Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:14, 19 Қаңтар 2023

Дәрігер қателігі ме әлде?..

None
None

«Бас ауырып, балтыр сыздаған» кезде пенде баласының жаратқаннан кейін дәрігерге сеніп ауруханаға жүгіретіні заңдылық.

Ал науқастың жаны мұрнының ұшына жетіп барғанда дәрігерлердің де көмегі дәрменсіз болып қалатын жайттар елімізде жиі кездеседі.

Жақында Теміртау қаласында ақ халатты жандар 27 жастағы өрімдей жігіттің өмірін сақтап қала алмады. Мақсат Рысмағанбетов іші ауырып құса бастаған соң аурухаға өзі барған. Жақындарының айтуынша, оған сол жерде уақыты өтіп кеткендіктен ірің жинала бастаған соқырішекке ота жасаған. Марқұмның туыстары дәрігерлер ота жасағаннан кейін науқаста пайда болған жұқпалы ауруды көрмей қалып, өрескел қателік жасады деп отыр. Ота жасаған соң үйіне келген Мақсаттың жағдайы жақсармай қойған. Кейін оның денсаулығы күн санап төмендей берген соң қайтадан ауруханаға түскен екен. Дәрігерлер салған сергелдең екі айға созылған. Ақыр соңында Мақсат Рысмағанбетовтің демі ауруханада үзілген. Марқұмның туыстары алғашқыда соқырішекті таба алмай уақыт өткізіп алған дәрігер қателігінен жақынымыздан қапыда айрылдық деп зар илейді. Бүгінде дәрігерлер бұл мәселеге қатысты нақты пікір айтудан қашқақтап отыр, өйткені адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып кеткен. Қазіргі уақытта Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментімен денсаулық сақтау басқармасы тексеру жүргізуге кіріскен. Тексеруден кейін ғана дәрігер кінәсінің бар-жоғы нақтыланады.

«Денсаулық сақтау басқармасы қаза болған науқастың туыстарына қайғырып көңіл айтады. Қазіргі кезде кешенді түрде тексеру жұмыстары жүргізілуде. Оның қорытындысы шыққан бойда хабарлайтын боламыз», – деп мәлімдеді Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Жыл соңында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қызмет барысында қателік жіберіп алған дәрігерлерге қолданылатын жазаны жеңілдетуді сұрады. Яғни министр қателік жасаған дәрігерді түрмеге қамаудың орнына бұл жазаны бостандықты шектеумен айырбастау керек дегенді нақты айтты. Сөйтіп, министр жазаны жеңілдету арқылы елімізде  кадр тапшылығын азайтамыз деген пікірде. Алайда ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев министр ұсынған заң жобасымен келіспейтіндігін айтқан болатын. Дегенмен мәжіліс алғашқы оқылымда бұл жобаны мақұлдап жіберді. Егер заң қабылданса, қателік жасаған дәрігерлердің жазасы жеңілдеуі мүмкін. Сондай-ақ дәрігер жұмысының салдарынан зардап шеккен науқас өтемақы алуға құқылы болмақ, бірақ бұл қаржыны сақтандыру компаниясы төлеуі тиіс. Мұндай жағдайда науқасқа  сотқа жүгіну керек болады.

Тегтер: