Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:42, 17 Шілде 2023

Депутат Базарбек казинодағы суреттеріне қатысты пікір білдірді

None
None

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек ойынханада суреттеріне қатысты пікір білдірді.

Мәжілісмен Facebook парақшасында шынында да казиноға барғанын  растады, бірақ суреттер Бақытжан Базарбек депутат болмай тұрып түсірілген.

«Көрсетілген сурет 7 ай бұрын, Мәжіліс депутаты болып сайланар алдында, дәлірек айтсақ, 2022 жылдың 24 желтоқсанында Конаев қаласындағы Bellagio казиносында жұбайым екеуміз концертке келгенбіз. Егер фотодан байқасаңыз, фонда шырша тұр, мен қысқы жемпір киіп жүрмін. Достар, мен ойыншы емеспін, ешқашан оған тәуелді болмағанмын және казинода ойнаған да емеспін. Мен отырған суреттерден қарасаңыз әйелімнің жанында тұрып немесе отырып, тортпен бір кесе шай ішіп жатырмын», — деп жазды ол.

Депутат Парламент Мәжілісіне дейін жер мәселесі бойынша кәсіби коммерциялық заңгер болғанын және өмірінде мемлекеттік қызметте жұмыс істемегенін баса айтты.

«Мен коммерциялық заңгер ретінде уақытымды қалай және қайда өткізгенімді жеке мәселе деп санаймын. Мұнымен бәрі келісетін шығар. Бірақ бұл жеке фотосуреттерді депутат болғагымнан соң біреудің (жасырын түсірілген) жариялауы кездейсоқ емес, оның себептері де бар», — деді Базарбек.

Бұл себептер, мәжілісменнің пікірінше, елдегі жер қатынастары мен құрылыстың күрделі мәселелері мен проблемаларының көтерілуіне байланысты оны «жамандау» әрекетімен байланысты.

«Депутат ретінде казинода жүргенім туралы жалған ақпаратты таратушылардың басты мақсаты –  халық алдындағы беделімді түсіру және осылайша сыбайлас жемқорлықпен күресудегі күш-жігерімді азайту. Маған ақпараттық қысым көрсету арқылы бұл ұсыныстарды заң жобалары ретінде жүзеге асыруға кедергі жасамақшы. Бұл таза арандатушылық,  депутаттық қызметіме жасырын түрде жасалған кедергі. Осының барлығының артында кімдердің аты тұрғаны белгілі. Бұдан кімге пайда әкелетінін де білуге болады», — деп жазды депутат.

Құмар ойын бизнесіне келетін болсақ, Бақытжан Базарбек оған толық тыйым салуды жақтаймын деп сендірді.

«Мен ойын бизнесіне тыйым салуға бірінші болып дауыс беремін, петицияға бірінші қол қоямын, ойынға тәуелділікпен күресемін», — деп түйіндеді ол.

Бұған дейін депутаттың  казинодағы суреттері тараған болатын.

Тегтер: