Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:44, 23 Сәуір 2024

Дәстүрлі журналистика & цифрлы медиа: артықшылық пен кемшілік

5

Бұрындары мерзімді басылымның жаңа санын күтіп, радио мен телевизиялық бағдарламалардың эфирге шыққан уақытында көріп үлгеруге тырысатын аудитория бүгінде өзгерген.

Мобильді құрылғылардың қолжетімдірек болуы, ғаламтордың дамуы медианың да төңкерісіне әкелді деуге де болады. Қазір ақпараттық сайттар жедел жаңалық таратады, ал ютуб секілді видеохостингтер мен платформалар өте ыңғайлылығымен аудиторияны жаулап алды. Әлеуметтік желілердегі актив пен статистика тіптен жоғары. Осының әсерінен медиа да цифрланып, ақпарат мамандары да жаңа тенденцияларды қуып келеді. Тіпті журналистиканың жаңа форматтары мен салалары пайда болып, қолданыста жүр. 

Соның бірі әрі ең жиі қолданылып жүргені – Social Media Marketing. Мұны журналистиканың саласы деп ауыз толтырып айтуға келмесе де, медианың ажырамас бөлігіне айналған СММ туралы осы істің маманы Елдана Жұматай былай дейді:

«СММ дегеніміз – негізінен журналистикадан гөрі маркетингтің мақсаттарын бойына сіңірген сала. Алайда маркетинг пен жарнама ісі медианың араласуынсыз болуы мүмкін емес екені белгілі. Демек, СММ журналистикамен бітеқайнасып жатқан құбылыс. Әлеуметтік медиада тікелей, оқшау, бірқалыпты, ожар жарнама дәуірі өтіп кетті. Бүгінде әртүрлі саладағы брендтер ақпаратты қатты бұрылыстарсыз, айқын айғайсыз, «плавно» бергенді жөн санайды. Себебі нарық пен тұтынушылар санасы соны талап етеді. Бұл қызметтердің ішінде ең маңыздысы – копирайтинг. Бұл дегеніміз – мәтінмен жұмыс. Одан соң таргет-жарнама, контент-маркетинг, инфлюэнс, медиа алаңдармен және медиа тұлғалармен жұмыс бар.

Бұл бір деңіз. Енді ақпарат ағынының алапат екенін, өз контенті мен қызметін ұсынатын бұқаралық ақпарат құралдарының көптігін, аудитория назарына деген бәсекелестіктің жоғарылығын ескерсек, әрбір медиа жоба СММ-нің әдістері мен құралдарын қолдана отырып, өз өнімін жарнамалайды. Бұл қадамға газет-журналдар да, сайттар мен интернет басылымдар да, телеарналар мен радиолар да, подкасттар да, басқа да медиа жобалар барып жатыр. Қарапайым тілде айтсақ, қазіргі таңда барлық ақпараттық құралдың өз сайты мен ютуб каналы, фейсбук, инстаграм, тикток сынды танымал әлеуметтік желілердегі парақшалары бар. Олар арнайы жарнамалар жіберіп, әрбір әлеуметтік желінің, платформаның ерекшелігін ескере отырып контент жасайды. Осылайша, өз ақпараты мен жұмысын жарнамалайды, қаралым мен оқылымды арттыруға ұмтылады. СММ-нің журналистикамен сабақтастығы осы себептен де артып кетті деп топшылауға да негіз бар», – дейді СММ маманы.

Цифрлы медиаға келген тағы бір жаңа үрдіс – ютуб арналар мен ондағы бағдарламалардың дамуы. Бүгінде Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде ютуб видеохостингіндегі контент жоғары сұранысқа ие. Олардың аудиторияға ықпалы да артып келеді. Әрі монетизация да қарыштаған. Бұрын телеарналарға жарнама беруге асығатын алпауыт брендтер қазір өнімі мен қызметін ютуб арқылы жарнамалауға көшкен. Себебі онда танымдық, көңілашар, салалық, саяси контент дамыды. Цензурасыз әрі еркін форматтағы ютуб жобалар таптаурыннан жалыға бастаған аудиторияны бірден баурап алды. Әрі ондағы жеделдік пен қолданыстағы комфорт тағы бар. Ютуб контентінің дамығаны сонша, онда медиадағы тың форматтар да пайда болуда. Мәселен, бүгінде екінің бірі подкаст жасап ұсынады. Ең қызығы, екінің бірі подкаст тыңдайды, қарайды. Осы бір атауы алғашқыда құлаққа сіңе қоймаған формат бүгінде өте-мөте танымал. Осы саланың бүгінгі сипаты туралы жас подкастер Айнұр Анламасова айтып берді.

«Подкаст – онлайн және офлайн нұсқада тыңдауға немесе жүктеп алуға болатын, жүйелі түрде шығатын аудиоформаттағы бағдарламалар. Ол өз кезегінде хабарлар, сұхбаттар, монологтар түрінде шығады. Оны көбіне-көп смартфон арқылы тыңдайтындықтан, аудиоформат видеоформатқа тез түрленіп кетті. Бүгінде виденұсқада жүктелетін подкасттар да танымал.

Ал аудиторияға келсек, подкастер алдымен өзінің бағытын анықтауы керек. Сол арқылы мақсатты аудиторияның сипаты белгіленуі қажет. Бір жағынан подкастер аудиторияны жинамайды, сапалы контент өзі-ақ назарға ілініп, танымалдылығы артады. Бір бағдарлама сәтті шығып, көпшілікке тараса, тыңдарман басқа шығарылымдарын да іздеп қарау ықтималдылығы жоғары. Осылайша, бағытыңызға қарай өзіндік аудитория қалыптаса береді. Жекеленген журналистің, редакцияның немесе медиажобаның аудиторияға әсерін анықтап, ескеріп қана оған толық баға беруге болады. БАҚ-тың бағасын беретін, тиімділігі мен ақпараттық алаңы – аудитория. Сондықтан қай кезде де аудиториямен санасу, жұмыс істеу, қажеттіліктер мен сұраныстарды анықтау маңызды. Дәл осы себептен де кәсіби журналист немесе жоғары сапалы өнім аудиторияны зерттемей жұмыс істей алмайды.

Подкасттың бір фишкасы немесе артықшылығы – еркіндігі. Мұнда цензура жоқ. Ал жобаны монетизациялауға келсек, подкастер өз жұмысын табыс көзіне айналдырғысы келсе түрлі заманауи маркетинг әдістерін қолдана алады. Алайда бүгінде елімізде подкаст жасап жүргендердің дені әуесқойлар және олар ақша табуды емес, аудитория жинауды, қаралым мен тыңдалымды көбейтуді мақсат етеді. Бұл орайда подкастты СММ құралдары арқылы да танытуға күш салынады. Мәселен, бүгінде танымал подкасттардың барлығы дерлік инстаграм аккаунт пен тикток парақша жүргізеді. Подкаст платформалардан бөлек, ютуб видеохостингін пайдаланады. Бірақ әдемі студияда екі адамның бір жарым, екі сағат әңгімелесуі подкаст деп түсіну де қате. Өкінішке қарай, подкаст деген осы екен деп сондай өнімдерді тұтынып жүргендер де, қайталап жасап жүргендер де жетерлік. Бірақ подкаст деген жанр емес, технология, құрал, формат дер едім.

Бір жағынан подкаст жасау көп команда мен шығынды, уақытты талап етпейді. Демек, мұндай медиа өнімді әзірлеу тез әрі жеңілірек. Соның өзінде ойдағы идеяларды жүзеге асыруға, айтар ойыңды жеткізу мен белгілі бір мәселелерді талқылауға, сараптауға өте қолайлы алаң. Сәйкесінше, подкастты тұтыну да аудитория үшін ыңғайлы. Сондықтан да, подкаст бүгінде танымалдылыққа ие деп ойлаймын» – дейді А.Анламасова.

Балауса Ділдәбек

Тегтер: