Денсаулық басқармасы: Алматыда 2 жасар баланың жағдайы жақсарды
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, қалада коронавирус жұққан 82 адамның (4 ер адам, 2 әйел, бір бала) жетеуі жазылған.
Қалалық инфекциялық ауруханада 76 науқас емделіп жатыр. Олардың арасында екі бала бар.
— 66 науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Бір ересек адамның жағдайы ауыр. Тоғыз науқастың халі орташа ауыр күйде. 2 жасар баланың жағдайы жақсарды. Бүгін (31 наурыз) соңғы анализді күтіп отырмыз, егер нәтижесі теріс болса, ауруханадан шығаруға дайынбыз, — деді Тілеухан Әбілдаев.
Оның айтуынша, жаңадан коронавирус табылған тоғыз адамның барлығы сырттан келген: 5 адам — 30 наурызда Стамбул — Алматы бағыты бойынша ұшақпен келген. 6 адам 29 наурызда — Минскіден, 3 адам Дубайдан әр уақытта ұшып келген.
Қазір қалада 697 адам провизорлық стационарда жатыр. Олардың 84-і — бала. Екі күндік карантинде — 1029 адам, 3156 адам — үйде карантинде жатыр.
Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырған науқастар саны 325-ке жеткен. Алматы қаласы коронавирус жұқтырғандар саны бойынша республикада Нұр-Сұлтаннан (175) кейін еікнші орында тұр. Мұнда 82 адамнан вирус табылған. Қалада 19 наурызда карантин жарияланған. 22 наурызда жолаушылар пойызы және ішкі рейстер тоқтады. 1 сәуірден бастап халықаралық рейстер тоқтайды.