Досаевтың «жаңылтпаш» жауабы және көпбалалы ананың көз жасы
Досаевтың «жаңылтпаш» жауабы және көпбалалы ананың көз жасыОсыған дейін «Сағынтаевтың сылтауына Досаевтың айтары жоқ» деген тақырыпта мақала жарияладық, онда Алматы тұрғыны Жәмила Шөмішбаеваның (құжат бойынша Ж.
Чуйшбаева) сүрілгелі жатқан үйіне және ала алмай жүрген атаулы әлеуметтік көмекке қатысты мәселені қаузаған едік. Естеріңізде болса біз мақала соңында осы істің нақты жауабын сұрап, Алматы қаласының әкімі Е.Досаевқа сауалнама жолдайтынымызды айтқан едік. Енді, міне, сауалымыздың жауабы келді.
Алматы қаласының баспасөз қызметі бізге жауапты бірден бере салған жоқ, екі-үш рет сұрау салдырып, әбден күттіріп барып жіберді. Бір қызығы – біздің басты сауалымыз Ж.Шөмішбаеваның заңды құжаты болса да мардымсыз ақшаға бағаланып, сүрілгелі жатқан үйі жайында болатын, ал Алматы қаласының баспасөз қызметінен келген жауапта алдымен атаулы әлеуметтік көмектің Ж.Шөмішбаеваға не себепті берілмегені туралы айтыпты. Онда «Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жауабы» «Өтініш берушімен әлеуметтік келісімшарт жасалынған, әлеуметтік келісімшарттың міндеттері бойынша, Ж.Чуйшбаева белсенді іс-шараларға қатысуы тиіс болған, бірақ әлеуметтік келісімшарт міндеттемелерін орындамаған. 26.04.2023 ж. АӘК-ке өтініш берілген, бірақ учаскелік комиссияның шешімі бойынша, әлеуметтік келісімшарт міндеттемелері орындалмаған себептен АӘК тағайындаудан бас тартылды және әлеуметтік келісімшарт бұзылды» делінген.
Мұнан соң ары қарай «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңға сілтеме жасалынып, АӘК алудың негізгі шарттары мен тараптардың міндеттемелері заң тармақтарына сүйеніп көрсетілген. Онан соң Ж.Шөмішбаеваның жұмыссыздық жайына тоқталып, оны «Ж. Чуйшбаева «Бастау-Бизнес» жобасына жолданды, бірақ жобаны аяқтамады. Сонымен қатар Ж.Чуйшбаеваға жұмыс орындарына жолдама берілген, бірақ берілген жолдамалармен жұмыс орындарына бармаған және бармаған себебінің нақты жауабы жоқ» деп түсіндірген. Тіпті Ж.Шөмішбаеваға ЖК Ж.Чуйшбаеваға қысқа мерзімді кәсіптік оқуға ИП «Айлин» тігінші-конструктор мамандығы бойынша ұсыныс жасалыпты, бірақ Жәмила онда оқудан бас тартыпты. Сондай-ақ ресми жауапта: «Ж.Чуйшбаеваға 2009 жылдан бері жұмысқа орналасуға ұсыныс берілген және неше мәрте хабарлама берілген, жұмыс қараудан, жұмысқа жолдама алудан бас тартқан және басқа да іс-шараларға барудан бас тартқаны туралы акт жасалған және де ұялы телефон арқылы бірнеше мәрте хабарлама жіберілген» делінген.
Алматы қаласы баспасөз қызметінің берген жауабына сүйенсек, бар кілтипан Ж.Шөмішбаеваның өзінде, жіберген жерге бармайды, айтқанды істемейді, жұмыс тауып берсе оны да жарытпайды, АӘК заңын да белден басқан өзі. Сондықтан да оны атаулы әлеуметтік көмектен шеттетуге мәжбүр болған көрінеді.
Осыдан соң Ж.Шөмішбаеваның өзіне хабарластық. «Өткенде қала әкімі Е.Досаев сіздің сауалыңызға «айтарым жоқ» деп еді, содан бері қандай да бір жаңалық, өзгеріс бар ма?» деп сұрадық. Ж.Шөмішбаева: «Ешқандай өзгеріс жоқ. Бір ай бұрын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ә.Нүсіпованың қабылдауына жазылып едім, әлі хабар жоқ. Онан соң әлеуметтік әл-ауқат басқарма басшысы Б.Жаубасовқа да жазылдым, бірақ ол да қабылдамады» деді. Бұдан кейін Алматы қаласы баспасөзінің жіберген жауабына қатысты ойын сұрадық. Ж.Шөмішбаева сөзін: «Бұл айтқандарының бәрі өтірік» деп бастады. Сөйтті де сөзін былай сабақтады:
– Маған 18 мамыр күні алғаш рет жұмыспен қамту орталығынан хабарласып, жолдама берді. Оның өзінде «тігіншілікке жұмысқа бар» деді. Сосын мен оларға: «Алдымен тігін тігуді үйренейін, соның курсына жіберіңіздер» дедім. Ал олар «мұнда сіздің мамандығыңыз «тігіншілік» деп жазулы тұр» деді. Содан кейін мені маусым айында әлеуметтік педагог ретінде мектептерге және коллеждерге жіберді. Осы жолдама бойынша бар деген жерлерінің бәріне бардым. Мектеп те, колледж де бас тарту жөнінде анықтама жазып берді. Яғни олар мені жұмысқа алудан өздері бас тартты. Себебі оларға педагогикалық білім және жұмыс тәжірибесі керек екен. Міне, көрдіңіз бе, сізге берген жауабында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы осының бәрін түгелдей жоққа шығарып отыр. Мен тіпті әлгі жұмысқа қабылдаудан бас тартқаны жөніндегі анықтаманы Жұмыспен қамту орталығына әкеліп тапсырғам. Енді мұны ескермей, бар бәлені менің басыма үйіп-төгіп, мені кінәлап отыр. Енді мына сорақылықты қараңыз, сізге жіберген жауапта «2009 жылдан бері жұмысқа орналасуға ұсыныс берілді» дейді. Айналайын-ау, өтіріктің де қисыны, жөні болады ғой. Мен жұмыссыз ретінде тек 2022 жылы 22 мамыр күні ғана тіркелдім. Заң бойынша жұмыссыз ретінде оларға тіркелмесем, мені ешқайда жібере алмайды. Бұл айтқандарының бәрі өтірік.
Енді «Бастау-Бизнес» туралы айтайын. Негізі заң бойынша мұнда оқуға әр адамға үш мүмкіндік беріледі. Менің әлі бір мүмкіндігім бар, бірақ соған жібермей отыр. Шынын айтқанда, заң бойынша тиесілі мүмкіндігімді пайдалануға олар маған мүмкіндік бермей отыр. Осыны айтсаң, қолымнан келмейтін тігіншілік сияқты мамандықтарға жібереді. Тіпті мен оларға: «редактор, корректор ретінде тәжірибем бар, сонда жұмысқа жіберіңіздер» деп те сұрап көрдім. Бірақ ондай жұмыс тауып бере алмады.
Атаулы әлеуметтік көмекті қиып тастау үшін тапқан сылтауы да өтірік. Олар «сіз сәуір айында жолдама бойынша жіберген жерлерге бармадыңыз» дейді. Шындығында, маған сәуір айында ешқандай жолдама келген жоқ. Олар осының бәрін маған ауызша айтады, заңды құжат сұрасаң көрсетпейді, жалтарады. Демек, бұлар менің сыртымнан заңсыз құжат жасап, мені тиісті АӘК-тен айырып отыр.
Ал енді ЖК «Айлинге» жібереміз дегені рас. Мен сонда: «Алдымен АӘК-ті қалпына келтіріңіздер, сосын барамын» дедім, бірақ олар «өйте алмаймыз» деп жауап берді. Сонда мен 30 күнге төленетін бар-жоғы 21 мың теңге үшін (мұндай курстарда негізінен үйренесің, сондай-ақ жұмыс та істейсің) ұсынған жұмыс орындарына барып, жұмыс істеуім тиіс екенмін. Айтыңызшы, 21 мың теңге қай жыртығыма жамау болады? Мынадай қауіпті үйде, шиеттей балаларымды қалдырып, 7-8 сағат қалай жұмыс істеймін. Осы ма сонда бұлардың «жұмыспен қамтығаны»?!
Өткен жолы да сізге айтқанмын, Алматы әкімдігі үй мәселесін дұрыстап шешіп берсе, АӘК-ке де қарамас едік. Енді, міне, еш амалсыз төрт баламен қауіпті үйде қамалып отырмын. Өткенде Жұмыспен қамту бөліміне бардым, осы АӘК бойынша, сонда олар: «Саған Досаевтың өзі АӘК берілмейді» деп айтты ғой, енді болды, әуре болма, АӘК берілмейді» деді. Бұлар да Досаевқа арқаланып отыр.
Тағы бірде маған «сізге наурыз, сәуір айларында жұмысқа жолдама жіберілген, сіз оған бармағансыз, сол үшін АӘК-тен айырды» деді, енді келіп «Бастау-Бизнесті» аяқтамағаныңыз үшін АӘК-тен айырдық» дейді. Бұларда да нақты жауап жоқ, қайсысы өз қолайларына келеді, соны айта береді. Ал әлгі «маған жібердік» деген жолдамасын осы күнге дейін көрмедім, тіпті электронды нұсқасы да поштама келмеді, барып сұрасам, бәрі қашқақтайды, Жұмыспен қамту орталығының заңгерінің өзі бұдан жалтарады. Демек, олар менің сыртымнан заңсыз құжат жасаған болуы мүмкін. Сөйтіп, мені АӘК-тен заңсыз айырған. Қорыта айтқанда, бұлар қолдарындағы билікті пайдаланып, ойларына не келсе соны істеп жатыр, ал мен сияқты қарапайым халық шарасыз күйде отырмыз – Жәмила қыстығып, өксіп барып тоқтады. Сөзінің аяғын жұтып алды. Ары қарай ештеңе айта алмады.
Алматы қаласы баспасөзіне жіберген сауалымыздың енді бірі Ж.Шөмішбаеваның үйіне қатысты еді, оған Алатау ауданы: «14-аумақ аудан, Фадеева 2Б көшесі, Алатау ауданы әкімінің аппараты Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасына жоғарыда көрсетілген мекенжай бойынша жер телімін мемлекет мұқтажы үшін алып қою туралы өтініш жолдағанын хабарлаймыз. Одан әрі Басқарма көрсетілген мекенжайға сапар ұйымдастырып, өтемақы ұсынды. Дегенмен азаматша Чуешбаева Ж., ұсынылған өтемақыдан бас тартты, бұл соманың қалағанынан өте аз екенін түсіндірді» делінген.
Бұл «жұмбақ» жауапты екі үш қайыра оқыдық. Көп ештеңе түсінбедік. Мұның бәрін өткенде біз айтқанбыз. Соны өзімізге қайыра жібергендей сезілді. Негізі мұнда Ж.Шөмішбаеваның үйіне «әу баста не себепті заңды құжат берілді, оның үйі қандай негізге сүйеніп, өте төмен бағаланып отыр» деген сияқты мәселелерге жауап берілуі тиіс еді. Ал жауаптың сиқы – осы.
Ж.Шөмішбаеваның үйіне қатысты қала әкімі Е.Досаевтың қаулысын және сот шешімін сарапшы-заңгер «Ел бірлігі» одағының президенті Шолпан Ризабековаға жібердік. О кісі бұл мәселеге қатысты: «Азамат Чуешбаеваның ісі бойынша айтарым мынадай. Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін алып қоюға байланысты жер уачаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп, иеліктен шығарудың басталғаны туралы қаулы шыққан. Алматы қалалық әкімшілігінен. Қаулы 31 мамыр, 2022 жылы шыққан. Бірақ сонымен қатар 8 қарашада 2019 жылы Алматы қаласы Бостандық аудандық соты Чуешбаева мен Тоқай деген азаматтардың ісін қараған. Шағымданушының талабы Алатау ауданы әкімдігінің қаулысы бойынша тұрғын үйді жарамсыз тану іс-әрекетінің заңсыз екенін дәлелдеп, оның күшін жою. Осы арада қарама-қайшылық бар. Ең әуелі Чуешбаеваның жер теліміне бастапқы уақытта берілген құжаттары заңды ма, заңсыз ба деген сұрақ туындайды. Егер ол заңсыз болса, Чуешбаеваның бұл жерде ешқандай кінәсі жоқ. Мұнда мемлекеттік мекеме, сонымен қатар Алматы қаласы бойынша жер қатынастар басқармасы осы заңсыздыққа толық жауап берулері тиіс. Бұл іс бойынша Чуешбаева прокуратураға шағымдануға құқылы. Сондай-ақ шыққан қаулының қаншалықты заңды екенін де анықтау керек. Себебі мұнда қаулы соттың шешіміне қарама-қайшы келіп тұрған сияқты. Сол себепті бұл іс-әрекеттер жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайтадан қаралып, толығымен зерттелуі тиіс» деді.
Сонымен, Алматы қаласы баспасөзінің зарықтырып, күттіріп жүріп берген жауабы Ж.Шөмішбаеваның да, сарапшы-заңгердің де көңілінен шықпады. Ресми жауап бізге де сәл «жұмбақтау» сезілді. Алдағы уақытта Алматы қаласы баспасөз қызметі Ж.Шөмішбаеваның айтқанына немесе сарапшы заңгердің пікіріне қатысты уәж айтып жатса оны да жариялауға дайынбыз.