Десін дерті: әлеуметтік желі, табыс культі мен жалған үміт

XXI ғасырдың екінші онжылдығында әлеуметтік желілер мен масс-медианың ықпалы әсерінен қоғамда successful success феномені қарқынды тарады.
Бұл ұғым бір қарағанда ирония боп естілгенімен, қазіргі капиталистік жүйеде табысқа жетудің белгілі бір стереотиптік бейнесін қалыптастырып бергенін жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, жастар өмірдегі жетістікті қымбат көлік, жайлы кресло, карьера, шетелге жиі саяхаттау сынды дүниелермен өлшейтін болды. Әлеуметтік желідегі блогерлер «минутына миллион теңге табамын», «айына үш рет саяхаттаймын», «бес үйім әлде алты көлігім бар» деп табысын көпе-көрінеу жарнамалап жүр. Бұл құбылыс көпшіліктің сана-сезіміне терең әсер етіп, адамның өзін-өзі бағалауына жаңа өлшем ұсынғаны рас. Енді адамдар өзінің қабілеті мен қарымын жеке құндылықтары тұрғысынан емес, «жылтырақ жетістіктер» арқылы бағалайтын деңгейге жетті. Нәтижесінде кейбір өмірлік мақсаттар мәнін жоғалтып, көп адам желідегі жылтырақтарға тәуелді бола бастады. Тіпті жастардың арасында өз мүмкіндіктеріне күмәндану, кемшілігін үнемі сезіну, әлеуметтік салыстыру синдромы сияқты психологиялық мәселелер ушыға түсті. Біреудің жылтыр өміріне көз қызартып, өз тағдырын сәтсіз, өмірін мәнсіз деп қабылдау дағдысы қалыптасқалы қашан. Осы тақырып турасында «Жас Алаш» бүгін дөңгелек үстел ұйымдастырды. Біздің сауалымызға психологтар Нұргүл Молдабайқызы мен Аманжол Гүлшарбат, әлеуметтанушы Айгүл Беймишева қатысты.
Ж.А: Ең әуелі «жылтырақ жетістіктерге» қызығудың себебі неде екенін сұрағым келеді. Бұл қоғамдағы қандай әлеуметтік қажеттіліктен туындады?

Н.М: Жалпы, адамның әлеуметтік мойындалу қажеттілігі – ішкі қажеттіліктердің бірі. Маслоу пирамидасы бойынша, адамның әлеуметтік қабылдану мен өзін-өзі танытуы – жоғары деңгейлі психологиялық қажеттілік. Ал қазіргі медиа мәдениет бұл қажеттілікті сыртқы «сәттілік атрибуттары» арқылы көрсетуге үйретіп отыр. Бұған себептер көп. Біздің қоғамдағы ең маңызды себептердің бірі – біздің посттоталитарлық қоғамда өмір сүруіміз. Бұндай мемлекеттерде адам өмірінің құндылығы көбінесе шынайы түрде сезілмеуі ішкі сезім ретінде ары қарай жалғасуы мүмкін. Себебі біз адамның жеке болмысы емес, оның қоғамға тигізген «пайдасы», яғни жетістіктері мен өнімділігі басты көрсеткіш ретінде қабылданған, оның құндылығы мойындалмаған қоғамда өте көп өмір сүрдік. Мұндай жүйелерде индивид өзін қоғам алдындағы міндеттемелер арқылы бағалап үйренген, табиғилықтан ажыраған, мысалы, жүз қойдан жүз елу қой алу, адам мен адамды салыстырулар, оның жекелігінен бас тарту, т.б. Ал бұл құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, санада және ілкі түйсік тұрғысында бекітіліп қалады. Нәтижесінде адамның жеке өмірі мен ішкі қажеттіліктері екінші орынға ысырылып, табыс пен нәтиже – негізгі құндылыққа айналады.
Бұдан бөлек, кеңестік кезеңде материалдық құндылықтарға шектеу қойылғаны белгілі. Киім, тұрмыстық заттар, сапалы тауарлар жетіспеген ортада адамдардың тұтынушылық қажеттіліктері толыққанды қанағаттанбаған. Бұл дефициттің травмалық ізі бүгінге дейін сақталып, қазіргі қоғамда материалдық нәрселерге деген сұраныстың күшеюіне алып келді. Киім, сөмке, смартфон сияқты сыртқы атрибуттар арқылы адам өзін бағалы сезінгісі келеді. Бұл — ішкі дефициттің сыртқы компенсаторлық механизмі деуге болады. Ал XXI ғасырдың екінші онжылдығында әлеуметтік желілер мен масс-медианың ықпалы «успешный успех» феноменін қалыптастырды. Бұл – әлеуметтік желілерде жиі көрсетілетін табысты өмірдің жасанды образы. Жастар осы үлгіні көре отырып, өмірдегі тіршіліктің құндылығын қымбат көлік, люкс өмір, шетелдік сапарлар арқылы өлшейтін болады.
А.Б: Соңғы кезде қоғамда белең алған бұл феноменнің пайда болу себебін бір емес, бірнеше тараптан қараған жөн болар. Бұл жаһандану, капитализм, неокапитализм мен өзгермейтін әлеуметтік қажеттіліктің тоғысуында пайда болған құбылыс. Қанша теріске шығарғанымызбен, бұл құбылыс қоғамда бар және оны мойындағанымыз абзал. Және жастарға ғана емес, қоғамның әр мүшесін бұл құбылыс айналып өтпейтіні ақиқат. Бәрібір қандай да бір әсері болады. Әдетте әлеуметтануда ғана емес, психологияда да әр адамның әлеуметтік мәртебе мен құрметке, әлеуметтік қауымдастыққа тиесілі болуға құқығы, қажеттілігі бар. Соған қарамастан, постиндустриялды қоғамда отбасы, білім беру, мемлекет сынды әлеуметтік институттар өз позициясы мен орнын жоғалта бастады. Индивидуализм, эгоизм өршіп, жеке адамның құндылығы мен маңызын жетістіктері арқылы өлшейтін болдық. Қазір сенің қандай отбасыда тәрбиеленіп, қандай әлеуметтік институттардан тәлім алғаныңа қарамастан, жеке адам ретінде үлкен жетістіктерге жетуіңе толық мүмкіндігің бар. Бұл бір жағынан өте жақсы құбылыс дер едім. Десек те, осыған дейін іргесін еш сөкпеген отбасы, қоғам, мемлекет сынды классикалық институттар қалыптастырған тіректер бар. Ал сол қалыптасқан тіректер мен жастардың арасында конфликт орнап жатыр. Әлеуметтік желі мен масс-медиа моделі ұсынатын бұл табыс культі адамның өзін көрсету, мойындалу, мәртебеге жету сынды психологиялық қажеттіліктерін қанағаттандырудың жаңа символикасына айналып отыр.
Бұл «жылтыраған жетістік» тенденциясын түсіндіретін екі негізгі концепция бар. Бірі – ХХ ғасырдың екінші жартысында әлеуметтанушы ғалымдар Питер Бергер мен Томас Лукман ұсынған «әлеуметтік конструктивизм» теориясы. Олар «жетістік дегеннің өзі де ақиқат емес, әлеуметтік шындық қана» дейді. Яғни кез келген адам өзі қалаған, өзі жетістік деп санаған қандай да бір дүниеге жете алады. Бір мәдениетте жетістік, табыс саналатын бір дүние басқа қоғамда, өзге мәдениетте мүлде құны болмауы мүмкін. Мәселен, дәстүрлі қоғамдарда жақсы отбасы бұлтармас қағида, маңызды құндылық болса, ал неолиберал қоғамда отбасы деген адамның жеке жетістігі мен таңдауы ретінде қабылданады. Сондықтан қазір біз тамсана қарайтын әлеуметтік жетістіктер бізден кейінгі ұрпаққа түкке тұрғысыз боп көрінуі әбден мүмкін. Ал екінші концепция – «индивидуализация» теориясы. Осы теорияны зерттеген Ульрих Бек, Элизабет Бек-Герншейм сынды ғалымдардың айтуы бойынша заманауи қоғам үшін жетістік – индивидуалды, жекеменшік міндет. Қоғам талаптары, әлеуметтік институттар орнатқан шарттарға қарамастан, әр адам өз мансабына, жетістікке жету жолындағы талпынысына өзі ғана жауапты.
А.Г: XXI ғасырдың екінші онжылдығында қоғамдағы successful success феноменінің пайда болуы – адамзаттың дәстүрлі мағыналарынан айырылып, жаңа мағына іздеу кезеңіне тап болғанының айқын көрінісі. Бұрын жетістік ұғымы еңбекпен, қоғамдық құрметпен, рухани кемелдікпен байланысқан болса, енді ол көзге ұрып тұратын визуалды атрибуттарға – қымбат көліктер, люкс саяхаттар, «брендтік» өмір салтына ауысты. Бұл құбылыстың түп-тамыры – адамның болмыстық босаңсуында жатыр. Қазіргі заман адамы бұрынғыдай діни сеніммен, ұлттық ұғыммен, ортақ тарихи миссиямен байланыспайды. Ол өзінің кім екенін, не үшін өмір сүретінін білмей қалды. Сондықтан ең қолжетімді «мағына» ретінде табыстың көрнекі, тез түсіндірілетін символдарын қабылдады. Бұған қоса, successful success феномені – нарықтық экономиканың метафизикалық деңгейге көтерілуінің салдары. Яғни тауарландыру процесі адамның өзін де тауарға айналдырды. Әлеуметтік желідегі әрбір аккаунт – сатуға шығарылған жеке бренд. Әр адамның бет-бейнесі, өмір салты, тіпті эмоциясы – маркетинг құралына айналды. Осы тұрғыдан алғанда, әлеуметтік желідегі сәттілік моделі – шынайы өмірді бейнелемейді, керісінше, адамдарды нарық заңына бағынып, бір-бірімен көрінбейтін жарысқа мәжбүрлейтін жаңа мәдени стандарт орнатты. Бұл феномен – адамзаттың жаңа экзистенциялық дағдарысының айнасы дер едім.
Ж.А Оның үстіне, бұқаралық мәдениет пен әлеуметтік медиа табыстың «инстаграмдық» бейнесін қалыптастырып берген сияқты, яғни сұлулық стандарттарына сай келетін, кәсіби жетістікке жеткен «селф-мейд» тұлғалар көп. Бұл имидж қаншалықты шынайы? Әлеуметтік желідегі «жылтырақ жетістіктер» мен соған талпыну адамгершілік құндылықтардың әлсіреуіне алып келмей ме?
Н.М: Иә, расында да, қазіргі бұқаралық мәдениет пен әлеуметтік желілер табыстың «инстаграмдық» бейнесін қалыптастырды. Бұл – сыртқы келбеті стандарттарға сай, кәсіби мансапта жетістікке жеткен, өзін-өзі жасаған («селф-мейд») тұлға образы. Бірақ бұл бейне – көбіне-көп шынайылықтан алшақ, идеализацияланған образ екені де өтірік емес. Ол адамның шын бейнесін, күресін, күйзелісін, ішкі дағдарысын көрсетпейді. Оның орнына тек жетістік, «әдемі өмір» ғана көрінеді. Ал бұл көрініс көп адамның өзін сол үлгілермен салыстырып, өз құндылығын төмендетуіне алып келеді.
Кеңес дәуірінде адам өзін жеке-дара өлшем ретінде қабылдамаған. Бала кезден бастап «барлығы секілді болу» – басты тәрбие нормасы еді: ортақ киім, ортақ құндылық, ортақ өмір салты. Жеке ерекшеліктер жиі басылып, ұжымдық сананы қалыптастыру алдыңғы қатарда тұрды. Сол себепті жеке-даралыққа, өзін-өзі бағалауға бағытталмаған буын пайда болды. Бұл ұрпақ, тіпті қазіргі жастардың көпшілігі де, өзін шынайы бағалауға емес, сыртқы факторлармен салыстыра отырып бағалауға бейім. Яғни адамның ішкі «мені» емес, қоғам қалай қабылдайды – соған қарап өзін өлшейді.
Мұндай салыстыру психологиялық тұрғыдан өте қауіпті. Өйткені ол біреуге қарап, адамның өзін-өзі кемсітуіне, құндылық сезімінің әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Бұл – психологиялық тілмен айтқанда, өзін-өзі тану, мойындау, қабылдау процестерінің бұзылуы, тіпті невротикалық күйдің бастамасы болуы ықтимал. Адам өз өмірін емес, басқаның өміріне қарап өмір сүре бастайды, ал бұл – шынайы өмірден алыстау жолы және эмоционалды күйзелістің бір көзі. Сонымен қатар тек сыртқы табысқа ұмтылу – адамгершілік құндылықтардың, ішкі мәдениеттің, эмпатиямен қарапайымдылықтың әлсіреуіне алып келеді. Адамдар бір-бірін адами қасиеттер жиынтығы ретінде емес, сыртқы жетістіктердің (ордендердің, қызметтердің иесі, қалталы болуы, т.с.с) деңгейіне қарап бағалай бастайды. Бұл әдетте әлеуметтік қатынастардың шынайылығын жояды.
А.Б: Иә, жаппай «жылтырақ жетістіктерге» қызығу, оған талпыну адамгершілік құндылықтардың әлсіреуіне әкеліп соғуы әбден мүмкін нәрсе. Мысалы, қоғамда эмпатия азаяды. Яғни адам қандай да бір «стереотиптік» жетістіктерге жетпесе, оған өзі ғана кінәлі болады деген түсінік пайда болады. Тағы да бір маңызды фактор – материализмнің, бәсекелестіктің күшеюі. Қоғамда ынтымақтастық, ауызбіршіліктен гөрі жетістікке ұмтылу, пайда іздеу басым болады. Адами құндылықтар, соның ішінде қарым-қатынас әлсірейді. Адам адамнан пайда іздеп, жеке бас мүддесін көздеп тұрса, жылы, адами қатынастар күйреп кетеді.

А.Г: Бұл имидж сондай шынайы дей алмас едім, сол себепті де тым қауіпті. Себебі әдетте әлеуметтік желідегі мықтылық, ғажап өмір адамның өз ішкі дүниесін, қайғысын, тоқырауын, әлсіздігін көрсетуге мүлде мүмкіндік бермейді. Өмірдің табиғи драмасы экранның арғы жағында тыс қалады. Нәтижесінде, жастар өз эмоцияларын жасыруға, өздерінің шынайы күйзелістерін инстаграм фильтрінің астына тығуға дағдыланады. Мұндай маска киіп сүретін өмір ұзақ мерзімде адамды ішкі күйреуге әкелетіні рас.
Ж.А Жасөспірімдер мен жастардың өзін-өзі бағалауына, психикасына бұл құбылыстың қандай да бір әсері бар ма? Көптеген зерттеулер көрсеткендей, әлеуметтік желілерде басқалармен салыстыру өзін-өзі төмен бағалауға, перфекционизмге және депрессияға әкелуі мүмкін екен. Бүгінде жастар арасында кең тараған күйзеліс, перфекционизм немесе мазасыздық сияқты психологиялық күйдің көбеюіне бұл феноменнің ықпалы қандай?
Н.М: Әлеуметтік желілердегі «жетістік культі» мен өзгенің өмірімен үздіксіз салыстыру үрдісі жастардың өзін-өзі қабылдауына айтарлықтай әсерін тигізуі мүмкін. Жасөспірім кезең — бұл адами қалыптасудың ең нәзік әрі шешуші кезеңі. Бұл кезде адам өзін, әлемдегі орнын, маңызын түсінуге тырысады. Бірақ әлеуметтік желілерде күнделікті көрсетілетін әдемі өмір, мінсіз дене бітімі, табысты карьера, шетелдік саяхаттар жасөспірімге мынадай ой салуы мүмкін: «мен жеткіліксізбін», «Менің өмірім қызықсыз», «Мен бұлай өмір сүріп жатқан жоқпын, демек, менің өмірім мағынасыз». Психологияда бұл құбылыс «салыстыру эффектісі» деп аталады. Адам өз жетістіктерін емес, өзіне ұқсас жастағылардың көрнекі табыстарын көріп, өзін төмен сезіне бастауы мүмкін. Бұл құбылыстың тағы бір салдары – ішкі және сыртқы құндылық арасындағы алшақтық. Яғни жас адам өзінің шынайы қажеттіліктері мен әлеуметтік желілер таңатын стандарттар арасында дал болады. Бұл қайшылық ішкі үйлесімділікті бұзады. Адам әлемнің сұрақтарына өзі жауап беруден бас тарта бастайды. Жалпы айтқанда, бұл феномен – тек технологиялық немесе мәдени мәселе емес, терең психологиялық проблема.
А.Г: Қазіргі заманғы күйзелістің, жалғыздықтың, мазасыздықтың күрт артуы – осы жасанды өмір стандарттарына іштей көнбеудің симптомдары. Жасөспірімдердің өзін-өзі бағалауы әлеуметтік желілер арқылы қалыптасып жатыр. Бірақ мәселе тек салыстыруда емес. Мәселе – шынайы өмірдің құндылығы құлдырап, виртуалды стандарттардың басымдық алуында. Бүгінде жас адам өзінің сәттілігін сыртқы реакциялардың (лайктар, комментарийлер) санымен өлшейді. Бұл – аса қауіпті тенденция, себебі ол адамның ішкі өзіндік бағалау механизмін бұзады. Адам енді өзінің құнын өзінің сезімімен емес, аудиторияның реакциясымен анықтайды. Бұл ішкі тәуелділік перфекционизмнің, мазасыздықтың, күйзелістің түпкі себебі болып отыр.
Ж.А Сіздің ойыңызша, қаптаған блогерлер көрсететін дәл осы шектен тыс табыс, сәттілік пен «жылтыраған жетістіктер» қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті тереңдетіп жібермей ме? Әлде халықта қайта жақсы өмірге талпыныс, үміт пайда бола ма?
Н.М: Блогерлердің бұл феномені әлеуметтік теңсіздікті тереңдетуі мүмкін бе? Иә, психологиялық тұрғыдан ықтималдығы жоғары. Себебі әлеуметтік желілерде көрсетілетін табысты өмір стилі — көп жағдайда нақты халықтың өмірімен сәйкес келмейді. Адамдар өз тұрмысы мен блогердің өмірін салыстырғанда, айырмашылық тым үлкен болған сайын фрустрация мен шынайы өмірге реніш пайда болады, әлеуметтік әділетсіздік сезімін тудырады.
Бұдан бөлек, адамның табиғатында әлеуметтік салыстыру инстинкті бар. Біз өз орнымызды түсіну үшін басқалармен салыстырамыз. Бірақ бұл салыстыру тым алшақ және қол жеткізу мүмкін емес болған жағдайда, ол психологиялық күйзеліс, өзін-өзі кемсіту, қоғамнан шеттеу секілді ішкі реакцияларға алып келуі мүмкін. Осылайша, «успешный успех» образы, шын мәнінде, теңсіздікті тек экономикалық емес, эмоционалдық деңгейде де тереңдете түседі. Ал кейбір адамдар үшін бұл мотивациялық триггер болуы мүмкін. Әсіресе табысты блогерлер өз жетістігін «нөлден бастадым», «еңбектеніп жеттім» деп сипаттағанда, бұл аудиторияда «менің де қолымнан келеді» деген сенім тудыруы әбден мүмкін. Бұл – ішкі мотивацияның оянуына себеп болады. Бірақ мұндай мотивация тұрақты болу үшін, адамның ішкі сенімі, ресурсы, ортасы қолдау көрсетуі керек. Әйтпесе бұл мотивация да уақыт өте қысым мен күйзеліске айналып кетеді.
А.Б: Торстейн Воблейн деген атақты әлеуметтанушы ғалым бар. Соның ең танымал Status Consumption еңбегінде қандай әлеуметтік топтың, қай саланың адамы болсаң да, сырт-келбетің мен жүріс-тұрысың заманыңа сай болуы керек, көбі соған талпынады дейді. Қазіргі блогерлер осы концепцияны негіз етіп алған, бәрі аңсайтын табыс культіне жету үшін кез келген мүмкіндікті жібермейді. Мүмкін бұл бір жағынан жақсы да болар. Дегенмен белгіл бір салада экперт емес екенін өздері жақсы біле тұра, ақыл айтады, курстар сатады. Не кәсіби әлде өмірлік тәжірибесі жоқ болса да, жастар соларды тыңдайды, айтқанын екі етпейді, тіпті еліктейді. Көбіне-көп оқырман жинау жолында жауапкершілікті ұмытады. Олардың өміріне қызыққан жастар солардай болсам деп талпынады. Әрине, бұл феномен әлеуметтік теңсіздіктің өршуіне де әсер етпей қоймасы анық. Тек әлеуметтік теңсіздікті күшейтіп қана қоймай, негізгі себеп болып отыр.
А.Г: Менің ойымша, бұл тенденция қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті екі есе тереңдетеді. Өйткені ол әл-ауқаты жоғары адамдардың өмір салтын бәріне ортақ үлгі етіп ұсынады. Алайда бастапқы мүмкіндіктер тең емес қоғамда бұл үлгіні көпшілік қол жеткізе алмайды. Бұл диссонанс өз кезегінде, кедейлер мен байлар арасындағы шекараны алшақтатады. Бүгінде әлеуметтік желі арқылы «барлығымыз бірдей мүмкіндіктеміз» деген жалған иллюзия жасалса да, шын мәнінде нақты өмірдегі теңсіздік бұрынғыдан да ауыр сезіледі. Сонымен қатар блогерлер мен инфлюенсерлер ұсынатын «табыс моделі» көп жағдайда жасанды. Олар жетістікке жетудің шынайы қиындығы мен кездейсоқтығын жасырады. Нәтижесінде, жас буын «жолым болмаса, демек менде кінәрат бар» деген ішкі комплекс қалыптастырады. Ал шын мәнінде, табыс әрқашан еңбектің әділ марапаты емес, ол көбіне-көп әлеуметтік құрылымдағы оңтайлы, орайы туған позицияның, байланыстардың, кездейсоқтықтардың нәтижесі болуы мүмкін. Бұл шындық айтылмайды. Демек, шынайы үміт емес, жалған үміт қана беріледі.
Дайындаған: Ақгүлім Ерболқызы