Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:33, 07 Ақпан 2025

«Донор» Досаев қарызы туралы айтпайды

Сағынтаев, Досаев, Байбек
Сағынтаев, Досаев, Байбек. Фото: Жас Алаш коллаж

Алматының Аудит комиссиясы қала әкімдігінің мемлекеттік қарызы жайлы айта бастады. Аудиторлардың есебінше, Алматы әкімдігі бүгінде мемлекетке 126,56 млрд теңге қарыз. Әкімдіктің қарызды басқару бойынша жұмысын тексеру барысында бюджет қаржысын пайдалану және қайтару бойынша олқылықтар да анықталған.

Мәселен, 2015-2023 жылдар аралығында Алматы әкімдігі 50 рет кредит алған. 2023 жылдың соңында олардың тек үшеуін ғана төлеген. 2023 жылдың 1 қаңтарында әкімдік мемлекетке 129,84 млрд теңге қарыз болған. Бір жыл ішінде ол қарыздың 3 млрд теңгесі ғана төленген. Аудиторлар аталған миллиардтарды Алматы әкімдігінің не үшін алғанын да айтып отыр.

Деректерге көз жүгіртсек, әкімдік 32,99 млрд теңгені республикалық бюджеттен алған. Бұл қаражатқа қала әкімдігі жылу жүйелерін, туризм саласын, жол жөндеу, тағы басқа инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырған. Одан бөлек, 27,56 млрд теңгені «Алматы жылу жүйелері» ЖШС алған. Ол қаржы Алатау ауданындағы 2017 жылғы Универсиада нысандарын жылумен қамтамасыз ету үшін жылу магистралінің құрылысы мен ЖЭО-2 жылу жүйесін жаңалау үшін қажет болған. 5,42 млрд теңгені «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ және «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ арқылы алып, жастар ұсынысы мен кәсіпкерлікті қолдау үшін жұмсаған. 93,57 млрд теңге – 11 мәміле бойынша кредиторлар алдындағы қарыз (2032 жылға дейін), 11,73 млрд теңге – Наурызбай ауданындағы Қалқаман-2 ауданы мен Түрксіб ауданындағы Жас Қанат шағын ауданының құрылысы үшін жұмсалған. 81,85 млрд теңге «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында балабақша, кітапхана, мұражай, театрды жөндеу жұмысына, тағы басқа құрылыстарға қажет болған.

Қала әкімдігінің бюджетті басқару жұмысына тексеріс жүргізген аудиторлар несие беру бойынша сыйақы есептеудегі қателіктерді де анықтаған. Оның ішінде Отбасы банкпен жасалған келісімшарт бойынша қате төлемдер бар. Бұған қатысты құны 24,78 млрд теңге болатын қателіктер белгілі болыпты. Мұның бәрі Алматының есепшілері ұсынған есептер.

Жалпы, Алматы мемлекет бюджетінің кірісінің төрттен бірін қамтамасыз ететін – донор қала. Назарбаевтың тұсында Алматы «Жаңа Ұлы Жібек жолының» қаржылық астанасы болатыны жиі айтылатын. Осыған орай 2005 жылы үкімет Алматы қаласына қаржы орталығы мәртебесін де берген. Арнайы заң қабылданып, қаржы орталығын дамыту комитеті мен кеңесі де құрылды. Алайда содан бері қала «адам танымастай» өзгерді, жарқырады, жайнады деп айта алмаймыз. Әйтеуір жалтыраған биік ғимараттар мен офистер, теледидардан берілетін бейнесюжеттер Алматының қаржы орталығы екенін анда-санда еске түсіріп тұрады. Тіпті кезінде 2025 жылға қарай «Алматы ЕАЭО-ның қаржы орталығы болуы мүмкін» деген пікірлер де айтылды. Бұл жөнінде Ұлттық банкті басқарған жылдары Қайрат Келімбетов жиі айтатын. Осыдан 10 жыл бұрын Келімбетовтің «Алматы даму жағынан Мәскеу, Варшава және Манила сияқты қалаларды басып озды. Алға қойған міндетіміз – Азияның 10 ірі қаржы орталығының қатарына ену» деген мәлімдемесі алматылықтардың есінде болуға тиіс.

Алматыны дамытудағы негізгі міндеттердің ішінде бағалы қағаздардың қазақстандық нарығын құру, экономикаға инвестициялар тарту, жаңа қаржы құралдары мен шетел инвесторлардың елге келуін жеңілдету тәрізді мақсаттар болған. Осыған байланысты қала әкімі Ерболат Досаевтың есептеріне сүйенсек, президент тапсырмасы орындалып, Алматыны дамыту тұрғысында осы мақсаттар жүзеге асып жатқандай көрінеді. Бұл ретте 2024 жылды қорытындылаған есебінде Досаев Алматы экономикасының өсімі 5,5 пайыз болғанын, 2025 жылы қаланың экономикалық өсімі 6,4 пайызға дейін артатынын жеткізді. Әкімнің айтуынша, 2023 жылы Алматыда жалпы өңірлік өнімнің өсуі 24,8 трлн теңгеге дейін жеткен. Бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш болған. Соңғы екі жылдан бері өңдеу өнеркәсібі, сауда және қаржы, сақтандыру қызметі 12 пайызға артыпты. Досаевтың ойынша, Алматы өзінің тұрақтылығы мен жоғары әлеуеті бар Орталық Азияның жетекші экономикалық орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтуды жалғастыруда.

Ал қаланың мемлекетке 126,56 млрд теңгеден астам қарызы барын қала әкімі айтпайды. Оның аузынан «қала көркейіп жатыр, дамып келеміз, инфрақұрылымдық жүйе реттеліп жатыр» деген позитивті мәлімдемелер ғана айтылады.

Донор қаланың өзі мемлекетке қарыз

Шындығында, Алматының шешілмейтін мәселесі шаш-етектен. Соған орай қаланы басқарып отырған әкімнің де атына айтылар сын жетіп артылады. Бүгінде қаладағы жарықсыз көшелер, негізсіз ауыстырыла беретін бордюрлар, орталық көшелердегі ойластырылмаған жол жөндеу құрылыстарына байланысты мәңгілік кептелістердің үдеуі қала тұрғындарының әбден ығырын шығарған. Мұндай келеңсіздіктерге шағымдана қалған жағдайда әкімнің оған құлақ аспауы, Досаевтың жұрт алдында орынсыз сөйлеуі, халықпен кездесу жиындарындағы «бетпақтығы» тіпті елді оған қарсы петиция жазуға да итермеледі. Алайда әкім оған пысқырған жоқ. «Мені бұл қызметке мемлекет басшысы тағайындады, шешім қабылдайтын да сол кісі» деген атақты сөзін есіңізге түсірсек те жеткілікті шығар.

Өркениетті елдерде әкім халықпен етене жақын араласып жұмыс істейді. Оларда біздегі тәрізді түсінік жоқ. Қаланың мэрі болады. Ол мэр біздің әкімдер секілді үлкен кабинетте отырмайды, қымбат көліктер мінбейді, елдің алдында кербезденіп сөйлемейді. Өзінің аймағын дамытуға бөлінген қаражаттың әрбір тиыны жөнінде халыққа ашық есеп беріп отырады.

«Былтыр ғана халықаралық конференцияда лекция оқу үшін Лондонда болдым. Лондонда 32 аудан бар. Осы аудандардың мэріне біздікі сияқты атшаптырым кабинет берілмейді. Олар қарапайым мемлекеттік қызметкер саналады. Аудандарында жол жөнделсе, жол жөндейтіндердің қасында жүреді, су құбыры тартылса, сол жерде жүреді. Қандай шаруа бар, соның басы-қасында жүріп, бақылап, мәселені әп-сәтте шешеді. Өркениетті елдерде әкімдерге бақылау өте қатты. Қай жерде мәселе бар, сол жерде әкімдер немесе министрлер жүреді. Оларда мэрлер өз аудандарын, қалаларын дамыту үшін үкіметке тиімді ұсыныстар ұсынады, инвесторлар әкеледі. Сөйтіп мемлекетке масыл болмай, өзі басқарып отырған аймағын дамытуды ойлайды. Біздің әкімдер тәрізді шікірейіп, қымбат көлікпен жүру, қомақты жалақы алу, мемлекеттік қызметте жүріп кәсіппен айналысу деген оларда жоқ», – дейді экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергенов.

Бизнес демекші, Ерболат Досаевты сарапшылар отставкаға кетсе де, келешегі жарқын әкімдердің қатарына қосады. Өйткені Досаев әкімдікпен қатар бизнесте де табысты жұмыс істеп келеді. Ол тіпті 2014 жылы Қазақстандағы ең бай 20 адамдардың тізіміне кірген. Ол 1998 жылдан бері мемлекеттік қызметте жүрсе де Lancaster Holding компаниясының және «Қазинвестбанктің» үлесіне ие. Әкімнің зайыбы Гүлнар Досаева да бизнеспен айналысады. Досаев мегаполисті басқарып келе жатқалы үш жылдан асты. Досаевтың тұсында Алматы қаласын дамыту бағдарламасы қабылданып, жер аукциондарын өткізу, троллейбус сатып алу, LRT іске қосу, ағаштарды қорғау жоспары пайда болды.

Осы жобалардың нақты жүзеге асып жатқанынан халық бейхабар қалғаны туралы айтып жүрген экономист Жаңабай Алдабергенов Қазақстанның донор қаласы саналатын Алматының мемлекетке 126 млрд теңгеден астам қарыз болуы ойланатын жайт дейді.

«Дамыған унитарлы елдерде кез келген қала өз бюджетін өзі басқарады. Артық қарызға кірмеуге тырысады. Еуропада қала мэрлері басы артық шығынға шектеу қояды. Ал біздегі өзін-өзі басқару жүйесі халықаралық тәртіптерді қолданып отырған жоқ. Сондықтан бюджет тапшылығы болады. Ол тапшылықты толтырады деп үміттенген донор аймақтардың өзі мемлекетке қарыз. Біздің үкімет донор аймақтардың санын алтауға жеткізе алмай отыр. Экономикаға донор болатын қалалар дегенде Алматы, Астана, Атырау, Ақтауды атаймыз. Бұл қалалардың өзінің мәселесі шаш-етектен. Мәселен, қаншама млрд қарызы бола тұра Алматыда қала күні жыл сайын тойланады. 2023 жылы Қала күніндегі декорацияға өте көп қаржы жұмсалған деген дерек шықты. Әкімдік сол жылы Almaty cover show концертіне 67,7 млн теңге, Apple fest 2023 фестиваліне 68,4 млн теңге жұмсаған. Ал былтыр қала күніне орай 150-ден астам шара жоспарланыпты. Мұндай экономикаға пайдасы жоқ шараларға қыруар қаражат бөліп қажеті жоқ. Сонда қала әкіміне экономиканы дамытудан гөрі қала күнін атап өту маңызды ма?! Өз басым, мұнай ойын-сауықты шектеу керек деп есептеймін».

Қарыз қайда жұмсалып жатқанын білмейміз

Экономист-сарапшы Қайырбек Арыстанбековтің сөзінше, қаланың мемлекетке қарыз болғанынан аса қорықпау керек. Егер бұл қаражаттар тиімді жұмсалса инфрақұрылымдық жүйе дамып, нақты мәселелер шешілсе бұл қаланың дамуына үлес қосады. Қаланың экономикасы өркендеп жатса, қарызды қайтару да қиынға соқпайды. Алайда бізде осы бюджет қаражатын да, кредитке алынған ақшаны да, мемлекет бөлген демеуқаржыны да тиімді басқару тетігі жетілмей қалған.

«Меніңше, инвестициялық жобаларды белгілі бір басқармалар, департаменттер арқылы жүзеге асыруды доғару керек. Ондай бағдарламалар қала әкімдігінің мәслихатында әбден талданып, талқыланып, «нақты қажет пе, бұл жобаларды қабылдағаннан не ұтамыз, қанша пайда түседі» деген мәселелер ашық айтылуы керек. Сарапталғаны жөн. Егер пайдасы болмаса, экономикалық тиімділігін көрмесек, ондай инвестициялық жобалардың керегі жоқ. Әкімдіктің мәслихатында отырған депутаттар ойын ашық жеткізуі керек. Бас шұлғи беруді доғарған жөн. Содан кейін бюджет қаражаты қалай жұмсалғаны ашық талқылауға түсуі керек. Оңтүстік Кореяда бюджеттің қай қаражаты қайда кеткені сайттарда, қаланың қақ ортасындағы Led экрандарда анық көрсетіліп тұрады. Бұдан кейін халықта мемлекеттің ақшасының тиімді жұмсалып жатқанына еш күмән болмайды. Бізге де осындай бастаманы қолға алу керек. Сол кезде қазынаның қаражаты қолды болмағанына елдің көзі толық жетеді».

Алайда петицияға пысқырмайтын, қала тұрғындары шағым айтса зіркілдей жөнелетін Досаев жұмсаған ақшасына есеп бермек түгілі, өзі басқарып отырған қаланың қарызы туралы тіс жармайды.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ