Диктаторлық қысыммен немесе жағымпаздықпен қойылған ескерткіштің түбі – трагедия
Қазір есепсіз ескерткіш қойылып, салтанатты түрде ашылып жатады. Ал негізі қазақтың салтында, дәстүрінде ескерткіш қою деген болмаған.
Бірақ кеңес кезіндегі 70 жылды, одан соңғы 30 жыл тәуелсіздікті алып қарасақ, бір ғасырдай уақыттан бері Қазақстанда бұл қалыпты құбылыс секілденіп кетті. Ескерткіш қоюды тіпті әдетке айналдырдық. Қызығы, оны қоюды үйреткен кеңестік кезең болса, алып тастауды да үйреткен солардың өзі. Совет үкіметі құлаған соң көп ескерткіштердің көзі жойылды. Онымен бірге қаланың, көшелердің аттары да ауысып жатты. Сол сияқты біз де бірінші президенттің құрметіне елорданы Нұр-сұлтан деп, кейін қайта ауыстырып алдық. Бірақ Назарбаевқа арналған ескерткіштер сондай көп болмаған секілді. Жаппай бұқаралық сипат алды дей алмаймыз. Ал қойылып үлгерген ескерткіштердің тағдырын көріп отырмыз. Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғандағы бір мүсінін алып тастады.
Артынша да, жақын күндері де басқа ескерткіштер де сол ескерткіштің тағдырын қайталады. Өткенде ғана Ербосын Мелдібековтің Назарбаевтың «құлауы» туралы инсталляциясы көптің назарына ілікті. Расында, бұл символикалық мәні бар дүние. Мұнда бұрынғы диктатуралық биліктің құлауы бейнеленген. Ал ескерткіштерді алып тастауға келсек, тарих деген бір ұшы саясатқа бағынып отыратын құбылыс. Ол өткен шақтың жинағы, әлеуметтік жады ғана емес, саясаттың көрінісі. Сталин бұл туралы: «Тарих деген өткенді бүгінге бейімдейтін саясат» деген. Сол секілді ескерткіш те, идеология да саясатқа бағынып отырады. Сондықтан бұл арада «заманы жүріп тұрғанда» деген тіркесті қолдануға да тура кеп жатады. Ал ескерткішті бір мезгілде қоя сап, келесі кезеңде алып тастай салу – құптарлық іс емес. Өйткені ол тегін жасалып жатқан дүние емес. Әлбетте, әлдекімдердің қалтасында, шетелге кеткен қаржының жанында бұл түк те болмас. Десек те, ескерткіш болсын, көшелер мен қаланың атауы болсын, белгілі бір деңгейде шығын әкелері анық.
Ескерткішті халық тұлғаны бағалап, өзі қалап қойып жатса, оны елдің ықыласы, тарихи баға деуге болар да еді. Ал өзінің диктаторлық қысымымен немесе биліктегі жағымпаздардың бастамасымен қойылса – түбі осылай болады. Дер кезінде шықпаған халықтың жеккөрініші уақыты келгенде осылай су бетіне шығады. Ленин мен Сталиннің ескерткіштері қалай ғайып болғаны есімізде. Қырды, қанады, халықтың жеккөрінішін оятты. Ондай адамның ескерткішін кім қалдырып қойып қарап отырсын? Бір жағынан уақыт өте келе бұл да қалатын секілді. Қазір орта ғасырлық кейбір салттарға қалай күле қарасақ, дәл солай ескерткіш қою да өркениетсіздіктің белгісі секілденіп, жай күле еске алатын нәрсе болып қалуы да мүмкін. Кейбір дүниелерді артынан ойлап таңғалып отыратынымыз бар ғой. Сол секілді қоғамның бір ескі әдеті ретінде көмескіленуі де ғажапемес. Түптеп келгенде, ескерткішті халық өзі қалаған қалаулыларына қою керек. Сонда ғана оны құлату да, алып тастау да ешкімнің ойына кіріп шықпайды. Тұлғаларға қойдым дегенде де оңды-солды таратқандай қылмай, халықтың ықыласы ауған, ұлт мойындаған, елге еңбегі сіңген адамдарға
қойған жөн.
Бақытжан Сатершинов, философ