Димаш Құдайберген Grammy Global Spin халықаралық жобасына қатысты
Қазақстандық әлемдік деңгейдегі әнші Димаш Құдайберген тағы бір мәрте халықаралық сахнада жарқырады.
2025 жылдың 4 желтоқсанында америкалық музыка индустриясындағы ең беделді марапаттардың бірі – GRAMMY сыйлығының ресми сайтында және YouTube-арнасында әншінің жаңа бейнежобасының премьерасы өтті. Димаш тыңдарманға өзінің авторлық «Fire» композициясын ұсынды.
Grammy Global Spin – әлемнің әр түкпіріндегі таланттарды танытуды мақсат ететін арнайы халықаралық жоба. Бұл платформада әр елдің үздік орындаушылары ұлттық музыкалық дәстүрлер мен заманауи үнді үйлестіре отырып, өз өнерін жаһандық аудиторияға паш етеді. Осындай таңдаулы тізімге Димаштың енуі – қазақ музыкасының халықаралық маңызын тағы бір дәлелдейді.
Премьера күні GRAMMY-дің ресми ресурстарында жарияланған бейнежазбада Димаш ерекше вокалдық диапазоны мен орындаушылық қабілетін көрсетіп қана қоймай, музыкалық продюсер ретіндегі мүмкіндігін де дәлелдеді. Оның «Fire» атты композициясы – эмоционалдық қуаты жоғары, күрделі вокалдық партиялар мен заманауи музыкалық өңдеудің үндесуімен ерекшеленетін туынды.
Музыка мамандары мен жанкүйерлердің пікірінше, Димаш Құдайбергеннің Grammy Global Spin жобасына қатысуы – тек жеке шығармашылық жеңіс емес, сонымен қатар қазақстандық музыка индустриясының әлемдік аренадағы абыройын арттыратын маңызды қадам.