Демократияны қорлаған диктатор
Мойындалмайтын «жеңіс»
26 қаңтар күні Беларусьте президент сайлауы өтіп, Лукашенко жетінші рет ел президенті болып «сайланды». Бұл сайлауды тырнақшаның ішінде айтатын себебіміз де жоқ емес. Оны көпшілік те сезіп, біліп отыр. Сайлаудағы кандидаттарды оппозиция биліктің қуыршақтары, техникалық кандидаттар деп атайды. Ал негізгі оппозиция түрмеде, я иммиграцияда жүр.
Беларусьтегі президент сайлауына арналған сайлау учаскелері жабылған. Билік «экзит-полл» деп жариялаған алдын ала нәтижелері бойынша, қазіргі президент Александр Лукашенко 87,6 пайыз дауыс жинаған деп жазды БЕЛТА агенттігі.
Беларусь орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлауға 52 елден 486 шетелдік және 44 361 ұлттық бақылаушы қатысқан. Еуроодақ Беларусьтегі президент сайлауын «жалған, еркін де, әділ де емес» деп атады.
Александр Лукашенко биыл қатарынан жетінші рет сайланып отыр. Оған қоса, тағы төрт үміткер – Коммунистік партияның бірінші хатшысы Сергей Сыранков, Либералдық-демократиялық партияның төрағасы Олег Гайдукевич, кәсіпкер Анна Канопатская, Еңбек және әділет Республикалық партиясының төрағасы Александр Хижняк қатысқан. Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановская бұл сайлаудың нәтижесін беларусьтар да, халықаралық қауымдастық та мойындамайтынын айтты.
Сайлауға қатысқан қалған кандидаттардың нәтижелері: Сергей Сыранков –2,7%; Олег Гайдукевич – 1,8%; Анна Канопатская – 1,6%; Александр Хизняк – 1,2%.
Сайлау болған күні түнде ОСК алдын ала дауыс беру нәтижелерін жариялады. Олардың есебі бойынша, Лукашенко 86,82 пайыз дауыс жинаған. Беларусь Орталық сайлау комиссиясы сайлауды заңды деп мойындады, түске дейін халықтың 50 пайызы сайлау учаскелеріне келіп, таңдауларын жасапты. Сайлауда дауыс берушілер көп келу үшін мемлекеттік қызметкерлерге еңбек демалысына шығуға тыйым салынып, ауруханадағы пациенттер де дауыс берсін деген бұйрық шығарылған. Еуроодақпен бірге Еуропарламент, АҚШ та бұл сайлауды мойындаудан бас тартты.
Сайлау атмосферасы
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, Лукашенконың бұл жолғы сайлау өткізуі 2020 жылғы сайлаудан басқарақ болды. Сірә, төрт жыл бұрынғы оппозицияның жаппай демонстрация ұйымдастырып, халықтың ерекше тәртіппен ұзақ уақыт қарсылық көрсеткенінен сабақ алған сыңайлы. Ол сайлау кезінде билік шеруге шыққандар мен ұйымдастырғандарды қудалап, түрмеге жапқан. Көбі басқа елге жан сауғалап кеткен болатын.
Александр Лукашенко ол кезде 80,1 пайыз дауыс жинаған ресми дерек бойынша. Бірақ Батыс мемлекеттерінің біреуі ол сайлауды да мойындамаған болатын. Сайлау учаскелеріндегі дауыс ұрлау мен қолдан жасалған нәтижелердің көптеген дәлелдері ашық дереккөздеріне шығып, Беларусь билігінің масқараға ұшырағанын әлі ешкім ұмытқан жоқ. Бірақ одан қаймыққан, бетінен оты шыққан Лукашенко жоқ. Бұл жолы да сайлауға түспейтін едім, айналам, депутаттар қоймай, қатыстырды деуге де ұялған жоқ. «Патшада ұлт болмайды» дейтін, билік үшін күресте ұят та болмайтынға ұқсайды.
Беларусьте осы күні сайлау науқаны қызу жүріп, тартысты бәсеке болмайды. Коммунистік партияның атынан сайлауға түскен Сергей Сыранков Лукашенконы қолдайтынын айтып, жұрттың алдында оған рақметін де жаудырған. «Маған Сережа Сыранков ұнап қалды. Ол: «Сіз білесіз бе, біз қарсылас емеспіз, біз – біргеміз. Және қазіргі президентке жеңіс тілейміз» деді» деп, Лукашенко да Сыранковты мақтап қойды. Қалған үш кандидат – либерал-демократтардың атынан сынға түскен Олег Гайдукевич, Еңбек партиясының төрағасы Александр Хижняк, 2020 жылы да сайлауға қатысқан Анна Канопацкая – жоқ дегенде Лукашенкоға қарсы емес адамдар. Олар Сыранков сияқты қазіргі президентке жағымпазданып кетпесе де, одан алысқа да кетпейтіндері түсінікті.
«Зеркало» тәуелсіз басылымы, өз дереккөздеріне сілтеме жасап, мемлекеттік қызметкерлерді еңбек демалысына шығармағанын, аурухананың бас дәрігерлеріне пациенттерді 27 қаңтарға дейін ауруханадан шығармауға бұйрық берілгенін жазды. Тіпті реанимацияда жатқан науқастарды да дауыс берушілердің қатарына қосып, жағдайы ауырларды да дауыс бергендерге қосуды тапсырған. Ес-түссіз комада жатса да, «дауыс бергізген».
Сайлау кезінде бақылаушылардың дені ТМД елдерінен болған. Батыс елдерінен 17 бақылаушы келген. Беларусьтің мемлекеттік арналары Лукашенко отыз жыл билікте отырса да, тіс-тырнағымен жабысып алған жоқ, бірақ әлем үшінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында тұр, олай болса, бұрынғыдан да бірігіп, соғысқа араласып кетпеу үшін бірге болуымыз керек деп жар салып жатты.
Оппозицияны қуғындаған диктатор
Жексенбі күні таңертең, дауыс беру тоқтағанына бірнеше сағат қалғанда Александр Лукашенко пресс-конференция өткізген. Бірінші ақпараттық арна мен президент сайты тікелей эфирде көрсетті. Би-би-си агенттігінің тілшісі Стив Розенберг: «Сіздің саяси оппоненттеріңіз түрмеде жатқанда, сыртта қашып жүргенде бұл сайлауды демократиялық сайлау деуге бола ма?» деп сұраған. Халықаралық агенттіктің журналисіне жауап бергенде «сіз» деп әдеп сақтай алмаған Лукашенко: «Түрме мен эмиграция – олардың өз таңдауы» деп жауап берген. «Стив, біреу түрмеде, біреу айдауда, бірақ сен осы жерде тұрсың. Бұл – таңдау құқығы. Демократия деген – осы. Біреу түрмені таңдады, біреу елден кетті сен айтқандай. Біз ешкімді қуған жоқпыз ғой. Біз кек сақтамаймыз, зұлым емеспіз», – деді Лукашенко.
2020 жылы сайлауда жеңді делінетін Светлана Тихановская сол жылы тамызда қуғыннан қашып, шетелге кеткен. Сайлауға түскен күйеуі Сергей Тихановский қамауға алынғаннан кейін, оның орнына бақ сынамақ болған еді. Қазір Сергей Тихановский түрмеде отыр. 18 жылға сотталған. «Бізде саяси статья жоқ, түрмеде отырған оппозиция ешқандай да саяси тұтқындар емес. Сенбесеңдер, қылмыстық ісін қарайық» деген болатын Лукашенко.
Тихановская мен өзге де оппозицияның өкілдері жексенбі күні Варшава қаласында «Менің таңдауым емес» деген қарсылық маршын өткізген. Олар 350 метрлік ақ-қызыл-ақ жолақты туды Варшава көшелерінде көтеріп өтті. Бұл жалау 2020 жылы оппозицияны қуғындағаннан кейін Беларусьтің ресми туына альтернатива ретінде ұсынылған болатын.
«Осы күні Беларусьте болып жатқан жағдайды суреттеп айту қиын. Мазақ деген сөз ғана тура сипаттау болатын шығар. Сайлауды мазақ ету, таңдау идеясының өзін мазақтау, беларусь халқы мен халықаралық қауымдастықты мазақтау. Біз Лукашенкоға төрт жыл бұрын қарсы болғанбыз. Бұл клоунадаға да осы жолы сол жауапты қайталай аламыз», – деді Тихановская.
Лукашенкоға – екі қойың бір сом
2024 жылы Александр Лукашенко саяси бап бойынша сотталған 293 адамға рақымшылық жариялаған. Ал пропагандалық арналар бірнеше жылдан бері бірінші рет президенттікке экс-кандидат Виктор Бабарико мен Колесниковты эфирден көрсетті. Бірақ олар басқа оппозициялық лидерлер сияқты рақымшылыққа ілінген жоқ.
Бұл екіжүзді әрекеттер. 2020 жылғы жаппай наразылықтан кейінгі болып жатқан саяси шешімдердің өз есебі бар. 24 қаңтар күні «террористер мен экстремистердің» қатарына 21 адам қосылды. Олардың қатарында Лукашенконы әужалаған стендапер Слава Комиссаренко да бар.
Лукашенконың ойы соңғы айларда «сыртқы жаумен» күресу болып жүр. Олар Беларусьті бөлшектемек екен. Сол үшін Ресейге арқа сүйемек қашанғыдай.
Саяси сарапшы Рыгор Астапеня халықтың Лукашенкодан шаршағанын айтады. Олар да саяси режимнің өзгеріп, елдің тұрмысы оңалғанын қалайды. Ал Лукашенконың кезінде бұл мүмкін бе? Ел бір орында тұрып қалғандай жағдайда тұр. Өзгеріс жасау мүмкін емес. Халық та соны біліп, бірдеңеге қатысқылары да келмейді.
«Менің ойымша, Александр Лукашенко ендігі мерзімінде билікті сақтау үшін жеке басының қауіпсіздігіне көп күш салады. Батыс елдерімен қарым-қатынасын реттеп, Украинадағы соғысты тоқтатуға да ат салысқысы келер», – депті беларусьтік заңгер Илья Салей.
Светлана Тихановскаяның позициясы бұл сайлауды анағұрлым көп мемлекет заңды деп мойындамағанын қалайды. 2020 жылғы басып-жаншудан кейін әлем Беларуське назар аударғысы да келмейді. Оның үстіне, Таяу Шығыс пен Украинадағы соғыс, Трамптың президент болуы әлем назарын өзіне көп аударып жатыр. Тихановскаяға жұрт назарын Беларуське аудару қиын болатыны түсінікті.
Дегенмен Чехия, Литва, АҚШ сияқты елдер 2024 жылдың күзінде-ақ бұл сайлауды мойындамайтындарын жайып салған. 22 қаңтар күні Еуропарламент сайлауды қолдан жасалған деп айыптап, Беларуське экономикалық қысымды күшейту керек деген. «Лукашенко тағы да псевдо-сайлау ұйымдастырады. Тағы да жеңіп шығады. Бұл демократияны қорлау» деп жазды сенбі күні Х әлеуметтік желісіне еуропалық дипломатияның басшысы Кая Каллас.
Жексенбі күнгі пресс-конференциясында бұған жауап ретінде Лукашенко оған бәрібір екенін айтты. Батыс елдері бұл сайлауды мойындаса да, мойындамаса да ештеңе өзгермейтінін айтқан.
Осылайша, өзін Еуропаның соңғы диктаторы санайтын Лукашенко «халықтың қалауымен» жетінші мәрте президент тағына жайғаспақ.
Қасым Арықбай