Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 04 Қазан 2024

Дәулескер күйші, даңқты қолбасшы Кетбұға

Кетбұға

Кетбұға – аңыз кейіпкер. Ол бірде – жырау, жыршы, бірде – күйші, енді бірде – даңқты қолбасшы есебінде айтылады.

 Алайда Кетбұғаның жыршылығы да, күйшілігі де, қолбасшылығы да халыққа етене жақын. Оның аңызға толы өмірі, қидаласқан ерлігі, «Ақсақ құландай» күйі ғасырларды ендеп өтіп, ұрпақтың санасында әлі жаңғырып тұр. Десек те, Кетбұғаның өміріне қатысты деректер де сан салалы. Бір арнаға тоғысатын да, тарамдалып кететін де тұстары бар. Әлі де тереңдеп зерттеуді қажет ететін, басы ашылмаған сұрақтар да жоқ емес. Біз бүгін Кетбұғаның аңызға толы бейнесі, жыраулығы, тарихи тұлғасы және күйшілігі туралы ой өрбіттік. «Жас Алаштың» сауалына филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбай және белгілі күйші, зерттеуші Жанғали Жүзбай қатысты.

Тұрсын Жұртбай
Тұрсын Жұртбай

Тұрсын Жұртбай: Мен білетін 5 Кетбұға бар

«Жас Алаш» басылымы Кетбұға туралы пікір сұрағанда кәдімгі тіршіліктің қарбаласында сыртта жүргендіктен де, әдетімше, тарихи деректерді қарастыруға мүмкіндігім болмады. Сонда да, желінің желпуіне сүйеніп, Астанада өткен Кетбұға туралы «ел мәжілісінде» ойға оралып, күнделікке түскен пікірлерімді жолдап отырмын. «Күнделік те» – әр адамның өзіне-өзі сұрақ қойып, соған жауап іздеп, соны ойын ашық хатқа түсірген әдеби жанрдың бірі. Сондықтан да «ел мәжілісіндегі» ашық айтылған пікірлерді іркіп қалғым келмеді. Ұнатса – алқалы қауымның назарына ұсынар, ұнатпаса, Абай айтқандай, «өз сөзім – өзімдікі», – деймін де, ырықты редакцияның еркіне беремін. Ал халайық, әшиесіз шын сөздерді қаперге ала жүрерсіздер деген ілтипат.

«Бүгін Кетбұға туралы «Ел мәжілісі» өтті. Қордың төрағасы сөйледі. Өмірбек Байгелді бастаған біраз «абыздар зар сөздерін» айтты. Кетбұғатанушылардың саны селдей сығылысып, сеңдей соғысып, лықсып бара жатқаны байқалды. Мен осыдан отыз жыл бұрын отыз жасымда «Кетбұғаны» жазып ем, сол кітаптың көптің тілінің «көпшігіне» айналғанына толық қанағаттанамын. Енді бұл сел көшкінін, сең тоғысын тоқтату мүмкін емес. Жалғыз-ақ алаңым, алаң емес, шын қаупім бар. Ол – көне абыздарды аңызға айналдырып, «шындықтың көзін бояп жібергені» (Абай) зәремді зәр түбіне жеткізеді. Мысалы: «Кетбұға» атты жинақтағы «Кетбұғаның толғауы» деген жалған толғау арқылы біз Кетбұғаны кергіге салып жіберетініміз анық. Сол толғауда «Қызыр кетер, сақ болғын» – деген жол бар. «Қызыр» – мұсылман пайғамбары. Ал Кетбұға – қалай қиналып, қимасақ та, Көк тәңірінің «құлы». Ол мәмлүктермен, кергі жорықшылармен соғысқанда, ол мұсылман да, христиан да емес. Мәмлүктер мен шіркеу шежіресінде солай жазылған! Бұл бізді әлем алдында күлкі мен күдікке қалдыратын мәселе.

Екінші, Кетбұғаны шапанының етегінен тартып, рубасылыққа дейін тұқырта алмайсың. Ол – Кетбұғаны қорлау! Ол – сұрқылтай. Сұрқылтай – ең жоғарғы пәрмен, заң иесі. Бүгінгіше айтқанда, парламент төрағасы. Ал сұрқылтайсыз – қағанның өзінің де шешім қабылдауына, дат айтуына Шыңғыс қаған тыйым салған, ондай адамды өлім жазасына кескен!

Мен бұл жөнінен Таластың «Талтүсіндегі» Кетбұғаның бейнесіне толық иланамын және сол бейне жанымды әлдилейді. Жанғали Жүзбаев: «Кетбұға» күйінің төрт нұсқасы бар екен. Ал жалпы Кетбұғаның 70-тен астам күйі ел арасына тарапты. Олардың біразы, «Құланның тарпуы», «Ақсақ құлан», «Құлан жоқтау» деп те аталатын нұсқалары, сыбызғыға арналған үлгісі «Қазақ» радиосының қорында бар. Мен соның негізінде жеке жинақ құрастырдым, – деді.

Дұрыс! Жанғалидың тартқан күйі бұл ойды бұрынғыдан бетер терең сіңіріп жіберді. Сол мәжілісте, малтасын езіп, кекете мекіреніп: «Бұл Кетбұға – нақ Кетбұға емес екен!» – ғой. Оның жасы Шыңғыс ханнан үлкен. Жетпіс жаста жауға қол бастап бара ала ма? – деп күлімсірей күлімситіндерге мына уәжді ұсынамын.

Бірінші: Иә, тек мен білетін 5 Кетбұға бар. Оның ішінде 3 Кетбұғаның аты Мәмлүк және шіркеу шежіресінде жазылып қалған. Атын естіген шіркеушілер шіркейше шіміркенген. Біз тұтқасын ұстаған Кетбұға – соның ең үлкені.

Екінші, Кетбұға – өзінің немересін түнгі жасаққа шыққан кезінде өлтірген француз рыцарына қарсы жорық жасаған. Сол шабуылдың соңы Құтыз бен Бейбарыстың айн-Жалидке анталаған шайқасына ұласып, Құтыздың қолынан қаза тапқан. Құтыз тұтқынға түскен Кетбұғамен тілдеспестен, ешкіммен, Бейбарыспен де сөйлестірмей, басын кесіп алады (1259 жыл). Сонда; француз рыцарларының қолынан көшеде қаза тапқан Кетбұғаның немересі – сол кезде он сегіз бен жиырма жастың мөлшерінде, ұмытпасам, «он жеті жас» деп жазылған. Яғни 1239-1241 жылы шамасында туған. Ал Кетбұғаның өз ұлы, яғни немересінің әкесі ол кезде, шамамен 20-25 жаста делік. Мына қаза тапқан оғлан – тұңғыш та, кенже де емес, ортаншы немересі делік. Сонда, Кетбұғаның ұлы 1214-1217 жылдары туған деп жорамалдайық. Міне, бұл шындыққа жақындайды. Менің пайымдауымша, Күшілік ханның көші Бетпақдалаға ауғанда Кетбұға жас, он-он бестің мөлшерінде. Өйткені ол кезде оның ұстазы Құбатегін жырау – наймандардың ұлы жырауы тірі болатын. Кетбұға – Құбатегін тірі болса, Шыңғыс ханға Жошының өлімін естірте алмас еді.

Сонда 1214 жылы ұлы дүниеге келгенде (тұңғышы да, кенжесі де емес, ортаншысы – делік) Кетбұға – 20-25-те, тіпті 25-30 жаста делік. 1214-тен ұрпақ ауысу межесі деп қарастырылатын 25 жылды шегерсек, Кетбұға 1189 жылы туған боп шығады. Ал Жамбыл Артықбаев 1185 жыл дейді. Ол да дұрыс! Ол әр буынның алмасу мөлшерін 22-23 жас деп алған. Сонда, Жошының өлімін Шыңғыс ханға естірткенде 1227-1189=38 жаста! Жамбылдың жорамалы бойынша – 42 жаста! (Ал «Дулығада» қай жыл деп мөлшерлегенім есіме түспей отыр). Бұл үш мөлшерде – нобайлы мөлшер. Сондықтан да, ары да емес, бері де емес, тура 1185-1190 жылдар арасын меже етіп ұстап, туған-өлген жылын 1185-1190 – 1259 деп болжаммен алса, Жамбыл келтірген Кетбұғаның портреті көңілге қона кетеді.

Бір академик: Адам атаулы – Адам атадан бері мұсылман. Демек, Кетбұға да мұсылман! – деді. Уау! Айтарға сөзім жоқ! Айтып, сөзім өте қоймас!

... Қой, елігуге елтімей, есімді жиып, ой қумай, қыжылымды қатирадан алайын!

– Жошы – Мұсылман! Әйтпесе, баласының атын неге Мұхаммед деп қояды? – деді тағы да. Бұл да жауап тілейтін сұрақ. Қай баласы? Сол менің есіме түспей тұр? Мүмкін немересі шығар. Сонда да жауап керек!

Қара жерге халық ие, хан емес.

Өздеріңнен «Сатқызба!» деп сұрап тұр.

Жұмаш Сомжүрек.

Жерге – жер қосқан сұрқылтай Кетбұға тірі болса, бұл сөзді айтқызбас еді, айтпас едік-ау!». 20.02.2015

Жамбыл Артықбаев
Жамбыл Артықбаев

Жамбыл Артықбаев: Араб деректерінде Иерусалимге дейінгі жерді бас идірген қолбасшы деп айтылады

Қазақ халқының ортағасырлық тарихындағы өмірбаяны ертегі – аңызбен өрілген ғажайып тұлғаның бірі Кетбұқа. Бірде – дәулескер күйші, бірде – жас ханзадалардың тәрбиешісі және қамқоры болған аталық, бірде – жиһангер қолбасшы бейнелерімен Еуразия тарихының шешуші сәттерінде қылаң беретін даңқты тұлға жөнінде кәсіби тарихшылар арнайы қалам тартқан жоқ. Дегенмен біздің алдымыздағы ұрпақтың ішінде Кетбұғаның атын жазба тарихи деректердің арасынан, қазақ руханиятының ұлы мұрасы – ауыз әдебиетінен іздеп, осы Кетбұға кім деп толғанған азаматтар болды.

Найман елін Инанш Білге қаған билеген, атағы аспанға дүрілдеген заман еді. «Найман мемлекеті гүлдеп, жайнап тұрды» деп жырлайды Шыңғыс пен Таян ханның замандасы болған Құба тегін жырау. Таян ханның тұсындағы аласапыран кезеңді көріп, оның алдындағы бейбіт тіршілікті сипаттап, бір жамандықтың боларын ішінен сезіп, меңзеп отыр. Сол қалың найманға ақылшы болған Құба-тегіннің заманында туған ұл еді Кетбұға ноян. Атағы жер жарған Күшлік хан, Жошы ханмен жасы орайлас, заманы құрдас азамат. Кетбұғаның жастық шағы көшпелілердің жаңа империясы дүниеге келіп жатқан аласапыран уақытқа тап келді. Кетбұға найман елі мемлекеттілігінен айырылған, азаматтары қойдай қырылған, бейбіт ел қоныс аударып, жаңа жұртты іздеген ауыр заманда атқа мінді. Сол себептен болар, қазақтың ауыз әдебиеті Кетбұғаны алдымен ұлық жырау деп таниды. Әрине, біз Кетбұғаның бектік қызметін жоққа шығармаймыз. Жаугершілік заманда жас азаматтар жылдам есейеді, бұғанасы ерте қатып, ат жалын бозбала шағында тартып мінеді. Сонау Хангай тауларының қойнауларында басталған қырғындар Жетісу жерінде де жалғасты, талай елім деген ерлер қан құшты. Сол кезде олардың орнын Кетбұға сияқты жас көсемдердің басуы заңды. Шығыс Түркістан мен Жетісу сияқты өлкелерге моңғолдың қосындары иелік жасай бастаған уақытта найманның соңына ерген елін Кетбұға Сыр бойына қарай бастаса керек. Бір жағы – Сырдың бойындағы қысқа жайлы, саудасы өркендеген, қалалары тізілген өлке болса, екінші жағы – Қаратау алаңы мал баққан елге жұмақтың төріндей, Сарыарқаның жанға жайлы даласы бар. Кетбұға найманның моңғол билігін мойындамаған ең жауынгер тобының өкілі еді, ата жұртты жау алған уақытта оның ата-аналары Алтайдан көшсе, болашақ аталық – жыраудың балалық шағында Жетісуға келді. Бұл ғажап өлке ол кезде қара қытай гурхандарының қолында еді. Міне, бірнеше ондаған жыл жазбада – қидан, қазақтың шежіресінде – қытай аталатын түркі-моңғолдың бір үлкен тармағы осы жерге иелік етеді. Қара қытайлардың, олар да найман сияқты сегіз тайпа, әуел баста мекендеген жері Мәнжүрдің орманды даласы болатын.

Ортағасырлық Найман мемлекетінің тарихы Кетбұғаның «Бозінген» күйі арқылы сипатталады. Біздің ойымызша, «Бозінгеннің» негізгі мазмұны аласапыран заманда мемлекетінен айырылып, Моңғол империясына телінген, бөтен әулеттің қызметіне жегілген найман азаматтарының көкірегіндегі шерге ұқсайды. Мәшһүр жазбалары арқылы сақталған Жошы хан туралы аңыздың бір нұсқасында дүниенің жалғандығы, адам өмірінің өтпелі екендігі, яғни қазақтың тіршілік туралы түсініктерімен қоса өріліп, «Бозінген» күйінің шығуы туралы қысқаша хикаят берілген. Алаша хан ұлы Жошының өлгенін көктем айында, мал төлдеп жатқан уақытта естиді дейді аңыз. «Күйдім-жандым» күйі де жігіт пен қыз арасындағы махаббат емес, осы бір ауыр кезеңде өзегі өртенген Найманның ел басшыларының рухани жағдайы десек орынды. Рашид-ад-дин: «Шыңғыс хан заманында найманның патшалары Нарқыш Таяң және Эниат-қаған деген адамдар еді. Екеуі бір әкенің балалары еді. Қырғызды күйрете жеңгеннен кейін Эниат-қаған ағасы Нарқыш Таяңға арнайы көрініске келген жоқ, сый тартпады» дейді. Қазақтың ауызша дәстүрінде Кетбұға – кемеңгер қария, саусағынан күй тамған өнер адамы. Араб деректеріне қарасақ, Кетбұға Шыңғыс хан әулетін тәрбиелеген аталық, Иерусалимге дейінгі жерді бас идірген даңқты қолбасшы. Осы сияқты ел есінде сақталған азды-көпті деректер болмаса басқа дерек аз, бірақ соның өзі Кетбұғаның өз заманында Ұлы даланың ерен тұлғасы болғанын көрсетеді. Оның жастық шағы Орталық Азияны түгел қамтыған алапат шапқыншылықтың тұсына сәйкес келді. Бір қарағанда, бұл жеке тайпаларды басқарған көсемдердің өзара бақталастығы сияқты көрінеді. Жекелеген адамдардың мансабына байланысты осыншама қан төгудің қандай қажеттілігі бар деп жан қинайсың. Ал шын мәнінде бұл жаугершілік жаңа күшті жүйенің өмірге келу заңдылығы болатын. Бұл күрес өз бетімен жабайы құландай жайылып жүрген дала халықтарын шыңдады, олардың арасынан мықты тұлғалар өсіп шықты. Тайталаста талқаны шыққан тайпалар жаңа құрылымдарға енді, империяға қызмет жасай бастады. Бұл жүйені қабылдамағандар қыр асып, жаңа жұрттарға көшті. Осы қиямет-қайым заманда өсіп шыққан тұлғалардың бірі – Кетбұға еді. Найман мемлекеті өзара ауызбірлігінен айырылып, жауларына жем болып қалғанда бұғанасы қатып, жаңа таныла бастаған Кетбұға босқан елімен бірге Жетісуға бет алған. Ендігі елдің үміт күткені – Таян ханның ұлы Күшілік еді. Міне, осы тұста Құба тегінің жолын қуып, қобызын күңіренткен Кетбұға ел ісіне де араласа бастады.

Жанғали Жүзбай
Жанғали Жүзбай

Жанғали Жүзбай: «Ақсақ құлан» Шыңғыс ханды өлімнің хақ бұйрығы екеніне мойындату мақсатында тартылған

«Күй иесі – Кетбұға!» Бұл – халық қабылдаған ұлы шындық. Қазақтың әр шаңырағында ұлы күйшіден қалған тәбәрік – «Ақсақ құлан» күйі еседі. Кетбұға би туралы тарихи-мифологиялық аңыздар көп, олардың музыкалық бағдарын екшеу, композициясы мен формасын зерделеу, фольклорлық мазмұнын жүйелеу – болашақтың ісі. «Ақсақ құлан» күйі Шыңғыс ханды өлімнің хақ бұйрығы екеніне мойындату мақсатында тартылған. Кетбұғадан қалған күй көп емес, елге кең таралған күйі осы – «Ақсақ құлан». Кейде «Ақсақ құлан – Жошы хан» деп те аталады. «Ақсақ құлан» күйін тұтас түркілік масштабта қарайтын болсақ, оның варианттарын: «Қырғыз нұсқасы», «Қарақалпақ нұсқасы», «Ноғай нұсқасы», «Қазақ нұсқасы» деп қарастыруға болар еді. Ең қызығы, әрқайсысы әр халықтың мұрасына айналып кетсе де, осы аталған нұсқалардың сарынындағы ортақтық, үндестік әліге дейін сақталып отырғаны. Мұны күйдің түпнұсқасының кемелдігінен деп ұққан жөн. «Ақсақ құлан» күйінің қазақ арасында бірнеше варианты бар, Қ.Медетов жеткізген Орынбор нұсқасы, А.Жұбанов жеткізген Ақтөбе нұсқасы, Р.Омаров жеткізген Арқа нұсқасы, М.Өскінбаев жеткізген Маңғыстау нұсқасы, Н.Жәлімбетов жеткізген Сыр нұсқасы, Б.Саятөлеков жеткізген Семей нұсқасы, Ш.Әбілтай жеткізген Атырау нұсқасы. Бұдан басқа Алтай өңірінде таралған бірнеше нұсқасы тағы бар. Кетбұғадан қалған күй жалғыз «Ақсақ құлан» болмауға тиіс. Күй тарихының білгірі – Ақселеу Сейдімбек ағамыздың зерттеулеріне сүйенер болсақ, Кетбұға би әуелде Жошының қазасын қобызбен естірткен. Яғни бұл күйдің қобыздағы нұсқасы да болған, домбыраға сарыны кейін ауысқан деген болжам жасауға негіз бар, алайда қобыздағы сарын сол қалпы сақталып қалғаны домбыра күйлерінен анық аңғарылады. Әсіресе Рүстембек Омаровтың орындауындағы нұсқасында үстіңгі ішектерден қобыз табиғатына келетін азалы, жоқтау өлең аралас әуен азынап естіліп тұрады.

Б.Ерзакович Дунай қыпшақтарының атақты «Кодекс куманикустегі» көне ноталарда «Ақсақ құланның» және «Елім-айдың» мелодиясы сақталғанын жазады. Қазақта Кетбұғадан қалған күйлерді «естірту» жорасымен шыққан деп айдарлауға болатын сияқты. Бірақ «Кетбұға», «Сауға» күйінің нұсқалары «кеңес» күйлеріне жататын болар деп топшылай аламыз, себебі – қазақта «кеңес» күйлері билерге етене, солар шығаратын қастерлі толғау болып саналады, бұл салт Бейсембінің заманына дейін жалғасқанын білеміз (Бейсембі күйші «кеңес» күйлерін көп шығарған, оларды әлдеқандай бір даулы мәселеге немесе билер кеңес құрғандағы мәжіліске байланысты шертіп отырған). Жалпы, қазақ-қырғыз даласында «Ақсақ құлан» күйлерінің нұсқалары қаншалықты көп болса да, оларды біріктіріп тұратын екі қасиет бар. Біріншісі, қай күйді алсақ та, «Балаң өлді Жошы хан!» деген музыкалық сөйлемге құрылған саз естіліп тұрады, екіншіден, құланның қашқанын суреттейтін шоқырақ ырғақ барлығына да ортақ болып тұра береді. Сонан соң, «Ақсақ құлан» күйлерінің әңгімелей айтылып, тараулата шертілетінін де ескере кету әбден керек. Сыбызғыда орындалатын нұсқалары көбіне қосбұрау (үш ішекті домбыра) мен комуз үніндегі сарынға бейім келеді, комузда шертілетін түрінде күй сазының домбырадан әлдеқалай алыстамағаны білініп тұрады, домбырадағыдай қара шертіс, домбырадағыдай кесе толғайтын қағыстар мен штрихтар күйдің өн бойында қолданылады. Қазақ пен қырғыздың телқоңыр күйшісі, асқан комузшы – Руслан Жұмабаев бұл күйдің ең көне нұсқасын шертеді, дәстүрлі тартысын сақтап толғайды. Ол шерткен «Кет Бука» күйінде «Балаң өлді Жошы хан!» деген сөз әрбір музыкалық құрылымның басында кездесіп отырады, тақпақтай сөйлеген шешеннің тіліндей зар төге береді...

Күйдің қырғызша нұсқасы Бағаналы Саятөлеков шерткен вариантқа көбірек ұқсайды. Бағаналы Саятөлеков – байырғы Өр Алтайдан Қарақорым жерінде сақталған және өркендеген күйшілік үлгінің ізімен шертеді, күйдің оқиғасын эпостық ғәдетпен әңгімелей тарқатады, қисса айтушы секілді әр тарауын жеріне жеткізе, әсерлі баяндайды, күй мазмұнын да құбылтып отырады, қаралы оқиға көрінісін тыңдаған жанның көз алдына әкеліп, әрі оны музыкамен көмкеріп, шебер баяндайды. Сыр бойындағы күйлерде қобыз сарыны басымырақ және топырақтағы жыраулық мектеп күйдің ішкі трагизмын тереңдетіп жіберетін секілді, әр сөз анық, күйдің домбырадағы аңырағаны кісінің жан дүниесін астан-кестең етеді. Маңғыстаулық нұсқаларында күйдің әр тарауы жеке сурет, ырғақтары да басқаша дамиды. Адай күйшілігінің дәстүріндегі эпикалық үлгі күйдің мифологиялық қырын аша түседі, күй оқиғасы реальдық қалыптан жылжып, ертегілік мазмұнға көшеді, соған орай күй сарыны да қияли-ғажап тақырыпты таңдай бастайды. Әйгілі күйші – Рүстембек Омаров «Ақсақ құланды» Венгрия радиосының қорына алғаш жаздырған өнер иесі ретінде ел жадында қалды. Дегенмен «Ақсақ құлан» күйінің алғашқы аудиожазбасын – академик А.Жұбанов жаздырды. А.Жұбановтың орындауындағы күйлерді Ресей архивтерінен тапқан ғалымдарымыз – Ж.Шәкәрімов пен Б.Мүптекеевтер еді. Бұл үлгі Қамбар Медетов жеткізген варианты болып табылады, оркестрге өңделген нұсқасы осы түрі. Оркестр мәдениетіне күйді өңдеген – Н.Тілендиев. «Ақсақ құлан» атты мультипликациялық фильмге де Нұрағаңның шерткен үлгісі жазылды, оркестр мен жеке домбыраға арналған концерттік түрі де бар, оны алғаш орындаушылар – композитор Е.Үсенов пен профессор Б.Ысқақов болды. Ұсынылып отырған кітапта күй иесі – Кетбұғаның осы күнге дейін сақталған күй-мұрасы мүмкіндігінше сараптан өткізіліп, аудиожазбалары және ноталары бірге жинақталып отыр. Кетбұға күйлерінің жинаққа кірген осы ноталық жазбалары кең-байтақ Отанымыздың батысында, шығысында, оңтүстігінде, солтүстігінде сақталған, ғасырлардан асып, бізге жетіп отырған інжу-маржандай нұсқалары мен тараулары болып табылады. Сонымен қатар Мұңғұлия, Қытай, Қырғызстан жерлерінде де күй абызынан қалған сарындардың сақталғаны Кетбұға күйінің жалпытүркілік маңызы бар екендігін көрсетеді, ұлыс үшін де, ұлтымыз үшін де аса қымбат, киелі қастері бар дүние екенін таныта алады. Кетбұға – домбырада алғаш күй толғаған, толғағаны ұрпағына рух болған тарихи тұлға, оның күйлері алтын нәсіліміздің аңызға айналған шежіресі. Алтын Орда заманынан қалған асыл ескерткішіміз – «Ақсақ құлан» күйі ұлтымыздың рухын биіктерге жетелей береді, әумин.

Дайындаған

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: