Депутат ЛГБТ мен феминита қауымдастығын экстремистік ұйымдар қатарына қосуды талап етті
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ЛГБТ мен феминита қауымдастығын экстремистік ұйымдар қатарына қосып, Қазақстанда олардың жұмысына тыйым салуды ұсынды.
Еш жазаға тартылмасына көзі жеткен азғындар күні кеше Алматыда Құрылтай өткізетінін ашық хабарлады. Әлмисақтан ел мен жердің, ұлыс пен ұлттың тағдыры талқыланатын құрылтай деген қастерлі ұғымды осынша төмендеткенде біз неге қарап қалуымыз керек?! Мемлекет басшысының өзі үйлестірген еліміздің Ұлттық Құрылтайының маңызы мен мағынасына нұқсан келтіретін бұл феминита азғындарына неге тоқтау жоқ?! Олардың артында кім тұр, оларға қаржы бөлетін кімдер және олардың көздеген түп мақсаты не?, - деді Зайытов.
Депутаттың айтуынша, аталған ұйымның ашық насихат жүргізуіне құқық қорғау органдары тарапынан еш шара қолданылмаған.
Құрметті Олжас Абайұлы! Сізден Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 18 ақпандағы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» № 31 Заңының 1 бабына сәйкес феминита қауымдастығына Қазақстан Республикасы аумағында шектеу қоюды және ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуларыңызды талап етеміз, деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда Feminita бастамасымен «Лесбияндар құрылтайы» ұйымдастырылған болатын.