21:59, 23 Қараша 2018
Данияр Елеусінов шет елде тіл үйрену үшін жүр ме, бокс үшін бе?
Монте-Карлода қазақстандық боксшы, олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов жұдырықтасатын бокс кешіне қатысушылардың баспасөз мәслихаты өтті.
Бұл туралы Vesti.kz сайты хабарлады. Бұл басқосуда қазақстандық боксшы ерекше мақтау естіді. Өзге жұрт боксқа дайындығын пысықтап, қарсыласын қалай жеңетінін әдемілеп айтып беріп жатқанда, қазақстандық боксшы өзіне әр түрлі елдерді аралаған ұнайтынын айтты. — Маған мына жер ұнайды. Мұнда алғаш келуім, тағы да келем деп үміттенем. Маған ауа райы әртүрлі жерлерде, менталитеті әртүрлі халықтардың алдында бокстасқан ұнайды. Сенбіде мені көруге келіңіздер! — деді Елеусінов.Бір қызығы, Даниярдың промоутері Matchroom Boxing басшысы Эдди Хирнді алдағы сенбіде өтетін бокс онша алаңдатпайтын секілді. Боксқа онша қатысы жоқ тақырыпта әңгіме айтқан промоутер Даниярды ағылшынша жақсы сөйлегені үшін мақтап отырды. — Ағылшыншасы қалай жақсарғанын білсеңіздер ғой! — деді Хирн, сосын осы бір жетістігі үшін жиналғандардан қазақстандыққа қошемет көрсетуді сұрады. — Айнаның алдында қанша жаттықтың? – деп тағы сұрады. — Бір рет қана, — деп күлді Елеусінов. Соған қарағанда, соңғы кездері мақтауға жиі ілігіп, болашағынан зор үміт күттіретін боксшы ретінде аталып жүрген отандасымыз сенбі күні өтетін жекпе-жекте жеңіске жететініне сенімді сияқты.Бұған дейін де белгілі болғандай, Данияр Елеусінов (4-0, 2 КО) қарашаның 24-інен 25-іне қараған түні никарагуалық Маркос Мохикомен (16-2-2, 12 КО) жұдырықтасады. Кездесу «Казино де Монте-Карлодағы» бокс кешінде болады.Елеусіновтің 5-ші кездесуі 8 раундтық болады деп күтілуде, ал, бұған дейінгі 4 кездесуі де 6 раундтық болған.