Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:23, 19 Қазан 2021

«Досаевқа – «2», үкіметке – «-1»

None
None

Халықты қиындықтан кім құтқарады?!

       Қазақстан президенті өткен аптада Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады. Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасының биылғы тоғыз ай ішіндегі ақша-несие саясатына қатысты есебін тыңдады. Ерболат Досаев президентке қыркүйек айында жылдық инфляцияның 8,9 пайызға дейін қарқын алғанын баяндады. 

      Еске салайық, бұдан бұрын тамыз айында жылдық инфляция 8,4 пайызға көтеріліп, елдегі басты күрделі мәселеге айналған болатын. Сол тұста президенттің өзі Ұлттық банкке «бағаны тұрақтандырыңдар, 2022 жылдың басында инфляция деңгейі 4-6 пайыз болуы керек» деп нықтап тапсырма берген-ді. Бірақ  бұдан инфляция түскен жоқ, керісінше, әлі өсіп жатыр. Демек, бұл – Досаев президент тапсырмасын  «орындай алмай отыр» деген сөз. Ұлттық банк төрағасының мәліметінше, инфляцияның өсуіне әлемдегі тұтыну бағаларының ең жоғары деңгейде сақталуы әсер етіп отыр. Осылайша елдегі қымбатшылық ауыздықтауға көнбей жатыр. Мамандардың пайымдауынша, көнуі де неғайбіл.

        Жалпы,  үкімет те, Ұлттық банк те инфляциямен күресті бастағалы біраз жыл болды. Тіпті үкімет мүшелері ғана емес, жергілікті әкімдер де бағаны байлап-матауға белсене кіріскен болатын. Бірақ бұл қымбатшылықтан қарапайым халықтың ұтқан тұсынан ұтылған жағы көбірек. Сөйтсек, мәселенің мәні тереңде жатыр екен.  

      Мамандардың айтуынша, нақ қазір біздің ұстанып отырған қағидамыздың өзі дұрыс емес көрінеді. Мысалы, біз нарықтық қағида ретінде ағылшын ғалымы Фридмен Милтонның теориясын қалап алыппыз. Ал енді осы Милтонның қағидасы «елде қымбатшылық орнамау үшін ақша массасын қысып, өндірістік салаға емес, қаржы саласына бейіл аудару керек» дегенге саяды. Заманында бұл қағиданы тек Қазақстан емес, біраз мемлекеттер таңдап алды. Бірақ экономикалық жағдайына сәйкес келмегендіктен, ол елдер Милтонның өндірістік саланы қолдамайтын монетарлық теориясынан әлдеқашан бас тартқан. Бұл ретте экономист-ғалымдар «Қазақстан бұл теорияны әлі де болса ұстанып келеді. Елде өндіріс орындарын дамыту, отандық өнімді қолдау жағы өте кемшін. Импортқа тәуелділіктен құтылуға талпыныс аз. Біздің құзырлы тараптар банк секторлары мен құрылыс саласын айрықша қолдауды әлі жалғастырып келеді. Бұл екі сала бүкіл мемлекеттің жоқ-жітігін түгендей алмайды. Милтон теориясы әлдеқашан көнерді. Сондықтан бізге ұстанған қағиданы өзгертіп, өндіріс орындарын көбейтуді, өнеркәсіп саласын дамытуды ойластырған жөн» дейді.

      Осылайша  елде қымбатшылық бәсеңдесін десек, бізге бірінші кезекте қағиданы өзгерту маңызды болып отыр. Әу бастағы дұрыс қалыптаспаған қағида осындай кері әсерін беріп, енді көрсетіп жатқанын мамандарымыз баса айтуда. Бұған қатысты экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов:

    – Өз басым инфляциямен күресіп отырған Досаевтың қазіргі саясатына «2», үкіметке «1» деген баға берер едім. Себебі қазір үкімет те, үкімет мүшелері де, Ұлттық банк те халықты қиындықтан алып шығатын стратегиялық жоспармен жанығып жұмыс істеп отырған жоқ. Инновация дамыған жоқ, Экономика алға аяқ баспай, тоқтап тұр. Инфляцияны бақылайтын арнайы агенттік бар. Бұл агенттіктің де жұмысына көңіл көншімейді. Мәселеге тереңірек үңілер болсақ, елдегі бағаның өсуімен тиімді күресуге кедергі келтіріп отырған ішкі техникалық сипаттағы біршама кілтипан бар екенін байқаймыз. Оларды дер кезінде анықтап, түйінін шеше алсақ, бағаның бей-берекет өсуіне қарқынды түрде тосқауыл қоя алар едік, – дейді.

      Сонда маман айтып отырған ол қандай техникалық сипаттар? Тізбелеп көрсек, әңгіме мына жайттар туралы екен: мысалы, тауардың сатылу бағасына коррупциялық қадамдар әсер етеді. Оларға кедендегі, жолдардағы және тексеруші құрылымдардың және басқа заңсыз алым-салықтарды жатқызуға болады. Бұған қоса, бағаның өсуіне электр энергиясы мен жанармай бағасының үздіксіз өсуі де әсер етері даусыз.

        Мамандардың «Жас Алаш» үшін арнайы жүргізген зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы бағаның ретсіз өсуі, негізінен, мына себептердің әсерінен туындап отыр:біріншіден, атқарушы органдардың қызметін бағалау (рейтинг) бағдарламасы іске қосылмаған.  Оның ішінде бәсекелестікті қорғау мен дамыту жөнінде агенттіктің жұмысы да сын көтермейді. Екіншіден, мұнай өнімдері нарығының монополиялануы (мұнай өнімдерін сату нарығының бір-бірімен байланысқан топтарға тәуелді болуы), мұнай өңдеуші зауыттардың инфрақұрылымына бәсекелестердің енуіне жол бермеу және бәсекелестікті болдырмау үшін бірлескен әрекеттердің болуы да кері әсерін беріп отыр.  Үшіншіден,  табиғи газ нарығының монополиялануы (күмәнді делдалдық құрылымдардың шамадан тыс көптігі, газ бағасын ешбір негізсіз көтере салу, газ тасымалдау инфрақұрылымының дамымауы). Төртінші, агроөнімдер нарығында бәсекелестіктің өте төмен болуы (қоймалардың, өнімді өткізетін пункттердің, қоймалардың жетіспеуі, биржалық сауда түрінің әлсіздігі, мемлекеттік көмекті тиімсіз пайдалану, ауылшаруашылық тауарларын өндірушіге бюджеттік қаржыландыру механизмінің жетілмегені т.б.) Бесінші,  ритейлердің сауда саясаты (бағаның эксклюзивтілігін талап ету, жеке тауарлар импортын монополиялау, тауар қоюшылардан қосымша қаражат талап ету және олардан тауарды екі-үш айлық кредит түрінде алу –  осының бәрі нарықтан шағын сатушыларды ығыстырып шығаруда. Алтыншы, мемлекеттік сатып алу жүйесінің жетілмеуі (мемлекеттік ведомстволық кәсіпорындардың бірігіп астыртын монополия құруы), мемлекеттік органдарға бөлетін қаржының 97 пайызын осындай ведомстволық мекемелер алады. Міне, осы кілтипандардың барлығы да  техникалық сипаттағы қателіктер. «Егер үкімет пен Ұлттық банк шындап кіріссе,  оларды жою аса қиын емес»  деседі мамандар.

       Бұған қоса, сарапшылар айтып отырғандай, инфляцияны ауыздықтау үшін Ұлттық банктің және үкіметтің қазіргі әрекеті аздық етеді. Сондықтан бізге инфляцияны өз деңгейінде ауыздықтау үшін тікелей президентке ғана бағынатын инфляциямен күрес жөніндегі комиссия құру қажет. «Егер инфляциямен күресетін, қымбатшылықтың деңгейін бақылайтын, зерттейтін арнайы комиссия құрылып, жағдайдың шын мәнінде қалай қалыптасып отырғаны бірден президентке жеткізіліп отырмаса, халықтың  қазіргі қиналысы одан әрі ушыға түседі. Себебі бізде жалған статистика беруге тым үйір шенеуніктер мен министрлер өте көп».

     Қалай десек те, қазір халықты қымбатшылық қамыты қысып барады. Ал бұл қамыттан үкімет халықты құтқара ма?! Әрине, сенгіміз келеді. Бәлкім, үкіметке де, ондағы топ-менеджерлерге де «5+5» деген баға қойып отыратын күн де алыс емес шығар.

Тегтер: