Диван төңірегіндегі әңгіме

Әркімнің үйінде бір диван бар. Мемлекеттік маңызы бар, ұлтқа, елге, халыққа қатысты көп мәселелер сол жұмсақ төсектің үстінде көтеріліп жатады.
Сондай диван біздің үйде де тұр. Қайбір жылы жеңілдікпен алғанбыз. Оның иесі менмін. Мен де сол диваныма жатып алып, талай-талай терең тақырыптардың талқылауына қатысқанмын. Бүгін де сол орныма жатып алып, бір тақырып төңірегінде ой өрбіткім келіп кетті. Әуелі тақырып тауып алған дұрыс. Жалпы бүгінгі қоғамда тілің қышып бара жатса, тақырып іздеп әуре болмайсың. Әлеуметтік желіге кіріп келсең болды, тақырыптардың түр-түрі алдыңнан кес-кестеп шығады. Қолайыңа жаққан біреуін ал да төгіле бер. Жоқ, мен бұл жолы осы диванның өз айналасы туралы ойланып көрдім. Сонымен...
Соңғы уақыттарда сөздік қорымызға «диван батыр» деген сөз қосылды. Яғни «диван батыр» деген ұғым пайда болды. Әлеуметтік желілерде ауыл әкімінен бастап, облыс әкімінен тартып, үкімет басшысына дейін, министрлерді де, депутаттарды да сынай алатындарды осылай атап кетті. Әрине, «диван батыр» деген сөз риясыз көңілмен емес, кекесінмен айтылады. «Өзі ештеңе істемейді, істеген адамды жатып алып сынайды» деген мағынада айтылғаны анық. Бір сөзбен айтқанда – ауызбен орақ орғаннан басқа қолынан дәнеңе келмейді дегенді білдіреді. Рас, солай-ақ шығар. Менің айтпағым – басқа.
Мен бір қызық нәрсе таптым. Кез келген сөздің, ұғымның антонимі болу керек қой. «Диван батыр» болғанда, неге ғана «диван қорқақ» болмасқа?! Болу керек! Және олар бар да. Жалпы статустары осылай сөзбе-сөз анықталмаған. Егер болса, «диван қорқақ» деген кімдер? Олар да «диван батырлар» сияқты әртүрлі таптың, әрқилы ортаның өкілдерінен құралған. Бірақ олардың көбісі ірілі-ұсақты қызметі, жұмысы бар адамдар. Белгілі бір деңгейде біреуге бағынышты деген сөз. Жұмысы жоқтар да бар. Олар әлденеден үміттілер. Енді сол «диван қорқақтардың» сипаты қандай дегенге келейік. Олар әлеуметтік желілерге сынаған, мінеген посттар жазбайды. Ішіне сыймай бара жатса да, лықсып тұрған ойлары мен пікірлерін сыртқа шығармайды. Нақты ұстанымдары – «аш пәледен қаш пәле». Өздерінің пост жазбағандары былай тұрсын, жазылған посттың астына қолдайтынын ашық айтып, пікір де қалдырмайды. Пікір қалдырған-қалдырмағаны да былай тұрсын, тіпті лайк баспайды. Басуға жүрегі дауаламайды. Бастығым көрсе не ойлайды, не дейді, сол пікірімен бола ол маған бірдеңе дей қалса мен не деймін дегендей сан-сапалақ сұрақтармен әуре болып жүреді. Мысалға, кез келген бір қаланың әкімі туралы нақты фактіге құрылған, бұлтартпас айғағы бар сыни пост жарияланды делік. Сол қалалық әкімдікке қарасты барлық мекемелердің қызметкерлері автоматты түрде «диван қорқақ» дәрежесіне түседі. «Рас, көзіміз көріп жүр, соның зардабын шегудеміз, мына азамат дұрыс айтады» деп, бірауыз пікір жаза алмайды. Жазса, ертең «сұралатынын», кішігірім «қуғын» көретінін іші сезеді. Сондықтан басы артық пәле не үшін керек? Ешқандайда бағынышты болмаса да, ешқандай қызмет істемесе де министр туралы постқа пікір жазуға қолы бармайтындар да болады. Ертең маған қатысты бір мәселе сол кісінің алдына бара қалса, кесірі тимес пе екен деген ой көкейінде тұрады.
«Диван батырмен» қатар «диван сарапшылардың» да осы бір ортақ атауы биік мінберден айтылды. «Диван сарапшыларың» да үлкен бір топ. Олардың белгілі бір мөлшері аттарына лайық. Нағыз сарапшы дерсің. Ұстанымдары бар. Сол ұстанымдары төңірегінде нақты пікірлерін ортаға салады. Айтады, күреседі дегендей. Олар және өздері білетін тақырыпты қаузайды. Ал енді бір топ бар. Кез келген тақырыпта әңгіме қозғай береді. Олар нағыз әпенде енді. Өзіне дым қатысы жоқ, өзі жөнді білмейтін тақырыптарға да екі білегін сыбанып алып кірісіп кетеді. Күн сайынғы болып жатқан оқиғаларға пікір білдіріп отыруды азаматтық міндетім деп біледі. Халқым күтіп отыр деп ойлайды. Мен жазбасам, мен айтпасам, кім айтып, кім жазбақ деген амбициясы тағы бар. Саясат, экономика, қоғам, руханият, дін, спорт тақырыптарының ешқайсынан тыс қалмайды. «Мына жарысқа өңкей мешоктарды алып барыпты, тез арада бұл саланы қолға алмаса, қазақ спорты құрдымға кетеді» деп, ашына жазып отырады. Ойпыр-май дейсің.
Жоғарғы жақтан айтылған «диван батырға» өз тарапымыздан «диван қорқақ» дегенді қостық. Және «диван сарапшы» (диванный эксперт) туралы да айта кеттік. Енді осылармен қарайлас «диван жағымпаз» деген де жоқ. Жоғарыда айтылған батыр да, қорқақ та, сарапшы да «диван жағымпаз» бола алады. Керек болған жағдайда. Бұларды іздесеңіз – қолында билігі бар, ақшасы бар адамдардың парақшасына кірсеңіз болды, алдыңыздан андағайлап шығады. Мәртебелі қолданушы туралы, иә өздері пост жазған, иә әлгінің болмашы жазбасының астына небір пікірлер қалдырған. Әсіресе қызметке тағайындалған күндерінің тұсына барсаңыз, «тілегенің алдыңнан, іздемей-ақ табылар». «Өте лайықты тағайындау, сіз істемей кім істейді, елдің бағына келе қалғаныңыз қандай жақсы болды, Құдай бар екен-ау» деген мағынадағы лепестерге тұнып тұр. Әрине, оның барлығы да жағымпаздардың жазбалары емес. Арасында шынайы көңілмен, достықпен, бауырмалдықпен жазылатындары да бар. Бірақ әлгіндей жағымпаз жазбалар да жыртылып айырылады. Тек өз ақылыңызбен ненің не екенін айыра білсеңіз болғаны.
Енді осылардың қайысысы зиян дерсіз. Ешқайсысы. Шынымен бе дерсіз? Шынымен. «Диван батырдың» айтқаны керек пе, керек! Егер солар айғайлап, шулап, айтып отырмаса, билік білгенін істеп бетімен кетпей ме? Диван сарапшылар да солай. Қозғау салып отырады. Айтып жатады, жазып жатады. Соның арасынан оқырман өз шындығын тауып алады. Бастысы – қоғамдағы кез келген мәселе көтеріліп отырады. Айтылып жатады. Жабулы қазанның жабулы күйінде қалғанынан гөрі, ашылғаны, бұрқ-сарқ қайнағаны дұрыс. Бірақ қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кететіні тағы бар. Бұл екі топтан аз-кем пайда бар, зиян жоқ. Ал «диван қорқақ» пен «диван жағымпаздан» қоғамға пайда да жоқ, зиян да жоқ. Әрине, жеке бастарына пайдасы бар. Зиян жоқ дейтініміз – біреудің біреуге жағымпазданғанынан өзге ешкім зиян шеге қоймас дейміз ғой. Және үндемеген адамның тыныш отырғанынан да зиян шеге қоймаймыз. Онсыз да айтқыштарымыз да, батырларымыз да, сарапшыларымыз да баршылық.
Енді сол «диван батырларымыздың» айтқандарынан қоғамға, елге аз-маз пайда бар дедік қой. Соның есесіне ол бейшаралардың жеке бастарына тиетін зияны да жоқ емес. Сынға алынған объект тарапынан қайткен күнде бір жауап болатыны сөзсіз. Сондықтан «диван батыр» дегендерді кекеп, мүсіркеп, сыртынан келеке қылмай, аз-кем, іштей құрмет те білдіре жүргеннің терістігі жоқ шығар деп ойлаймын. Бірақ енді, соғыс ардагерлеріндей қылып, кез келген салада кезексіз, керек болса тегін қызмет көрсетілсін, коммуналдық төлемақылардан босатылсын демейміз. Ең бастысы, ерін шүйірмесек болды. Ең зияны – «диван зымияндар». Олар жаман пиғылмен арандатып, ортаға от салып, отқа май құйып, арандатуды ғана біледі.
Бір сөзбен айтқанда, қоғамымыз қандай, әлеуметтік желіміз сондай. Қоғамда кім бар, соның бәрі әлеуметтік желіде. Әлеуметтік желідегі жазбалар күнделікті өміріміздің көрінісі. Яғни әлемжеліні қоғамның айнасы деуге болады.
«Дивандықтарға» сол дивани қызметтері үшін үкіметтен ешқандай ақша төленбейді. Олар жылдар бойы тегін қызмет етіп келеді. Әне, тағы да жалаң төстерін ашып тастап, ақпарат майданына кіріп барады. Мен жатырмын сырттай бақылап. Өз диванымда. Па, шіркін, мен де кеше алдыңғы шепте жүретін ем. Ел үшін, халық үшін, әділет үшін деп. Қазір ме? Білмеймін.