Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:45, 11 Маусым 2024

Досаев жазда сараң, қыста жомарт

Мәдениет
Фото: Жас алаш

Бұрын Мәдениет шағын ауданы «71-разъезд» деп аталған. 2011 жылдан бастап әртүрлі өңірден адамдар көшіп келіп, тұра бастаған.

2013 жылдан бері су тұрғындардың өзекті мәселесіне айналған. Жыл сайын Алатау әкімдігіне арыз жазып, мәселені көтеріп келген. Бірақ жергілікті шенеуніктер әр жылы уәде беріп, онысын орындамай келеді. Ашынған тұрғындар «митингке шығып, жолды жабамыз, басқа амалымыз қалмады» дегенді айтады. Арызымыз жоғарғы жаққа жетпей жатыр деп «Жас Алаш» редакциясына хабарласты. Біз арнайы барып, мәселенің мән-жайына қанық болдық.

Мәдениет шағын ауданына түс әлетінде жеттік. Бізді бір топ тұрғын күтіп алды. Аман-саулықтан соң жасы елулер шамасындағы бір кісі «Күн ыстық, шөлдеп келе жатқан шығарсыңдар» деп, бірден су ұсынды. Бірнеше жылдан бері судың мәселесімен арпалысып келе жатқан тұрғындарға су алтыннан да қымбат болып кеткендей көрінді.

Мәдениет
Бізге алдымен су ұсынған кісі Марат Шалқарбеков екен. Ол 2013 жылы Қызылордадан көшіп келген. «Сендерді көп күттік» деген Марат Шалқарбеков бірден әңгімесін бастап кетті. Фото: Жас Алаш

Түнгі жорық

«Ақшасын уақытында алады, бірақ беріп жатқан суы жоқ. Үйге су кіргізу үшін рұқсатты өзің аласың, барсаң оған 300 мың сұрайды. «Су неге жоқ?» десең «насос әлсіз» дейді, бізден алған 3 үйдің ақшасына жақсы насос сатып алуға болады ғой. 10 жылдан асып кетті, осы мәселе. Қанша уақыттан бері айтып келе жатырмыз, бірақ шешілмейді. Мына Рахат ауылы тиіп тұр. Арамыз алыс емес. Оларда су бар да, бізде жоқ. Халықтың көбі су жинайды, сол үшін бөшке сатып алады. Ал бөшкесі жоқтар не істейді? ХХІ ғасыр дейді және далаға емес, қала құрамына кіреміз. Бірақ ішерге су жоқ. Жуынуды тіпті ұмыттық. Мына жерде дүкен бар. Соны байытатын болдық. Су түнгі сағат үште келеді. Ұйқылы-ояу су аламыз. Осылай өмір сүріп жатырмыз», – дейді қала тұрғыны.

Марат Шалқарбеков
Ол үйіне кіргізіп, суды ашып көрсетті. Кран бір-екі тамшылады да тоқтап қалды. Фото: Жас алаш

Содан кейін Мәдениет шағын ауданының Салбурын көшесін араладық. Марат Шалқарбековтің айтуынша, бұл көшеде 57 үй бар. Осы сияқты тағы 7 көшеде су жоқ. Тұрғындар жылда Алатау ауданы әкімдігіне шағымын жеткізіп келген. Әкімдік жылда құрғақ уәде беруден әрі аспаған. Мәселе шешілмегесін 2021 жылы қала тұрғындары жиналып әкімдікке де барған. Сол кезде де 1-2 жылда су мен орталық кәріз жүйесін тартып береміз деген. Бірақ 2 жыл өтсе де әкімдік тарапынан ешқандай қимыл байқалмаған.

Мәдениет
Фото: Жас Алаш

2016 жылы ауыл тұрғындары наразылық білдіргенде Мәдениетті қалалық су жүйесіне қосқан. 2-3 күн бойы шағын ауданда су болған. Бірақ наразылық тоқтап, бәрі басылғасын суды тағы да ажыратып тастаған. Не үшін ажыратып тастағанын тұрғындарға түсіндірмеген. Қазір жаз маусымы келгелі тұрғындар судан тіпті қинала түскен. Тұрғындар кейде түнде қап-қара лай су ағатынын айтады. Әзірге олар сол суды да ішуге мәжбүр. Мәдениет шағын ауданында жиі электр қуаты да өшіп қалады. Қала тұрғындары жаз енді басталды, су мәселесі шешілмесе жол жабамыз деп отыр.

Біз Салбурын көшесінен соң шағын ауданның басқа көшелерін де аралап, тағы да бір-екі үйге кіріп, суды тексеріп көрдік. Бәрінде де су жоқ, тек кранды ашқанда тамшылап барып тоқтайды. Тұрғындар судың нақты қай уақытта ағатынын да білмейді. Сондықтан түнгі 2-3-ке дейін күтуге мәжбүр. Халықтың басым бөлігі үйіне арнайы бөшке сатып алған, су аққанда насос арқылы бөшкеге су жинап алады. Судың жоқтығынан моторлары да жиі күйіп кете береді.

«Мынау Алатау ауданы. Қалада тұрып жатырмыз деп айтамыз. Бірақ көріп тұрғаныңыздай, Мәдениет қалаға емес, ауылға көбірек ұқсайды. Тіпті ауылдағы жағдай бұдан жақсы. Ток пен су бар. Бізде ол да жоқ. Жолымызды көріп тұрсыз. Бір көлік өтсе шаңнан жүре алмай қаламыз. Қала деп айтуға да ұят», – дейді тұрғындар.

Мәдениет
Фото: Жас Алаш

Сағынтаевтың уәдесі

Осы шағын ауданның тағы бір тұрғыны Мейірбек те 2014 жылы Семейден көшіп келген. Оның айтуынша, 2019 жылы бұрынғы қала әкімі Сағынтаев келгенде «2020 жылға дейін шыдаңдар, шағын ауданда бәрі болады» деп уәде беріп кеткен. Бірақ содан бері 1 жыл емес, 5 жыл өтсе де ештеңе өзгермеген.

«Бұл мәселеге әкімшілік жауапты. Бір рет келіп көріп кетсе болады ғой. Биыл әкімдікке кіріп, айтып кеттік. «Су проблемасы тағы басталды. Не істейміз?» дедік. «Мердігер компания барды, бастайды» деп қарап отыр. Бастаған түгі де жоқ. Әкімшілік мердігерді бізге көрсетсе, олар бастап жатса қадағалайтын едік. Мәдениеттің тұрғындары арасында да инженерлер бар. Бәрін білеміз. Бірақ айтып жатқан мердігерлері жоқ. Құр уәде беріп тойдырды. Не істерімізді білмей қалдық. Жол жабамыз ба, әлде әкімшілікті жаулап аламыз ба?» – дейді шағын ауданның тұрғыны Мейірбек.

Мәдениеттің тағы бір тұрғыны Сұлтанның айтуынша, осы жерден 10-15 шақырым жерде КСРО кезінде шошқа фермасына арнап салынған артезиан құдығы бар. Қазір су ағып тұр. Халық су алу үшін таңғы 4-тен бастап кезекке тұрады. Мәдениеттегілер шошқадан да жағдайымыз төмен болды, сол сияқты бізге де құдық қазып берсе болатын еді дейді.

Гүлім Жүнісова
Бес баланың анасы Гүлім Жүнісова да 2014 жылы осы шағын ауданға көшіп келген.Фото: Жас Алаш

«Суымыз қыста жақсы ағады. Жаз келгеннен су проблемасы басталады. Не жуына алмаймыз, не кір жуа алмаймыз. Жыл сайын су соратын насосты ауыстырамыз. Себебі су жоқ, күйіп кете береді. Суға жауапты Ермекке ай сайын судың ақшасын төлемейміз деп дауласамыз. Бір шелек су алу қаншама шығын. Үйде 5 баламыз бар, сусыз қиналып кетеміз. Әкімдер неше жылдан бері «болады, салынады» деп өтірік айтып келе жатыр. Жанымыздан жаңа мектеп ашылды. Балаларға арнап автобус та бермеді. Балаларымыз қысы-жасы батпақтап, шаң боп жүреді», – дейді ол.

«Әкімнің кездесуі өткенін теледидардан естиміз»

Қала тұрғындары әкімнің жыл сайын өтетін есеп беруін де білмейміз дейді. Қашан өтетінін тұрғындарға хабарламайтын көрінеді.

«Егер әкім Алатау ауданына келіп, тұрғындарға есеп беретін болса, бізді неге шақырмайды. Бәрін теледидардан естіп отырамыз. Мына біз осы жердің тұрғыны ретінде бармасақ, әкім кімге есеп береді? Ол жерге халықты шақырмайды, студенттер мен мұғалімдерді қолына ту беріп отырғызып қояды. Бітті. «Жаңа Қазақстан» дейді, бірақ бұрынғымыз жақсы ма еді. Шенеуніктер кабинеттерінде отырып алып шықпайды. Шенеунік деген бір уақ далаға шығып, халықтың жағдайымен таныспай ма екен?» – дейді ауыл тұрғындары.

Биыл қала әкімі Ерболат Досаев Алатау әкімдігі тұрғындарымен наурыз айында кездескен. Сол жердегі хабарға қарағанда, Алатау ауданының тұрғындарын 2017 жылдан бері алаңдатқан елеулі мәселелердің бірі толығымен шешімін тауыпты. 16 проблемалық учаскеде су желілері түбегейлі жаңартылып, жол жабындысы қалыпқа келтіріліпті. Бірақ біз барған Алатау әкімдігіне қарайтын Мәдениет шағын ауданында кәріз-су жүйесі тартылмағанын, ешқандай жол төселмегенін көзімізбен көріп қайттық. Әлде әкім тұрғындардың өздері ақша жинап төсеген жолын өз есебіне кіргізіп жіберді ме екен.

Мәдениет
Мәдениет шағын ауданының көшелері. Фото: Жас Алаш

Олай дейтініміз, мына суретте көріп тұрғандарыңыздай, Мәдениеттің көшелеріне асфальт төселмеген. Тұрғындар өздері ақша жинап, көшелеріне тас төсеген, бірақ қалаға қарай ағылған көліктер кептелістен айналып өтеміз деп Мәдениет көшелерін шұрық-тесік еткен. Қазір жаз келіп, күн ысығасын көшелердің шаңы аспанға көтеріліп жатыр.

Елде ұят жоқ. ...Тыңдамайды!

Біз сол қырық жамау көшемен аяңдап, Мәдениеттен 350 метр жерде орталық кәріз жүйесі мен су жүйесі «Алматы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына бардық. Орталық су жүйесі Мәдениетке тиіп тұрса да шағын ауданда су да, кәріз жүйесі де жоқ. Қала тұрғындары су басқармасының жанында отырып суға жарымаймыз, бұл парадокс дейді.

«Ермекке неге осы су басқармасына бізді қоспайсың десек, ол «бұған 100 емес, 110 теңгеден төлеймін. Қымбат» дейді. 110 емес, 150 теңге қылсын судың бағасын. Біз береміз. Су келсе болды. Су алмасақ та 100 теңгеден төлеп отырмыз», – дейді ашынған Марат Шалқарбеков.

Бұл мәселемен Алатау әкімдігінің бас инспекторы Жапақ Әбілахатқа хабарластық. Оның айтуынша, қазір ол жерге жоба бойынша кәріз-су құбырлары тартылып жатыр. Жұмыс басталғалы 2 апта өткен. Биыл жұмыс бітеді, келер жылы су беріледі деп жоспарланған. Судың проблемасы бұрыннан бар, әкімдік те хабардар екен.

«Бей-жай қарап отырған жоқпыз. Су мүлдем жоқ деп айта алмаймыз. Әр көшеге кезекпен беріп, сусыз қалдырмайық деп отырмыз. Бұдан бөлек, «Алматы суға» қала тұрғындарына көлікпен ауыз су жеткізуге өтініш жіберіп қойдық. Алдағы уақытта алып барады. «Алматы судың» суын Мәдениетке қосқанбыз. Бұл жерде мәселе Мәдениет Қарасай ауданына қараған кезде олар сусыз қалмайық деп құбырды өздері тартқан. Енді ол құбырлар ескі әрі жіңішке. Орталық судың қысымына шыдамайды. Сондықтан жиі құбыр жарылып кете береді. Сондықтан жоғары қысыммен су бере алмаймыз. Қыста су мәселе емес, бәріне жетеді. Тек жазда судың қысымы төмендеп қалады. Жалғыз Мәдениетте емес, Алғабас, Теректіде де осы мәселе. Кейіннен қалаға қосылған аймақтарда осындай проблема бар. Себебі ол жердегі скважина 350 үйге арналған. Енді қазір ол құдықтан 700 үй су алады», – дейді бас инспектор.

Мәдениет шағын ауданына су жеткізіп беруші «Елтай су құбыры» мекемесі. Компанияға хабарласқанымызда «су жоқ болса, Ермекке хабарласыңдар, бізге не дейсіңдер?» деп басшылыққа сілтеді. Ал Ермек Күздеу біздің сұрақтарымызға былай жауап берді:

«Сіздерге шағымданып жатқан адамдар шағын ауданның шетінде тұрады. Кезінде ол учаскеге су тартылмаған. Маған тұрғындар келгенде бұл жақтың шет екенін, судың қысымы жетпейтінін айтқанмын. Қазір жер суаратын уақыт. Сондықтан су жетпейді. Мен жер суаратын адамдарға ештеңе айта алмаймын. Қаладан су сатып алып, мәселені шешудің жолын қарастырудамыз. Қазір суды орталық су жүйесіне қосып жатырмыз. Біреу бау-бақшасын суарып жатса, басқалар су іше алмай отыр. Елде ұят жоқ. Түнде жер суар десек тыңдамайды», – дейді ЖШС басшысы.

Мамыражай көшесі
Мамыражай көшесі. Фото: Жас Алаш

P.S. Қала тұрғындары әкімдікке жазбаша ресми өтініш те жолдаған. Оларға «Сапа Құрылыс 2007» ЖШС мердігер мекемесі құрылыс монтаждау жұмыстарын Мамыражай көшесінде жүргізіп жатыр» деген жауап келген. Біз Мамыражай көшесін де аралап көрдік. Бірақ жерді қазып, су мен кәріз құбырын жүргізіп жатқан бірде-бір маманды да, адамды да таппадық. Тіпті көше қазылмаған. Ал Алатау әкімдігінің инжернерлік және жол инфрақұрылымы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Мырзатайдың айтуынша, Байжанов көшесінен кәріз-су жүйесінің жұмысы басталған. «Судың мәселесін шешу үшін кәріз-су құрылысы бітпей жатып та суды тарту жолын қарастырып жатырмыз. Жылдың соңына қарай мүмкіндіктің бәрін пайдаланамыз», – дейді инжернерлік және жол инфрақұрылымы бөлімінің басшысы. Ол бізге алдағы уақытта жұмыс барысынан хабар беріп отыруға уәде берді. 

Тұрсынбек БАШАР

Тегтер: