Дәрі-дәрмек коллапсы қарсаңындағы Жұманғаринның қате есебі
Келер жылдан бастап Қазақстанда 90-шы жылдардан бері болмаған дәрі-дәрмек тапшылығы болуы мүмкін. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында Ресей енгізіп отырған жаңа ереже осындай қиыншылықтар тудырмақ.
Соғыс басталғалы бұрышқа тақалған Ресей бар керегін Орта Азия арқылы айырып отыр. Енді ол одаққа мүше елдерге өз бастамаларын таңа бастады. Мәселен, бұған дейін ЕАЭО құрылмай тұрып Қазақстан өзінде тіркелген кез келген дәріні шетелден емін-еркін әкеле беретін. Одақ құрылған соң көрші ел бұл саланы бақылауға алуға күш салды. Осыны желеу етіп 2014 жылы «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімі» жасалды. Сол келісімнің 20-бабындағы талап бойынша бұдан былай Қазақстан өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес берілген тіркеу куәліктерін тегіс ЕАЭО талаптарына сәйкестендіруге тиіс. Онсыз Қазақстан аумағында дәрілік заттарға берілген тіркеу куәліктері жарамсыз болып қалады. Қазақстан үкіметі 10 жылдан бері бұл қатал талаптың күшіне енетін мерзімін қайта-қайта кейінге қалдыруды сұрап келген. Былтырдан бері Ресей аталған талапты кейінге шегеруден бас тартты.
Әрине, Ресейдің өзі қойып отырған талабын кейінге шегергісі келмейтіні түсінікті. Өйткені былтырдан бері көрші елдің фармацевтика нарығында құлдырау басталған. Украина мен арадағы шиеленістен кейін санкциялар құрсауына ілінген Ресейге шетелдік компаниялар қырын қарап отыр. Мәселен, бұған дейін Ресейді «аймақтық тұтынушылық брендтер үшін мықты нарық» деп есептейтін америкалық Abbott Laboratories фармацевтикалық кәсіпорны бүгінде Ресеймен байланыс орнатудан бас тартқан. Осыған дейін Ресейге шетелден әкелінген дәрі-дәрмектердің 13 пайызы осы америкалық компанияның үлесінде болған. Бұдан да басқа шетелдік фармкомпаниялар Ресейден кете бастаса, мұхиттың ар жағынан сапалы медикаменттер келмесе, одақтас елге енді бос қалған нарықты толтыруға тура келеді. Өзі шетелге дәрісін шығара алмаса, ішкі нарығына шетелден дәрі келмесе, Ресей халқын қалай «емдемек»?! Бұл арада «дәріні түкіріп тастап, еменнің қабығын шайна» деген тәмсілдің заманы өткен.
Онның тоғызы талапқа сай емес
Экономист-сарапшы Марал Төртенова Ресейдің бұл қадамын қулық деп атады. Ресейдің қулығы онсыз да Ресейдің санкцияны айналып өтуіне көмектесіп отыр деп, өзі де санкцияға ілініп кете жаздап отырған Қазақстан үшін үлкен салмақ. Ресей ең алдымен шетелдік дәрілерді енгізбеу арқылы, өзінің дәрісін бізге сатып, саудасын жүргізуді көздейді.
«Деректерге жүгінсек, біздегі дәрі-дәрмек нарығында 6 926 дәрі бар екен. Ең қызығы, қазір олардың 736-сы ғана ЕАЭО ережелеріне сай. Сонда есептей беріңіз, 6 190-ға жуық препарат одақ талабына сай емес. Енді осыншама отандық және шетелдік дәрілер одақ талабына сай етіп тіркелмей қалса, сатылымға шықпайды. Бұдан дәрі тапшылығы туындайды. Отандық фармацевтикасы дамымаған біз үшін бұл – үлкен коллапс. Әрине, мұндайда бізге көмекке келген болып Ресей өз саудасын жүргізеді. Нарықты Ресейдің препараттары жаулайды. Отандық фармацевтика өндірушілері солардың қалтарысында қалып қойып, Ресей дәрілерінің бағасы бірнеше есе қымбатқа сатылады. Мұндайға жол бермеу үшін үкімет қалайда ЕАЭО аясында келісімдерді қайта пысықтау керек еді. Қағидада көрсетілген 20 бапты өзгертуге күш салуы қажет еді», – дейді экономист.
Демек, қазіргі Қазақстан нарығындағы дәрі-дәрмектің оннан тоғызы ЕАЭО талаптарына сай болмай шығады деген сөз. Бұл түптеп келгенде, Ресейдің ЕАЭО-ны пайдаланып, әлемдік фармацевтикаға салған қарсы санкциясы деуге болады. Қалай болғанда да, Қазақстанның алдындағы бұл таңдау тек дәрі-дәрмек саудасы бойынша ғана емес, саяси тұрғыда да өте ауыр болмақ.
Есеп білмейтін Жұманғарин
Дәрі-дәрмек тапшылығының туындау қаупін премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин де жоққа шығармайды. Сенаторлар жолдаған сауалға жауап берген вице-премьер: «Бүгінгі таңда Қазақстанда 2025 жылғы 31-желтоқсанға дейін ЕАЭО құқығына сәйкес келтіруді талап ететін 6 926 дәрілік заттар тіркелген. Алайда 2024 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша, соның ішінде ЕАЭО қағидаларына сәйкес келтіруге небәрі 736 дәрілік зат немесе 16,4%-ы ұсыныла алды», – деп жауап берді.
Жұманғаринның қалай есептегенін білмейміз, бұл жерде пайыздық есептеуде бір қателік бар. Қараңыз, 6 926-ның 736-сы ғана тіркелді дейді. Енді осыны қарапайым пропорциялық амалға (басқа тағы қаншама тәсіл бар, есептеп көріңіз) салып есептесек, 736 дәрілік зат 6 926-ның 16,4 пайызы емес, 10,6 пайызын құрайды. Бұл жерде білдей премьердің орынбасары осынша қателескені өз алдына масқара жағдай, екіншіден, дәрі-дәрмек саласындағы жағдай ол айтқаннан да күрделі деген сөз.
«Есепке жүйрік» Жұманғаринның айтуынша, бұл мәселеге қатысты үкімет қол қусырып қарап отырған жоқ. 2023 жылы үкімет Еуразиялық экономикалық комиссиямен (ЕЭК) келісімге келуге тырысқан. Осыған байланысты 2023 жылғы 24 қарашада Қазақстанның бастамасы бойынша ЕЭК кеңесінің отырысында бұл мәселе қаралған. Бірақ Ресей тарапы Қазақстанға қойылған талапты орындауға кеңес берген. Енді Қазақстан одақ белгілеген мерзім аяқталғанға дейін, яғни келер жылдың соңына дейін отандық тауар өндірушілердің дәрілік заттарын 100 пайыз ЕАЭО қағидаларына сәйкес жасауы керек. Ал шетелдік дәрілерді Қазақстанға жеткізушілер елге 3 500-ге жуық дәрі енгізсе, олардың ішінде бар-жоғы 615 дәрілік затты ЕАЭО талабына сәйкестендіруге өтініш берген. Егер шетелдік дәріні импорттаушылар фармзауыттармен келісімге келе алмаса, тапшылықтың көкесі сонда туындайды.
Вице-премьер бұл мәселе өзінің бақылауында екенін, мәселелердің шешімін табу үшін жауапты ведомстволармен қайта-қайта кеңес өткізіп жатқанын, болашақта денсаулық министрлігі мен басқа мүдделі меморгандар дәрілерді ЕАЭО талабына сай тіркеуді жеделдетуге барын салатынын айтады. Жұманғаринның сөзіне сүйенсек, 2024 жылдың соңына дейін 753 дәрілік затты, 2025 жылы 605 дәрілік затты ЕАЭО-ның талабына сәйкестендіру үшін өтініш берілмек.
Қазақстанның кішкентай нарығы және шетелдік фармкомпаниялар
Ал «Фармация» бірлестігінің президенті болған академик, ғалым Кеңесбай Үшбаев болса, үкіметтің қазіргі ұстанып отырған саясаты дұрыс еместігін алға тартады. Ғалымның ойынша, Қазақстан қысқамерзімде келер жылдың соңына дейін айналымдағы барлық дәріні одақтың талабына сай етіп тіркей алмайды. Үкімет фармацевтика өндірісінде жүргендердің «екі аяғын бір етікке тығып», қанша асықтырса да, бұл орындалатын жоспар емес. Сондықтан бірінші кезекте шындыққа тура қарап үйрену керек.
«Фармацевтика нарығында жүргендер жанталасып өтініш бергенмен, оны Мәскеу қабылдамауы мүмкін. Қазір жыл аяғы таяп қалды. Өз басым, тіркеуді жеделдету мәселені шешпейді деп ойлаймын. Отандық дәрі өндірушілер өз кәсіптері үшін жанталасып тіркеуге тырысар, бұл арада бізді шетелдік фармкомпаниялары алаңдатуы керек. Олар үшін Қазақстанның нарығы кішкентай. Нарық шағын ғана болғаннан кейін шетелдік фармкомпаниялар тіркеу құнын төлеп, оған ақша шығарып жүргісі келмейді. Сол үшін де өндірістерін ЕАЭО талабына сәйкестендіргісі келмейді. Оның үстіне қазір санкцияға ілінген Ресеймен шетелдік компаниялар жұмыс істегісі келмейді. Олардың басым бөлігі Ресей, Беларусь нарығынан кетіп жатыр. Себебі Ресейдің одақ аясындағы орынсыз талаптары көбейіп кетті. Мысалы, тауарларды таңбалау. Мәскеу осы бастамасы арқылы контрабандаға тосқауыл қоямыз деді. Осы идеяның ізімен 2022 жылдан бастап Қазақстанда өндірілетін және шетелден келетін дәрілік заттардың цифрлық таңбалануы енгізіле бастады. Содан бері дәрі-дәрмектің бағасы қатты қымбаттады. Себебі препараттардың әрбір қорабын таңбалау, яғни маркалау – тегін емес, ақылы. Тиісінше, дәрі өндірушілер де, оны жеткізушілер де, дәріханалар да дәрінің құнын аспандата салды. Осылайша, одақтың бір ғана талабы қарапайым халықтың қалтасына орасан салмақ түсіріп отыр. Ал енді Қазақстан қысқамерзімде тіркеу куәліктерін толығымен Ресей таңған ЕАЭО талаптарына сәйкестендірмесе, халық тіптен дәрісіз қалмақ. Бұл талаптан қазақстандықтар шетелдік түгілі, отандық дәрі-дәрмектің басым көпшілігінен айырылып қалуы мүмкін», – дейді Кеңесбай Үшбаев.
Маманның айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстанда дәрілік препараттар онсыз да күрт азайған. Денсаулық сақтау министрлігі республикада бұрын тіркелген 6 926 дәрілік зат бар десе, шын мәнінде қазір нарығымызда нақты 4 476 дәрілік зат қана айналымда қалған. Соңғы үш жылда тіркелген дәрілік заттардың 2 450-ге жуық аталымы Қазақстанға тасымалданбай кеткен.
«ЕАЭО аясында «ортақ дәрі нарығын» құрамыз дедік те, дәрі-дәрмекті жаппай қымбаттатып алдық. Қымбат дәрілерді халық ала алмайды. Олар өтпей дәріханада бос тұрып қалған соң жарамдылық мерзімі өтіп кетеді. Бұл – дәріні жеткізушілер үшін бос шығын. Сондықтан қазірдің өзінде елге біраз препараттар келмей қалған. Қарапайым халық ауыл-аймақ түгілі ірі мегаполистерде, облыс орталықтарында кейбір дәрілердің жоқтығын айтып, шағынып жүр. Егер ЕАЭО-ның мына талабы қолданысқа енетін болса, келер жылы шетелден әкелінетін он дәрінің тек біреуі ғана сатылымда қалуы мүмкін. Бұдан расымен де тапшылық қатты болады. Негізінде бұл талапқа Қазақстан үкіметі 10 жыл бұрын қол қойды. Содан бері жанталасып, отандық фармацевтика өндірісін дамыту керек еді. Өкінішке қарай, жаңадан зауыттар салынған жоқ. Зауыттар салынып, жаңа жұмыс орындары ашылған күннің өзінде онда жұмыс істейтін сауатты мамандар базасы жоқ. Бізде шөпті химиялық синтездеп, дәрі жасайтын кадрлар тапшы.
Құлаққа жағымды есептер мен орындалмайтын жоспарлар
Қазақстанда ешқандай елде жоқ дәрілік шөптер қоры көп. Климаттық ерекшелігіміз болғандықтан, бізде қатерлі ісікті емдейтін шөптер бар, тыныс ауруларын, тағы басқа дерттерді жазып жіберетін шөптер бар. Бірақ солардан дәрі жасау технологиясын меңгерген мықты мамандар жоқ. Өзге елдер біздікі тәрізді дәрілік шөптердің мол қоры болса, гербарий банкін құрып, ол шөптерді сонда сақтар еді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына қомақты гранттар бөлетін еді. Бізде оның бірі де жоқ», – дейді К.Үшбаев.
Десек те, үкімет мүшелері саспайды. Әдеттегідей, «барлығы бақылауда» деп арқаны кеңге салудан танбайды. Мәселен, денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі фармацевтика саласын дамытуға қатысты тың жоспарлар құрып тастаған. Аталмыш министрліктің бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде фармацевтика саласын дамытудың маңызды бір саласы – инвестициялық саясат. Осы жоспар бойынша былтыр фармацевтика саласына тартылған инвестициялар көлемі – $46,9 млн-ды құрап, соңғы 7 жылда 5 есеге өскен (2017 – $9,7 млн, 2023 – $46,9 млн). Қазіргі уақытта Қазақстан үкіметінің инвестициялық штаб қызметі шеңберінде шетелдік инвесторлармен дәрі-дәрмек өндіруге қатысты 29 жаңа жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, министрлік одақ қағидалары бойынша сәйкестікке келтіру үшін сараптамалық жұмыстарды жүргізу мерзімдерін (70 жұмыс күніне дейін) жеделдетуді жоспарлапты. Бұған қоса отандық тауар өндірушілер үшін сараптамалық жұмыстардың құнын 90 пайызға дейін төмендетіп отыр екен. Мұндайда сараптама құны шамамен 600 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ одақ шеңберінде дәрілік заттар сараптамасына арналған портал іске қосылып, ЕАЭО қағидаларына сәйкестендіру бойынша бизнеске кеңес беру үшін Call-орталық құрылыпты...
Ал құлаққа жағымды мұндай шаралар халықты нақты дәрі тапшылығынан құтқара ма?! Бұған ешкім кепілдік бере алмайды. Әйтеуір келер жылы дертке дауа болатын дәрі таппай, тура тоқсаныншы жылдардағыдай бақсы-балгер жағалап кетпесек болғаны. Бұл тұрғыда денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың жұмысты ұйымдастыру ісі «ұшықсыз» болса игі еді. Қазірдің өзінде жұрт елдегі дәрі бағасының аспандап тұрғанын, медицина саласының күннен күнге тоқырап бара жатқанын айтып, бұл министрді жиі сынға алып жүр...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ