Дельфиндер билей алмайды

(новелла)
Қала түні қапырық болады. Жазда да, қыста да. Сіз қаладан бос жүрген бейсауат адамды кездестірмейсіз. Бәрінің мойнына бір-бір тірліктің қамыты киілген. Жасушалардай қақтығысқан адамдар мен көліктердің қисапсыз қозғалысы. Әсіресе бейуақ пен іңір жалғасар тұста бұл қозғалысқа көз ілеспей кетеді. Сондай жылдам...
063 Zet нөмірлі көлік жүргізушісі бағдаршамның қызыл түсіне тоқтап, темекісін жандырды. Жартылай ашық тұрған көлік терезесінен шыққан түтін қаланың қым-қуыт тірлігіне араласып, жылдам жоғалып жатты. Отызға енді толған қою қара шашты жүргізуші бейқам ой үстінде. Әйелі мен қызы жайлы ойлайды. Нес іcтеп жатыр екен? Қызын бассейіннен әкеп, үйге кірген шығар.
Әйелі әдетінше кілтті кіреберіске қоя салып, шай қоюға ас үйге беттеген болар. Қызы дал болып шаршаған. Киімін шешпестен, зал үйдегі диванға бірақ құлады. Осы ойлар жарықтық жылдамдықпен басын бір-ақ сәтте шарлап өтті.
Жүргізуші мырс етті де, езуіндегі күлкіні дереу жиып алды. Бағдаршамның жасыл түсі жаныпты. Қайта қозғалыс.
Телефонда айтқан Мурал көшесі 54-ші үйге келді. Үй емес, әлдебір мекеме. Басындағы айқыштан аңғарды, шіркеу сияқты. Тек мына айқыш басқаша жасалған айқыш екен. Кәдімгі өзі көріп жүрген қалыпты айқыштан мүлде бөлек. Телефонын алып, жаңағы нөміріне қоңырау тастап, «келдім» деді. Арада екі минут өтпей жалбыр бас, бүкірек біреу алып дарбазадан шыға берді. Оның да қолында темекі. Шала сорып, тастай салды.
– Қайырлы кеш! – деді артқы салонға жайғаса беріп.
– Сізге де қайырлы кеш болсын! – деді жүргізуші.
– Адресті білесіз ғой?
– Вышка көшесі...
– Иә, Вышка көшесі – деді жалбыр шаш қостап.
– Тек бұл қай жақ? – деді жүргізуші өзіне сенімсіз. Қаланы аралап жүргеніне бес жыл болса да, бұл көшенің атын алғаш естуі.
– Жол картаңыз жоқ па еді?
– Картада көрсетпей тұр.
Жалбыр шаш беті жыбыр ете қалды да, әлдене есіне түскендей қайта сөзін жалғады.
– Вышка – жаңа атауы, ескі атауы Белков – деді жүргізушіге көмектескен болып. Бірақ жүргізуші бәрібір есіне түсіре алмады.
– Онда жол көрсетесіз – деді көлігін оталдырып.
– Мақұл.
Іңірдің қара шашына жармаса екі жолаушы қаланың шет жағына қарай бағыт алды.
**
Кешкі радио баяу сарнап келеді. «Five spot after dark» әні. Көліктер жарығы көзге шағылысып, көшедегі адамдар трампон үнімен селкілдеп билеп жүргендей. Жүргізушінің де көңілі көтеріліп, жолға көзін аша қарады.
Сәл маужырай бастаса болды әйелі мен қызы есіне орала кетеді. Әсіресе қызы. Сондай сүйкімді. Биыл бес жаста. Балет пен жүзу үйірмесіне қатар барып жүр. Өзінің айтуынша билегісі келеді. Жай ғана билеу емес, судың үстінде билеймін дейді. Өткен жылы аквапаркке апарған соң пайда болған ойы. Онда ол су бетінде билеген дельфиндерді тамашалаған болатын.
Бала қиял еліктегіш келеді емес пе, салған жерден осындай шешімге келді. Әкесі қызының қиялын шектегісі келмейді. Әйтпесе, дельфиндер билей алмайды ғой… Әлде билей ме?!
Қызы өмірге сондай құштар. Мінезі бөлек. Ешкімге ұқсамаған қызының осынау жайдары болмысына кейде өзі де таңғалады. Бұл әйелі екеуі үнемі жұмыста, қарбалас тірліктің бел ортасында жүреді. Тіпті кейде қыздарын үйірмеден алуды да ұмытып кетеді. Соған қарамастан, кішкентай ғана ақылды қыздары өз жағдайын өзі жасап, әрқашан бұларға түсіністікпен қарайды. Кінәламайды. Үлкендерге де беріле бермейтін бұл қасиет, қаршадай ғана кішкентай қыздың бойына қалай бітті екен. Соған таң.
Бірақ қазіргі балалар іштен біліп туады дейді ғой. Интернет көрген, қала көрген. Көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан технологияның тілін жатқа біледі. Бәрін түсінеді. Сондықтан таңғалудың да қажеті жоқ. Алдағы жүз жылда бала ата-анасын үйрететін хәлге жетсе те таңғалмайсың. Өркениет деген – осы.
– Өзгерте береді – деді жалбыр шаш тыныштықты бұзып. Жүргізуші түсінбегенін білдіргендей алдыңғы айнаға қарады.
– Нені айтасыз? – деді жүргізуші жарқын.
– Көшелердің атын айтам.
– Иә, ол ма… Халықты білмеймін бірақ таксистерге қиын.
– Не қиын?
– Көшелердің атын жаттау.
Жалбыр шаш жүргізушіге сөйлеп отырса да назары басқа жақта. Көліктің терезесін түсіріп, қайта көтеріп, ойнап келеді. Әлденеге көңілі алаң сияқты.
– Кейде өзгертуге болмайтын дүниелер болады – деді ол сабырлы. – Сіз қалай ойлайсыз?
– Білмеймін. Мен бұл жағынан бейтараппын.
– Айтыңызшы, сіз мысалы, күніне неше сағат кісі тасисыз?
Жүргізуші тосын қойылған сұраққа мүдіріп;
– Әр… әрқалай. Кейде, он, кейде сегіз сағат – деді.
– Сонда қанша табасыз?
– Енді отбасыма жетеді.
– Жетпей ме, жете ме деген жоқпын. Қанша табасыз дедім. Жалбыр шаштың даусы өктем шықты білем, жүргізушінің өңінде тосырқау пайда болды.
– Енді, он-жиырма мың айналасы.
– Аз – деді жалбыр шаш шорт кесіп. – Мысалы, менен қанша табасың деп сұраңызшы?
– Қанша, құпия болмаса?
– Оның құпия түгі жоқ. Сіздің күні бойы жүріп тапқаныңызды жаңа ғана анау шіркеуден он минутта шығарып алдым.
– Сонда сіз немен айналысасыз?
– Ол жағы енді құпия – деді жалбыр шаш езуіне болмашы күлкі жүгіріп.
– Өзгертуге болмайтын дүние дегенім сол ғой, сіздің аз тапқаныңыз бен менің көп тапқанымды...
Жүргізуші әлі ештеңе түсінбеді. Жолаушысының сөзіне емес, кейпіне көбірек мән берген.
– Құдай менің аз ақшаға өмір сүре алмайтынымды біледі. Сондықтан бұл бұйрығын өзгерткісі жоқ.
Екеуі де тыншып қалды. Жүргізушінің мұндай кертартпа сөздерге еті үйренген. Әйтпесе, «сен не деп отырсың?» деп екі сөзге келмей, керісе кететіндер қаншама. «Тек жүрсең, тоқ жүресің» дейді. Мұндай әумесерлерді көріп тұрғаны бүгін ғана емес. Күнде тасып жүргені осылар. Қала – жасанды адамдарды өндіретін үлкен фабрика сияқты. Күн сайын онда мыңдаған тағдырлар қолдан соғылып жатыр. Бұл да соның біреуі.
– Сіздің балаңыз бар ма? – деді жолаушы.
– Бір қызым бар.
– Ал әйеліңіз ше?
– Қызым болса, әйелім де болуы заңдылық емес пе?
– Қайдам, қазір жалғызбасты әкелер көп. Мысалы, мен әкемнің қолында өстім. Тәрбиесі қатал болды. Ал анамды танымаймын да. Сізде қалай?
– Менде ме? Менде екеуі де болды. Үйде жалғыз ұлмын. Ерке өстім – деді жүргізуші есіне әлдене түскендей жымиып.
– Жолыңыз бопты. Бірақ балалық жарақат әркімде болады. Жалбыр шаш қолын қалтасына салды да, қозғалыссыз қалды. – Кітаптар солай дейді. Жарақаттың ең ауыры – сатқындық....
Тағы да араны басқан ұзақ үнсіздік. Жүргізуші серігінің ішіне терең үңілгісі-ақ келеді, бірақ өзі іш тартпаған соң, сыр сұраудан қаймығады. Егер мына жалбыр шашты табыт деп алар болса, ішінде бір мүрде жатқаны анық. Тек көлік иесі неге мұның сырына сонша ынтығып келеді, соны түсінбейді. Бәлкім, күні бойғы қозғалыстан мезі болған шығар. Әлде зерікті ме екен.
**
Бұлар кезекті бағдаршамға тоқтағанда сағат 21:34-ті көрсетіп тұрған. Көлік иесі жол шетінде «Дион» деген жазуы бар шағын гүлзарға қарап отыр. Түрлі-түсті гүлдер: жасыл гүл, сары гүл, қызыл роза, ақ роза. Әйнек бетінде салбыраған жылтырақ ойыншықтар. Арасында дельфин де бар екен.
Жүргізушінің ойына тағы қызы айтқан дельфиндер орала кетті. Оның айтуынша дельфиндер ешқашан мұңаймайды екен. Үнемі көңілдері шат. Және олардың көбісі ұйықтап жатқанда өледі. Бір жағынан аянышты, ал енді бір жағынан осылай да дұрыс па дейді. Бәрінен жалығып, енді көз іле бергенде, ешқандай ауыруды сезбей-ақ, мына қым-қуыт тірлікпен қоштасып кете барасың. Жақсы емес пе. Түсің өлімге жалғасады. Түсің өлімге… Жасыл жанды. Тағы қозғалыс.
Жүргізуші жарық шағылысқан айнадан байқап отыр, серігінің оң жақ бетінде тыртығы бар екен. Арнайы үңіліп қарамасаң, ат үстінде байқау қиын. Бала күннен қалған белгі ма, өте терең, әрі сондай көмескі. Су жаңа қара тонының ішінен жағасы қылтиған сары көйлектің ұшы анда-санда ғана елеусіз желбірейді. Жасы өзі шамалас. Бірақ көргені мен кешкені анау өзі қарап отырған белгісіз алыстарда ма дерсің. Біліп болмайды.
Жаңағы ән аяқталып, радио кезекті әнге ауысты. Eminem-нің «Beautiful» әні.
Бұлар үлкен трассаға шықты. Енді салып біткен тұрғын үйлердің қасынан оңға бұрылды. Қаз-қатар тізілген жабық қоймалардың жанына кеп тоқтады. Қоймадан бөлек бұл маңда ескі автотұрақ және бірнеше темір есікті гараж бар екен. Ішінде бір-бір үлкен құбыжық жатқандай, әрқайсы өзінше тым-тырыс.
– Қанша болды? – деді жолаушы.
– Мың жарым.
– Алыңыз. Артығын өзіңізге қалдырыңыз. Жолаушы бес мыңдықты суырды да, қолы қалтырап, жүргізушіге ұсына берді. Қолы ғана емес, демі де қалтырайтын сияқты. Қыстыгүні далада қалғандай жүргізушінің де бойын белгісіз бір салқындық сүрлеп өтті. Және тағы бір оғаш дүниені байқап қалды. Бірақ ол жайлы терең ойланған жоқ. Ақшаны алды да;
– Рақмет – деді. – Тағы көмек керек емес пе?
— Жоқ.
Жолаушы бағанағы көлікке мінген қалпымен, тәлтіректеп түсті де, жаңағы қоймалардың біріне бет алды. Көлік жарығы оның сорайған көлеңкесін одан сайын сорайтып, қойманың бетіне бедерлеп берді. Көлеңкесі – оның ішкі жан дүниесі сияқты еді; сондай құпия, сондай қорқынышты.
***
Жүргізуші қайтар жолда жаңағы жігіт жайын ойламауға тырысты. Бірақ күдік араласқан ырықсыз ойлар оның еркіне бағынбай, жарық түскен жолдың мына жағына бір, ана жағына бір шығады. Әсіресе соңғы көрген айғағы көз алдынан кетер емес. Анық көрді; сары көйлектің қол ұсынған жеңі. Жеңде – қызыл дақ. Қан екені айна-қатесіз. Көз алдауы мүмкін, бірақ түйсік алдамайды. Ол дақты ала көлеңкеге қарамастан анық көрді. Сол дақ міне алдына түскен жолдың көлеңкесіндей елестеп келеді. Өз бетіне жабысты. Жо-жоқ, ол дельфиннің бүйіріне жабысып тұр. Иә, бүйіріне. Шымқай сұр дельфиннің оң жақ бүйіріне күйдіріп басқандай ап-анық жабысқан. «Құдай-ау, өңім бе, түсім бе. Күні бойы титықтап шаршадым ба. Ұйқым келген болар. Әрнәрсе елестей бастады. Жо-жоқ, дельфиндер билеуі мүмкін емес. Мүмкін емес...».
Қызына айтуы керек, дельфиндер билемейді. Олар жай билеген сияқты болады. Адамдар да сондай.
«Тезірек жетсем ғой үйге!».
Радионы қайта қосты. Қатқыл диктор даусы «шұғыл жаңалық» таратып жатты.
«Шұғыл жаңалықтар! Осыдан екі сағат бұрын Мурал көшесі жақтан екі адамның мәйіті табылды. Мәйіт – анасы мен қызыныкі. Қылмыскер мүше саудалайтын қылмыстық топтан екені анықталды. Екі мәйіттің де маңызды органдары ұрланған. Осыған байланысты полиция жылдам іздестіру тобын құрды...»
Жүргізуші қолы дірілдеп, радионы өшіре салды. Жылдамдықты баяулатып, жол жиегіне тоқтады. Көліктен қалай түскенін де білмейді. Шалынып-сүрініп, трассадан төмен, қарайған қамысқа қарай безіп бара жатты. Құлағы ештеңе естімейді. Көзі ештеңе көрмейді. Санасында тек бір ой ғана: «Дельфиндер билей алмайды. Дельфиндер билей алмайды. Билей алмайды....!»
Мәтін астына ой жасырылған шығарма
Жантастың «Дельфиндер билей алмайды» новелласын оқып болғаннан кейін жабырқаңқы әлде торығыңқы көңіл күй бойымды биледі, анығы масыл болып еңсемді басып алды. Оқиғаның артқы көрінісі соншалық буалдыр, бұлдыр. Кейіпкерлер сол шаңыттанған кеңістікте баяу қозғалады. Тұтас шығармада көзге анық көрінетіні – жүргізушіні кідіртіп, қозғалтып келе жатқан бағдаршам ғана. Сосын жүргізушінің қиялындағы қызының сергек бейнесі.
Оқиғаның дені таксидің ішінде өрбиді. Жүргізуші мен жолаушының арасында. Жүргізуші жол бойы кішкентай қызын ойлайды, оның сөздерін, қылықтарын сүйсіне есіне алады. Айналаны тұмшалаған қара кеште, шым-шытырық қала өмірінде оны адастырмай жүрген бағдаршам осы қызы іспетті. Ал жолаушы алабұртып отыр. Оның елегізген күйі «көліктің терезесін түсіріп, қайта көтерген» дегбірсіз әрекетінен анық білінеді. Жүргізуші мен жолаушы бара жатқан бағдар да нақты анық емес, ескілі, жаңалы екі атауы бар көше. Әсіресе жүргізуші оның қай жерде екенін дәп басып, ажырата алмайды. Жолаушының нұсқауымен кетіп барады.
Жол бойғы әңгіме де сараң өрістейді. Қысқа сұрақ, келте жауап. Бірақ соның өзі оқырманды ақырындап елітіп, тарта түседі. Шығармада мәтін өте тығыз, артық, ауыз сөз, сөйлем өте аз. Ең бастысы – мәтін арасында кеңістік бар. Сол кеңістікте әркімге әр түрлі сезілетін көмескі, емескі ойлар бұғынып жатыр. Сіз бірде сюжетке назар аударсаңыз, енді бірде мәтіннің астарына үңіле түсесіз.
Жазушының едәуір төселіп, жатылып қалғаны бірден байқалады. Мысалы, жолаушының көліктен асығыс түскендегі дегбірсізденген күйін әдемі суреттейді де «тағы бір оғаш дүниені байқап қалды. Бірақ ол жайлы терең ойланған жоқ» деп бір ойдың ұшығын шығарады, кейін соны пышыратып алмай ары қарай сәтті алып кетеді.
Енді шығарманың өзімізге сөлекеттеу сезілген жерлері туралы айтайық. Бастапқы кезде жүргізуші мен жолаушының диалогы сондай жатық әрі табиғи құрылады. Сонан соң жолаушы аяқасты өзінің балалық шағы, әкесімен өткен өмірі, анасын білмейтіні, сондан жүрегінде жара қалғаны жайында сыдыртып айта жөнеледі. Біріншіден, жолаушы таксисті жыға танымайды, тіпті алғаш рет көріп тұр, екіншіден, ол өте суыт кетіп барады, іші алай-дүлей, дәл сондай күйде отырып бейтаныс біреуге «ағынан жарылуы» сәл сенімсіздеу сезілді. Біздіңше мұны «осы ойды қосып жіберейін» деп жазушы «қыстыра кеткендей» көрінді. Сонан соң шығарманың соңындағы радиодан берілетін жаңалық бізге басы артықтау білінді. Жолаушының көліктен түсердегі қуарған өңі, қалтыраған қолы бір оқыс оқиғаны айғақтап тұрған жоқ па?! Оны қайтадан ақпаратқа айналдырып берудің қаншалықты қажеті бар? Кейде шығарма жұмбақ күйінде аяқталғаны да дұрыс. Соңғы шешімді, болжамды, қорытындыны оқырманға қалдырып.
Ал шығармадағы дельфин жүргізуші мен қызын, оның өмірін, буалдыр, бұлдыр қала тіршілігін, санасында қылаулаған әр түрлі ойларын бір-бірімен байланыстырып тұрған жіптіктей сәуле. Дәл осы сәуле новелланың тұтас өн бойына тартылған. Жазушы бұдан өзге де өміріміздің көлеңкелі, күңгірт тұстарына ой шырағымен үңіледі. Оны көзқарақты оқырман өзі де аңғара жатар.
Жақсылық ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ