Дәрілік өсімдіктерөндірісінің потенциалы жоғары
Azia Gold брендінің 30 жылға жуық тарихы бар. Атап өтсек, шөп өсірілетін алқаптар Сарқан ауданының орталығынан 20 шақырым жерде, Қарғалы, Қарауылтөбе ауылдарының маңында орналасқан
Қазақстандағы дәрілік шөптерді өсіріп, жинап, оны ішінара өңдеп, экспортқа шығарып отырған жалғыз кәсіпорын Жетісу облысында жұмыс істеп тұр. Мұнда әр жылы табиғи-климаттық жағдайдың ерекшеліктеріне қарай 400-ден 650 тоннаға дейін өсімдік жиналады. Ал дайын өнімдер сертификатталып, Еуроодақ елдеріне, Ресейге, Түркияға, АҚШ-қа экспортталады.
Сөз болып отырған Azia Gold брендінің 30 жылға жуық тарихы бар. Атап өтсек, шөп өсірілетін алқаптар Сарқан ауданының орталығынан 20 шақырым жерде, Қарғалы, Қарауылтөбе ауылдарының маңында орналасқан. Ал қоймалар, өңдеу және сақтау цехтары болса Сарқан қаласында. Бұл кәсіпорынның жұмысы ең алғашында жабайы шөптер теруден басталған. Кәсіпорын директоры Алексей Коржиковтың айтуынша, қазір түймедақтан бастап әртүрлі өсімдіктерді өздері өсіре бастапты.
– Өзіміз алқапта өсірейік деген ойдың пайда болуына екі фактор әсер етті. Біріншіден, өзіміз өсірген жағдайда шикізат бұрынғыға қарағанда қолжетімді болады, екіншіден, бұл жеріміздің табиғи ресурстарын сақтауға оң әсерін тигізеді. Алғашында тұқымды Ресейден, Еуропадан сатып алып жүрдік. Уақыт өте келе оларды өз климатымызға бейімдедік. Солай-солай кейіннен өз тұқымымыз бен көшет материалдарын алып, егіс алқаптарын кеңейте бастадық. Қазір дәрілік шөптердің егіс алқабы 5 мың гектарға жетіп қалды. Оның ішінде түймедақ, жалбыз, сәлбен, валерьяна, қалақай, лаванда, сондай-ақ долана, қарабүлдірген, таңқурай сияқты дәрілік шөптердің 10-нан астам түрін өсіреміз, – деді Алексей Коржиков.
Мәселен, бір ғана түймедақтың өзінің пайдалы қасиеттері шаш-етектен. Гүлдің өзегі бөлек, қалған бөлігі бөлек арнайы құрылғы арқылы ұсақталады. Соның нәтижесінде одан екі түрлі өнім алынады. Ал өндірілетін түймедақтың жылдық көлемі 250-300 тоннаға дейін жетеді екен. Қайта өңдеуден өткен гүлдер мен одан алынған фракциядан шай және әртүрлі диеталық қоспалар жасалады. Шетелдік тұтынушылар болса түймедақтың, таңқурай мен қарақаттың хош иісті жапырақтарын көбіне жеке сусын немесе шайға қоспа ретінде пайдаланады. Атап өтетін бір жайт, алқапта да, өнідірісте де өсімдіктердің экологиялық жағынан таза болуына ерекше назар аударылады. Осы мақсатта арам шөптерді жоюға тек еуропалық стандартқа сай гербицидтер қолданылады.
– Емдік шөп өңдеуді жолға қою үшін құны шамамен 46 мың еуро болатын 3 арнайы аппарат сатып алдық. Барлығы Еуропадан келген, сапалы, мамандандырылған техникалар. Алынып-салынатын бөлшектерін алмастырып отырып, бағдарламасын түрлендіріп қолдануға болатын бұл аппарттар осылайша бір емес бірнеше функцияны орындауға қауқарлы. Ал ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу үшін мемлекеттен субсидия алдық. Бұл бізге үлкен қолдау болды. Бүгінгі таңда өнімдерімізге деген сұраныс біздің өндіру қуатымыздан да асып тұр, тапсырыс жетерлік. Яғни фитоөнім шығару – болашағы бар сала. Сондықтан біз кәсіпорынды кеңейтудің нақты жоспарларын жасап жатырмыз, – дейді кәсіпорын басшысы.
Қазіргі таңда кәсіпорында 55 адам жұмыс істейді. Алайда жұмысшы қолы әлі де жеткіліксіз екен. Алдағы уақытта жұмысқа тарту ісін, мамандар алуды, үйретуді қолға алу жоспарда бар көрінеді. «Бізде орташа жалақы 200 мың теңгені құрайды. Маусымға қарай, айына 900 мың теңгеге дейін жететін кездер де болады. Көбіне көшет материалымен жұмыс істеу кезеңінде біліктілік танытатын шебер мамандар тапшы. Әлбетте, осы салаға көбірек кадр тартуға тырысамыз. Оның үстіне, дәрілік шөптерден бөлек, дәнді дақылдар, тары, күнбағыс өсіреміз. Бұл салаларға да маман керек», – дейді кәсіпкер.
Мәселен, Николай Козловский осы кәсіпорында 5 жылдан бері жұмыс істейді. «Шөп себеміз, тазалаймыз. Айына 140 мың теңге аламын. Жағдайымыз жақсы, сондықтан осында бірнеше жыл қатарынан жұмыс істеп келемін», – дейді ол.
Алдағы жоспарлары туралы айта келе, кәсіпорын директоры дәрілік шөптер шаруашылықтағы дақылдар алқабының небәрі 30 пайызын алып жатқанына қарамастан, дәрілік шөптерден түсетін табыстың жоғары екенін де атап өтті. Ол алдағы уақытта көшет өсіру үшін жылыжайлар салуды да жоспарлап отыр. Өйткені кейбір өсімдіктерді ерте көктемде отырғызу керек екен. Сонымен қатар кәсіпорын басшылығының әмбебап дәмдеуіштер өсірсек деген де ойы бар. Ең қызығы, алқап маусым-шілде айларында гүлдеп тұрады. Жаз мезгілінде түрлі түсті гүлдерімен көмкерілген алқапты көруге келетіндердің қарасы көп.
Б. Мейірбек
Жетісу облысы