Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:03, 27 Сәуір 2023

Допинг дауына іліккен дүлдүлдер

None
None

Осыдан 47 жыл бұрын допинг дауы КСРО-ға жеткен болатын. Анықтап айтсақ, 1976 жылы Австрияның Инсбрук қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарында әйгілі шаңғышы Галина Кулакованың эфедрин қолданғаны анықталды.

Эфедрин – спортшылардың қолдануына рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектердің бірі. Айтулы шаңғышы «суық тигеннен кейін дәрі ішкен едім» деп ақталды. Ол кездері бұл тақырып бүгінгідей аса өзекті емес еді. Сол себепті де айыптыға қатысты қатаң жаза қолданылған жоқ. Бар-жоғы Кулакова 5 шақырымдық қашықтықта жеңіп алған қола медалінен ғана айырылды. Есесіне, келесі жарыс күндері ол екі рет жарыс жолына шығып, бір алтын және бір қола жүлдені олжалады.

Уақыт оза допингке қарсы күрес қатты күшейді. WADA (Дүниежүзілік допингке қарсы күрес агенттігі) деп аталатын арнайы ұйым құрылып, олар спортшылардың әр қадамын жіті қадағалауға көшті. Жарыс барысында жасындай жарқыраған немесе өздері қалаған өрендерді сол мезетте жеке-дара алып шығып, тексеруден өткізуді әдетке айналдырды. Ол аз десеңіз, төрткүл дүниенің қай қиырында жүрсеңіз де, сол ұйымның қызметкерлері керек адамын еш қиындықсыз тауып алады. Жаттығу залына немесе қоныстанған жеріңізге сау етіп келіп, ішкен-жегеніңізге дейін тексереді. Бұл күндері «WADA келе жатыр» десе болды, осы саланың басы-қасында жүрген барлық елдің лауазым иелерінен бастап, қатардағы қарапайым спортшыларына дейін төбе шашы тік тұрады. Өйткені Дүниежүзілік допингке қарсы күрес агенттігі қызметкерлерінің назарына іліккен адамның басы үлкен дауға қалады. Ал өздерінің сенім артқан серкелерін сол пәледен құтқару үшін ұлттық федерациялар мол мөлшерде айыппұл төлеп, олардан әзер құтылады.

WADA-ның құрығына іліккен спортшылар көп. Олардың арасында ұзақ жылдар бойы өрелі өнері және теңдессіз нәтижелерімен жанкүйерлер жүрегін жаулап алған жарқын жұлдыздар да бар. Атағы жер жарған жампоздар да жетерлік. Біз бүгінгі мақаламызда толағай табыстарға қол жеткізу мақсатында допинг қолданған саңлақтар жайында әңгімелеуді жөн көріп отырмыз. Былықтары әшкереленгеннен кейін олардың дені сенім артқан сан миллион жанкүйердің көзіне тік қарай алмайтындай жағдайға жетті. Абыройдан жұрдай болды. Олар кімдер?

ХХ ғасырдың сексенінші жылдары аса қысқа қашықтыққа жүгіретін жігіттер арасында Бен Джонсонның алдын орайтан ешкім жоқ еді. 1961 жылы Ямайканың Фалмут қаласында туып-өскен ол 15 жасында Канадаға қоныс аударды. Желмен жарысқан жүйрік талай байрақты бәсекеде үйеңкі жапырақтылар елінің абыройын асқақтатты. 1984 жылы Лос-Анджелесте өткен Олимпиада ойындарында қос қола медальді иеленді. 1985 жылы әлем чемпионы атанып, рекордтық көрсеткішке өзгеріс енгізді. Арада екі маусым өткенде жоғарыдағы нәтижесін қайта жаңартты. 1988 жылы Сеул Олимпиадасында төрткүл дүние жұртшылығын таңдандырып, 100 метрлік межені 9,79 секундта жүгіріп өтті.

Алайда үш күннен кейін WADA Джонсонның допинг қолданғанын анықтады. Беннің өзі де айыбын толықтай мойындады. Ақыры қатаң жазаға ұшырап, ол барлық атақ-даңқынан, барлығынан айырылды. 1991 жылы Джонсон қайта оралды. Бірақ көп ұзамай допингпен қайта ұсталды. Ол кездегі жаза тіптен қатаң болды. Канада спринтері үлкен спорттан мүлдем аластатылды. Сол кезде әйгілі желаяқтың: «Мен ұзақ уақыт бойы маған сенім артқан, менің тілеуімді тілеген, мені пір тұтқан миллиондаған адамдарды алдап келдім. Қазір соны ойласам, өкініштен өзегім өртенеді. Сол үшін қатты өкінемін. Бірақ бәрі кеш. Енді қалай ақталсам да, мені ешкім түсіне қоймас», – деп теледидар алдында еңіреп тұрып жылағаны күні бүгінгідей көз алдымызда.

1999 жылы ұзындыққа секіруден олимпиада ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионы, әлемдік рекордшы, кубалық Хавьер Сотомайор кокаинге әуестігі үшін екі жылға спорттан шеттетілді.

2000 жылы Сидней олимпиадасы барысында 8 спортшыға «рұқсат етілмеген дәрі-дәрмекті пайдаланды» деген айып тағылды. Сол үшін спорттық гимнасшы Андреа Радукан (Румыния), грек-рим күресі шебері Александр Ляйпольд (Германия), зілтемірші Изабелла Драгнева (Болгария) және жеңіл атлет Бернардо Сегура (Мексика) бас жүлдеден айырылса, басқалары да сазайларын тартты.

2011 жылы шаңғыдан Лахтиде өткен әлем чемпионаты кезінде Финляндия құрамасы толықтай жарыстан қуылды. Сол жылы Ізгі ниет ойындары барысында Ресейдің әйгілі гимнаст қыздары Алина Кабаева мен Ирина Чащинаның «таза еместігі» анықталды. Сол жылы Швецияның туы астында өнер көрсетіп жүрген орыс бобслейшісі Людмила Нарожиленко-Энквистің басына қара бұлт үйірілді.

2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі Ақ олимпиадада ресейлік шаңғышы Лариса Лазутина мен Ольга Данилова және испаниялық Йохан Мюллегтің еңбегі еш кетіп, олар бірнеше алтын медальдарынан айырылды.

2004 жылы Ежелгі Эллада елінде алауы тұтанған олимпиада ойындарында бас-аяғы 20 спортшы жазаланды. 2008 жылы Бейжің және 2010 жылы Ванкуверде допинг қолданғандар саны 30-дан асты. Олардың арасында жеңіс тұғырының ең биік сатыларына көтерілген саңлақтар да бар. Басқа да аса ірі халықаралық жарыстарда WADA-ның ұзын құрығына іліккендер саны жетіп артылады. Айыпталғандарға түрлі жаза қолданылды. Кейбірі бірер жыл үлкен спорттан қол үзсе, кейбіреулері ғұмыр бойы өзінің сүйікті кәсібімен айналысу құқығынан айырылуда.

Негізі, WADA қаһарына ең көп ұшырайтындар – жеңіл атлеттер, ауыр атлеттер және велошабанзоздар. Мәселен, АҚШ-тың атақты желаяғы Мэрион Джонстың әрекеті әшкереленгенде, күллі әлем жанкүйерлері таңдай қақты. Айықпас дертке ұшырағанына қарамастан, америкалық велошабандоз Лэнс Армстронг «Тур де Франс» көпкүндігінде 7 мәрте топ жарды. Мұндай көрсеткіш аталмыш спорт түрінің тарихында болмаған. Сол себепті де төрткүл дүние жанкүйерлері АҚШ азаматының жанкештілігі мен жеңіске деген жігеріне сүйсінді. Оның асқан шеберлігіне тәнті болды. Бірақ кейіннен Армстронгтің допингтің көмегіне жүгінгені белгілі болды. Осылайша ол өмір бойы спорттан шеттеліп қана қоймай, барлық атағынан айырылды. Дәл сондай жағдайды Марк Пантани, Стефани Гарцелли, Джильберто Симони, Альберто Контадор да басынан кешті. Ал ауыр атлеттердің жарысы барысында жоғарыда айтылған мәселеге байланысты тұтастай бір мемлекет өкілдерінің елге еңселері түсіп қайтқанын көзіміз көрді.

Допинг дауы футболшыларды да айналып өткен емес. Кезінде Диего Марадона, Бернар Лама, Эдгар Дэвис, Франк де Бур, Рио Фердинанд, Егор Титов секілді теңбіл доп шеберлерінің қанынан рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектің белгілері табылған.

Қазақстан спортшылары арасында да жоғарыдағыдай жағдайға душар болғандары бар. Мәселен, кезінде жеңіл атлет Ольга Шишигина мен велошабандоз Александр Винокуровтың басына қара бұлт үйірілген. Бірақ жерлестеріміз бұл жағдайдан абыроймен шықты. Ол аз десеңіз, арада біраз уақыт өткеннен кейін екеуі де Олимпиада ойындарында алтын тұғырға көтеріліп, өздерінің мықтылығын дәлелдеді.

Ал әр жылдары Олимпиада чемпионы атанған Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова сынды ауыр атлеттердің допинг қолданғаны анықталып, олар «мәңгі тозбас» атақтарынан айырылды. Сондай-ақ зілтеміршілер Владимир Седов, Алмас Өтешов, Жасұлан Қыдырбаев, Ирина Некрасова, Мария Грабовецкая, балуандар Теймұраз Тигиев пен Әсет Мәмбетов және тағы басқа жерлестеріміз дәл сондай жағдайға душар болды.

Тегтер: