматының жалпы Орталық Азиядағы туристік рөлін нығайта түседі. Қала өңірдегі іскерлік, мәдени және туристік орталық ретінде қалыптасып келеді, ал бұл халықаралық авиабағыттардың кеңеюіне, инвестицияның артуына және ірі халықаралық іс-шаралардың өтуіне тікелей әсер етеді.
Атап өтерлік жайт, рейтинг туристік трендтерді тұрақты түрде мониторинг жасау негізінде қалыптасады, оған қызығушылықтың тұрақты өсуі, жыл бойғы тартымдылық және бірегей табиғи әрі мәдени нысандарға қолжетімділік секілді көрсеткіштер кіреді. Сондай-ақ келушілер саны, гастрономия, тарихи мұра және қалалық өмірдің динамикасы туралы салалық жаңалықтар талданады.
– Туристік қызмет көрсету мәдениетін арттыру үшін қандай жүйелі өзгерістер қажет?
– Ол үшін 4 негізгі жүйелі бағыт қажет деп санаймын және Kazakh Tourism осы бағыттардың әрқайсысы бойынша жүйелі жұмыс жүргізетінін атап өту керек.
Біріншісі – кадрларды оқыту жүйесі, өйткені қызметкердің кәсібилігі туристің ел туралы жалпы әсерін қалыптастырады. Тұрақты оқыту сервистің заманауи талаптарына сай жұмыс істеуге, қызмет сапасын бір деңгейде ұстап тұруға және туристердің көңілінен шығуға мүмкіндік береді.
Kazakh Tourism бірінші кезекте сала мамандарының біліктілігін арттыруға атсалысады. Екі жыл бұрын «Туризм көшбасшылары академиясы» іске қосылып, оның аясында мемлекеттік орган мен бизнес өкілдері тәжірибесін шыңдады. Ал туризм саласын меңгеруге ниет білдірген қазақстандықтар үшін біз «Қазақстан туризмінің онлайн академиясын» тегін ұсынамыз. Онда бизнесті бастау, ауылда туризмді дамыту, жаңа тенденцияларды анықтау, инвестиция тарту сияқты түрлі тақырыптарды қамтитын 31 курс бар және олардың қатарын жылда еселеп отырмыз. Оқу платформасына 5 жылда 9 000+ қолданушы тіркелген және 11 000+ сертификат берілді.
Екіншісі – қызмет көрсету сапасының стандарттары, себебі бұл туристер үшін біркелкі және түсінікті қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Осы орайда Kazakh Tourism қолға алған «Сапа белгісі» бағдарламасы туристерге сенімді нысандарды таңдауға, ал бизнеске қызмет көрсету деңгейінің стандарттарға сәйкестігін дәлелдеуге көмектеседі. Бағдарлама іске қосылғаннан бері 290 компания өз қызметінің ұлттық және халықаралық стандарттарға негізделген талаптарға сәйкестігін растады. Сонымен бірге келесі жылдан бастап қонақүйлерге «жұлдыз беру» жүйесі өзгеретін болады. Бұл жергілікті қонақүйлерді халықаралық деңгейге дейін жақсартуға септігін тигізетін болады.
Үшіншісі – инфрақұрылымдық қолдау жүйесі, өйткені туристік дестинацияларда көлік қолжетімділігі, инженерлік және сервистік инфрақұрылым, санитарлық-гигиеналық жағдайлар мен навигацияның болуы туристерге қолайлы орта қалыптастырып, қызмет көрсету мәдениетінің жалпы деңгейіне тікелей әсер етеді.
Бұл бағытта Kazakh Tourism өңірлердегі туристік дестинацияларда инфрақұрылымға қатысты қажеттіліктерді жүйелі түрде анықтап, оларды әкімдіктермен бірлесіп талқылайды. Осы жұмыстың нәтижесінде проблемаларды шешуге және жол карталары арқылы инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсетіледі.
Төртіншісі – өңірлермен және бизнеспен жүйелі жұмыс, әкімдіктер мен туристік бизнеспен бірлесе өңірлік жол карталары іске асырылады, туристік жобаларға әдістемелік және консультациялық қолдау көрсетеді. Бұл жергілікті деңгейде қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді.
– Жеке сектор мен мемлекеттің туризмді дамытудағы өзара әрекеті қаншалықты тиімді?
– Туризм саласындағы мемлекет пен жеке сектордың өзара іс-қимылы тұрақты әрі жүйелі даму кезеңінде. Соңғы жылдары әріптестіктің базалық моделі қалыптасты: мемлекет институционалдық және инфрақұрылымдық негізді қамтамасыз етсе, бизнес туристік өнімдер мен сервистік ортаны қалыптастыруда негізгі қозғаушы күшке айналды.
Мемлекет тарапынан көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, аумақтарды жоспарлауға, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге және инвестициялық ахуалды жақсартуға басымдық берілуде. Туристік жобаларды қолдау, әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру, туристік кластерлерді дамыту және өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыру жүзеге асырылуда. Бұл, өз кезегінде, бизнес үшін болжамды әрі тұрақты орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал жеке сектор туристік ұсынысты қалыптастыруда белсенді рөл атқаруда. Айталық, орналастыру орындарына инвестиция салу, қоғамдық тамақтану нысандарын, туристік маршруттар мен сервистік және ойын-сауық форматтарын дамыту саланың сапалы өсуіне ықпал етуде. Сонымен қатар бизнес қызмет көрсету стандарттарын жетілдіруге, заманауи сервистік тәсілдерді енгізуге және әртүрлі мақсатты аудиторияларға бағытталған бәсекеге қабілетті туристік өнімдерді қалыптастыруға үлес қосып келеді.
Осылайша, мемлекет пен жеке сектор арасындағы серіктестік туризм саласының тұрақты дамуына берік негіз қалыптастырып, оның ұзақ мерзімді және жүйелі өсуін қамтамасыз ететін маңызды факторға айналды.
– Туризмнің жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсері қандай?
– Туризмді дамытудың басты мақсаты – халықтың табысын арттыру. Дүниежүзілік туристік ұйымның деректеріне сәйкес, туризм әлемде әрбір 11 жұмыс орнын құрады. Алдағы 5 жыл ішінде салада жұмыспен қамтылғандар санын 800 мың адамға дейін жеткізу жоспарланған. Осылайша іс жүзінде әрбір 12 қазақстандық туризм саласында еңбек ететін болады.
Сонымен қатар туризм шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Жергілікті кәсіпкерлер қонақүй, қонақүй типіндегі орналастыру нысандары, агротуризм, қолөнер, тамақтану және қызмет көрсету салаларында өз ісін жүргізуге мүмкіндік алады. Бұл экономикалық белсенділікті арттырып, өңірлік экономиканың әртараптануына ықпал етеді. Туризмнің дамуы инфрақұрылым сапасының жақсаруына да әсер етеді. Жолдар, инженерлік желілер, байланыс, қоғамдық кеңістіктер жаңартылып, бұл тек туристерге ғана емес, жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасына да оң ықпалын тигізеді. Сонымен қатар туризм мәдени мұраны сақтау мен ілгерілетуге жағдай жасайды. Жергілікті дәстүрлер, қолөнер, тарихи нысандар қайта жаңғырып, қоғамда жергілікті ерекшелікке деген қызығушылық артады. Бұл әлеуметтік бірігуге, өңірлік бірегейліктің нығаюына ықпал етеді.
– Қазақстанды әлемдік блогерлердің әлеуметтік желісінен көріп қаламыз, туризмге мұндай жарнаманың пайдасы бар ма?
– Бүгінде медиа өкілдері мен инфлюенсерлер Қазақстанның туристік әлеуетіне шынайы әрі тұрақты қызығушылық танытып отыр. Блогерлер, фотографтар, тревел-журналистер Қазақстанға келіп, ақысыз негізде жоғары сапалы контент жасап жүр. Олар еліміздің бірегей табиғатын, қалаларын, ұлттық мәдениетін және қонақжайлығын өз аудиториясына табиғи форматта көрсетуде. Мұндай контенттің құндылығы – оның шынайылығында. Бұл ақпараттық қызығушылықты арттырады, туристер қатарын ұлғайтып, экономикаға пайда тигізеді. Себебі саяхатшылардың көпшілігі сапар бағытын таңдауда әлеуметтік желілердегі пікірлер мен визуалды контентке сүйенетіні белгілі.
Kazakh Tourism 2018 жылдан бері «ҚР туризмінің елшісі» бастамасын жүзеге асырып келеді. Бұл Қазақстанды тартымды туристік бағыт ретінде ілгерілетуге, әлемнің түкпір-түкпіріндегі саяхатшылар назарын еліміздің табиғи және мәдени байлығының алуан түрлілігіне назарын аударуға бағытталған. 2024 жылы құрметті миссияны жапондық блогер Юджи Натсума қабылдады, өткен жылы Қытайдың танымал инфлюенсері Таотаоға табыстадық. Ол әлеуметтік желілерде 536 миллионнан астам қаралым жинаған 83 бейнеролик жариялады.
Бұл ретте Kazakh Tourism Қазақстанның туристік әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілету бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Біз үшін Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Малайзия, Жапония, Араб мемлекеттері және Еуропа елдері сияқты 10-ға жуық негізгі мақсатты нарық басты назарда. Әр бағытпен жеке коммуникация құруға ерекше назар аударылады. Шетелдік әріптестермен, туристік компаниялармен және медиа өкілдерімен белсенді ынтымақтастық орнатудамыз. Биыл Қазақстанға 12 елден 115-тен астам шетелдік туроператор және медиа өкілдер келді.
– Қазір қай елден туристер көп келеді?
– Қазақстанға келушілер арасында ТМД елдерінің үлесі көбірек. Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясынан келетін туристер саны айтарлықтай жоғары. Сонымен қатар соңғы жылдары Тәжікстаннан келетін қонақтар санының едәуір артқаны байқалады.
Қытайдан келетін туристер легі де тұрақты түрде өсіп келеді. 2025 жылдың 11 айында елімізге келушілер қатары 876 мыңнан асты. Алдыңғы жылда бұл көрсеткіш 655 мың адам болған еді. Қазақстан жаңа жылдық мерекелер кезеңінде ҚХР туристері арасында ең сұранысқа ие шетелдік бағыттардың топ-7 қатарына кірді. Бұдан бөлек, Түркия, Германия, АҚШ, Оңтүстік Корея сияқты алыс шетелдерден келушілер үлесі де артып келеді.
Алдыңғы жылы біз малайзиялық AirAsia X әуе компаниясымен ынтымақтастық орнатып, Қазақстанды Оңтүстік-Шығыс Азияның туристік нарығында дәріптеу бойынша жұмыстар жүргіздік. Соның арқасында 2024 жылы Малайзиядан келген қонақтар қатары 2023 жылмен салыстырғанда 5 еседен астам артты.
Биыл Kazakh Tourism компаниясы танымал онлайн-туристік агенттіктерде елдің негізгі туристік өнімдерінің ұсынылуына жүргізілген кешенді зерттеуді қорытындылады. Талдау 5 басым нарықты қамтыды: Қытай, Еуропа, Оңтүстік Корея, Жапония және Ресей. Іріктеу жекелеген орналастыру орындарын емес, Қазақстанға турларды сатуға маманданған платформалар арасында ғана жүргізілді. Зерттеу нәтижесі бойынша 5 мемлекеттің шетелдік онлайн-туристік агенттіктерінде елімізге келуді ұсынатын 962 тур анықталды. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 3 есе көп.
Қазақстанның бірнеше өңірін бірден қамтитын турлар санының айтарлықтай өскені байқалады. Олардың саны 2023 жылмен салыстырғанда 7 есеге жуық көбейді. Бұл шетелдік аудиторияның мазмұнды әрі ұзақ маршруттарға қызығушылығының артқанын көрсетеді. Жалпы зерттеу нәтижелері Қазақстанның негізгі нарықтарда өзінің қатысуын айтарлықтай күшейткенін көрсетеді.
Сұхбаттасқан Шынар Әбділда