Динара Закиева: Балалар қауіпсіздігі – қоғамның басты жауапкершілігі

Екі жыл бұрын, күзде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын. Содан бері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған тұтас жүйені қалыптастыру үшін қажетті заңдар, бағдарламалар мен қаулылар қабылданды.
Қазір әкімдіктер құрылымында Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары, отбасын қолдау орталықтары, мобильді топтар құрылып, қорғаншылық органдарының қызметкерлері саны артып келеді. Мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылып, мектептерде QR 111 жүйесі арқылы балалармен тікелей байланыс орнату тәсілі енгізілді.
Қылмыстар азайып келеді, бірақ босаңсуға болмайды
Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар 18%-ға азайған, ал педофилия фактілері – 24%-ға төмендеген. «Адам өлтіру» және «Ауыр зиян келтіріп, өлімге әкелу» баптары бойынша қылмыстар саны да тиісінше 22% және 50%-ға азайған.
Балаларға қатысты ауыр және аса ауыр қылмыстардың азаюы қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетеді. Алайда әр статистиканың артында бір баланың тағдыры тұрғанын ұмытпау керек. Біздің мақсатымыз – әр баланың өмірі үшін күресу, мұндай қылмыстардың мүлде болмауы үшін барлық күш-жігерді салу.
Суицидтің алдын алу – ортақ міндет
Бүгінгі таңда балалар арасындағы суицидтің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылуда.
Барлық өңірде психологиялық қолдау орталықтары ашылып, біртұтас профилактикалық бағдарламалар енгізілді. Соның нәтижесінде соңғы 10 жылда алғаш рет Алматы облысында кәмелетке толмағандар арасындағы суицид жағдайларының айтарлықтай азайғаны байқалды.
Дегенмен, бұл бағытта атқарылатын жұмыс әлі де көп. Негізгі себептерді терең зерттеп, тәуекелдерді уақытылы анықтау, балаларға сапалы сүйемелдеу мен психологиялық көмек көрсетуді қамтамасыз ету қажет.
Отбасындағы қарым-қатынас – басты фактор
Зерттеулер көрсеткендей, балалар суицидтерінің 60%-ы отбасындағы қиын қарым-қатынастармен байланысты. Сондықтан бізге келіп түсетін немесе өз өмірін қию алдында балалар қалдырып кететін мыңдаған хаттар мен хабарламаларды талдай отырып, мынаны айтқым келеді:
Өз отбасынан түсіністік пен жылу таппаған, кінә мен қорқыныштан жалғыз қалған балалардың үнін жеткізе отырып, мен ата-аналар мен барлық ересектерге үндеу жасағым келеді: балаға ең керегі – сіздердің махаббаттарыңыз, қамқорлықтарыңыз және түсіністеріңіз.
Бала әрқашан ата-анасының қасында екенін, оның жалғыз еместігін, қандай жағдайда да отбасының қолдауы мен қорғауын сезінуі тиіс.
Алда – сапалы іске асыру кезеңі
Бүгінгі басты міндет – қабылданған барлық шараларды сапалы жүзеге асыру.
Осы бағытта Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жетекшілігімен мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің бірлескен ауқымды жұмысы жүргізілуде.
Аймақтарда бұл шараларды іске асыру барысында шешімді қажет ететін жүйелі мәселелермен қатар, қысқа мерзім ішінде орын алған оң өзгерістер де байқалып отыр.
Бұл – балалар қауіпсіздігі мен олардың құқықтарын қорғау бағытындағы мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.