Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:15

Демократиялық жолмен оралған автократ

дональд трамп
Дональд Трамп жұбайы Мелания Трамп пен балалары Иванка Трамп, кіші Дональд Трамп, Эрик Трамп, Баррон Трамптың қатысуымен ант берді. Фото: Morry Gash - Pool/Getty Images

Дональд Трамп АҚШ-тың 47-президенті қызметіне ресми кіріскеніне үш күн болады.

 Вашингтондағы Капитолий ғимаратында вице-президент Джей Ди Вэнс екеуі халық алдында ант берді. «Американың жаңа дәуірі басталды» деген Трамптың сөзіне қарағанда, АҚШ-тың сыртқы саясатында едәуір өзгеріс болады. Ең бірінші мәселе, әрине – Украинадағы соғысты тоқтату. Бір тәулікте соғысты тоқтатамын деген Трампқа алғашқы күні-ақ осы сауал қойылды. «Жарты күн өтті, әлі жарты күнім бар, көреміз» деген Трамптың мысқылға толы жауабынан-ақ ол сөздің жеңіс үшін айтылғанын мойындағаны байқалады. Ресей президенті Путинмен де сөйлесетінін, бірақ дәл қашан екенін де айта алған жоқ. Бірақ Ақ үйге кіре салып, біраз бұйрыққа қол қойды.

Трамп
Фото: Getty Images

Трамптың екінші инаугурациясы

АҚШ президентінің инаугурациясы – бір президенттің келесі президентке билікті өткізіп берудегі ең елеулі сәті. Салтанатты шара билеуші президенттің билік мерзімі аяқталып, келесі президентке өткенін білдіреді.

Салтанатты жиынның ең мәнді тұсы – сайланған президенттің ант беру рәсімі. Трамп 2024 жылдың қараша айындағы президент сайлауында жеңіске жеткенімен, АҚШ-тың 47-президенті лауазымына: «Мен АҚШ-тың президенті міндетін адал атқаруға, бар ынта, жігеріммен АҚШ-тың конституциясын қолдауға, қорғауға, сақтауға салтанатты түрде ант етемін» деген сөзді айтқаннан кейін ғана ресми кірісті. Трамппен бірге вице-президент лауазымына Джей Ди Вэнс те ант берді.

Әдетте инаугурация Капитолийдің табалдырығында, сыртта өтетін. Бұл жолы ауа райының қолайсыздығына байланысты ғимараттың ішінде, ротондада өтті.

Трамптың инаугурациясына АҚШ-тың бұрынғы президенттері Билл Клинтон, Джордж Буш әйелдерімен бірге, Барак Обама жалғыз келген. Мишель Обама 2009 жылдан бергі барлық инаугурацияға қатысқан еді. Өкілдер палатасының бұрынғы спикері Нэнси Пелоси де келген.

Саясаткерлерден бөлек бұл шараға ірі бизнесмендер, миллиардерлер және технологиялық корпорациялардың басшылары да қатысты. Tesla, SpaceX компанияларының бас директоры Илон Маск, Amazon және Blue Origin компанияларының негізін салған Джефф Безос, Meta Platforms-тың құрылтайшыларының бірі Марк Цукерберг және TikTok-тың бас директоры Шоу Цзы Чу, Apple-дың бас директоры Тим Кук, Miscrosoft басшысы Сундар Пичаи болды. Және Трамптың отбасы түгел қолдауға келді. АҚШ-та ірі корпорациялар президент инаугурациясын дәстүрлі түрде ақша бөліп келеді. The Washington Post басылымының жазуы бойынша Трамптың инаугурация комитеті 150 миллион доллар жинаған.

Әлемдік саясаткерлерден Италия премьер-министрі Джорджа Мелони мен Аргентина президенті Хавьер Милей қатысты. Әдетте Америка президенттерінің инаугурациясы шетелдің басшыларын мүлдем шақырмайды.

Бұл – Трамптың екінші инаугурациясы. 2017-2021 жылдары ол АҚШ-тың 45-президенті болған. Инаугурация күнін Трамп Вашингтондағы Лафайет алаңында орналасқан Қасиетті Иоанн шіркеуіне барудан бастады. Ротондадағы салтанатты шара жергілікті уақыт бойынша 12:00-де басталды. Біздің уақыт бойынша – түнгі он.

Трамп инаугурацияға Джо Байденмен бір көлікте келген. Оған дейін әйелдері Джилл Байден, Мелания Трамппен бірге экс және жаңа президенттердің Ақ үйдегі дәстүрлі дастарқанынан дәм татқан. Төрт жыл бұрын Трамп бұл дәстүрден бас тартып, тіпті Байденнің инаугурациясына қатыспаған еді. «Байден үшін дәстүрді сақтау маңызды» деген CNN.

Инаугурация салтанаты дұғадан басталды. Оны оқу үшін Трамп белгілі америкалық уағызшы, баптистік қайырымдылық қорының басшысы Франклин Грэмді шақырған.

Трамп пен Вэнс қолдарын Інжілге қойып, ант берді. Трамп бұл жолы екі бірдей кітап әкелген. Біріншісі, 1955 жылы анасы сыйлаған Інжіл, екіншісі, Линкольн 1861 жылы инаугурациясында пайдаланған тарихи кітап. Вэнс те өз отбасының тарихи мүккәмалы саналатын анасының апаларынан бері келе жатқан Інжілді әкеліпті.

Джей Ди Вэнс бірінші ант берді – вице-президент бірінші басшы қаза тапса, отставкаға кетсе, не қызметінен бас тартса, соның міндетін атқарады. Одан кейін ант беруші Трамп. Оның антын АҚШ-тың Жоғарғы сотының басшысы Джон Робертс қабылдады. Ант беру кезінде Трамптың қасында әйелі Інжілді ұстап тұрды.

Содан кейін Трамп инаугурациялық сөзін сөйледі. Тарихи маңызы бар бұйрықтарға қол қоятынын айтты. Мексикамен шекарасына төтенше жағдай жариялап, Мексика шығанағын Америка шығанағы деп атайтынын және екі ғана жыныс болатынын (ер мен әйел) айтты. «Американың алтын ғасыры тура осы сәттен басталады. Біздің мемлекетіміз бүкіл әлемнің қызғанышын тудырып, дами береді» деді.

Трамптың президент тағына отыруымен діни қайраткерлер раввин Ави Берман, Детройт шіркеуінің пасторы Лоранцо Сьюэлл, католик шіркеуінің пірәдары Фрэнк Мэн құттықтап, сөз сөйледі.

Инаугурация комитетінің өкілі растаған бағдарлама жоспарына сәйкес, кантри музыкасының жұлдызы Кэрри Андервуд ұлықтау рәсімінде America the Beautiful әнін орындады.

CNN-ге берген мәлімдемесінде Андервуд ол осы сәтте өнер көрсететінін мақтан тұтатынын және «бұл қоңырауға жауап беру құрмет» екенін айтқан. «Мен елімізді жақсы көремін және инаугурацияда ән айтуды және осы тарихи оқиғаның кішкене бөлігі болатынымды мақтан тұтамын» деген болатын Андервуд.

Комитет басқа әртістердің де түрлі іс-шараларда өнер көрсетуі жоспарланғанын айтқан болатын. Трамптың жеңіс шеруі кезінде Кид Рок, Билли Рэй Сайрус, Ли Гринвуд және Либерти университетінің хоры өнер көрсеткен. Джейсон Олдин мен рэпер Нелли Liberty Ball кешінде ән айтқан. Бас қолбасшы балында Rascal Flatts кантри тобы мен кантри әншісі Паркер МакКоллум ән айтса, Гэвин ДеГроу Starlight Ball-да өнер көрсеткен.

Трамп
Трамп Капитолийде инаугурациясында сөйлеп тұр. Фото: Kevin Lamarque / Getty Images

Ұлықтау рәсіміндегі сөз

Трамп өз сөзінде иммиграция мен экономикаға мән бере сөйледі. Әлеуметтік зерттеуге қарағанда америкалық сайлаушылардың былтыр көп назарын аударған осы сұрақтар. «АҚШ-та екі ғана жыныс болады. Ер мен әйел» деген сөзін жақтастары шулап қолдап кетті. Бұл мәдени аспектілерге көбірек мән беретінін көрсетеді дейді саясаттанушылар. Демократтармен сайлау бәйгесінде де осы мәдени аспектілермен саясатты контраст жасау арқылы үлкен қолдауға ие болған еді.

Өзі уәде еткен жаңа дәуірдің қандай болатынын айтпас бұрын Трамп осы уақыттағы АҚШ-тың саяси климатындағы сүреңсіз климатқа тоқталды. Джо Байден және де өзге демократтар мелшиіп тыңдаған сөзінде Трамп мемлекет билігі «сенімсіздік кризисін» бастан кешіп жатқанын айтты. 2020 жылғы сайлау нәтижесімен келіспегені үшін АҚШ-тың Әділет министрлігінің қудалауға түсіргені «қатыгез, әділетсіз» болды деп сөкті. «Радикал, жемқорлыққа ыңғайлы истеблишментті» айыптап, олигархтарға қарсы сөз айтты. Бұл Америка халқын биліктен, байлықтан айырды деді. Бұл Трамптың популистік, антиэлитарлық риторикасы еді. Бірақ осы сөзді айтып тұрғанда оның артында әлемнің ең ықпалды, бай бизнес лидерлері отырды.

Трамп жиналған жұрттың әрі бар халықтың назарын жарқын сөздерімен өзіне аударып, бастамашыл болып көрінді. Көмекшілері иммиграция, энергетика, сауда, білім беру жүйесі және мәдени-әлеуметтік аспектілер бойынша бірнеше бұйрықтарды дайындаған.

АҚШ президенті өз сөзінде осылардың бірнешеуіне арнайы тоқталды. Энергетика саласында, иммиграция мәселесіне айрықша назар аударатынын айтты. Бұл шекарадағы АҚШ армиясын күшейтіп, пана сұрайтындардың құқықтарын реттеуге ықпал етеді деді. Және энергоресурстарды өндіру үшін федералды жер телімдер көбірек беретінін мәлімдеді. Мексика шығанағының атын ауыстыратынын қайталап, Панама каналын бақылауды қайтаратынын және қосты.

Су жолын негізінен Қытай бақылайтынын, сол себепті америкалық сауда және әскери кемелер шектен тыс көп ақша төлеп отырғанын айтты. Бұл Панама билігімен алда болатын келісімдердің нақты қандай бағытта жүзеге асатынын тұспалдау болғандай. «АҚШ өзін қайтадан гүлденген мемлекет сезінетін болады» деді, америкалықтардың байлығы мен шекарасы кеңитінін меңзеп. Соңғы сөзі АҚШ-тың одақтастарының мазасын кетіруі мүмкін. Себебі осыған дейін Гренландия аралын сатып алғысы келетінін және әзілдеп болса да Канада АҚШ-тың 51-штаты болсын деген еді.

Сайлауалды кампаниясы кезінде Трамп көптеген уәделер берген болатын. Енді президент болғасын сол уәделерді орындауға тырысатыны анық. Және «Алтын ғасырдың» қандай болатынын дәлелдеуі керек.

Сөзін аяқтаған соң, Байденнің теңіз әскерінің тікұшағымен кетіп бара жатқанын көріп, бірнеше дайындықсыз сөзін де айтып қалды. Нақ сол сөздері бұқаралық ақпарат құралдарының тақырыбына шығып, АҚШ саясатының беталысын аңдатып қалғандай.

2020 жылғы сайлау нәтижесінің қолдан жасалғанын айтты. Нэнси Пелоси сол үшін жауапты екенін де ескертті. 2021 жылы 6 қаңтарда Капитолийге жасалған шабуылға тура осы Пелосидің қылмыстық жауапкершілігі барын естіртті. 2024 жылғы сайлаудағы ірі жеңісіне мақтанып, инаугурациядағы бірлік туралы сөздеріне еріксіз келіскенін меңзеді. Бұл алдағы төрт жылда АҚШ-ты күтіп тұрған саясат беталысының аз ғана бөлігі болып көрінді.

Трамп
Фото: Bloomberg

Алғашқы бұйрықтар

Ұлықтау рәсімі біткеннен кейін Трамп жаңа президенттің әдеттегі рәсімін жасады – бұрынғы президент әкімшілігінің бұйрықтарының күшін жойды. Мемлекеттік қызметкерлердің кеңселерге оралуына және Париждегі климаттық келісімнен шығуға қол қойды.

Дональд Трамп Джо Байден әкімшілігінің Батыс жағалаудағы израильдік қоныстанушыларға қарсы санкциялар салған бұйрығының күшін жойды. 2024 жылғы ақпанда Джо Байден Израиль 1967 жылдан бері басып алған Батыс жағалаудағы қалалар мен елді мекендерде палестиналықтарға қарсы зорлық-зомбылық жасады деп айыпталған қоныстанушылар мен топтарды белгілеуге бұйрық берген болатын.

Байденнің әрекеті Палестина автономиясының Хувара қаласында палестиналықтардың үйлерін өртеп, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған адамды анықтауға жол ашқан еді.

Бұл Трамп Ақ үйге оралған алғашқы күні қол қойған ондаған атқарушы бұйрықтардың бірі болды.

Сондай-ақ Дональд Трамп Америка Құрама Штаттары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығатынын мәлімдеді. Трамп біраздан бері БҰҰ денсаулық сақтау агенттігінің сыншысы болды және оның әкімшілігі Ковид-19 пандемиясының таралуы жалғасуына байланысты 2020 жылдың шілдесінде ДДҰ-дан ресми түрде шыға бастады. Бірақ төрт жыл бұрын сол кездегі президент Джо Байден қызметіне кіріскеннен кейінгі алғашқы әрекеттерінің бірінде ұйымнан АҚШ-тың шығуын тоқтатты.

Дүйсенбіде жарияланған бұйрықта ұйымның «Уханьдағы, Қытайдан және басқа да жаһандық денсаулық дағдарыстарынан туындаған COVID-19 пандемиясына дұрыс әрекет етпеуі, оның шұғыл қажет реформаларды жүзеге асырмауы» делінген.

«Бұл үлкен сұрақ» деді Трамп көмекшісіне бұйрыққа қол қоя бастағанда, өзінің 2020 жылғы шешіміне және басқа елдермен салыстырғанда АҚШ ұйымға тым көп ақша төлеп жатыр деген сеніміне тоқталды. 2020 жылы Трамп сонымен бірге ұйымды Қытайға Ковид-19-ның шығу тегін жасыруға және оның таралуына мүмкіндік беруге көмектесті деп дәйекті түрде айыптады.

Трамп қол қойған тағы бір бұйрық – барлық шетелдік көмек бағдарламаларын тоқтату туралы. Олардың АҚШ-тың жаңа әкімшілігінің саяси мақсаттарына сәйкестігі тексеріледі.

«Тапсырыс бастапқыда қанша көмекке әсер ететіні белгісіз, өйткені көптеген бағдарламаларды қаржыландыруды Конгресс қазірдің өзінде бөліп қойған және әлі жұмсалмаған болса, жұмсалуы тиіс» деп хабарлады AP.

Трамп: «Америка Құрама Штаттары тарапынан берілетін сыртқы көмек АҚШ президентінің сыртқы саясатына толық сәйкес келмесе, берілмейді» деген. Америка Құрама Штаттарының басқа елдерге беретін қаржылық және басқа да көмегінің жалпы сомасы әдетте америкалық бюджеттің 1 пайызынан аспайды. Бірақ Украинаға берілген әскери көмектің жалпы соммасы мемлекеттік департаменттің мәліметі бойынша, 2014 жылдан бері шамамен 70 миллиард доллар (67 миллиард еуро). Оның шамамен 66 миллиард доллары Ресейдің жаппай басып кіруі басталғаннан бері берілген. Өзге Израиль (жылына 3,3 миллиард доллар), Египет (жылына 1,5 миллиард доллар) және Иордания (жылына 1,7 миллиард доллар) алып отырған. Бірақ бұл бюджеттер ондаған жылдар бойы төленген ұзақ мерзімді пакеттерге кіреді, сондықтан үш елдің «өткір қысқартуларға тап болуы екіталай», – деді AP.

«Біз жұмсайтын әрбір доллар, біз қаржыландыратын әрбір бағдарлама» үш сұраққа жауап беруі керек: «Бұл Американы қауіпсіз ете ме? Американы күштірек ете ме? Американы гүлдендіре ме?» деді АҚШ Сенаты АҚШ Мемлекеттік хатшысы ретінде бекіткен Марко Рубио өз кезегінде Сенаттың халықаралық қатынастар жөніндегі комитетінің мүшелеріне.

Қаңтардың басында Украина президенті Владимир Зеленский Батыстың, әсіресе Америка Құрама Штаттарының Киевке қолдау көрсетуді тоқтатуы «жындылық» болатынын айтқан еді. Трамптың бұл өзгерістерді енгізуі ең алдымен тап осы Украинаға берілетін көмекті қысқартуды көздейтіні анық.

Трамп Украинадағы соғысқа бейжай қарамайтынын да білдірді. Ақ үй басшысы егер Владимир Путин соғысты тоқтату туралы келіссөздерден бас тартса, Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізетінін айтты.

Сейсенбі күнгі баспасөз мәслихатында Ресей басшысымен және Украина президенті Владимир Зеленскиймен «қашан қаласа да» кездесуге дайын екенін мәлімдеді. Трамп сондай-ақ Украинадағы соғыс құрбандарының ресми санына тағы да күмән келтірді. Оның айтуынша, соғыс қазірдің өзінде «миллиондаған адамның» өмірін қиды. Осылайша, америкалық президенттің бағалауы бойынша Мәскеудің шығыны шамамен 800 мың адамға, ал Киевтікі 600-ден 700 мың адамға дейін жетеді.

Трамп сонымен бірге АҚШ-тың Украинаға көмек көрсетуде НАТО-ның басқа елдерімен салыстырғанда пропорционалды емес жоғары қаржылық жүктемені көтеретінін тағы да сынады және альянс серіктестерін қорғаныс шығындарын ішкі жалпы өнімнің 5 пайызына дейін арттыруға шақырды.

Жалғас Сәдібекұлы, Джордж Вашингтон университетінің түлегі: Өшпенділікпен басталған мансап

АҚШ-тың 22 штатының бас прокурорлары Дональд Трампты сотқа берді. АҚШ президенті қызметіне кіріскеніне бір күн өтпей жатып сотқа тартылды. 22 штаттың бас прокурорлары Дональд Трампты лауазымын асыра пайдаланып, конституцияға қайшы әрекет етті деп айыптап отыр. Себебі кеше Ақ үй басшысы азаматтығы жоқ адамдардың Америка жерінде туған балаларына азаматтық бермеу туралы бұйрыққа қол қойған еді. Трамп өзі айтқандай, қол қойған маңызды құжаттардың бірі – осы. Жеті жүз сөзден тұратын бұл бұйрық арқылы америка жерінде заңсыз не уақытша визамен жүрген ата-ананың жаңадан туған балаларына азаматтық беруге тыйым салмақ. Бұл ереже бір айдан соң күшіне енеді. Алайда Трампты конституция талабын бұзды деп айыптаған адам құқықтары жөніндегі ұйымдар мен жиырмадан аса штаттың бас прокурорлары Жоғарғы сотқа шағым түсірді.

Калифорния штатының Бас прокуроры Роб Бонта: «Президент өз өкілеттігін шектен тыс асыра пайдаланды. Біз оны сол үшін жауапкершілікке тартамыз. Соттан осы жарлық күшіне енбей тұрып тоқтату үшін алдын ала тыйым салу туралы шешім шығаруды және сот ісі жүріп жатқан кезде, Америкада туған көптеген балалардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуді сұраймын» деді. Конституция бойынша америка жерінде туған кезкелген бала автоматты түрде АҚШ азаматы болып саналады. Яғни ата-аналарының иммиграциялық мәртебесі маңызды емес. Бұл он төртінші түзету конституцияға жүз елу жыл бұрын енгізілген. Яғни бір жарым ғасырдан бері жұмыс істеп тұр. Сондықтан прокурорлар Трамп бір бұйрық арқылы бұл бапты мансұқтай алмайды дейді.

Вашингтон штатының Бас прокуроры Ник Браун: «Біз бәріміз президенттің өз саяси мансабын иммигранттарға қарсы қорқыныш пен өшпенділікті қоздыру арқылы бастағанын білеміз. Енді ол Америка азаматтығының мағынасын толығымен қайта қарағысы келеді, бірақ оған мүлдем құқығы жоқ. Бір адам, тіпті ол президент болсын, конституцияның талабын жоққа шығара алмайды» деді.

АҚШ конституциясы бойынша тек шетелдік дипломаттардың және басқыншы жаулардың балалары ғана азаматтық ала алмайды. Америка жерін ешкім жауламағандықтан, соңғысы мүлдем іс жүзінде қолданылмайды. Дегенмен Трамп дипломаттарға қатысты шектеулерді негізге алмақ. Ал статистика бойынша жыл сайын жүз елу мың бала АҚШ-та туғаны себепті азаматтық алады. Кейбір шетелдіктер осы мүмкіндікті пайдалану үшін арнайы АҚШ-қа келіп босанып жатады. Трамп өзінің бұйрығы арқылы бұған жол бермеуді және жаппай депортацияны кедергісіз жасауды көздеп отыр.

Трамп
Фото: Tasos Katopodis/Getty Images

Жаңа заманның диктаторы

Сайлауда жеңгелі бері Батыс елдерінің бұқаралық ақпарат құралдары Трамп пен оның саясаты демократияға қаншалықты қауіпті деген сауалға бас қатырып келеді. Сайлау алдында Трамп бір күн болса да тиран сияқты билік жүргізгісі келетінін айтқан. Солай Мексикамен арадағы шекараны жауып, заңсыз миграцияны реттеймін деген. Инаугурацияға дейін Гренландия мен Канаданы қосып алғысы келетінін мәлімдеді. Оның командасындағы Илон Маск ультра билік жүргізуді ашық қолдайды. Президенттік орнын босатып кетіп бара жатқан Байден Трамп АҚШ-тағы демократияның түбіне жетеді деген болатын.

Трамп 2020 жылғы сайлауда жеңілгенін мойындағысы келмейді. Бұл Капитолийді басып алушыларға дем берген болатын. Президент бола сала Трамп сол «бүлікшілерге» рақымшылық жариялады. Бұл іс бойынша қазір 250 адам түрмеде отыр. «Жоғарғы соттың жақындағы шешімі бойынша президент қызметіндегі адам мерзімі аяқталғанша барлық қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. Бұл тағы да заңсыздықтарға жол ашады» дейді Вашингтон университетінің профессоры Джеймс Лонг. 2022 жылдан бері Трамп өзінің оппоненттерін қылмыстық жауапкершілікке тартамын деп қорқытып келе жатыр. NPR-дің есебі бойынша олардың саны жүзден асқан. 2016 жылы Трамптың кампаниясының ұраны «Lock her up» болды. Бұл демократтардың атынан сайлауға түскен Хиллари Клинтонды түрмеге отырғызуға шақыру еді. Бірақ сайлаудан кейін бұл ұран орындалған жоқ. Трамп бірінші президенттік мерзімінде-ақ Жоғарғы сотын өзіне икемдеп алған. «Бұның бәрі конституциялық емес жолмен әрекет етуге тырысу. Бұл күштердің балансын жояды. Қазіргі диктаторлары билікке сайлау арқылы немесе әскери төңкеріс арқылы келеді. Путин де 2000 жылы сайлау арқылы президент болған», – дейді Калифорния университетінің зерттеушісі Илья Матвеев.

Трамптың мына беталысы, айналасындағы елдерді аннекциялау туралы ойлары шынымен әлемді шошытып отыр. Бірақ АҚШ-тың демократиялық күштері мен Конгресі бұған жол бере қоймас деп үміттенеміз.

Қасым Арықбай