Дәрігерлер Алматыда өрттен зардап шеккендердің жағдайын айтты
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы Алматы тұрғын үй кешеніндегі өрттен зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің емдеу-профилактикалық іс-шаралар және мониторинг бөлімінің басшысы Ләйлә Иманғалиева екі ересек адам – №7 ауруханада, 15 бала – тоғызы Балалар жедел жәрдем орталығында, алтауы №2 балалар ауруханасында жатқанын айтты. Қалғандары барлық қажетті медициналық көмек көрсеткеннен кейін ауруханаға жатудан бас тартқан.
Екі ересек адам реанимацияда жатыр: кататравма, көптеген сынық, екі өкпесінің контузиясы, жану өнімдерімен улану диагнозымен 35 жастағы әйел және ауыр жарақат диагнозымен 19 жастағы қыз.
«1992 жылы туған бір әйел көптеген дене жарақатынан көз жұмды. Ауыр халдегі әйел дереу №7 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Жедел жәрдем бригадасының мәліметінше, ол 5-6 қабаттан секірген. Алған жарақатынан көз жұмған», — деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасы.
Бір бала жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты.
Ауруханалардың қабылдау бөлімінде қажетті мамандарды тарта отырып, барлық науқастарға қажетті көмек көрсетілді, көрсетілген көмектен кейін 17 ересек және 14 бала тұрғылықты жері бойынша емханаға одан әрі амбулаторлық емдеуге жіберілді.
Айта кетейік, кеше Алматыда сағат 17:00 шамасында 16 қабатты тұрғын үй кешенінде өрт шыққан болатын. Түтіннен қашқан тұрғындар пәтерлерінің терезелерінен секіріп, балаларын сыртқа лақтырған.
Өрт кезінде бір әйел қаза тауып, 43 адам зардап шекті.