Дидар Жаменкеев: Балалар футболының басты проблемасы – академиялардың аздығы

Қазақ қай кезде де футболдан үмітті. Спорттың осы бір түрінен айтарлықтай нәтижеге жетпесек те аяқдопшыларға тақым қысудан шаршаған емеспіз. Әсіресе өткен жылы Ұлттық құрама Еуро чемпионатына таяқ тастам жер қалып сүрінген соң өкінішімізбен қатар үмітіміз де ояна түсті. Әйтсе де футболда көп айтылмайтын, көп талқыланбайтын бір сала – балалар футболы. Бүгін біз «Қайрат» футбол академиясының жаттықтырушысы Дидар Жаменкеевпен балалар футболының қыр-сыры, оның басты проблемалары туралы сөйлестік.
– Дидар алғаш футболға қалай қызықтың, кім әсер етті, қанша жасыңда футболға бардыңыз? Қандай қызықтар, қиындықтар болды?
– Алғаш футболға 9 жасымда қызықтым. Ол кезде мен Алматы қаласындағы №81 мектептің үшінші сынып оқушысы едім. Бірде дене шынықтыру сабағы кезінде «Қайрат» футбол командасынан екі жаттықтырушы келіп ҚазҰУ-дың футбол алаңында балаларға арналған «Қайрат» футбол клубының ашылғанын бізге жеткізді әрі сонда жазылуға насихаттады. Мен бұл жаңалыққа бірден елең ете қалдым. Сөйтіп ертесі барып «Қайрат» футбол клубына жазылдым. «Қайрат» футбол клубына әртүрлі жастағы көптеген балалар жиналыпты. Осылайша, біз жаттығуымызды бастап кеттік. Ал қақпашы болуымыздың өзі қызық. Бастапқыда біз өзімізден жасы үлкен балалармен бірге жаттықтық. Футбол ойнаған кезімізде әлі үлкен балалар маған: «Сенің жасың кіші, қақпаға тұр» деп күштеп, қақпаға тұрғызып қоятын. Сөйтіп амалсыз қорыққанымнан қақпаға тұрып жүрдім. Уақыт өте келе қақпаға тұруым да жақсара бастады, өзім де соған қызықтым. Қақпаға бейімділігімді байқаған жаттықтырушылар мені қақпашы болуға дайындай бастады. Міне, 9 жасымнан бері қақпашы болып келе жатырмын.
– Қазір Т.Сегізбаев атындағы «Қайрат» балалар академиясында қақпашыларды дайындайсыз. Бұған дейін қайда футбол ойнадыңыз?
– 16 жасымда «Қайрат» футбол клубымен алғашқы кәсіби келісімшартымды жасастым. Содан екі жыл осы клубта өнер көрсеттім. Сондай-ақ 2008-2009 жылдары жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Ұлттық құрамасының негізгі қақпашысы болдым. Біз 1992 жылғы футболшылар Еуропа Чемпионатының элиталық кезеңіне шыққан Қазақстан футбол тарихындағы ең алғашқы құрамамыз. Біз Португалияда іріктеу кезеңінен өтіп, келесі кезеңде Испанияда ойнадық. Мұндай жетістікке бізге дейін де, бізден кейін де Қазақстан Ұлттық құрамасы да, жасөспірімдер құрамасы да жеткен жоқ.
2009 жылы менің «Қайрат» клубымен жасасқан келісімшартым аяқталды. Дәл осы кезде мен беломыртқамнан жарақат алып қалдым. Сөйтіп күтпеген жерден үш жыл футбол ойнай алмадым. Осы аралықта беліме ота жасатып, емделдім. Сөйтіп 2012 жылы Қаскелеңнің «Сұңқар» командасымен келісімшарт жасасып, жасыл алаңға қайта оралдым. Алайда сол жылы чемпионат біткен соң қайтадан тізеден жарақат алдым да, ақыры футболмен қоштастым. Яғни 2013 жылы менің футболдағы кәсіби карьерам аяқталды. Осыдан соң Абай атындағы ҚазҰПУ-дың дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша магистратураға оқуға түстім. Оқуымды аяқтаған соң біраз жыл мектепте мұғалім болып жұмыс істедім. Ал 2017 жылдың мамыр айынан бері «Қайрат» ФК Т.Сегізбаев атындағы Академиясында жаттықтырушы болып жұмыс істеп келемін.

– Бапкерлік жұмысқа қалай келдің, академия жаттықтырушыларға қандай талаптар қояды?
– Мектепте мұғалім болып жүрген кезімде, шынымды айтсам, футболдан үмітімді үзген жоқпын. Қайтадан жасыл алаңға оралсам деп еңбек еттім. Сөйтіп жарақатым қалпына келген соң Ақтаудың «Каспий» футбол клубының қатарына қосылып, командамен бірге Түркияға оқу-жаттығу жұмысына аттандым. Алайда осы оқу-жаттығу жиынында мен тіземнің футболға жарамсыз екенін түсініп, қайтадан Алматыға қайтып келдім. Осыдан соң футболға орала алмайтыныма анық көзім жетті. Енді не істеу керек, ақыры ойлана келе, жаттықтырушы болсам деген жолды таңдадым. Сөйтіп «Қайрат» футбол клубына мінездеме жібердім, кейін түрлі кездесулерден өтіп, жаттықтырушы болып қабылдандым. Клуб негізінен жаттықтырушылардың балалармен жұмыс істеудегі білім, білігіне баса мән береді, соны көбірек қадағалайды. Бала кезімнен қақпада тұрып үйренгеннен кейін, кәсіби деңгейде футбол ойнаған соң маған бұл жұмысты істеу аса қиындық тудырған жоқ. Осында жүріп бір түсінгенім, мықты қақпашы болу – мықты қақпа жаттықтырушы болу деген сөз емес. Сондықтан үнемі ізденіп, түрлі семинарларға қатысып, білігімізді арттырып отырамыз.
– Балаларды футболға дайындаудың қиындығы неде, нелерге көңіл бөлесіздер?
– Бапкерлік – шығармашылық жұмыс. Сондықтан әр баланың жас ерекшелігіне қарай жаттығу процесін құра білу қажет. Яғни кішкентай балаларды дайындағанда жаттығу ойын түрінде, жарыс түрінде өткені жақсы. Себебі кішкентай балалардың зейінін бір жаттығуда ұзақ уақыт ұстап тұра алмайсыз. Сондай-ақ жаттықтырушы балаларды тек қана жаттықтырып қоймай, олардың психологиясын жетік меңгеруі аса маңызды. Бұдан тыс кездесетін тағы бір қиындық – балалардың жас ерекшеліктеріне қарай жүктемені қалай беру мәселесі. Яғни жаттығу процесінің қай кезеңінде жүктемені қиындату қажет, қай кезеңінде бәсеңдету қажет. Алайда осының бәрін білу, балаларға үйрету жас бапкерлер үшін алғашқы кезде оңай бола қоймайды. Ол үшін белгілі практикалық уақыт керек болады.
– Балаларын футболға бергісі келген ата-аналарға қандай кеңес айтасыз?
– Бұл тұрғыда ең алдымен айтарым, ешқашан баланы мәжбүрлеп, белгілі бір үйірмеге қатыстырмау қажет. Әуелі баланың өзіне ұнаған кез келген үйірмеге қатысуға мүмкіндік жасаған жөн. Мысалы, бала белгілі бір уақыт футболға қатысып, одан соң оған қызықпайтынын, сәйкесінше басқа үйірмеге қатысқысы келетінін айтса, баланың тілегін орындау маңызды. Егер осылай істесеңіз, белгілі бір уақыт өткен соң бала өзіне ұнайтын спорт немесе өнер түрін таңдап алады. Яғни ата-ана балаға өзіне ұнайтын істі табуына мүмкіндік жасауы шарт. Ал футбол командалық спорт түрі. Сондықтан бала бастапқы кезде неше түрлі әлеуметтік қиындықтардан өтеді. Мысалы, басқа балалармен тіл табысып, ортаға сіңісіп кету кейбір балалар үшін қиындық тудыруы мүмкін. Дәл осындай сәтте ата-ана баласына көмектесіп, мұндай кедергілерді қалай жеңуі керек, адамдармен қалай тіл табыса білуі тиіс, командалық спорт түрінде қалай өз-өзін көрсету қажет деген секілді мәселелерді баласына үйрету керек. Яғни бала, ата-ана және жаттықтырушы тығыз байланыста болуы маңызды.

– Қақпашы болуға балалардың қызығушылығы қалай?
– Баланың қақпашы болуының белгілі бір талаптары «Қайрат» футбол клубында бар. Бізде 12 жасқа дейін балалардың барлығы қақпаға тұра алады. Арнайы бір баланы қақпаға тұрғызып қоймаймыз. Осы аралықта балаларды бақылаймыз, ата-анасының бойына қараймыз. Қазіргі футболда қақпашының бойының ұзын болғаны аса маңызды. Демек қақпашының бойы ұзын, дене бітімі мығым болуы шарт. Сөйтіп біз белгілі бір балаларды таңдап алған соң олардың өзімен және ата-анасымен сөйлесіп, оны қақпаға тұруға қызықтырамыз. Балаға қақпада тұрудың қандай ерекшеліктері бар екенін, қандай жетістікке жетуге болатынын балаға жан-жақты түсіндіреміз. Осылайша, баланың өз еркімен, өз қалауымен қақпаға тұруына барлық жағдайды жасаймыз. Осыдан соң баланы 13 жастан бастап қақпашы болу шеберлігіне дайындаймыз.
– Әдетте балалар футболға қызығады да, уақыт өте келе тастап кетеді, мұндайда не істеу қажет?
– Иә, кейде балалар футболға қызығып қатысып бастайды да, уақыт өте келе оны тастап кетеді. Мұның бірнеше себебі бар. Бала уақыт өте келе футболшы болу өзіне ұнамайтынын түсінеді. Немесе белгілі бір физикалық жүктемелерді көтере алмай қалады. Негізі мықты спортшы болуы үшін балаға көркем мінез, шыдамдылық, төзімділік, қайсарлық қажет. Мысалы, бала бастапқы кезде достарымен бірге қызығып, футболға келуі мүмкін, бірақ уақыт өткен соң ол өз қызығушылығын IT саласынан немесе әншіліктен, болмаса басқа бір саладан табуы ғажап емес. Түрлі себептерге байланысты спорттан кететін балалар көп. Бірақ бұл басты мәселе емес. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, әр ата-ана ең алдымен баласының өзіне ұнайтын саланы табуына көмектесуі қажет. Мұнда ата-ананың баласымен сөйлесе білуі, оны түсінуі, баласының бойында қандай өнер бар екенін таба білуі өте маңызды. Бұны тіпті отбасылық тәрбие деп қарағанымыз жөн. Ал бапкерлердің міндеті – алдына келген балалардың спорт түрін жете меңгеруіне көмектесу. Олардың психологиялық дайындығын арттыру жұмыстарын жасау. Осы орайда айта кететін маңызды бір түйткіл, кейбір ата-ана: «Мен баламды «Қайрат» футбол академиясына бердім, енді оның тәрбиесімен де, мінезінің қалыптасуымен де, тіпті оқуымен де бапкері айналысады» деп ойлауы мүмкін. Бұл ата-аналардың жіберетін ең үлкен қателігі. Баланың тәрбиесін, оның тұлға ретінде қалыптасуын қадағалау осы тұрғыда балаға көмектесу ең алдымен ата-ананың міндеті. Ал бапкер қосымша көмекші рөл атқаратын позициядағы адам.

– Сіздің ойыңызша, балалар футболының басты проблемалары қайсы, оны қалай шешу керек?
– Қазақстандағы балалар футболының басты проблемасы – «Қайрат» секілді академиялардың жоқ болуы. Еліміздің әрбір үлкен қаласында, ауылдық жерлерде инфраструктуралық жағдай жасалу қажет. Сосын бапкер мәселесі. Яғни бапкерлердің білімін арттыру, шетелдік үздік академиялардан білім алу ісі жанданса, балалар футболы үлкен жетістікке жетер еді. Ал балалар футболы дамыса, Қазақстан Ұлттық құрамасының деңгейі өседі, сөйтіп белгілі бір нәтижелерге қол жеткіземіз. Сондықтан қазір бізге жақсы футбол академиялары, жаттығу жасайтын алаңдар, әсіресе қыста жаттығуға арналған төбесі жабық, жылуы бар алаңдардың көптеп салынуы өте қажет. Сондай-ақ Қазақстанның ішкі нарығында үлкен бәсекелестік болуы тиіс. Сонда ғана Қазақстан футболы биік дәрежеге жетеді.
– «Қайрат» академиясынан көптеген танымал футболшылар шықты. Оның біразы қазір де Ұлттық құрамада ойнайды. Академия жетістігінің сыры неде?
– Иә, «Қайрат» академиясы қазақ футболына үлкен олжа салып келеді. Мұның ең басты сыры – балалардың футболға деген махаббаты. Жаттығуға ерте келіп кеш қайтқан бала түбі нәтиже шығарады. Ал бапкерлер балалардың мүмкіндігін ашу үшін, оның бойындағы талантын дамыту үшін барлық жағдайларды жасайды. Ендігі бір үлкен себеп – «Қайрат» футбол академиясындағы спортшыларға жасалып отырған үлкен мүмкіндік. Бізде мықты, әлемдік деңгейдегі футболшы болып қалыптасу үшін барлық жағдай жасалған. Осы үшін Қайрат Советайұлына алғыс айта кеткеніміз жөн. Дәл осындай бапкерлерге, балаларға жасалынып отырған мүмкіндіктерді біз тиімді пайдалануымыз қажет. Себебі мұндай жағдай әрбір қалада жасалынып жатқан жоқ. Сондықтан да еліміздің түкпір-түкпірінде «Қайрат» академиясына түскісі келетін балалардың қарасы көп. Ал бапкер ретінде сол балаларды іріктеп алу, олардың талантын ашу біздің басты міндетіміз.
- Ұлттық құраманың ойындарын бақылап тұрасыз ба, қазіргі жағдайы туралы не айтасыз?
– Әрине, міндетті түрде қадағалап қараймын. Ұлттық құраманың мықты болуы – Қазақстан футболының ішкі нарығының мықты болуына байланысты. Егер еліміздегі футболға қызығатын балалардың дамуына жақсы жағдай жасалмаса, Ұлттық құраманың мықты болуы мүмкін емес. Ал балаларды дұрыс дамыту үшін бізге дұрыс жүйе қажет. Бұл жүйе тұрақты түрде жұмыс жасауы маңызды. Сондай-ақ жоғарыдай айтқанымдай, футболшыларға инфраструктуралық жағдай жасалынуы тиіс. Біздің климатымыз шұғыл континенттік климат. Жазы ыстық, қысы суық. Сондықтан бізге жақсы алаңдар, жақсы академиялар керек. Осындай қолайлы инфраструктуралар жасалынғаннан кейін жақсы жаттықтырушы қажет. Ал білімді, тәжірибелі мамандарды қалыптастыру үшін біз шетелден уақытша мамандар шақырумен шектелмей, олардан білім алу, оқу жүйесін қалыптастыру қажет. Мұндай жүйе үлкен қалаларда ғана емес, барлық өңірлердегі жас жаттықтырушылардың білімін арттыратын жүйе болуы шарт. Егер біз «Қайрат» секілді үлкен академияларды әр облыстан аша алсақ, Ұлттық құраманың деңгейі өсер еді. Сонымен қоса, Қазақстандағы әрбір клуб өзін-өзі қамтамасыз ете алатын жағдайға жетсе екен деймін. Яғни балалар футболынан тартып, премьер-лигадағы командасына дейін өз қаражаты өзіне жететін клуб болуы тиіс.
– Балаларға қандай кеңес айтасыз?
– Әуелі өз ісіңді таңда, сосын соның жолында еш жалқауланба. Қазіргідей техника дамыған уақытта өз уақыттарыңызды компьютерлік ойындарға арнап, бойларыңдағы Құдай берген талант отын өшіріп алма. Өмірде сіздер үшін көп мүмкіндіктер жасалған, сондықтан еңбек етуден, білім алудан ешқашан шаршамаңыздар. Спортшы жеке тұлға ретінде өзін жан-жақты дамытуы қажет. Мысалы, футболмен қатар бала мектептегі білімді де ақсатпағаны жақсы. Себебі футболшының мансабы қысқа. Онымен арты кетсе 35-40 жасқа дейін ғана айналыса аласыз. Кейде мен секілді жарақатқа байланысты футболды амалсыз тоқтатуыңыз да мүмкін. Сол кезде өзіңізді ары қарай дамыту үшін білім қажет болады. Сондықтан балаларға жан-жақты өздеріңізді дамытуға тырысыңыздар дер едім. Сондай-ақ қателесуден қорықпаңыздар. Сол қателіктен дер кезінде сабақ алып, өздеріңізді жетілдіруді мақсат тұтыңыздар.
Сұхбаттасқан
Жақсылық Қазымұратұлы