«Digital Nauryz» шарасының мәні ерекше
Бүгін Шәкәрім университетінің 8 корпусында Ұлыстың Ұлы күні – Әз Наурыз мерекелік шарасы жоғары деңгейде кезекті рет жалғасты. Жылдағыдан айырмашылығы Digital Nauryz форматында аталғанымен, бұл мейрам осы оқу ордасында наурыздың 14-інен басталған еді.

Салтанатты шарада сөз алған Шәкәрім университетітінің ректоры – Басқарма төрағасы Думан Орынбеков атап өткендей, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ел бойынша онкүндік аясындағы «Наурызнама» мерекелік шараларының өтіп жатқанына үшінші жыл.
«Биылғы Наурыздың тағы бір ерекшелігі – «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында, мейрам ерекше, цифрлық Digital Nauryz форматында атап өтілуде. Шын мәнінде, инновациялар экожүйесі саналатын университет ретінде біз қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші болуға, жасанды интеллект технологияларын күнделікті өмірге, ғылым мен білімге батыл енгізуге тиіспіз. Жаңа жылдың осылай басталуы бізге жаһандық технологиялық өзгерістердің бұлтартпастығын қайта ұғынуға, дәстүр мен инновацияны үйлесімді ұштастыруға зор мүмкіндік береді»-деді Д. Орынбеков.

Ұлттық ұғымда 7 саны киелі екендігімен үйлестіріліп тігілген жеті ақшаңқан киізүй де мереке сәнін аша түскенін айта кеткен жөн. Айқара ашылған есіктен меймандарға дәм ұсынған университет қызметкерлерінің құрметі тіптен ерек.
Шара барысында Қыдыр Атаның келіп бата беруі, тұсаукесер, сырға салу, сәбиді бесікке бөлеу дәстүрімен қатар қой көтеру, ләнгі тебу, тоғызқұмалақ, арқан тартысы сияқты ойындар да тамаша үйлесім тапты.

-Биылғы Наурыздың ерекшелігі мол. Соның бір айқын көрінісін «Дін мен дәстүр бірге» дегенді білдіретін Ораза айт мерекесімен қатар келгенінен көруге болады. Бүгінгі мейрамды тамашалауға университет ұстаздары, студенттері ғана емес, осы аумақтағы қала тұрғындары да ағылып келіп жатыр. Ұлыстың ұлы күні бәрімізге бейбіт өмір, берекелі дастархан, тыныштыққа толы тіршілік сыйласын!-дейді Шәкәрім университетінің тарих кафедрасының аға оқытушысы Асқар Құмар.
Digital Nauryz форматындағы шара наурыз айының 21,22, 23-і күндері де жалғаса беретін болады.
Сәтжан Қасымжанұлы
Абай облысы