Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:16, 06 Қазан 2023

Досаев мырза, блогерлеріңізді көрдік, туристер қайда?

2
Фото: из открытых источников

Алматы әкімдігі шетелден блогерлер шақырып жатыр. Оған қала қазынасынан 67 млн теңге қарастырыпты.

Шаһардың шенеуніктері бұған дейін де бірнеше рет шетелден блогер шақырған, ол жағынан «опыттарының» бары рас енді. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы деректерде бұл жолы келетін блогерлердің міндеті «Алматы қаласын бүкіл әлемге таныту және туризмді дамыту» деп көрсетіпті.

Сатып алу сайтындағы техникалық сипаттамасында Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Катар, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Израиль, Түркия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Испания және Қытайдан ұшып келетін блогерлердің жолына шамамен 70 миллион теңгеге жуық қаражат төленетіндігі жазылған.

Олар Алматыдағы бес жұлдызды ең мықты қонақүйлерге орналасып, Медеу мұз айдыны мен Шымбұлаққа барып, Көктөбеге шығып, табиғат аясында демалып, содан кейін Көкбазарға келіп базар аралайтын көрінеді. Алматыны төрткүл дүниеге мәшһүр ету үшін келе жатқан шетелдік блогерлерге қала шенеуніктері қазақтың ұлттық тағамдарын жасаудан шеберлік сағат өткізуді де ұмытпапты. Ал жолға шығар алдында әлгі блогерлерге қымбат сыйлықтар беріп, қош көңілмен қоштасатындарын да бағдарламаларына енгізген.

Әңгіме бұлардың қалай демалатынында немесе қайда барып, қайда қыдыратынында емес. Алматыны шетелге көрсетіп, өзге мемлекеттерге таныту үшін көл-көсір ақша шашып, шетелдіктерді шақыруда болып тұр. Блогерге күні қараған Досаев әкімдігі идеологиясының жеткен жері осы. Олар мұнда келіп қыдырып, демалып, қомақты қаламақы алып, бес сөйлем жазғанда не өзгереді? Бұлар қарапайым блогерлер емес пе? Көп болса, біреуінде 500 мың оқырманы бар шығар. Олардың Медеу мен Шымбұлақты, Көктөбені көрсеткені кімге керек? Көкбазар туралы жазған постын біреу оқып, Алматыға келеді дегенге кім сенеді? Шетелде тау жоқ па, төбе жоқ па? Базармен мақтану ХХІ ғасырдың өркениетіне томпақтау енді.

Досаев әкімдігі блогерлерді емес, әлемге белгілі адамдарды – спортшыларды, кино әртістерін шақырса, әңгіме басқа. Өйткені олардың миллиондаған жанкүйері бар. Ондай белгілі тұлғаларға ақша шашып жатса, Досаевтың мал шашарлығын мал табарлық ретінде қабылдауға болар еді.

Мәселен, атақты бразилиялық футболшы Неймар қазір Сауд Арабиясының «Аль-Хиляль» футбол клубында келісімшартпен жұмыс істеп жатыр. Сауд Арабиясында жүрген жерінен әлеуметтік желіге салған бір фото немесе бір видеосы үшін есепшотына миллион еуродан астам қаржы түсіп тұрады екен. Неймар оған лайық аңыз тұлға. Ал бізге келе жатқан блогерлер ше? Мәселе осыдан шығады. Кімді шақырдың және одан қандай нәтиже шығады? Әкімдік нақты есебі бар ма? Әй, қайдам?..

Алматы әкімдігі қаланы таныту, туризмді дамыту деген сылтаумен шетелдік блогерлерді шақыруға әбден «кәсіптеніп» алған. Мұндай жағдай осымен бірнеше рет қайталанып отыр. Журналистер қанша рет сынап жазды да. Қыңқ еткен Досаев жоқ. Айтып жатырсың ба, жазып жатырсың ба, шулап жатырсың ба – бәрібір. Және бұрынғы келгендердің соңынан қанша адам Алматыға ынтыға қалыпты? Ол да белгісіз. Бастысы, келді, ақшаны игерді, кетті. Одан арғысы бұлыңғыр. Мәселен, бұдан бұрын шақырған блогерлер туризмге қаншалықты әсер етті? Әкімдік алдымен соған есеп беріп алса, сосын, біз осынша ақша шығардық, бірақ одан да асырып, осынша ақша таптық десе, бәрекелді деп, алақанымызды ысқылап, күтіп алар едік қой. Бұрынғы шақырған блогерлердің жазбасын оқып Медеуге келген, Шымбұлаққа шыққан, Көктөбеге барған турист туралы кім естіді? Ондайлар болса, осы уақытқа дейін көзге түсер еді, Қазақстан туралы жылт еткенді көшіріп жазатын сайттар аударып салар еді. Демек, блогерлерге бөлінген ақша желге ұшқан.

Қараңыз, осыдан екі жыл бұрын, яғни 2021 жылы 30 млн теңгеге топырлатып тұрып шетелдік блогерлерді Алматыға шақырдық. Грузия мен Армениядан, Беларусь пен Ресейден, Украина мен Түркиядан, Корея мен БАӘ-ден және Гонконгтен. Қала бюджетінен қаржыландырылып, әлгі шетелдіктердің елге келіп-кетуі мен қаладағы барлық шығындарын әкімдік көтеріп алды. 2020 жылы 814 млн теңгеге жас блогерлер мен вайнерлердің слетін өткізді қала әкімдігі. «Блогерлердің үлкен шоуы» деп аталатын блогерлер слеті сол кезде біраз әңгімеге арқау болған-ды. Содан нәтиже шықты ма? Алматыға саяхаттап келетін туристердің саны артты ма? Қызыл цифрға құмар Ерболат Досаевтың қызметкерлері ондай сұрақтан сүрінбесі анық. Өтірік болса да арттырып көрсете салуға болады. Бірақ мұндайда туристер ненің есебінен көбейді деген нақты сұрақ туындар еді. Қандай да бір әлеуметтік зерттеу жүргізілді ме, жоқ па? «Көбейіп кеткен» туристерден қайдан естідің, кім арқылы келдің деген сауалнама алған біреу бар ма? Кез келген ақша жұмсалған шараның нәтижесі осындай зерттеулерден кейін ғана анықталып, оны ары қарай жалғастыруға бола ма, жоқ па, анықталуға тиіс. Егер, Досаев әкімдігінің осындай есебі болса, мархабат, құмарта тыңдауға дайынбыз...

Шетелден блогер шақыру мода болып тұрған уақытта Астананың бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов те қазынаның қаражатын оңды-солды шашты-ау. Досаев биыл Көлгіновтің сол кездегі рекордына жете алған жоқ, бірақ дәстүрге айналдырып алды. Бас қаланы шетелдіктерге көрсету үшін Көлгінов 2021 жылы 77 млн теңге шығындаған-ды. Қала имиджі үшін деген сылтау мегаполис басшылары үшін ақша шашудың таптырмас мүмкіндігіне айналған сияқты. Блогерлерге деп бөлген ақшаның сұрауы болмайды, бұл жағынан әкімдер мен әкімдік жағалаған шолақ белсенділер үшін ақша қарпып қалатын жақсы орай. Екіншіден, қалтасы қаржыға толған блогерлер жан-жақтан мақтап жазады. Болмағанды болдырып, жасамағанды жылтыратып тұрып жазады. Әкімдерге одан басқа не керек? Антикор тексеріп жатса да ши шыға қоймайды. Бұл жағына келгенде Досаев әкімдігі дес бермей тұр.

Осы мәселеге орай Алматы әкімдігіне бірнеше сұрақ жолдадық. Негізгі сұрағымыз осыған дейін келген блогерлер қала туризмін дамытуға қаншалықты ықпал етті, қандай да бір зерттеу жүргізілді ме, жоқ па, соны білгіміз келген. Ал әкімдік... Әдеттегідей, туризмді жарнамалаудың артықшылықтары туралы жалпылама жауап беріпті.

«Туризмді дамыту белгілі бір аймақтың туристік брендін маркетингтік ілгерілету бойынша жұмыстарды қамтиды. Бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде ілгерілету, шетелдік блогерлерді, травел-блогерлерді, медиа тұлғаларды және қоғамдық пікір көшбасшыларын тарту, маркетингтің цифрлық арналарын пайдалану халықаралық туристерді тартудың ең тиімді тәсілдері болып табылады», деп, дәріс оқудан бастапты да, ары қарай блогерлерге арналған турларды ұйымдастырудың маңызы мен блогерлердің рөлін тәптіштей түсіндіріпті.

«Олардың жазбалары, фотосуреттері және бейне мазмұны қала туралы толық ақпаратты аудиторияға жеткізе алады. Олар саяхатқа қатысты пайдалы кеңестермен бөліседі, оның ішінде баруға болатын ең жақсы орындар, бюджеттік нұсқалар, гастрономия, ойын-сауық және қаланың мәдени ерекшеліктері туралы кеңестер береді.

Блогерлерге арналған баспасөз турлары жергілікті және әлемдік деңгейде БАҚ назарын аударады. Бұл қалаға көбірек жариялылық алуға және туристік бағыт ретінде жоғары кескін жасауға көмектеседі... Олардың сапарының бағдарламасы Алматының мәдени-туристік әлеуетін насихаттауға бағытталған. Жарияланған материалдар – мегаполис туралы посттар, фотосуреттер және бейнероликтер әлемдік аудиторияға аймақтың сұлулығын және ерекшелігін, мәдени құндылықтарын жеткізіп, шетелдік туристерді біздің қалаға келуге шақырды», – дейді Алматы әкімінің баспасөз қызметі.

Міне, осындай «түсіндіруден» кейін, бұған шашылып жатқан біз ғана емес, тіпті біздікі ештеңе емес екеніне баса мән береді:

«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ең табысты туристік бағыттар жарнамаға белсенді түрде инвестиция салады. Салыстыру үшін, Алматы қаласы туризм басқармасының маркетингтік бюджеті жақын маңдағы бәсекелес қалаларға қарағанда 11 есе аз. Ресми мәліметтер бойынша, Ташкентті ілгерілетуге жыл сайын 30 млн АҚШ доллары, Бакуге – 46 млн, Тбилисиге – 60 млн АҚШ доллары бөлінеді. Бұл ретте Австралияда, БАӘ, Израильде және т.б. елдерде туризмді ілгерілетуге келу туризмінен түсетін барлық табыстың 0,2%-дан 4,34%-на дейін бөлінеді».

Әдеттегідей жалпылама жауап. Көкейде бір сұрақ тағы қалып қойды: Блогер келді, ал туристер қайда, Досаев мырза?

Жарас Шөке

Тегтер: