Депутаттар босқа даурығып жүр

«Жас Алаш» газетінің үстіміздегі жылдың 16-шы қараша күнгі (№92) санында шыққан «Шу ауданы: Сәрсенбековке сенімсіздік білдіру – миллион тұрады» деген мақалаға орай төмендегі жәйттерді хабарлап, өз уәжімді айтсам деймін.
Қазіргідей күйінген кезімде талай жылғы еңбегім бағаланып, құрметке бөленген сәттерімді де еске түсіріп, айтуыма тура келіп тұр. Зейнет жасына 1 жылдай уақыт қалды, қызметтен абыроймен кетсек деген ниеттеміз.
Мен құрылыс саласында 38 жыл үзіліссіз жұмыс істеп, оның 14 жылында Шу ауданы әкімдігінің құрылыс саласына жауапты қызметтер атқарып келемін. Атқарған істерімді осыған дейін дабыра қылған жан емеспін. Жалпы, мен мемлекеттік қызметке қалай келдім? Естеріңізде болса, 2005 жылы қыс айында Шудағы жылу құбырлары қатып, жарылып, қатты шу болды. Мен технодзор болып жұмыс істейтінмін. Сол кезде күн демей, түн демей жүгіріп жүріп, құрылысты жүргізіп жатқан мердігерлердің заңсыздықтарын тауып, тез арада қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді табандап, талап еттім. Сол жылдары Шәкіров көшесіндегі балабақшаның құрылысын өз қаражатым есебінен бір жарым айдың ішінде салып бердім (қаржысын 1 жылдан соң әкімдік төлеп берді). Міне, осы және басқа еңбектерімді бағалады ма, сол уақытта Шу ауданын басқарған Бағлан Қарашолақов 2009-шы жылы аудан әкімдігінің құрылыс бөліміне шақырып, сенім артты. Одан бері де талай құрылысты аяқтап, ел игілігіне бердік. Сапасын қатаң қадағалаймын деп сеніммен айта аламын. Мемлекет қаржысының талан-таражға түсіп кетпеуін назарда ұстаймыз. Құдайға шүкір, салған нысандар, жүргізген су құбыры дейсіз бе, қайсысының болмасын қирап, сапасыз салынғаны, шу болған кезі жоқ. Өзімді елдің көзіне тіке қарай аламын деп санаймын.
Енді мақалада жазылған жайттарға келсем. Біріншісі – Шу ауданындағы 4 ауылда салынған шағын футбол алаңдары. Даудың басы өткен жыл аяғында Шу ауданы әкімдігі ЖКХ бөлімінің басшысы Калиқов Жадыраның аудандық сессияда 4 ауылдағы шағын футбол алаңдарының құрылысы аяқталды деп есеп беру кезіндегі қателігінен басталды. Аталған 4 шағын футбол алаңының жалпы жобалық құны 97,4 миллион теңге болған. Бірақ біз бюджет қаражатын үнемдеп, оны 57 миллион теңгеге салуға ұйғардық. Қаржы сол жылы қазан айының соңына таман бөлінді. Сол кезде Ақтөбе ауылында шағын футбол алаңының тегістеу жұмыстары жүргізіліп, тіреулері орнатылды. Алайда қар жауып, күн суытып кеткеніне байланысты құрылысты тоқтатуға тура келді. Ол кезде Еңбекші ауылынан басқа үш ауылда салынатын алаңның құрылыс материалдары толық сатып алынып қойылған болатын. Жоспар бойынша бұл алаңдардың құрылысы 2023 жылы, яғни биыл жыл соңына дейін аяқталуы тиіс еді. Қазіргі таңда 4 шағын футбол алаңы да ел игілігіне пайдалануға берілді. Құрылысы бітпей жатыр делінген Еңбекші ауылында да тұрғындар бірер күннен бері доп теуіп, дене шынықтырып жүр.
Осы мәселені толық зерделемей, анық-қанығына жетпей байбалам салған аудандық мәслихаттың 10 депутаты аудан әкімі Бақытжан Жәнібековке менің үстімнен сенімсіздік білдіріп, қызметтен босатуды талап етті. Бірақ аудан басшысы мән-жайдан хабардар, бәрін көріп-біліп отыр ғой. Олар антикордан бастап құзырлы орындарға да жазды үстімнен. Бірақ ешқандай қылмыстық іс-әрекет жоқ екені, заңсыздыққа жол берілмегені анықталды. Сосын әлеуметтік желілерге жазып, қаралай бастады. Осы кезде өзімді қорғау мақсатында сотқа бердім. Әйтпесе, олардан миллион теңгеден алып, байлығымды еселей түсу ойымда жоқ. Байлық демекші, мен 2009 жылы мемлекеттік қызметке келгенге дейін аудандағы белгілі кәсіпкерлердің бірі болғанымды жасырмаймын. Құрылыс фирма, ресторан, басқа да нысандарымыз болды. Ал сотқа бергендегі талабым – абыройыма, ар-ожданыма, іскерлігіме түрлі жолдармен жала жауып, қаралап жатқандарын тоқтату. Қателеспейтін адам жоқ қой, бірақ босқа даурыға беруге болмайды емес пе? Мейлі, әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрамай-ақ қойсын, жөнсіз жала жабуға тоқтау бола ма, жұмыс істеуге мұрша бере ме деген ой-мақсатпен сотқа жүгіндім. Әрі сотқа беріп, өзімді ақтамасам – олардың айтып-жазып жатқандарына білмейтін ел сеніп қалатыны шүбәсіз ғой деген ойда болдым.
Екінші мәселе – азаматтық некедегі әйелім Толқынбаева Грияданың 43 сотық жерімен Шу аудандық электр желісін сатып алуы жайлы. Бұл бойынша Жамбыл облыстық электр желісінде конкурс ойнатылып, 30 миллион теңгеге сатып алынған. Оның құжаттары бар, бәрі заңды. Мемлекеттік қызметкердің отбасы мүшелері кәсіпкерлікпен айналысуға заңда шектеу қойылмаған. Әйелім бүгінде 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер. Олардың медициналық сақтандыру, зейнетақы қорларына ақшасын аударады, салығын төлеп отыр. Осы Шуда «Бастау» атты ресторанымыз бар. Бұл ресторан мен мемлекеттік қызметке келгенге дейін алғашында құрылыс дүкені, кейіннен ресторан болғанын осындағы ел-жұрт жақсы біледі. Әйелім сол ресторанды жүргізіп отыр. Сол кезде жоғарыда айтқанымдай, «Шу-Төлеби құрылыс» деген атаумен құрылыс фирмасын да ашқанмын. Оны мемлекеттік қызметке келерде әйелімнің атына аударып бердім. Өйткені мемлекеттік қызметте атыңда фирма, бизнестерің болмау керек. Мұны бірер жыл бұрын сатты. Қазіргі қожайындары басқа. Балам Төлеби 3 жылдай бұрын жазғы каникул кезінде 3 айдай сол фирмада жұмыс істегенін жасырмаймын. Бірақ олар айтып отырғандай, бүгінде ол фирманың басшысы да, қызметкері де емес. Анық-қанығын құзырлы орындар арқылы да анықтасаңыздар болады.
Осы орайда 100 жылдан аса тарихы бар «Жас Алаш» газетінен жоғарыдағыдай сын мақаланы оқығанда мең-зең күйде қалдым. Осылайша, бар жайды бүкпесіз, қаз-қалпында айту үшін өздеріңізге жауап хат жазып отырмын.
Серік Сәрсенбеков,
Шу ауданы әкімінің орынбасары