Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 08:20

Дәурен АРЫН, экономист-сарапшы: Ине-жіпке дейін көрші елден сұрауды доғару үшін жеңіл өнеркәсіп дамуы керек

өңдеу өнеркәсіп
Фото: ашық дереккөз

Қазір экономиканы әртараптандыру туралы жиі айтылады. Дегенмен экономиканы әртараптандыру қалай іске асып жатыр, мұның нақты тетігі неде деген сияқты мәселелер әлі де болса тереңірек талдауды қажет ететіндей. Үкімет қазір осы үдеден шыға алып жатыр ма? Болашақта не істеу керек? Осы сауалдар төңірегінде біз экономист-сарапшы Дәурен Арынмен сұхбаттастық.

– Қазір экономиканы әртараптандыру жолында біраз шаруалар істеліп жатқандай көрінеді. Сіз осы саланы зерттеп жүрген маман ретінде үкіметтің мұндай қадамдарына қандай баға бересіз?

– Қазақстанда экономиканы әртараптандыру үшін бірнеше ірі мемлекеттік және инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Олар экономика тек мұнай мен шикізатқа тәуелді болмауы үшін басқа салаларды дамытуға бағытталған. Мысалы, өңдеу өнеркәсібін дамыту жобалары туралы айтсақ, еуропалық компаниялардың өндірістік жобасы жұмыс істей бастады. Бұл жобалар аясында құрылыс және санитарлық техника өнімдерін шығару көзделіп отыр. Жоба шамамен 70 млн еуро инвестиция тартып, 300-ге жуық жұмыс орнын ашуды жоспарлайды. Мұндай жобалар шикізатты емес, дайын өнім шығаруды көбейтеді. Ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты экономиканы әртараптандыру үшін ауыл шаруашылығына да көп қаржы бөлінуде. Мысалы, ауыл инфрақұрылымын дамытуға арналған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы 2019-2024 жылдары 2,2 мың ауылда 6,6 мың жоба жүзеге асырылған. Бұл – жолдар, су, мектеп, медицина нысандары сияқты инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Ауылдарға кадрларды тарту жобасы аясында «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» бағдарламасы бар. Бұл жобалар аясында жас мамандар ауылға барып жұмыс істесе ақша және тұрғын үйге жеңілдетілген несие беріледі. 2009 жылдан бері 114 мыңнан астам маман «Дипломмен ауылға» жобасына қатысқан.

Сондай-ақ көлік және логистика жобалары бойынша Қазақстан транзиттік ел болу үшін барынша тырысып жатыр. Бұл ретте теміржол, жолдар, логистикалық орталықтар даму үстінде. Бұл салаға да үлкен инвестиция салынуда. Энергетика жобалары аясында Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі көтерілді. Бұл электр энергиясын көбейтіп, экономиканың тұрақты дамуына көмектесуі тиіс. Дегенмен жеңіл өнеркәсіп саласын ұмытпауымыз керек. Жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша біздің табысымыз қазір өте төмен. Осы саланы дамыту бойынша арнайы жобалар ұйымдастырылып, бұл саланы тасада қалдырмаған жөн.

Жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту – экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі. Бұл сала халық тұтынатын өнімдерді (киім, аяқкиім, тоқыма, былғары бұйымдары) өндірумен айналысады. Қазір осы саланы дамыту үшін қандай бағытты ұстанған жөн?

Тоқыма өнеркәсібі – мата, жіп, тоқыма бұйымдарын өндіру. Тігін өнеркәсібі – киім-кешек тігу. Былғары және аяқкиім өндірісі. Кілем және тұрмыстық тоқыма өнімдер, бұл – экономиканы әртараптандырудың көзі. Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті дамыту жолдары: шикізатты өзімізде өңдеу керек. Қазақстанда мақта, жүн, тері сияқты шикізат бар.
Оларды шикізат күйінде экспорттамай, дайын өнімге айналдыруқажет. Бұдан соң жаңа фабрикалар ашу маңызды. Мемлекеттік деңгейде тігін фабрикалары, аяқкиім зауыттары, тоқыма өндірістері ашылатын болса табысымыз артар еді. Бұл жұмыс орындарын көбейтеді. Еңбек өнімділігін арттырады. Отандық брендтерді дамытуға септігін тигізеді. Қазақстандық киім брендтерін қолдау арқылы ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етеміз, сыртқа шығатын экспортты көбейтер едік. Заманауи технологиялар енгізу. Автоматтандырылған тігін машиналары, жаңа өндіріс технологиялары өнімнің сапасын арттырады. Сондықтан қазір бізге жеңіл өнеркәсіпті арттыру маңызды.

– Мемлекеттік қолдау қандай болуы керек?

– Мемлекет жеңілдетілген несие береді, субсидия бөледі, индустриялық аймақтар ашады. Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың маңызы: көп адамды жұмыспен қамтиды, шағын және орта бизнесті дамытады, импортқа тәуелділікті азайтады, экспорттық өнім шығарады. Қарапайым ғана мысал, ине-жіпке дейін көрші елден сұрауды доғару үшін жеңіл өнеркәсіп дамуы керек.

Ауылдық жерде жеңіл өнеркәсіпті дамыту ауыл экономикасын көтерудің және халықты жұмыспен қамтудың тиімді жолдарының бірі деген пікірлер айтылады. Келісесіз бе?

– Шикізатты ауылдың өзінде өңдеу таптырмас әдіс. Ауылдан шыққан шикізатты қалаға жібермей, сол жерде өңдеу керек.
Мысалы, жүн, киіз, кілем, көрпе, тері, былғары бұйымдары. Мақтаны өңдеу. Бұл ауыл тұрғындарына қосымша табыс әкеледі. Шағын тігін цехтарын ашу. Ауылдарда шағын өндіріс ашып, мектеп формасын тігу, жұмыс киімдерін тігу, ұлттық киімдер шығару оң бастама болар еді. Мұндай цехтар 10-20 адамға дейін жұмыс бере алады. Кооперативтер құру. Ауыл тұрғындары бірігіп, жүн жинау, тері өңдеу, тоқыма өнімдерін өндіру сияқты жұмыстарды бірге ұйымдастырса, өндіріс тиімді болады.

Ауылда жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін мемлекеттік бағдарламаларды пайдалана аламыз ба?

– Әрине, мысалы, «Ауыл – ел бесігі» ауыл инфрақұрылымын дамытуды көздесе, «Дипломмен ауылға» ауылға мамандар тартуды ұйымдастырады. Осы бағдарламалар арқылы ауыл жастарына жеңілдетілген несие мен гранттар берсе, оларға жеке кәсіппен айналысуға мүмкіндік берілсе, өте жақсы болар еді.

– Ауылға онлайн сату мүмкіндігін пайдалану тиімді ме?

– Ауылда жасалған өнімдерді маркетплейстер арқылы әлеуметтік желілерді пайдаланып сатуға болады. Бұл нарықты кеңейтеді.

– Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың артықшылығы неде?

– Жеңіл өнеркәсіп – экономиканың халыққа ең жақын салаларының бірі. Бұл салаға тоқыма, тігін, аяқкиім және былғары бұйымдарын өндіру кіреді. Әлемнің көптеген елдері дәл осы саланы дамытып, миллиондаған адамды жұмыспен қамтып, экономикалық өсімге қол жеткізді. Шетел тәжірибесі көрсеткендей, дұрыс саясат пен инвестиция жеңіл өнеркәсіпті ел экономикасының маңызды тірегіне айналдыра алады. Бүгінде жеңіл өнеркәсіп саласында әлемдік көшбасшылардың бірі – Қытай. Бұл ел ұзақ жылдар бойы арзан жұмыс күші мен үлкен өндірістік қуаттың арқасында әлемдік нарықты киім-кешек, мата және аяқкиім өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Қытайда мыңдаған ірі фабрикалар жұмыс істейді. Өндіріс көлемі өте үлкен болғандықтан, бұл ел әлемдегі киім өндірісінің негізгі бөлігін қамтамасыз етеді. Еуропаға жақын орналасқан Түркия да жеңіл өнеркәсіпті тиімді дамытқан елдердің қатарында. Түркия – сапалы тоқыма өнімдерімен және сән индустриясымен танымал. Елдің географиялық орналасуы Еуропа нарығына өнімді жылдам жеткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан көптеген халықаралық компаниялар өндірісті осы елде ұйымдастыруға мүдделі. Жалпы алғанда, жеңіл өнеркәсіпті дамытқан елдердің тәжірибесі бірнеше маңызды факторды көрсетеді. Олар – мемлекеттік қолдау, өндіріс технологиясын жаңарту, экспортқа бағытталған саясат және халықаралық нарықпен тығыз байланыс. Осы факторлар дұрыс үйлескен жағдайда жеңіл өнеркәсіп ел экономикасының маңызды драйверіне айналады.

Сұхбаттасқан

Әнуар ҚАЙЫРБЕК