Демографиялық саясат жақсару үшін инфрақұрылым жетіліп, экономика жақсару қажет

Қазір демографиялық саясатты жүзеге асыратын уәкілетті орган керектігі жиі айтылып жүр.
Бұл салада жүрген мамандардың пайымдауынша, елде демографиялық саясатты бақылайтын, жағдайды кешенді түрде қадағалайтын бірде-бір уәкілетті орган жоқ. Мәселен, денсаулық сақтау министрлігі елдің денсаулығына, медициналық қызметтің сапалы болуына, өлім-жітімді азайтуға қатысты сауалдарға жауап берсе, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамтуға, жәрдемақы төлеуге, зейнетақы, жалақы мәселесін есептеуге қатысады. Сол тәрізді ішкі істер министрлігі қылмысты азайтуға, қылмыстық істердің статистикасын төмендетуге қатысты жоспарларын ұсынып жатады. Ал халықтың өсіміне қатысты жауап беретін нақты уәкілетті орган жоқ. Сондықтан алдағы уақытта біз үшін демографиялық қауіпсіздікті күшейту, демографиялық саясатты нығайту маңызды болмақ. Бұл ретте «Барометр» талдау және сараптау орталығының сарапшысы Дәурен Арынның ой-пікірін ұсынуды жөн көрдік.
Өңірлік дамуға мән беру керек
Сарапшының ойынша, болашақта Қазақстан үшін өңірлік дамуға мән беру маңызды болмақ. Ауылдық аймақтардағы, дамымай жатқан аудандардағы демографиялық саясатты нықтау, сол өңірлердегі халықты жұмыспен қамтуға, адами капиталдың өсуіне мүмкіндіктер ашылуы тиіс. Ол үшін, біріншіден, аймақтарда шағын фабрикалар, наубайханалар, киім тігетін цехтар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кластерлер ашылса жөн болмақ. Қазақстан халқының 40 пайызы ауылдық жерлерде тұратынын мысал еткен маман, келешекте ауыл халқының өсіміне, ондағы елдің дамуына назар аударылуы қажеттігін айтты. Бұған қатысты ауылдық жерлерге салалық банктерді апарып, ауыл шаруаларын арзан несиемен қамту, сол арқылы ауылдағы ағайынды бизнеске бейімдеу де дұрыс шешім.
Бұдан бөлек, маман аймақтар арасында әсіресе Солтүстік Қазақстан облысында демографиялық өсімде табиғи кему болып жатқанын алға тартты. Яғни бұл облыста өлгендердің саны туғандардың санынан көп. Маманның айтуынша, этникалық құрылымына байланысты аймақтардағы жағдайды бақылап отыратын уәкілетті органдар болуы керек. Жаңағы солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде негізгі халықтың басым көпшілігі еуропалық этностар.
«Ал Шымкент, Қызылорда, Түркістан, Маңғыстау, Алматыда демографиялық көрсеткіште өсім бар. Бұл аймақтардың экономикалық жағдайы да өзге облыстармен салыстырғанда тұрақты. Сондықтан демографиялық өсімді сөз еткенде, алдымен өңірлік дамуға мән беріп, әр облыстың даму деңгейін жақсартуға күш салған абзал», – дейді маман.
Төрт бала көп бала ма?!
Сондай-ақ маман демографиялық дамуға, бұған қатысты халықты қолдау турасында өзге елдің тәжірибелерін мысал етуді ұмытпады. Мәселен, Қазақстанда төрт балалы отбасын көпбалалы отбасы санатына жатқызады. Ал Францияда екі балалы отбасы мемлекеттен арнайы көмектер ала бастайды. Германия, Швейцарияда да тура сондай жағдай. Олар халықтың туу деңгейін жоғарлату мақсатында осындай тәжірибеге сүйене бастаған. Батыс елдерінде бала саны артқан сайын отбасын ынталандыру жақсы дамыған.
«Францияның аумағы Қазақстаннан бес есе аз. Ал халқы 67 миллионды құрайды. Француздар тоқсаныншы жылдардан бастап халықтың санын ұлғайту бойынша бірнеше бағдарламаларды тетікке қосты. Халық санын көбейту үшін инфрақұрылымдарды жетілдірді, экономикасын нықтады. Мұндай бағдарламалар бізде де бар. Қуатты өңірлерді дамыту ұлттық жобаларын біз де қолға алып жатырмыз. Ендігі кезекте сол жобалардың нәтижелі болуын қадағалағанымыз абзал», – дейді сарапшы.
Демографиялық зерттеулер жүргізілуі керек
Жалпы, маманның байламынша, болашақта бізге бұл салада түрлі зерттеулер жүргізуге машықтанған жөн. Бұл салада жүрген ғалымдарды қаржыландыру, олардың білімін жетілдіру де заман талабы.
«Көші-қон, туу көрсеткіші, халықтың ішкі қалауына қатысты зерттеулер жүргізіліп отырғаны жөн. Қысқамерзімді, ортамерзімді, ұзақмерзімді демографиялық болжамдар жасалып отыруы қажет. Оған мемлекет тарапынан демеу қаражаттар бөлінуі тиіс. Адамдар мен инфрақұрылым тақырыбы келешекте өзекті бола түседі. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі осыған мән беріп, бұл салада арнайы зерттеулер жасалғаны абзал», – дейді маман.
Рас, маман айтса айтқандай, инфрақұрылым және адамдарға жайлы климат қалыптастыру қазірдің өзінде өзекті. Қазақстанның көптеген ауданы мен өңірінде мектеп ғимараттарының болмауы, интернет желісінің жеткізілмеуі де басты мәселе. Ауылдық аймақтарды, облыстарды, аудандарды медициналық техника және арнаулы көлікпен қамтамасыз ету де кезек күттірмейді. Осылайша, білім беру, денсаулық сақтау, еңбек нарығында демографиялық проблемалар бұрынғы болжам емес, бүгінгі шындығымызға айналып отыр. Демек, мұның барлығын реттеу, дамыту өзекті мәселе екені шындық. Бұл мәселелер түгенделсе, халықтың өсімі де артып, демографиялық саясатымыз да оңала түспек...
Қарлығаш САЙЛАУОВА