Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:32, 25 Қаңтар 2024

Досаев Сұлтанғазиевке қарап бой түзейді

Досаев
Фото: из открытых источников

Неге алматылықтар дер кезінде ақпар алған жоқ?

23 қаңтар түнгі сағат 00:09-да Қырғыз Республикасы мен Қытай шекарасында жер сілкінісі тіркелді. Ресми мәліметтерге сәйкес Алматыдағы дүмпу 5 балды құрады. Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті болса дүрбелеңге түскен халыққа ресми мәлімдеме жасамай ұзақ күттірді. Нақты ақпараттың жоқтығынан «жер сілкінісі қайталанады» деген кім айтқаны белгісіз үрейлі хабар тарап, көпті алаңдатты.

Әйтеуір дегенде, сілкініс сезілген уақыттан бір сағат өте Алматы қалалық ТЖД бастығы, полковник Н.Атығаевтың видеомәлімдемесі жарияланды. Судыратып орысша баяндама жасаған ол алматылықтарды тыныштық сақтауға шақырып, далаға шығуға кеңес берді. Негізі, ТЖ кезінде аталған видеомәлімдемеден де бұрын дабыл қағылуы керек еді. Алайда Алматыдағы 843 дабылдың бірі де қауіп-қатерді ескертіп үн шығармады. Ал әкімдік пен ТЖД «сиреналар сейсмостанциялар магнитудасы 5,5 және одан жоғары тербелістерді бекіткен кезде іске қосылады, артық дүрбелең туғызғымыз келмеді» дегеннен басқа түсініктеме бермеді. Біздің сауалымызға жауап берген ресми өкілдер де кәлимасындай жаттап алған осы сөзді қайталап айтты.

Сол уақытта қала әкімі ретінде жедел баяндама жасап, халықты тыныштыққа шақыруы тиіс Е.Досаев тіпті үнсіз болды. Бұл туралы сауалымызға әкімнің баспасөз хатшысы: «Алматы облысында да жер сілкінісі болды. Онда да әкім баяндама жасаған жоқ», – деп М.Сұлтанғазиевке сілтей, ренжи жауап берді. Әкімнің әрекетін ТЖД-ның ресми сайты сағат 02:48-де жүктелген алғашқы ақпаратында баяндапты. Онда «Қазіргі таңда сейсмикалық жағдай тұрақты. Әкім Е.Досаев басшылығымен штаб құрылды. Қаланың барлық мектептерінде және балабақшаларда халықты қабылдау пункттері ашылды» делінген. Және жедел желі нөмірлері жарияланған. Одан кейінгі хабарлама сағат 03:08-де «Жер сілкінісі бойынша ақпарат» деген тақырыппен берілді. Бір қызығы, Алматы қалалық ТЖД-ның сайтын бір күн өткен соң, 24 қаңтар ашып қарағанымызда 23 қаңтар 00:36, 2:19 уақытымен материалдар салынғанын көрдік. Ресми ақпар неге кеш шықты деген сөгістен қашудың тәсілі болса керек. Ал Алматы қаласы әкімдігі тіпті де асықпай, мәліметтер жүктеуге күндізгі 10:52-ден бастап кірісті.

Бұдан бөлек, абоненттерге келетін хабарламалар да тым баяу таралды. Департамент бұл мәселеге қатысты: «2019 жылы ұялы желі операторларының техникалық мүмкіндіктері шектеулі болуына байланысты жер сілкінісі кезінде SMS ескертулерді қолданудан бас тарттық. Мұндай дүрбелеңде SMS хабардың қала тұрғындарына тез арада жетпейтінін практика көрсетті. Операторлар ақпаратты өңдеп үлгермейтіндіктен бұл тәжірибені біртіндеп доғардық», – дейді. Бірақ ТЖД көп ойланып, «ештен кеш жақсы» деді ме, оқиғадан 2-3 сағат өткен соң SMS-тер жіберіле бастаған. Азаматтарға 24 қаңтар күні де кешке дейін хабарламалар таратылған. Ал халық мұны күлкіге айналдырып, «коммуникация деп осыны айт», «рақмет саған, ТЖД» деп жазбалар, пікірлер жазуда. Риясыз алғыс тек Android-қа айтылған секілді. Өйткені аталған операциялық жүйе орнатылған смартфондарға жер сілкінісі болардан бірер минут бұрын магнитудасы 6,2 жер сілкінісі болады деген ескерту келген. Әрі қауіпсіздік шаралары да айтылған. iOS операциялық жүйесінде де мұндай функция бар. Бірақ ол тек дамыған мемлекеттерде жұмыс істейді-мыс. Ал Қазақстанда жұмыс істемейді екен... Бұл туралы депутат С.Пономарев: «Біз ҚР ТЖМ-нен немесе ұлттық операторлардан емес, әлемдік сервистен бірінші хабар алдық. Сонда төтенше жағдай кезінде біздің жағдайымызды Билл Гейтс пен Илон Маск ойлауы керек пе?», – деді мәжілістің жалпы отырысында.

Тағы бір депутат Б.Базарбек «Алматы тұрғындары болуы мүмкін жер сілкінісі туралы алдын ала хабар алмады» деп, жер сілкінісіне дайындық жөнінде Ә.Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. Дайындыққа қатысты ТЖД-ның бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, тоқсан сайын жоспарлы жаттығулар мен дайындық жұмыстары жүргізіледі екен. Десек те, жағдай осылай. Болмай тұрып болжануы тиіс жер сілкінісі болып біткен соң да ақпараттандыру баяу жүрді, абдыраған халық не істерін білмей сабылды.

Болжамдарға келсек, жер сілкінісі туралы дақпырт болғаны рас. Алайда ТЖМ да, ТЖД да алдын ала ресми ақпарат бермеді, ескерту жасамады. Осы мәселе жөнінде ТЖД-ның ресми өкілі Гүлдана Маратқызынан сұрадық.

«Алматыда сейсмобекеттер бар, кешенді зерттеулер жасалады. Сейсмикалық жағдайды бақылау үздіксіз жүргізіледі. Бірақ нақты болжау деген әлемде жоқ. Тіпті Жапонияда да жоқ, бізге қайда? Алдын ала ескерту бермегініміздің де, ТЖД-ның оқиғаға дайын болмауы да осыдан. Дайын болмады деп те айтуға келмейді. Әкім бір сағатта келіп, жедел штаб құрып, кезекшілік белгіленіп, жоспар жасалды. Жер сілкінісінен соң 2 минутта журналистерге ақпарат тараттық», – дейді ТЖД өкілі.

Гүлдана Маратқызы тағы 2023 жылдың соңында «Күшті жер сілкінісі туралы алдын ала хабарлаудың» автоматтандырылған жүйесі негізінде 28 сейсмостанциясының құрылысы аяқталғанын айтты. Осы жобаға өткен жылы 1 120 538 143теңге жұмсалған. Бұл жүйе сейсмикалық толқындарды автоматты түрде тіркеп, алматылықтарға қауіп туралы уақытылы ескертуі тиіс еді. Бірақ өткен жылдың соңында аяқталуы тиіс жоба әлі апробация кезеңінде көрінеді. Жүйенің көлемді бюджетінен бөлек, мемлекеттік сатып алуды орындаған компания да біраз шу тудырып жатыр. Конкурсқа қатысқан жалғыз компания – Н.Назарбаевтың немересі Нұрәли Әлиевке тиесілі ТОО «TNS-INTEC». Бұл орайда ТЖД жер сілкінісін анықтау жүйесін, құрылыс жұмыстарын, программалауды, телекоммуникациялық қызметтерді жиып бір ғана лотпен ойнатқан. Әрине, бұл өз кезегінде көптеген компаниялардың аяғына тұсау салған. Ал осы келісімді жасаған – 2023 жылы жемқорлық фактісімен 3 жылға бас бостандығынан айырылған Алматы қалалық ТЖД-ның бұрынғы бастығы Руслан Қасықбаев. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі жариялаған еді. Сот оның мердігерге орындалмаған жұмыс үшін толық төлем жасағанын және техникалық тексерістен өтпеген өрт сөндіру бөлімін эксплуатациялағанын анықтаған. Ең қызығы, Р. Қасықбаев өткен желтоқсанның ортасында Жоғарғы соттың шешімімен «дереу» босатылған. Әрине, бұл тақырып өз алдына зерттеуді қажет етеді.

Сонымен, жер сілкінісіне ТЖД да, оның миллиардық жүйесі де дайын емес болып шықты. Тұрғындар көпқабатты ғимараттардан бас сауғалап, жер үйлерге үдере «көшті». Ал жер үйде тұратын туыс-танысы жоқтар сейсмикалық тұрақты мектептер мен балабақшаларға барып бас сауғалады. Әкімдік жедел штаб құрғанда осы мектептердің есігін ашуды ғана ақылдасқан секілді. Қабылдаған шараларының көзге көрінерлігі тек осы болды. Бұл көмекке 11 мыңнан астам адам жүгінген. ТЖМ осыған марқайып «қабылдау пункттерінің жедел келу және ашылу нормативі жазда – 1 сағат, қыста – 1,5 сағат, біздің пункттар сағат 00:40-та ашылды» деп жазыпты. Ресми сайттарында келген адамдар ыстық тамақпен, сусынмен қамтамасыз етілді деп те соғып жіберіпті. Алайда аталған пункттерде таңғы уақытқа дейін болған алматылықтар мұны жоққа шығарып отыр. Қалалық әкімдік те тамақ ұйымдастыруға қажеттілік болмады, халық тез тарап кетті дегенді айтады.

Баян Мұратбекқызы